Файл: Еске алу З кені саынта тті бл жыл (Асыл жар, амор ке, имас бауыр, сйікті ата ыдырлы Саясатты рухына баыштады ).docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.04.2024

Просмотров: 6

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Еске алу
ӘЗ ӘКЕНІ САҒЫНТА ӨТТІ БҰЛ ЖЫЛ

(Асыл жар, қамқор әке, қимас бауыр, сүйікті ата

Қыдырұлы Саясаттың рухына бағыштадық )
Сол бір күні қара қайғы басып отбасы-орманды

Әулет біткен үзілместей бір үмітті қарманды.

Болған іске ақырында болдық үнсіз болаттай,

Аман еткей дедік Алла артындағы қалғанды.
Қайтеді, енді, қайғы жұтқан көңіл деген қиналды,

Жанашырлар, ағайындар шаңырағына жиналды.

Тыныш тауып қимас бауыр, қамқор әке, асыл жар,

Жылай жүріп жерге беріп, болсын десті ел иманды.
Толған шағы алпыс тоғыз аталатын жасына,

Қала берді қоңыр төбе оның жүзін жасыра.

Қыр басында қоңырайған қашанғы сол қауым тұр,

Мәңгілікке үлкендердің жатты барып қасына...
Жалған-ай... Содан бері көңіліміздегі сағынышты сыздатқан күндер керуені заулай өтіп, жыл да жетіпті. «Өлмеген құлға болды жаз» деуші еді, өткен жылдың жазының осындай соңғы айының алғашқы күні жанымызға мұң жамаған... Балаң шағымыздан жайдары қалпын сезіне жүрген жаз дегеніңіз енді біз үшін айналайын әкені ойға жиі оралтар, мәңгі аңсай сағынтар мезгіл болып қала берерін қазір терең түсінгендей жайымыз бар. Саясында жүріп, көңілдеріне көлеңке жамырамаған ұл-қыздары, төрін толтырып, үйін базар еткен немере-жиендер сағынышта сансырап қалғанын сезе ме екен ол деп сенделген көңіл бар қазір. Мұқағали ақынша айтқанда, «бір күндік сәуле...» сынды боп жарқ етіп өте шыққан мынау жарық дүниеде кең көңілі нұр төге отыратын қайран әке қайтып оралмайды-ау енді, енді біз оны ешуақытта көрмесіміз кәміл дегенді ойға алғаныңда жүрек жылайды, сана сағынады, қайтерсің, адам бәріне бағынады екен де...
Тек, тек оның бейнесі ойдан өшпейді,

Өткен күннің елесі,әсте, көшпейді.

Ол кеткелі тартып төрі қоңырқай,

Қуаныштың самалы көп еспейді.
Суретіне қараймыз да төрдегі

Аралаймыз ол жүрген әр бөлмені.

Қазір кіріп келетіндей есіктен

Кейде үміт те ойға тыным бермеді...
Апыр-ай, өмір дегеннің өзінің мәні мен мағынасы оның өткен күндерінің санадан ешқашан өшпесімен де өзгеше көріне ме, қалай?. Әйтеуір, әке жайында әсерлі ойға берілгенде, алпыс тоғыз жас ғұмыр соқпағының ойға оралар сәті аз емес. Кейде сол да жұбаныш екен ғой адамға...

Сол бір перзенттік сағынышпен Алланың берген сыйы – татар дәм-тұзы таусылған күні бақилыққа аттанып жүре берген әз әкенің өмір соқпақтарына үңілдік. Сол бір сүрлеулі соқпақ 1952-нші жылдың 17 наурызында қазірде Құрманғазы аталатын, бұрынғы Теңіз ауданынан бастау алыпты. Нақтырақ айтқанда, сол жылы аталмыш ауданның орталығы Ганюшкино ауылында кіндігі кесілді. Оның сол топырақта тәй тұрып, қадам басқаны да анық. Сол қасиетті топырақта бала болып ойнады, сол уақыттағы үлкеннің алдын кесе өтпейтін, қарсы келгенінде амандаспай кетпейтін, еңбекке құштар, жақсы үлгіні ұстар болып өскен ұрпақ өкілдерінің бірі де болуды тағдыр маңдайына жазды.


1959-ынші жылдың 1-інші қыркүйегінде ауыл көшелерін шаңдата жүріп бірге ойнап өскен тұрғыластарымен бірге мектеп табалдырығын аттады, сөйтіп Калинин ауылдық кеңесіндегі Каспий мектебінің шәкірттерінің бірі атанды. Қатар-құрбыларымен мектептегі талай думанды шақтарды бірге өткерді, осы білім ордасынан 8 кластық білім алып шықты.
Оқып-тоқып, азамат боп жетілді

Қызметке де төселген-ді не түрлі.

Айтушы еді еңбек еткен кездерін,

Жадында ол жатталған да секілді.
Ауылдағы жастар істен қашпаған,

Жеңіл жұмыс табылар деп тоспаған.

Механизаторлықты меңгергеннің бірі еді

Өмірге үлкен шақта қадам бастаған.
Шыңдапты оны екі жыл әскер қатары,

Өткен солай Отан қорғау сапары.

Қызметін сол атқарумен қалтқысыз,

Борышты өтеп, шеттің дәмін татады...
Иә, өмір өз арнасымен аға берді де, 1970-інші жылдың 11-інші мамыры күні Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған шақ болып есінде қалыпты. Екі жылдық әскери қызметті абыройлы атқарып, шыңдалған, шымырланған әке туған жерге аман-сау табан тіреді. Осыдан кейінгі өмір белестері қарапайым еңбекке бағышталды. Ол әскерден оралғандардың көп ұзамай қызметке тұруы жіті қадағаланатын тәртібі, талабы қатал кезең, алғашқы еңбек жолы сол 1972-нші жылы жол құрылысы мекемесінде автогрейдер машинисі болудан басталыпты. Ал 1974-інші жылы АПЧС стансасына дезинспектор болып орналасты. Арада бір жыл өткенде, яғни 1975-інші жылы сол мекемеде жүргізушілік қызметке ауысқан әке, абыройлы еңбегі арқасында түрлі сый-сияпаттар иелене жүріп осы бір саладан зейнеткерлік демалысына шыққан жан еді. Сөйтіп, сол саланың ардагерлері қатарын толықтырды...
Еңбекті де өміріне қыла мән

Ұрпағымен мың жасайды, сірә, адам.

Төрт перзентін жеткізгенді әз әке

Анамызбен жылдарда жұп құраған.
Қатарында белортадан көріне

Татулығын оздырыпты төріне.

Суреттерге сағынумен қараймыз

Жанарлардан жас тамады бөліне...
Кезінде жездесі Зейнор мен апасы Жанаттың үйінде тұрып еңбекке орналасқан әке 1979-ыншы жылы анамыз Бөлекбаева Дәмешпен көңілі жарасып, өмір көшіне бірге аттанғанында да тойын жасаған сол апа-жездесін қатты құрметтейтін-ді. Солардай бауырмал болған әке өз бауырынан өрген 3 қыз бен 1 ұлын да бауырмал қылып жеткізді. Оқытты-тоқытты, ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырды. 3 немере, 3 жиен сүйіп, еркелетті. Солардың бесіктегі уілін тыңдап, былдырлаған тілін қызықтап, тәй басқанын, құлдыраңдай жүгіргенін көріп қуанған аталары әркез солардың амандығын да тілеп отыратыны ойға орлады.


Сыйластығы жарасқан жанашыр ағайын-туыстың, дос-жаран, қатар-құрбының қатары өзі үшін өте қадірлі құда-құдағайларымен толығып, төріне оздырды, төрлеріне отырды. Қонақшыл да көпшіл мінезімен дос-туысқа беделді, ағайындарға сыйлы еді ол. Олардың ешқайсысын бөле-жарып көрмеді, үлкенін үлкенше, кішісін кішіше құрмет тұтты, қадірледі, қуанышын да, қайғысын да бөлісе жүрді...

Қимас бауыр, адал жар, қамқор әке, сүйікті атаның жансыз бейнесіне сағына қараған сайын оның қоңыр үні құлаққа келгендей жүрек езіліп, көңіл алабұртады әлі. Сондайда ғой, адал ниет, ақ тілеуімен араласып, ажырамай өткен ағайынды, заманы бір жандарын, бір туған бауырларын көріп, тоқталамыз іштей. Әкенің бізге аманатындай болып көрінетін ақылшы анамыздың ортамызда аман-сау отырғанын тілейміз...

Иә, уақыт неткен жүйрік еді, әз әкені жоғалтқалы да бір жыл өте шықты. Тірісінде сыйласқан ағайын-туыс, құда-жекжаттың, көрші-көлемнің жадында әке бейнесінің және бір жаңғырғанын қаладық, бізбен бірге дұға бағыштауын ойладық. Талай мәрте төріне оздырған, төрлеріне озған әке жайлы айтылар олардың естеліктері де есімізде қалмақ қымбат дүниелер екенін ұғына түстік...
Жанашырдың бәрі бүгін қаумалап,

Еске алуға жетті уақыт арнап-ақ.

Сыйластықты әке барда тін тартқан

Жөн дегенбіз осылай да жалғамақ.
Ойға оралтқан өткеннің көп елесін

Әке рухы баршаңызды жебесін.

Жүргей дейміз айналамыз аман-сау,

Қайырлатпай мынау өмір кемесін.
Өткен күннен өшпеген көп екен із,

(Қалай ғана оны айналып өтеміз?).

Баршаңызға, баршаңызға мың алғыс,

Желеп-жебеп жатсын әзіз әкеміз.
Бүгінгі күн соны тілек қыламыз,

Осы күні еске ап әркез тұрамыз.

Рахмет, рахмет ағайын,

Қабыл болғай ниет, тілек, дұғамыз.
Қабыл болғай ниет, тілек, дұғамыз...

ҰРПАҚТАРЫ.

2022 жыл.