Файл: Естен кетпес отты жылдар Трбие саатыны масаты Ешкім де, ештее де мытылмайды.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 19.03.2024

Просмотров: 13

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Естен кетпес отты жылдар»

Тәрбие сағатының мақсаты: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу. Оқушылардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүние жүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу.

Барысы:

1-Жүргізуші:

1941 жылдың 22 маусымы – біздің тарихымыздағы ең қайғылы күн, Ұлы Отан соғысының басталған уақыты. Бұл күн қан майданда қаза тапқандармен фашистерден еріксіз қорлық көргендерді, тылда еңбек етіп аштан қырылғандарды еске салады.

Бізді әрбір өткен жыл Ұлы Отан соғысының бірінші күніндегі оқиғалардан алыстатуда. Көптеген соғыста жеңіске жеткен жауынгерлер өмірден озып, жыл сайын майданға қатысқан сарбаздардың саны қысқарып, қара тізім ұзарып барады. Сол сұрапыл соғыс заманын көзімен көрген куәгерлермен бірге тарихтың маңызды егжей-тегжейлі естеліктері де жоғалып бара жатқан сыңайлы. Сондықтан, біз соғыс туралы бәрін білеміз бе, Жеңістің шын бағасын түсінеміз бе және келер ұрпаққа жеңіс туралы ұғымды сақтап қала аламызба? - деген көкейкесті сұрақтар туындайды.

Осыдан 72 жыл бұрын бүкіл әлемді дүр сілкіндірген соғыс атты сойқан басталған болатын.

2-Жүргізуші:

Бүгінгі күн көптен күткен салтанатты күн, зымыраған уақыттың қанатында Жеңістің міне 72-көктемі де келіп жетті.

72 жыл-бейбіт көктем таң атқалы,

72 жыл-шуақты күн таратты әні.

72 рет- көктемде сонан бері,

Ашылды Жеңіс күннің парақтары,- дей отыра Ұлы Жеңіс күніне арналған тарихи журнал беттерін бірге парақтайық.

1-оқушы:

Жүргенімде қуанышпен қамданып,

Керек-жарақ заттарымды қолға алып.

Жиырма екінші сағатында қырық бірдің

Батыстан дауыл соқты долданып.

2-оқушы:

Таң алдында сағат бесті соққанда,

Жынды неміс сылтау тапты жоқтан да.

Тұтқиылдан тыныш жатқан самарқау,

Шекараға келіп салды  ойранды.

3-оқушы:

Осы хабар уақытында алынды,

«Соғысқа» деп дабыл қағылды.

Қуанышты жас жүректі суытып,

Баса қалды лапылдаған жалынды.

4-оқушы:

Қатық құйып ішкен күнім зереңге,

Елім, сені енді қайтып көрем бе?!

Қайғыменен, жетімдікпен өсіп ем,


Қызықты күн енді көрмей өлем бе?!

Отаныма берген бірақ антым бар,

Дедім сізге: Ал, соғысқа тартыңдар!»

Ұлы Отанды қорғаңыздар аянбай,

Арттарында сізге сенген халқың бар!

5-оқушы:

Тоқта, достар, тез мін атқа,

Қатерлі ауру сын сағатта.

Батыстан зіл қара бұлт

Төнді айналып Кавказ қартқа.

Қай жан шыдар бұл мазаққа.

Өлім арлы азаматқа.
1-Жүргізуші:

Соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80%-ы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынды. 50 — 55 млн адам қазаға ұшырады. Фашистік Германияның мақсаты бүкіл Кеңес халқын құлға айналдыру, жерін басып алу еді. Германия фюррері Адольф Гитлердің қанқұйлы саясаты Кеңес халқын дүр сілкіндірді.

2-Жүргізуші:

Бүкіл Кеңес халқының 20-25 млн-нан астам ержүрек ұлдары мен қыздары құрбан болды. Бұл соғыста милиондаған әйел жесір, балалар әкесіз қалды, аналар ұлдарынан айырылды, соғыстың қайғысы өзегін өртемеген, оның құрбандығына шалынбаған отбасы қалмады. Фашистік қарақшылар 1710 қала мен поселкілерді, 70 мың село мен деревняны құртып жіберді. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн. 70 мың адам қатысса, олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті. Жеңіс жеңілдікпен келген жоқ.

1-жүргізуші: Бүгінгі мерекелік шара Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады.

2-жүргізуші: Бұл жылдары жүрегі Отаным деп соққан әр азамат барынша күресе білді. Әрбір азамат өз Отанына деген антын орындап шықты. Олай болса сұрапыл соғыс және елін, жерін қорғаған майдангерлер туралы өлең жолдарын тыңдау үшін оқушыларға сөз берейік!
1-оқушы: «Майдангерлер»
2-оқушы: «Екеуін де көтерді ол» Ж.Молдағалиев
3-оқушы: «Мен соғысты жек көрем!» (Қ.Жұмағалиев)
4-оқушы: «Соғыс» Қ.Әбдіқадыров
5- оқушы: «Жеңіс күні» Т.Молдағалиев
6-оқушы. «Болмасын соғыс»
7-оқушы: «Сен құрметте оны»

1-жүргізуші:

Берлин Операциясы — Ұлы Отан соғысы барысындағы аса ірі шабуыл операцияларының бірі. 1945 ж. 16 сәуір мен 8 мамыр аралығын қамтыды. Оған Қазақстанда жасақталған үш атқыштар дивизиясы мен бір артиллерия, екі атқыштар полкі қатысты.

 Рейхстаг ғимаратына алғашқылар қатарында лейтенант Р. Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Г. Булатов бірінші болып еніп, ту тікті. 2 мамыр күні бүкіл Берлин қаласының әскери күштері қаруларын тастады. 8 мамыр күні сағат 22-ден 43 минут өткенде Берлин қаласы жанындағы Карлсхорст деген жерде германдық қолбасшылар өкілдері үзілді-кесілді тізе бүгу туралы актіге қол қойды.



Берлин операциясы кезінде кеңестік әскерлер 78291 адамынан айрылды, 274 184 адамы жаралы болды, контузия алды. Жау жағы жаяу әскерлерден тұратын 70 дивизиясынан, моторлы техникалы 23 дивизиясынан айрылды, 480 мың адамы тұтқынға алынды. Осынша шығындарға қарамастан, қан төгіс майданда Кеңес халқының ержүрек, батыл азаматтары Жеңіске жетті.
Сымбат:

Сүйінші елім, сүйінші

Сүйіншіге сүйінші!

Қуан ата-анамыз,

Әжелер мен бабамыз.

Соғыс бітті жеңіспен,

Кешікпей елге барамыз.

Фашистің туын құлаттық,

Әскерін қырып сұлаттық.

Қанды шелек сұмдарды,

Қан құстырып жылаттық.

Ардақты Отан сен үшін,

Туып-өскен жер үшін.

Құрбан болды сан ұлың,

Әлпештеген ел үшін.

Құрбан қылып шыбын жанымды,

Төктім талай қанымды.

Неше өліп, тірілдім,

Аямай бойда барымды.

Мақтан ет ана ұлыңды,

Қойдай боп дұшпан қырылды.

Әлемнен фашист жоғалып,

Гитлердің басы жұлынды.

Әкесін күтіп бала отыр,

Баласын күтіп ана отыр.

Бір көрсем деп ел-жұртты,

Дүрсілдеп жүрек және тұр.

Сағыныштан сарғайып

Солдаттардың жары отыр.

Қайтады елге ерлерің,

Гүлденер қайта жерлерің

Ұмытылар ертең-ақ

Қиыншылық көргенің.

1-жүргізуші:

9 мамыр – Жеңіс Күні – ең қымбатты, қуанышты да қайғылы, мәртебелі мереке, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі.

2-жүргізуші:

1945 жылдың 9 мамыры... Жылдан-жылға алыстап бара жатқан мерзім. Дей тұрғанмен, Ұлы Жеңістің анық бағасы мен маңызы біздің жадымызда мәңгі орын алады.

1-жүргізуші:

Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.

2-жүргізуші:

Осымен Ұлы Жеңіс күні мен Қарулы күштер мерекесіне арналған тарихи журналдың беттері аяқталды.

Еліміздің іргесі берік, еңсесі биік болсын!

1-жүргізуші:

Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын! Тәуелсіз еліміздің туы биік болсын! Сау болыңыздыр!