Файл: Абай лебі, Абай ні, Абай.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 28.03.2024

Просмотров: 7

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.



«Абай лебі, Абай үні, Абайтынысызамантынысы, халықүні.

Бүгінолүнбіздіңдеүнгеқосылып, жаңғырып, жаңаөрісалыптұр».

Мұхтар ӘУЕЗОВ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқығаным және ұлы ақынның шығармалары бала күнімнен санамда тасқа қашалғандай орын тепкені мені осы тақырыпқа қалам тербетті.

Мақала кіріспесіндегі «Ұлы ғұламаның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген сөйлемдер ойдан ойға жетелейді. Біздер той тойлаудан кенде халық емеспіз ғой, Абайдың: «Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер, күлкіні онша күйлеп шуламалық» – дегені болмаса…

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында ой қуған, білім іздеген жанға Абай шығармалары – тағылымы мол мектеп екенін баса айтты.

Батыс пен Шығыстың алтын көпірі – данышпан Абай қазақ деген ұлы халық барын әлемге  әлдеқашан әйгілеген болатын.

Жаңа  заманның  күрделі  талабына  ұлы  Абай өз шығармаларымен жауап береді. Уақыты, заманы өте келе, талай тау мүжіледі, талай дүние өзгереді. Адам да өтеді өмірден. Ештеңе мәңгілік емес. Уақыттың  қатал заңы солай. Тек ел мен жер – мәңгілік. Олар қартаймайды да, тозбайды. Жерді мекен  еткен адамдар ғана  қартайып, өмірден өтіп  жатады.

Халықтың рухани ұстазы Абайдың өмірлік философиясы мынадай түйіндерді қамтиды:          -бірінші, отаншыл, ұлтжанды  болу;

-екінші, өзге ұлттар мен халықты дұрыс түсініп, олардың артық ілім-білімін үйрену;

-үшінші, адамды сүю, өзгеге құрмет сезіммен қарау;

-төртінші, өзіңе-өзің қатал сыншы боп, өз бойыңды  түзету.

Абайдың түпкі мақсаты – халқын түзеп, ерікті, мәдениетті ел санатына қосу. Осы мақсатқа жетудің жолы – оқу, өнер, білім, еңбек, ақыл деп біледі. Бұл ойлар – Абай шығармаларының алтын арқауы.

Ақын атаулы атам заманнан бері күңгірт күй, көлеңкелі ғұмыр-азаптың себебін қоғамнан, уақыттан, жеке адамнан іздеді, кінәлады, тек көмескі көр-тіршілікке өзін де айыпты санаған ешқайсысы табылмады. Абай ғана бұл салтанатты саптан оқшау тұр.                  


Төңкеріліп  құбылған жұрт – бір сағым,

Шынға шындап, қоса алмас ынтымағын .

Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің,

Өзіңді – өзің күзет, кел, шырағым!

Бүгінгі  күні тәрбие саласында қолданылып жүрген – Өзін-өзі тану ілімінің түпқазығын да Абайдан табамыз.

Абай  мұрасы – туған елдің рухани шыңы, рухыңа рух қосар, іштің  кірін тазалар алып  күшке айналды. «Махаббатпен  жаратқан  адамзатты  бауырым  деп  сүй», «Адам баласына   адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, қайғың мен қазаң, шыққан жерің мен бармақ  жерің – бәрі бірдей», «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, «Толық адам» тұжырымдамасын жасаған ұлы дана кемел келешекке жол көрсетті.

Абай жиырмасыншы сөзінде: «Пендеде бір іс бар жалығу деген. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа Құдай Тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады? Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, дәмін, бағасын – бәрінің баянсызын біліп жеткен ойлы адамнан шығады», – дейді. Адам баласы жалығу арқылы жаңалыққа ұмтылады, басқа дүниені де көрсем, білсем екен деп жанталасады.

Біреуден айлам мен ақылымды асырдым деп жүргеннің көбі іштей өзін-өзі жеумен күн кешеді. Сөйтіп, қысқа ғұмырдың бірталайы өзін-өзі тани алмаумен өтеді. Абайша айтқанда: «…үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?».

Даналық атты биіктің құзар шыңына шыққан Абай өмірі де күрделі құбылыс. Пендеге тән күрес-тартысты, жек көру мен сүюді өз басынан өткермесе, жүрек қанымен жазылған қуатты ойлар туар ма еді?!

«Дүние – үлкен  көл, заман – соққан  жел, алдыңғы  толқын  ағалар, кейінгі  толқын інілер, кезекпенен бөлінер, баяғыдай  көрінер», – деп толғанады ұлы  ақын.

Ойымды Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Абай қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғалым ғана емес, сонымен қатар, ол – қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай - әлемдік ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға... Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс» деген сөзімен аяқтағым
келеді.