Файл: Кітап оуда жылдам оуды олдану.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 28.03.2024

Просмотров: 5

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Кітап оқуда жылдам оқуды қолдану
Ақпараттық технологиялардың қарқынды  дамуына орай,  адамдардың оқуға деген қызығушылығы төмендеген деп айтуға толық негіз бар және оған таң қалудың қажеті жоқ. Өйткені теледидар, ғаламтор, түрлі гаджеттер кітапты алмастырып, оқырмандардың  оқуға деген ынтасын  едәуір бәсеңдеткені анық. Бұл қаншалықты маңызды ?. Оқу адамның ой-өрісін дамытып, есте сақтау қабілетін шынықтырады. Қазіргі уақытта оқырман  залдары мен кітапханалар жұмысын тоқтатпағанымен, кітап сататын дүкендер саны  біртіндеп азаюда. Себебі қазір кез-келген туындыны электронды нұсқада оқуға болады. Бірақ қанша жерден әлеуметтік желілер, теледидар болсын оқудың орнын ештеңе баса алмайды. Керісінше интернет басқан сайын кітап оқуды күшейту керек.

Біздің басты мақсатымыз –балаларды әдеби шығармаларды

оқуға мәжбүрлемей кітап оқуға баулу, кітапқа деген қызығушылығын қалыптастыру .Әрбір ата-ана өз перзентіне ең жақсыны қалайды. Бала өмірде жетістікке қол жеткізу үшін сауатты, білімді болып өсуі шарт, яғни ақпаратқа толы мына әлемде өз-өзіне сенімді болуы қажет, өзін еркін сезінуі керек. Алайда баланың кітап оқуға құмарлығын, үнемі ізденісте болуын, жаңа білім алуға талпынуы мен дұрыс ақпаратты таңдауын, қоғамда баланың теріс ағымның ықпалына түсіп қалмауын, жеке ойының болуы мен дұрыс құндылықтар жүйесінің болуын қалай қалыптастыра аламыз. Бұл сұрақтардың бір ғана жауабы бар: баланы кітап оқуға көбірек баулу және ең бастысы балаларға кітапты сүюге көмектесу керек. Мидың есте сақтау қабілеті жоғары деңгейде болу үшін күніне 3 бет кітап оқылуы шарт. Ал баланы кітапқа қалай баулимыз. Баланы кітапқа баулу арнайы жоспармен, нақты қадамдармен  қалыптасатын үрдіс.

Ендеше кітап оқымас бұрын мақсат қою керек. Кітап оқу не үшін керек? Неге бұл кітапты таңдадың? Алдағы уақытта кітаптан қандай білім аласың? Осы сұрақты өзіңе қойып, ой жүгіртіп шыққан дұрыс. Оқу барысында әр сөйлемді қарындашпен жүгіртіп отырыңыз. Ойдың жинақылығына, назардың шоғырлануына және жылдам оқуға көмектеседі.

Көп адамдар “жылдам оқуды” тез оқумен шатастырады.

ЖЫЛДАМ ОҚУ ДЕГЕН НЕ? Жылдам оқу -  ол әдеттегіге қарағанда тезірек оқу емес. Жылдам оқу  - оқығанды түсіну, есте сақтау. Оқырманның 90%-ы жылдам оқу мен асығып оқуды шатастырады. Жылдам оқу дағдысын үйренген адам миын дамытуға түрлі жаттығулар жасап, ойлау қабілетін дамытады. Тек оқу барысында ғана емес, күнделікті өмірде, жұмыста кез келген мәселенің шешімін тез тауып, тез ойлануды үйренеді.


«Жылдам оқу»  әдісі  туралы не білеміз?

Жылдам оқуды кез келген кітап, мәтін, жанрға қолдануға болады. Кейбір сыншылдар көркем әдебиетке қолдануға болмайды, көркем әдебиетті асықпай, ләззатына кіріп отырып оқу керек дейді. Бірақ тарихта көркем әдебиетті аса жылдамдықпен оқығандар бар. Біз танитын тұлғалар жылдам оқуды меңгерген. “Күйреген империяның” бірінші көсемі Ленин минутына бір беттен оқыпты. Дерек бойынша Лениннің 20 мыңнан астам кітабы болған. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің 6 мыңға жуық кітабы болыпты. Мәскеу ауруханасында жатқан кезінде операцияға 2 күн қалғанда Т.Ахтановтың “Қаһарлы күндері” мен З.Шашкиннің “Теміртауын” оқып тауысыпты. Наполеон Бонапарт минутына 2 мың сөз оқыған деген деректер бар.Жазушы Оноре Де Бальзак екі жүз беттен тұратын романды жарты сағатта оқыған.  М.Горький бір минутта төрт мың сөз оқитын болған.

Өнертапқыш Т. Эдисон бір мезетте кітаптың бірнеше жолын оқыған.  Бұған қоса, ол бір-ақ рет оқылған мәтінді сөзбе-сөз қайталап беретін болған.

Адамдардың көпшілігі орташа жылдамдықта минутына 200-250 сөз оқиды. Бұл кітаптың екі бетін  құрайтын үлгіге  пара-пар.

Адамдардың 2,5 пайызы өте баяу оқиды. Олар минутына небәрі 180-220 сөз оқи алады.

Мәтінді түсіну дәрежесі жылдам оқу кезінде әлдеқайда жоғары. Көз жүгіртіп оқу кезінде адам мәттіннің 80пайызын түсінсе, кәдімгі, яғни баяу оқу кезінде 60 пайызын ұғына алады.

«Жылдам оқу» әдісін қолданған кезде көз жанары аз шаршайды.

Орташа жылдамдықпен оқитын адамдар бір  жолды оқыған кезде 14-16 рет көз тоқтатады екен. Ал жылдам оқи алатындар 2-4 рет қарайды.

Әдеттегі жылдамдықпен мәтін оқитындар бір мезетте 10 таңбаға көз қырын салса, жылдам оқи алатын жандарда бұл көрсеткіш 33-83 таңбаны көрсетеді.

Мәтін оқыған кезде көз жанарлары әр әріптің бөлек кескінін таратса, әріптердің бір бейнеге тоғысуын ми қызметі атқарады.

Жылдам оқу техникасы туралы алғашқы мақалалар 1894 жылы жариялана бастады. Ал «Жылдам оқу» курстарын 1925 жылы АҚШ-тың Сиракуз университеті құрды.

Жылдам оқуға кедергі әрекеттер:

Дауыстап оқымаңыз: Оқу жылдамдығын баяулататын фактордың бірі – сөздерді дауыстап оқу. Кітапты дауыстап оқысаңыз 280-300 сөзден аса алмайсыз. Дауыстап оқу арқылы кітаптағы ақпараттың 20%-ын ғана түсінесіз. Дауыстап оқу әдетін доғарып көзбен оқуды бастаңыз. Әдетке айналдырыңыз. Жаттығу жасай келе дауыстап оқудың аса қажет емес екенін байқайсыз. Дауыстап оқығанға қарағанда көзбен оқығанда 10 есе жылдам оқи бастайсыз.


Қайталап оқуды доғарыңыз: Оқып кеткен жолдарға қайтадан көз жүгірту оқу процесін баяулатады. Мұндай жағдай кітаптың әр бетінде болып тұрады. Мысалы, көзіңіз кітапта, ал ойыңыз басқа жақты кезіп жүр. Таныс жағдай, иә? Сол сияқты қайталап оқып отырмас үшін, жаттығу керек: кез келген шағын мақаладағы сөздерді қайта оқымай, үзбей оқып шығыңыз. Біраз шыңдалып алған соң, көлемді кітаптарға көшіңіз. Бұл әдеттен карандаштың көмегімен арылуға болады: карандашты жол бойымен жүргізіп отыру керек. Сонда көз карандаштың ізімен қозғалып, оқылған сөйлемдерге қайтып оралмайды. Карандашты сіздің оқу жылдамдығыңыздан жылдамырақ жүргізген абзал. Жүргізілген зерттеулер мен тәжірибе нәтижесінде - қайта оқылған ақпарат кітаптың мазмұнына әсер етпейтіні белгілі болды. Оны оқымай өткен оқырман еш нәрсе жоғалтпайды. Себебі әр оқылған ақпарат адам миының түпсанасында сақталады.

Ішкі дауыспен оқымаңыз: Ішкі дауыс – сізден ешбір дауыс шықпайды бірақ оймен дауыстап оқисыз.Мәтінді оқығанда, оны іштей оқуды ұмыту керек. Бұл әдет сізге мектеп кезінде, енді оқып үйреніп жатқанда қалыптасты. Көп оқырманда оқып жатқан мәтінді іштей қайталау әдеті бар. Сөзді ойда айтуды “субвокализация” дейді және ол оқу жылдамдығын қатты тежейді. Ішкі дауыс болмаса кітапты оқымай жатқан секілдісіз.Оның жылдамдығы, әдетте, кәдімгі сөйлегендегіміздің жылдамдығымен бірдей. Ішкі дауыстан арылудың ең тиімді тәсілі кітапты көзбен оқу. Көзбен оқу алғашында қиындық тудырады. Жаттыға келе үйренесіз. Көзбен оқуды алғашында тілі жеңіл кітаптан бастаған жөн.

Кітапты жылдам оқуға арналған 10 лайфхак

1.Қарындашпен оқу: Мәтіннің әр жолын карандашпен жүргізіп отырыңыз. Көзіңіз карандашқа еріп отыратындай болуы тиіс. Басында баяу қарқынмен бастап көріп, көзіңіз үйренген сайын жылдамдықты үдете беріңіз. Яғни қарындашқа ерген көз арқылы іштей оқу жүйесі мызғымас қалыпқа түседі. Алғашқы уақытта бұл тәсіл оғаш көрінуі мүмкін, бірақ бейімделген сайын оқу жылдамдығы біршама артады.

2. Жаңылтпашты күнделікті оқу: жаңылтпашты күнделікті оқу - оқу жылдамдығын арттыруға көмектеседі. Себебі, жаңылтпаштағы сөздер бір-біріне ұқсас болғандықтан ол сөздерді ажыратуға көз үлкен күш салады. Жаңылпашпен жұмыс жасап үйренген көз қарапайым кітап бетіндегі мәтінді тезірек оқиды. Жаңылтпашты оқығанда оймен оқисыз.

3. Сүзгі тәсілі: Оқығалы жатқан кітабыңызға 5-6 сұрақ қойып алыңыз. Сол сұрақтың жауабын іздеу үшін кітапты оқыңыз. Адам кітапты қарапайым оқуға қарағанда сұрақты іздеу арқылы шапшаң оқиды. Бұл тәсіл сізге жылдамдық пен түсінікті қатар қалыптастырады.


4. Теріс қаратып оқу: Кітапты жоғарыдан төменге айналдырып, теріс қаратып оқыңыз. Мәтінді қаншалықты қиындатсаңыз соншалықты тезірек оқитын боласыз. Кітапты теріс қаратып оқуға көз тез үйреніп алады. Содан кейн оң қаратып оқысаңыз сөздер еркін әр тез оқыла бастайды. Бұл тәсіл тез беймделуге, шапшаң болуға көмектеседі.

5. Көп оқу: Мәтінді мейлінше көп оқысақ жаңа сөздермен таныс боламыз. Адамның көзі таныс емес сөздерге көп уақыт кідіріс жасайды. Көп сөзбен таныс болсақ оқу жылдамдығымыз да 4-5 есеге артады. Көп сөзбен таныс болу үшін кітапты көбірек оқу қажет.

6. Бұрын оқыған кітабыңды оқу: Бұрын оқып кеткен кітапты қайта оқысаңыз еріксіз түрде жылдам оқисыз. Себебі, ондағы сөздер сіздің түпсанаңызда сақтаулы болады. Бұрын оқыған кітапты жиі оқып миды жылдам оқуға машықтандыру қажет.

7. Көзбен оқу: тек көзбен оқуды бастаңыз , әдетке айналдырыңыз . Негізі кітапты адамның көзі емес, шүйдеде орналасқан ми бөлігі оқиды. Көз тек ортадағы өткізгіш қызметін атқарады. Былайша айтқанда, адамның көзі минутына 1000 сөзді оңай оқи алады. Күн сайынғы жаттығулардан кейін көзбен оқудың жылдамдық пен түсінікке пайдалы екенін байқайсыз . Дауыстап оқығанға қарағанда көзбен оқығанда 10 есе жылдам оқи бастайсыз.

8. Маңызды сөздерді іздеу. Кез келген мәтінді «және», «да», «де», «мұнымен қатар», «сонымен» секілді шылаулар мен қыстырма сөздерді оқымай кету арқылы мәтін көлемін қысқарта аласыз. Оқу барысында тек «маңызды» сөздерді ғана көруге тырысыңыз.

9. Алғашқы мақсатыңыз. Әр жаңа абзацтың алғашқы сөйлеміне ерекше мән беріңіз. Шындығында жақсы жазушы барлық ойын жаңа ойдың алғашқы сөйлемінде жазып, қалғанын сол сөйлемдегі мағынаны дамытуға арнайды. Басқаша айтқанда, азат жолды толық түсіну үшін, алғашқы сөйлеміне мән берсеңіз болды.

10. Бағыттаушыларға қараңыз. «Бұдан өзге», «мұнымен қатар» сынды қыстырма сөздер екі мақсатта қолданылады. Біріншіден, осыған дейінгі ойды нақтылай түсу үшін, екіншіден, қосымша мәлімет беру үшін. Ал «осыған сәйкес», «сондықтан» сөздері нәтижені білдіреді.

Жылдам оқуға қажетті 2 дағды

Жылдам оқу жоғарыда атап өткеніміздей кітапты әдеттегіден жылдам әрі түсініп оқу қабілеті. Кітапты жылдам оқу арқылы мәтінмен тиімді жұмыс жасаймыз. Кітапты жылдам оқуға адамның екі бірдей ағзасы қатысады:

1. Ми

2. Көз

Егер осы екі бірдей ағзаны тұрақты жаттықтырсақ, жылдам оқу оңай бола түседі.

Жылдам оқу –ақпаратты жылдам, әрі түсініп оқу. Жылдам оқуды дамытатын негізгі әдіс –Шульте кестесі. Шульте кестесі –әр  торда сандардың ретсіз орналасунан құралған кесте. Кестенің көп таралған түрі 1-ден 25-ке дейінгі сандардың кездейсоқ орналасуынан тұратын, 5 баған мен 5 жолды шаршы. Кестенің ортасында тұрған санға көз алмастан қарап, сандарды бірінен соң бірін ретімен барынша тез табуыңыз керек. Қаншалықты тез тапсаңыз, соншалықты жақсы. Қарапайым адам мәтін оқығанда бір мезетте 10 таңбаға көз салса, жылдам оқитындар 33-85 таңбаға көз салады. “Шульте кестесімен” дайындалсаңыз аздаған уақыт ішінде көру ауқымын кеңейтесіз. 2016 жылы халықаралық деңгейде жылдам оқудан Қазақстанда  жарыс өтті. Жерлесіміз Адина Манатбекова минутына 94000 сөз оқып, оқығанын 100% есте сақтап, бәрін таңқалдырған болатын. Адинаның айтуынша “шульте кестесімен” дайындалғанның арқасында рекорд жаңартыпты. Жылдам оқуды қалыптастырғысы келетіндерге Шульте кестесімен дайындалуға кеңес береді. Күнде Шульте кестесімен дайындалудың нәтижесінде  өзгелер 1 аптада бітірген кітапты 1-2 күнде аяқтайтын боласыз. Біріншіден уақытыңыз үнемделінеді, екіншіден танымыңыз кеңейеді.


Замана легіне теледидар ілесті, қоғам көшіне ғаламтор иелік ете  бастады.

Бұлар адамзат өміріне кітаптан кейін келген дүниелер еді.  Кітап өзінің әу бастағы тұғырында қала береді. Мысалы, адам тұрақты теледидар қараушы немесе адам белсенді ғаламтор қолданушысы болып келуі мүмкін, бірақ оның жан-дүниесінде рухани тұрғыдан дамымай қалуы да ғажап емес. Бұл сөзден түйер ойымыз, адамға жан азығы, рухани байлығы бола білген – кітап.  «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол», – дейді Баус.

Жылдам оқу дағдысын қалыптастыратын зейінді тұрақтандырып,есте сақтауды дамытатын жаттығуларды жүйелі түрде жасап,еңбектенсек,жылдам оқып көп ақпарат алып сөздік қорымыз бен тіл байлығымыздың артатыны сөзссіз. Достар, «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», – деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық.

Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.