Файл: Маали Маатаевты ледер жинаы Апырмай, туан жерай.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 29.03.2024

Просмотров: 38

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы


  1. Апырмай, туған жер-ай

Апырмай,
Туған жер-ай!
Теңдесер кім,
Бұл жерге сен болмасан, келмес едім.
Кіндігімді байлаған қазығым-ай,
Сен болмасаң, бұл маңды көрмес едім.
Жат көзімен қарайды адамдарың,
Жақын тартар құрбы да таба алмадым.
Жас отаудың есігін ашып қалып,
Айлам құрып, қайыра жаба алмадым...
Кел демеді, немесе кет демеді,
Несін маған, білмеймін, өкпеледі?!
Сені сүйген жүректі, туған өлкем,
Сен өсірген біреулер жек көреді.
Туған елім,
Көрмесем сағынамын,
Кетсем ізім өзіңнен табылады.
Жасыра алмай, ініңнің отауынан,
Ыстық маған атаның шаңырағы.


  1. Елім барда

He сыйлайды, не береді келер күн?!
Не де болса, тірі тұрсам, көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің.

Не сыйласын, несін берсін ел маған?!
Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман.
Таулар — менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым — ұланғайыр кең далам.

Не істемекпін алтын, гауһар, жақұтты,
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты.
Мен бақытсыз бола қойман сірә да,
Туған елім болса екен бақытты!

Дәнеңе де сыйламасын келер күн,
Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін.
Туған елім тұғырында тұрса екен,
Әрі қарай... Әрі қарай көрермін...

  1. Ей, өмір

Дүниенің ағын да, қарасын да,
Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да.
Қарасымен шамаң жоқ таласуға,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Жер мен көктің желпініп арасында,
Желігесің, түсесің қара суға.
Құйын қуған қаңбақтай аласұра,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?

Мен отырмын теңіздің жағасында,
Бересім де жоқ оған, аласым да.
Мені тастап, толқындар, ағасың ба?
Толқынданып, өмірім, барасың ба?
Шаң шығарып ізінен құйындаған,
Барасың ба, өмірім, қиындаған?
Сыйын маған,
Ей, өмір, сыйын маған,
Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған

  1. Өкінбеймін

Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын,
Жыласам да жұбат деп сұрамаймын.
Қыранның құдіретін қимасаңдар,
Қайтейін, тағдырын бер құралайдың.
Тағдырын бер, тағдырын құралайдың,
Қашан атып алғанша құламаймын.
Сусындатып тұп-тұнық тау бұлағы,
Жанарымда жайнаған тұнады айдын.
Сайраңдаймын сайларда, қырды асамын,
Сыңсыған ну орманмен сырласамын.
Қарауылға ілексем, ілігейін,
Құзғынға ұқсап келмейді мың жасағым.
Өшем деп өкінбеймін, қайғырмаймын,
Өткен өшті.
Енді оған қайрылмаймын.
Қыран да, құралай да болмақ емен,
Атымнан адам қойған айрылмаймын.
...Арпалысып жүргенде өмірменен,
Қай-қайдаға әкетпес көңіл деген.
Өлсем өлем, өзімнің жерімде мен.
Қалсам қалам, өзімнің елімде мен!
Жыламаймын, сондықтан көңілденем.

  1. Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

6. Өлең деген тумайды жайшылықта


Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылыңта.
Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа.
Айшылық жол...
Шөлдейсің, зарығасың,
Армандайсың, аңсайсың, сағынасың.
Жол азабын көресің, көресің де
Ашынасың, біресе бағынасың.
Даламенен жүресің, тау асасың,
Сезесің биігін де аласасын.
Кенезең кепкенде бір, лай суға
Кез келген мақұлықпен таласасың.
Сапар ұзақ.
Тағы да аяңдайсың,
Алыпқашпаң басылып, баяулайсың.
Ел шетіне жетесің, жетесің де
Көргеніңнің бәрісін баяндайсың.
Міне, осылай өлеңнің кілті деген,
Құйттай жүйең қалмайды сілкімеген.
Аттанам деп алысқа, айдалада
Адаспайтын болғай-ды шіркін өлең.
  1. Дүркіреп тұрған көктемде


Дүркіреп тұрған көктемде ,
Сіркіреп нөсер төккенде
Күркіреп жатқан бұлтты ,
Найзағай шаншып өткенде ,
Есіңемені алғайсың .
Қазбауыр бұлттар мұңғанда ,
Орманға жазда барғанда ,
Арманда мені , арманда!
Оңаша,жазғыз қалғанда ,
Есіңе мені алғайсың .
Қараша келген шақтарда ,
Құлазып тұрған бақтарда
Қурайлар сыңсып жатқанда ,
Жапырақ жайрап жапқанда ,
Есіңе мені алғайсың.
Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мені алғайсың!
Есіңе мені алғайсың!


8. ЖЫЛ ӨТТІ

Білмеймін, күн өтті ме, жыл өтті ме? 
Баяғы байыз таппас жүрек, міне, 
Күн, айлар, жылдар өтті дүр етті де, 
Бір тамыры болымсыз дір етті де, 
Баяғы жүрек қалды.
Жүрек, міне.

Байғұсым ұзатып сап барлығын да 
Өзі қалды өзінің хандығында.
Кеуде деген керемет сарайының, 
Жаңа жылдық алауын жандыруда. 
Жайлап қана ұзатып барлығын да.

9. СЕН СҰРАМА

Мен айтпаймын,
Сен сұрама,
Сұрама сен мен кіммін! 
Жеңетіннен жеңілдім де, 

Жеңбейтінге жеңдірдім. 

Көңіл деген құйты құсты 
Көнбейтінге көндірдім. 
Сенетінге иландырмай, 
Сенбейтінге сендірдім.

10. АРМЫСЫНДАР, АППАҒЫМ

 Таныс өлке, таныс маң, 
Тайға мініп жарысқан,
Қара жолдың шаңы ұшқан. 
Біреулермен алысқан, 
Біреулермен табысқан. 
Сырнай тартқан қамыстан, 
Таныс өлке, таныс м.аң.

Таныс толқын аунатқан, 
Таныс сағым тау жақтан 
Барады ағып аулаққа. 
Жамыраған жас төлдің, 
Үні естілген жан-жақтан.

11. Фаризаға

Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?…
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
…Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады тілегім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мынды-мыңға…
Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ),
He туралы жырласақ, Фариза-қыз,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап.
Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз…

 

12. ОТАН ТУРАЛЫ
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жөндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: “Отан!” - деп сыбырлаған

Жаным менің, Кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол оның шырылдаған!

Отан!