Файл: Аны пен таны Ойлаыз, аылбiлiм айда болма.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 17.03.2024

Просмотров: 13

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Анық пен танық

Ойлаңыз, ақыл-бiлiм қайда болмақ,
Денеде қандай орын-жайда болмақ?
Бiлу, нану, ұнату – ақыл ici,
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?

Тән сезiп, құлақ естiп, көзбен көрмек,
Мұрын иiс, тiл дәмнен хабар бермек.
Бесеуiнен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр iстi сол тексермек.

Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөнi келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қылайын деп ұнағанда,
Әдiлеттi жүрегiң бiр қозғалмақ.

Бiр билiк сол жүректен шығарылмақ,
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.
Ойыңды дұрыс дей ме, терiс дей ме,
Сол арасын анықтап байқа, бiрақ.

«Жарайды»‚– деп ұнаса, бас иземек,
Жек көрсе, жиiркенiп дiрiлдемек.
Жүрегiңнiң тiлi жоқ, ымбалы сол,
Ұғып ал да бола көр соған көмек.

Қазақта жоқ ақылмен ой бекiтпек,
Нәпсi ұнаса болғаны, бәрi бiтпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.

Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлiнше о дағы сынға салмақ.
Аз ойланса‚ қазақтың басы қатып,
Зиян iстi пайда деп қойып қалмақ.

Ықтималдың есiгi екеу болмақ,
Iшiне пайда, зиян... бәрi толмақ.
Нысананы сығалап дәлдеп атпай,
Көзiн жұмып оқ атқан қайтiп оңбақ?

Iс қылады таптым деп бiздiң қазақ
Онан көрген пайдасы болады aз-ақ.
Аяғында ол iсi зиян шығып,
Көрiнгенге күлкiмен болар мазақ.

Арам оймен ар сатып үзiп-жұлмақ,
«Мiне, пайда қылдым»‚– деп мақтан қылмақ.
Бiреу бiлген айланы бiреу бiлiп,
Өзi құрған дарына о да асылмақ.

Шолақ ойлап, шолтаңдап, сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып көзден тым-ақ.
Аударысып жүргенде ауып кетiп,
Абыройың ашылар, байқа, шырақ.

Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,
Бiраз күнге көңiлдiң хошы болмақ.
Арсыз, арам, асығыс, айлакестiк –
Мұның бәрi шайтанның досы болмақ.

«Құдай кешер алда»‚ – деп күнә қылмақ,
Ар кетiрiп ант iшiп, жан сатылмақ.
Не жалғанда, немесе ақиретте
Оңа алмастай өкпеден бiр атылмақ.

Жасымнан жетік білдім...

Жасымнан жетiк бiлдiм түрiк тiлiн,
Сол тiлге аударылған барлық бiлiм,
Ерiнбей еңбек еттiм, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыдан туып күнiм.

Оятқан менi ерте – Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тiлiн үйренумен
Надандықтың тазарып, кеттi кiрi.

Танбаймын, шәкiртiмiн Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпiр қойдың.
Жанымен сүйдi әдiлет‚ ардың жолын,
Сондықтан ол иесi терең ойдың.

Толстой кәпiр емес, кәпiр өзiң,
Дiн емес – бәрi алдау айтқан сөзiң.
Көңiлiң соқыр, надансың, бейiлiң қара,
Нұр, жарығын қалайша көрсiн көзiң.

Көнбеймiн дiндi терiс бұрғаныңа,
Сопының бара қойман құрбанына.
Хақиқат сырымды айтсам – Толстойдың
Мың сопыны алмаймын тырнағына.

Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең,
Жолай көрме жылмайы сопы көрсең.
Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың
Алданбассың артынан ере берсең.

Мақтау мен сөгіс

Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап, суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім –онда ісің жоқ,
Бәрі – бір, сен де елерме дуанасың.

Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұспан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса, иә боқтаса,
Мақтау пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса яки сөксе,
Қуанбақ не кейімек өзіңе еп пе?
Әділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елерте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер айласын, ойла-дағы.

Тауып айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жынды боласың есі жоқтау.

Шымды жерде көресіз қара топырақ...

Шымды жерде көресiз қара топырақ,
Шiрiген шөп, тозаңнан болған құрақ.
Егер оған дым тиiп, күн жылытса,
Жан кiрiп, шөп шығады гүл, жапырақ.
Өлген шөптiң күлi едi тозған тозаң,
Онан тағы не шықты байқа, бiрақ.
Бұл соңғы шөп өлген шөп емес дерсiң,
Шөп жанынан кiм бiлдi оны сұрап.
Әлемде жоғалатын ешбiр зат жоқ,
Өзгерiп, түрленедi, ойла, шырақ!
Дене киiм сияқты күнде ауысар,
Жан ауысты деуiңiз қиынырақ.

Талап пен ақыл

Талап деген бiр жүйрiк тұлпар сынды‚
Бабын таппай мiнгендi қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал ендi оған кiсi қайтiп мiндi?

Талап шапса ақылға мiнiп алып,
Жақсы, жаман – бәрiне бiрдей салып.
Анық ақыл адымын аштырмайды,
Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.

Талап деген ындынмен ентелемек,
Ойға алып, қызыққанын қылсам демек.
Ол iсi орайлы мa‚ орайсыз ба,
Ойланып оны ақылға салса керек.

Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,
Түбi – жүрек, болады мида басы.
Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға
Талаптың алты түрлi бар ноқтасы.

Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық –
Талапқа алты түрлi ноқта тақтық.
Алтауының iшiнде ынсап әдiл,
Өзгесiнiң тiзгiнiн соған ұстаттық.

Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орнын таппай ол, сiрә, қозғалмайды.
Рахым жақсы көредi аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды.

Ар демек – адамшылық, намыс деген,
Арың кетпес жағыңа қарыс деген.
Терiс ұғып жүрмесiн мұны бiреу,
Сөз емес күншiл болып, алыс деген.

Намыс сол – өзiң қорлан кемдiгiңе,
Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдiгiңе.
Алмай өс алдыңғының аяғынан,
Соқтықпай өзiң iздеп еңбегiңе.

Ұят сол – аулақта ұял көргендей-ақ‚
Ұрлаған малың шығып, бергендей-ақ.
Орынсызды iстеуге өлгенше ұял,
«Ұят күштi өлiмнен» дегендей-ақ.

Сабыр деген – әр iске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бiр қылық.
Қолы жетпей талай жан iзденедi,
Осыдан көп шығады адамшылық.

Сақтық деген – әрқашан байқап жүрмек,
Пайда ма, не залал ма, ескерiлмек.
Көргенiн, естiгенiн есепке алса,
Сонда оңай әрбiр iстi ойлап бiлмек.

Ойменен, талаппенен болды сегiз,
Айтылмай ендi қалды неменемiз?
Өзге жақсы мiнездiң бәрi-дағы
Шығады осылардан түгел деңiз.

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниенi былғағаннан!

Айна қойдым алдыма...

Айна қойдым алдыма,
Көрейiн деп өзiмдi.
Екi құлақ тарс бiтiп,
Шел басыпты көзiмдi.

Иiс бiлер мұрын жоқ,
Таза ақылдан ырым жоқ,
Түзелерлiк түрiм жоқ,
Жалған деме сөзiмдi.

Ақ ниетiм бұрын жоқ,
Жүрегiмде нұрым жоқ,
Жасыратын сырым жоқ,
Айтпай арам безiмдi.

Жалғыз менi деме қор,
Менi көр де, сене көр,
Сен де емессiң менен зор,
Дәл мен деп бiл өзiңдi.

Адамның бәрiн елесе,
Аламын деп iрiсiн,
Бәрi өтедi әрi қарай,
Сен де соның бiрiсiң.

Електе қалмас бiр адам,
Не ғылымды, не надан.
Бiз сияқты барша жан
Сорға сатқан ырысын.

Ындыны таза ешкiм жоқ,
Сыртында май, iшiнде оқ.
Түп қарыны толған боқ,
Жасырып жүр мұнысын.

Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр...

Ақыл деген өлшеусiз бiр жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшiн жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.

Жан тыныштық таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық‚ аштықтан сақтау үшiн
Зұлымдық пен айланы қылады сеп.

Айуан – етiн, терiсiн, сүт пен күшiн,
Ара – балын, су – балық, жер – жемiсiн,
Құс – денесiн‚ жүнi мен жұмыртқасын
Сақтап жүр ғой дейсiз бе адам үшiн.

Олардың да ойы бар өсiп-өнбек,
Кiмге оңай өмiр өтiп, оты сөнбек?
Адамның таза ақылы жанды қимай,
Амалсыз қиянатқа о да көнбек.

Сөйтiп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейiл, мейiрiм жоқ –
Осы болар таза ақыл өлдi демек.

Сондықтан адам – залым, әлемге жау,
Ебiн тапса, қоймайды ешкiмдi сау.
Жер бiлсе адамзаттың бұл қылығын
Үстiнен бәрiн төгiп тастар едi-ау.

Олай қылмай, билесе бәрiн ақыл,
Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл.
Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,
Адамды сонда адам деген мақұл.




Күннен неге түсіп тұр сонша жарық...
Күннен неге түсiп тұр сонша жарық,
Сегiз минут шерiкте жерге барып?
Әншейiн құр жарқырап тұрып алмай,
Жылылық нұрмен бiрге жүр қозғалып.
Бұл дүние жылуы жоқ нұрсыз болса,
Әлемнен кiм жүре алар пайдаланып?
Дене атаулы теп-тегiс мөлдiр болса,
Көлеңке орнығады қайда қалып?
Барша ғалам тапжылмай тұрып қалса,
Бола ма уақыт деген өлшеу салып?
Мақсұт, тәртiп, керексiз тозаңы жоқ,
Тексермей неге отырмыз мұны ойланып?



Бостандық таңы атты


Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,
Арға ие басшының соңынан еріңдер.
Таң артынан хақиқат күн шығады,
Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер.

Арамдық, аразды түбімен жойыңдар
Өтірік, өсекті біржола қойыңдар.
Намыс, жігер, бойыңа жиып қайрат,
Қажымай адалдық жағында болыңдар.

Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.
Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар.

Ар түзер адамның адамдық санасын,
Ақ жеңіп шығады арамның қарасын.
Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп,
Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын.

Адамның бәрі бір, болмайды аласы,
Оларды бұзатын нәпсінің таласы.
Ар билейтін заманда нәпсі өліп,
Бірігер еңбекте барша адам баласы.

Адалдың жері жоқ ақырда жеңбейтін,
Тарихта әрқашан адал жан өлмейтін.
«Ақ иіліп сынбақ жоқ» деген рас,
Нәпсі өлсе өзімшіл, бұған кім сенбейтін?

Таласпай бөліссе табиғат байлығын,
Қара жер тойғызар адамның барлығын.
Махаббатпен бірлесіп еңбек қылған
Өмірдің көреді бақытты сайлығын.

Бұл өмір таусылмас, жаңарар адамзат,
Арам ой мұтылып, зорлықшыл болар мат.
Адал етсең, енбектің жемісін жеп,
Шалқыған ел-жұртым, боларсың көңілің шат.

Мен өлсем, ұрпағым, артымда қаларсың,
Тілеген мақсұтты өмірден аларсың.
Есіңе алып келгенде қабіріме,
Шаттықпен шалқытып, әніме саларсың!

Ақылдың жауабы

Шын ақыл,
Бiр мақұл,
Түсiрдi ой маған.
Мақсұтың,
Ындының
Еркiн ғой саған.
Жаралыстың берген еркi сол,
Талап ет сен таза жол.

Бұзыққа
Қызықпа,
Ындыныңды тура жолға сал.
Жетсең де,
Кетсең де,
Мақсатыңды бұзба, осыны ұғып ал!

Бұл өмiр
Екi айыр
Өзендей ағар,
Сең қаққан
Әр жақтан
Кез келер қағар.
Таза жолдан таймай барғаның –
Жетпесең де, алғаның.

Құбылсаң,
Бұзылсаң.
Не қызығып, не именумен.
Қайта алмай,
Байқалмай,
Себепке ерiп, жетектелiп өлдiң сен.

Мiне еркiң,
Шын көркiң.
Ындынды таңба.
Болмасқа,
Толмасқа
Мақсұтты салма!
Талабыңды себеп билесе,
Жанса, мейлi, күймесе,

Ие бол,
Тура жол
Бердi хабар анық. Ақыл, нан.
Терең ой,
Ыңдын қой,
Мұны табар сезiмi ояу, естi жан.

«Адамның еркі қайда?» деп ақылдан сұрағаным

Шын жаным‚
Қорғаным –
Жалғыз сен‚ ақыл,
Жүрегiм‚
Тiлегiм –
Шын менен мақұл.
Ақыл үшiн құрбан барлығым‚
Анық ұқсам жарлығын.

Налындым‚
Жалындым
Шиенi шеш‚
Еркiм‚ емiн тап‚ ойымды аш‚
Дертiм бас.
Жазамды кеш.
Рахым етiп‚
Менi аяп.
Бар ма еркiм‚
Сол дертiм.

Жетекшiм – себеп‚
Тым күштi ол‚
Бермес жол билеттiм деп.
Туғызған‚
Сол айдап
Жүргiзген.
Әр өмiрге
Кiргiзген.
Жылатқан‚
Уатқан‚
Қуантқан‚
Құлатқан да сол.
Ерiк қайда‚
Не пайда,
Жұлқынсам да табылар ма еркiн жол?

Жүрмек те,
Өлмек те,
Тумақ та сонан.
Кiм көнбес,
Кез келмес,
Салмақта‚ ойлан.
Себебi жоқ бiр iс қайда бар?
Бәрi соған байланар.

Ерiк жоқ,
Атқан оқ,
Бiр мен емес, барша әлемге жол.
Ойға да,
Бойға да
Еркiн бермес,
Неге осынша күштi сол?

Ойласам,
Барша адам –
Суға аққан дөңбек.
Себепке,
Кезекке
Тамам жан көнбек.
Әлсiз бен күш тағы себептен,
Кiм құтылар кезектен?

Жақсылық,
Жамандық,
Бәрiн себеп билеп алған зат.
«Мен бiлдiм,
Iс қылдым
Өзiм билеп» дегенiмiз, тiптi, ұят!

Кетті, келді...

Кетті, келді,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп, өнді қайтадан.

Дөңгелеткен,
Өңгелеткен
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз
Есті қылған іс пе екен?

Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып, сөне ме?
Дене жөндеп,
Жоғары өрлеп,
Тағы «Мен» деп келе ме?

Мал да аяулы, жан да аяулы болса егер...

Mал да аяулы,
жан да аяулы болса егер –
Малды аяма,
жаның үшiн малды сат!
Жан да аяулы,
Жaр да аяулы болса егер –
Жанды аяма,
Жaрың үшiн жанды сат!

Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние...

Ей, жастар, қалай дейсiң бұл дүние,
Мұны бүйтiп жаратқан қандай кие?
Бiлiмсiз, мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, бiлiм, ой шығар бар ма жүйе?
Керексiз жаралған бiр тозаңы жоқ,
Тәртiбi таң қаларлық зор мәшине.
Алыстан iздемей-ақ ойласаңыз,
Көру үшiн жаралған көзiңiз де.
Cебебi толымдының iсi толық,
Ең түпкi жаратушы – мiнсiз ие.
Күш, бiлiм, шеберлiктi iс бiлгiзер,
Естi, мiнсiз шебердiң iсi емей не?
Ұлықтарша қорқытпай законменен,
Молдаларша теңемей кәпiрменен.
Егер сөзiм қонбаса көкейiңе,
Жығарлық дәлелiңдi айт ақылменен.
Дағды, күншiл, өзiмшiл, айла, мақтан
Қайрылмай дос-жарыңа, жақынменен.
Ар, нысапқа не жауап берер едiң,
Түзу iстi қисайтсаң тақылменен.
«Құдай жоқ, қиямет жоқ» десең-дағы,
Арың жолдас емес пе мақұлменен?


Ғылымсыз адам – айуан...

Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да, ғылым бiл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.

Ақылға еркiн ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттенiп ертерек,
Өрiсiн кеңiт жылма-жыл.

Қырық жасымда ойладым,
Жетпiстемiн мен биыл.
Белдi бекем байладым,
Әдеттендi ой мен тiл.

Атағы шыққан жақсыға,
Ақылды байлап қылма құл.
Шатақ дiн мен дағдыға,
Шоқынба, досым, зиян бұл.

Дұрыс деме құры ойлап,
Ақылға сынат, сабыр қыл.
Жығылмайтын дәлел тап,
Бiрезу болма өзiмшiл.

Мiнiңдi тапса кiм сынап,
Аяғына бар жығыл.
«Қап, бәлем» деп кектi ұнап,
Сақтай көрме ойға зiл.

Бақ, мансапқа сиынып,
Болма боран, жел, дауыл.
Аса сәндi киiнiп,
Қуыршақ болма сәкәкүл.

Тiкенiң болса бойыңда,
Ауырса да, өзiң жұл.
Сергек болсын ойың да,
Ерiншек болма құр масыл.

Адамның ең асылы –
Қиянатсыз ақ бейiл.
Ең зиянкес жасығы –
Тайғақ мiнез, екi тiл.

Сөз, мiнезi құбылса,
Ар, иманы жоқ деп бiл.
Аулақта жемтiк сыдырса,
Оны ойыңмен айуан қыл.

Дұспанға да бол әдiл,
Түсiрме ойға тат пен нiл.
Ұмытпа болсаң бiздiң ұл,
Осы өлеңдi құлаққа iл.

Шыннан өзге Құдай жоқ...

Шыннан өзге Құдай жоқ,
Анық Құдай – Шын Құдай.
Ұқпай қалма алаң боп,
Шын болмаса, кiм Құдай?

Бұрын шын бар, бүгiн шын,
Ертең шын бар – үш бөлек.
Керегi жоқ бұлардың,
Бұзылмайтын шын керек.

Шын махаббат қылуға,
Шын сабырың жете ме.
Көрiнген әрбiр сұлуға
Көңiлiң толқып кете ме?

Олай болса, таза ақыл,
Әулиелiк сенде жоқ.
Баянсызға бәрi – құл,
Жынданбаған пенде жоқ.

Әулиедей асықтың,
Қасиетiн былғайсың.
Қылығын қылып жастықтың,
Бiр қалыпта тұрмайсың.

Әлде сайтан, әлде жын,
Бiрiн тастап, бiрiн мiн.
Адам емес – айуансың,
Неге тұрсын сенде шын?

Иманым

Күн аязда терезеге,
Неше түрлi гүл түсер.
Сонша әдемi түстi неге,
Кiм түсiрдi, ой жiбер.

Нысабыңмен ойласаң сен,
Iстей алмас оны адам.
Ең адамның шеберiнен,
Соны салған жан шебер.

Сипатын көр, тосып ал да,
Жапалақтап жауса қар.
Таза тексер, көздi сал да,
Қандай оның түрi бар.

Таң қаларсың ойға салсаң,
Қар жасаған шытырасын.
Жаралыстан ғибрат алсаң,
Болар едiң ой құмар.

Неше түрлi гүл, жапырақ,
Әрбiреуiн қолыңа ал.
Құры көрiп, қойма бiрақ,
Онда не бар, ойға сал.

Түсi қандай, түрi қандай,
Тамыры бар неше тал.
Тесе қарап, тексере алмай,
Ұқпадым деп айтпа жал.

Өлсе өсiмдiк, тiрiледi,
Күн жылытып, тамса су.
Кейi – тамақ, кейi – дәрi,
Кейi – арақ, кейi – у.

Тән – терезе, ой қожасы,
Ойлап анық байқасаң.
Бар ғылымның түп атасы –
Таза ақылмен ойлану.

Зор мұхиттың дариясының,
Ең түбiнде бар балық.
Денесiнде сол балықтың,
Бiр нұры бар жап-жарық.

Сол жарықтың арқасымен,
Азық аулап күн көрер.
Оқы ғылым, нанбасаң сен,
Жалған емес, бұл анық.

Тағы бiр шөп ортасында,
Тiптi тәттi балы бар.
Тарауының ең басында,
Өткiр ине талы бар.

Балға қонса бiр шыбын кеп,
Шаншылады инелер.
Қылды қорек шөп шыбын жеп,
Таңырқарлық жайы бар.

Сиқырына таң қалатын,
Тас бар, аты – магнит.
Темiр оған құл болатын,
Бар осындай қасиет.

Магниттiң қуаты едi,
Қыбыланама дегенiң.
Терең оймен тексередi,
Табады ақыл керемет.

Мына маржан судан өскен,
Тал сияқты жануар.
Адам едi оны кескен,
Тағы өсетiн жаны бар.

Тiптi кетпес, шын жоғалып,
Байқасаңыз, барша жан.
Тағы дене тауып алып,
Тағы өседi, қайтадан.

Түрлi жандар дене түрлеп,
Өзгерiп тұр бұл ғалам.
Жоғалатын нәрсе жоқ деп,
Айтты ғылым байқаған.

Көзге сенiп, ойға сенбей,
Жанды жоқ деп қаңғырып.
Адасып жүр ақты көрмей,
Көңiлi соқыр көп надан.

«Ана сансыз кереметтi,
Кiм жаратса, Ие сол» –
Десе неттi, қойса беттi
Хақиқатқа жайнаған.

Шала дiн мен қате пәннiң,
Соңына ерме, шынға ер.
Мiнi – жаның, мiнi – тәңiрiң,
Мiнi – дiнiң, мiнi – иман.

Адамдық борышың

Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
Талаптан да бiлiм мен өнер үйрен,
Бiлiмсiз,
Өнерсiз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшiн.
Нәпсiңе билетпе
Басыңның бағы үшiн.
Өмiрiңдi сарп қыл өлгенiңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшiн.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсiң.
Барыңды,
Нәрiңдi
Тiрлiкте бергейсiң.
Ғибрат алар артыңа iз қалдырсаң –
Шын бақыт‚
Осыны ұқ,
Мәңгiлiк өлмейсiң!










Тура жолда қайғы жоқ

Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын, бер арақ!
Қайғы, рахат бәрi бiр бәс,
Ешбiрiнде жоқ тұрақ.

Келсе бейнет – келдi, кеттi,
Болса уайым – болды не?
Ақ жолыңнан бұрма беттi,
Бас нығыздап мықтырақ.

Мен мешiтке келмедi-ау деп,
Сөкпе сопы, молдалар.
Еркiн аяқ кеттi билеп,
Шын хақиқат жолды ұнап.

Сiз бояулы дiн тұтасыз,
Мақтаның мен пайда үшiн.
Сусыным деп у жұтасыз,
Кетпегейсiз бiр құлап.

Таза ақылмен таппаған дiн –
Шын дiн емес, жындылық.
Қармалаған бiр соқырсың,
Өлген ой мен көз, құлақ.

Ескiлерше қу қазыққа,
Байланып мен тұрмадым.
Және емеспiн жаңалыққа,
Көрсеқызар қиқырақ.

Мен хақиқат құрбанымын,
Бердi бiзге сәулесiн.
Кеттi сұм түн, шықты нұр күн,
Мiндi көңiл шын пырақ.

Кезсе ойым барша барлық,––
Ақылымның тұтқыны.
Неге болды? Не боларлық?
Бәрiн өлшеп тұр сынап.

Тән көретiн бастағы көз,
Байқамайды жан сырын.
Көр де ақылға сал деген сөз,
Көз керек қой ойлырақ.

Хақиқатты дәл көруге,
Жан көретiн көз керек.
Бас көзiмен сенделуге,
Бiзге рұқсат жоқ, шырақ.

Сөнген ойды жандыруға,
Жан берерлiк сөз керек.
Жаны жоқты нандыруға,
Жан керек қой милырақ.

Молдалардан дiн сұрасаң,
Сандырақтап, сандалар.
Пәншiлермен бас құрасаң,
«Жан, құдай жоқ» дер тұра-ақ.

Бiз хақиқат елегiне,
Осы екеуiн елесек.
Түкке тұрмас, керегi не,
Екеуi де қалжырақ.

Пәншi дейдi: «Қайда Tәңiрi?»
Дiншi дейдi: «Менде тұр!»
Екеуi де сөзге нанды,
Таза ақылдан жоқ сұрақ.

Пәншi нанды бес сезiмге,
Дiншi адасты жолынан.
Сал ақылға, дұрысы не,
Дәлелiн тап жақсырақ.

Кiм жасаса зор мәшине,
Онда одан не қалар?
Құдiретiнен қалды, әрине,
Сайраған iз шамшырақ.

Түп негiздi жаратушы,
Меңiреу ме, естi ме?
Таза ақылға сынатушы,
Тайқымай айт сен бiрақ.

Бәрi мақсұтпен жаралған,
Есебi жоқ барша әлем.
Неге керек бос шатылған,
«Тәңiрi жоқ» деп тантырап.

Шынды бiлмек ойласаң сен,
Алдыменен жанды бiл.
Ең керектi үш сұрақпен,
Жан құлағын қой бұрап:

«Келдiм қайдан? Қайтсе пайдам?
Өлгеннен соң не болам?
«Мен» деген – жан, ақыл – айнам,
Жоғала ма сол шын-ақ».

Бар болған зат жоғала ма,
Жоқтан әсер қала ма?
Аш көзiңдi, тұмшалама,
Кетпе ақылдан тым жырақ.

Осы әлемде барша барлық,
Жанды ақылдың табысы.
Нәрсесi жоқ бос қаларлық,
Мейлi, шөп пен топырақ.

Шын сүю бар, жирену бар,
Мақсұты бар, еркi бар.
Жаратылған неге бұлар,
Осыны тап, ой құрап.

Барша әлемнiң нәрселерi,
Болса жанның әсерi.
Естi сол жан – Тәңiрi әсерi
Тазалықты тұр сұрап.

Шын таза жан тазалықпен,
Тәңiрiсiне бармақ ол.
Мейiрiм, нысап, әдiлетте,
Ағызам деп нұр бұлақ.

Мына жақта нәпсi жатыр,
Қиянатты жастанып:
«Бармайық,– деп,– қойшы, батыр»,
Етегiнен жұлқылап.

Ындыныңа сен иесiң,
Кiмге көндiң ерiк берiп.
Мiне, байқа жан жүйесiн,
Аса берме бұрқырап.

Әдiлет пен мейiрiм, нысап
Құлшылығым – Тәңiрiме.
Қиянатқа жанды жұмсап,
Жанбан отқа шырқырап.

Жанға көнсем, жан иесi
Тәңiрiге де көнгенiм.
Таймай өлсем, жолым – осы,
Нәпсi қалсын зар жылап.

Таза дiннiң шын негiзiн,
Ұстаған бiр бенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дiн,
Бәрi бiрдей шатпырақ.

Дiн тазасын дiннен iзде,
Дiн шатағын сынға сал.
Анық айна өзiңiзде,
Айда ақылды қаттырақ.

Шала дiн де, пән де таппас,
Дiн тазасын ой табар.
Еркiн ақыл тiптi адаспас,
Кезсе кiрсiз жарқырап.

Шынды таптым, қайғы басты,
Шын сырымды айтайын.
Дiн де, пән де қатты адасты,
Дау сабасты барқырап.