Файл: азастан Республикасыны Ебек Кодексі.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.02.2024

Просмотров: 57

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


      Еңбек қызметіне байланысты, екі адам қайтыс болған топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік еңбек инспекторы басқаратын комиссия жүргізеді.

      Еңбек қызметіне байланысты, үштен бес адамға дейін қайтыс болған топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді – еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган құратын, ал бестен көп адам қайтыс болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын комиссия жүргізеді.

      Ескерту. 20-тарау 188-1-баппен толықтырылды - ҚР 19.12.2020 № 386-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

189-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі

      1. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру мерзімі комиссия құрылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      Тергеп-тексеруді белгіленген мерзімде аяқтауға объективті кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған кезде тергеп-тексеру мерзімдері комиссияның хаттамалық шешімімен он жұмыс күніне екі реттен асырмай ұзартылуы мүмкін.

      2. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарға уақтылы хабарланбаған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар зардап шеккен адамның немесе оның өкілетті өкілінің өтініші бойынша өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде тергеп-тексеріледі.

      3. Комиссия әрбір тергеп-тексеру жағдайында оқиға куәгерлерін, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың бұзылуына жол берген адамдарды анықтайды және олардан жауап алады, жұмыс берушіден қажетті ақпарат және мүмкін болса, зардап шеккен адамнан түсініктеме алады.

      4. Арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия төрағасының келісімінсіз куәлардан, куәгерлерден жауап алуды, сондай-ақ ресми тағайындалған комиссия жұмыс істеп жатқан күндерде кез келген біреудің немесе өзге де комиссияның осы еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаға қатысты қатар тергеп-тексерулер жүргізуіне үзілді-кесілді тыйым салынады.

      5. Комиссия жиналған құжаттар мен материалдар негізінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептерін айқындайды, жазатайым оқиғаның жұмыс берушінің өндірістік қызметімен байланысын және тиісінше, зардап шеккен адамның оқиға орнында болуы оның еңбек міндеттерін орындауы екені түсіндірілгенін анықтайды, жазатайым оқиғаны еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде немесе еңбек қызметіне байланысты емес жазатайым оқиға ретінде сыныптайды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды айқындайды және өндірістегі еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың себептерін жою және алдын алу жөніндегі шараларды белгілейді.


      6. Ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе адам өлімімен аяқталған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны, зардап шеккен адамдардың өндірістік жарақаттарының ауырлық дәрежесіне қарамастан, бір мезгілде екі және одан көп жұмыскер ұшыраған топтық жазатайым оқиғаны және жұмыскерлердің топтық қатты улану жағдайын тергеп-тексеру еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша арнайы тергеп-тексеру актісімен ресімделеді.

      7. Көлік құралдарының авариясы салдарынан болған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның тергеп-тексеру материалдары негізінде жүргізіледі.

      8. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия төрағасының талабы бойынша тергеп-тексеру материалдарының көшірмелерін көлік оқиғасы болған күннен бастап бес күн мерзімде беруге міндетті.

      9. Режимдік объектілердегі еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның жұмыс жағдайлары осы объектілерде болуға арналған рұқсаттың ерекшеліктері ескеріле отырып айқындалады.

      10. Ұйым объектілеріндегі жарылыстың, авариялардың, қираудың, өрттің және басқа да жағдайлардың салдарынан зардап шеккен адамды (зардап шеккен адамдарды), жоғалған адамды (жоғалған адамдарды) іздеудің аяқталуын арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия авариялық-құтқару қызметі немесе құралымы басшысының және сарапшы мамандардың қорытындысы негізінде айқындайды.

190-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу тәртібі және оларды есепке алу

      1. Жұмыскердің (жұмыскерлердің) еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына әкеп соққан және еңбек қызметіне байланысты әрбір жазатайым оқиға медициналық қорытындыға (ұсынымға) сәйкес тергеп-тексерілуге жатады.

      Ауыр зардаптарға әкеп соққан, адам өлімімен аяқталған және еңбек қызметіне байланысты топтық жазатайым оқиғалар арнайы тергеп-тексерілуге жатады.

      Тергеп-тексеру, арнайы тергеп-тексеру актілерінің нысандарын және еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға, кәсіптік ауру туралы актілердің нысандарын еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.


      2. Акт тергеп-тексеру материалдарына сәйкес және комиссия мүшелері көпшілігінің пікірлері ескеріле отырып ресімделуге тиіс.

      Егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе оның ұлғаюына себеп болғандығын анықтаса, онда комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданады және жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды.

      Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшелерінің біреуі комиссияның (көпшіліктің) тұжырымдарымен келіспеген жағдайда, ол тергеп-тексеру аяқталған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде өзінің уәжді пікірін тергеп-тексеру материалына қосу үшін жазбаша түрде ұсынады. Ол арнайы тергеп-тексеру актісіне "ерекше пікірге қара" деген ескертпемен қол қояды.

      3. Тергеп-тексеру нәтижесімен келіспеген немесе еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы акт уақтылы ресімделмеген жағдайда, зардап шегушінің немесе оның сенім білдірген адамының, жұмыскерлер өкілінің жұмыс берушіге жазбаша өтініш беруге құқығы бар, ол он жұмыс күні ішінде олардың өтінішін қарауға және мәні бойынша шешім қабылдауға міндетті.

      4. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, ресімдеу және тіркеу мәселелері бойынша келіспеушіліктерді:

      1) жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келіспеушілік жағдайында мемлекеттік еңбек инспекторы немесе сот;

      2) жұмыс беруші, жұмыскер мен төмен тұрған мемлекеттік еңбек инспекторы не қауіпті өндірістік объектілерде болған оқиғалар кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектор арасындағы келіспеушілік жағдайында тиісті жоғары тұрған мемлекеттік еңбек инспекторы немесе сот қарайды.

      Мемлекеттік еңбек инспекторының еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру мәселелері жөніндегі шешімі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша қорытынды түрінде ресімделеді.

      5. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдарында тергеп-тексеру актісімен қатар:

      1) зардап шеккен адамның еңбекті қорғау бойынша оқытудан өткені және нұсқау алғаны, сондай-ақ алдын ала және мерзімдік медициналық қарап тексеруден өткені туралы мәліметтер;


      2) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша жауап алу хаттамалары және оқиға куәгерлерінің, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына жауапты лауазымды адамдардың түсініктемелері;

      3) оқиға орнының жоспарлары, схемалары мен фотосуреттері;

      4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын регламенттейтін нұсқаулықтардан, ережелерден, бұйрықтардан және басқа да актілерден үзінді көшірмелер, өндірістегі саламатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жауапты лауазымды адамдардың міндеттері мен жауаптылығы және басқалар;

      5) зардап шеккен адамның денсаулығына келтірілген зақымның сипаты мен ауырлығы (қайтыс болу себебі) туралы медициналық қорытынды;

      6) зертханалық және басқа зерттеулердің, эксперименттердің, сараптамалардың, талдаулардың нәтижелері және басқалар;

      7) мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысы (ол бар болған кезде);

      8) жұмыс берушіге келтірілген материалдық зиян туралы мәліметтер;

      9) жұмыс берушінің зардап шегушіге (оның отбасы мүшелеріне) денсаулығына келтірілген зиянды өтеу және жол берілген оқиғаға кінәлі лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту туралы бұйрығы;

      10) қоса берілетін құжаттардың тізбесі қамтылуға тиіс.

      Осы тармақта көрсетілген материалдар болмаған жағдайда, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісінде себептері көрсетіле отырып, тиісті ақпарат көрсетіледі.

      6. Жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты әрбір жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін, тергеп-тексеру материалдарына сәйкес үш жұмыс күнінен кешіктірмей жазатайым оқиға туралы актіні ресімдеуге міндетті.

      7. Белгіленген нысан бойынша кәсіптік ауру актісін сараптамалық кәсіптік-патологиялық комиссияның қорытындысы негізінде жұмыс беруші толтырады.

      8. Жазатайым оқиға туралы акт толтырылып, оған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің және ұйым бөлімшесінің басшылары, ұйым жұмыскерлерінің өкілі, улану жағдайларында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілі де қол қояды.

      Жазатайым оқиға туралы актіні жұмыс беруші бекітеді және ұйымның мөрімен (болған кезде) куәландырылады.

      Егер жұмыс беруші жеке тұлға болса, онда жазатайым оқиға туралы актіні жұмыс беруші толтырып, оған қол қояды және нотариат куәландырады.


      9. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жазатайым оқиға туралы актінің бір данасы зардап шеккен адамға немесе оның сенім білдірілген адамына беріледі, бұдан басқа мыналарға:

      1) жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымына;

      2) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға қағаз және электрондық жеткізгіштерде;

      3) улану жағдайында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға жіберіледі.

      10. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру материалдарының көшірмесін жұмыс беруші еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға береді. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін мемлекеттік еңбек инспекторы арнайы тергеп-тексеру материалдарының көшірмесін жеті жұмыс күні ішінде аумақтық полиция органына жібереді, ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шешім қабылдайды және қабылданған шешім туралы жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.

      11. Зардап шеккен адамның немесе жұмыскерлер өкілінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексерудің барлық материалдарымен танысуға және қажетті үзінді көшірмелер жасауды жүзеге асыруға құқығы бар.

      12. Жұмыс беруші актімен ресімделген әрбір жазатайым оқиғаны еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды және өндірістегі денсаулыққа келтірілген өзге де зақымдануларды тіркеу журналына енгізеді. Журнал еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша жүргізіледі. Еңбекке уақытша қабілетсіздік және өндірістік жарақаттану туралы алғашқы статистикалық деректер мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен статистикалық әдіснамаға сәйкес беріледі.

      13. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдары ұйымда (жұмыс берушіде) қырық бес жыл бойы сақталуға тиіс, ұйым таратылған жағдайда жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдары міндетті түрде сол ұйым жұмыс істеген жер бойынша мемлекеттік архивке тапсырылуға тиіс.

      14. Жұмыс беруші немесе оның өкілі уақыт өте келе ауыр немесе адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғалар санатына ауысқан еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар туралы – еңбек инспекциясы жөніндегі тиісті жергілікті органға, ал сақтандыру жағдайлары туралы сақтандыру ұйымына хабарлайды.