Файл: Эссе Мен бастауыш сынып малімімін.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 18.10.2024

Просмотров: 4

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Эссе «Мен – бастауыш сынып мұғалімімін»
Өмірде не көп...? Мамандықтың түрі көп. Ал сол мамандықтардың ішінде адам өміріне жауапты мамандық дәрігер мамандығы болса, адамзат болашағына жауапты мамандық – мұғалім мамандығы. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы.

Ұстаз болу - бұл сөз мен үшін қадірлі, мен үшін құдыретті сөз. Өйткені, мен - бастауыш сынып мұғалімімін. Күнде ертеңгісін жұмысқа келгенде, балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де, әдемі, байсалды да, ақылды жүздерін көрсем, әрбір үйдің ерке баласының жүздерінен не нәрсені де білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп... 

«Сонда мен осы шәкірттерімнің маған деген риясыз сенімдерін қаншалықты ақтап жүрмін?» - деген сұрақ мені жиі мазалайды. Кейде осы сұрағыма өзім былай деп жауап беремін.

Оқушы тұлғасының қалыптасуы мен дамуы қарқынды жүретін маңызды буын - бастауыш саты. Кейбірі дайындық сатысынан, ал кейбірі әже мен атаның құшағынан, кейбірі ата - анасының жалғыз еркесі болып мектептің бастауыш сатысының алғашқы баспалдағы бірінші сыныпқа келеді. Алғашқы рет қолына әліппе кітабын ұстап, қызығу мен таңдану аралас сәби саусақтарымен парақтап ашады, қолына қаламын алып ақ қағаздың бетіне әріп жазады. Мұғалім не дер екен, бізге не айтар екен деген сұрақты әр баланың жүзінен оқуға болады. Дәл осы кезең - бастауыш сынып мұғалімінің үлкен сыннан өту кезеңі. Себебі, осы кезде «еккен тұқымыңды қалай күтсең, сондай жеміс аласың»... Оларға үйрете жүріп өзің де үйренесің, себебі әр баланы таныған сайын, оның жан әлеміне жақындаған сайын бір жаңалық ашқандай боласың. Бізде кейбіреулер бала деген осы ғой, олардың бәрі бірдей деп жатады. Дұрыс, бала ойынға, айналасындағы нәрсенің не екендігін білуге ынтық болуымен ұқсайды, бірақ, қабылдау мен жан дүниесі ешқашан бірін - бірі қайталамайды, ұқсамайды. Еңбек етіп келе жатқан осы жылдар ішінде оқытып тәрбиелеген оқушыларымның ішінде ұқсастық немесе қайталау көрген емеспін. Сыныпта 8 оқушы болса, осылардың ішінен біреуі тез қабылдайды, біреуі өте жай қабылдайды, біреулерінің отбасында ата – аналары баласының біліміне қарауға шамасы жоқтары да кездесті. Сол баланың ата - анасымен жиі қарым - қатынас жасау, бағыт - бағдар берумен оқушыны дұрыс білім алуға бағыттайсың. Балалардың дарындылығын, неге икемділігін немесе не нәрсеге қабілетті екендігін анықтауда зор белсенділік танытуың керек. Егер мұғалім осынау қызығынан қиындығы асып түсетін жұмысын шын жүректен атқара алмаса жанар шоқты жанбай жатып сөндіріп алуы, өсетін жұлдызды өшіруі әбден мүмкін ғой.


Сыныбымда үлгерімі төмен (дамуында тежеліс бар)1 оқушым болды. Осы оқушыма әріп танытып, дамытуда қандай әдісті таңдауға, қайтсем жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады деген ойлар тіпті де маза бермейтін. Таңдаған әдісім нәтиже бермеген кездерде іштей өзімді кінәлап, қынжылатынмын. Қолданып жүрген әдістерімді түбегейлі өзгертуге бел будым да жаңа әдіс - тәсілдермен жұмыс жасай бастадым. Жұмысым нәтижесіз болған жоқ. Үлгерімі нашар, мүлдем сөйлемейтін оқушым таза, қатесіз жазуға, буындап оқуға үйренді. Бір буынды, екі буынды сөздерді , қазір тіпті мәтінді толық оқуға,қатесіз жазуға үйрете алғаныма қуандым. Осы кезде «еңбегіңнің жемісін көру – жанды жайландырар рахат» екеніне көзім жетті.

Ал, оқушыларыңды түрлі сындарға қатыстырып, нәтижесін шыдамсыздана күту, жүлделі орын алатынына іштей сену, күткен нәтижені алу, өзіңнің де түрлі сындарға қатысып, нәтижесін шыдамсыздана күту, нәтижені алу – үлкен бақыт.

Сонымен қатар мерекелік ертеңгіліктерге, ұлттық мерекелерге, қойылымдарға, мектепішілік сайыстарға оқушыларыммен бірге қатысу - мен үшін үлкен қуаныш.

Ендеше, мен ұстаз деген атты босқа алып жүрген жоқ екенмін, оқушыларыма үміт отын, сенімділік дәнін сеуіп жүр екенмін.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:

Жай мұғалім хабарлайды,

Жақсы мұғалім түсіндіреді,

Керемет мұғалім көрсетеді,

Ұлы мұғалім шабыттандырады,- дейді.

Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, мұғалім мамандығындағы менің парызым - алдыма білім алуға келген әр баланың қолынан жетектеп өмір жолының дұрыс бағытына салу, елімізді әлемге танытатын, ата дәстүрді құрметтеген, ең бастысы Отанын сүйетін, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» деген сөздеріне орай бәсекеге қабілетті, функционалдық сауаттылығы дамыған азаматты тәрбиелеу, осы жолда еңбектену, іздену, мақсатқа жету...
Ал, көздеген мақсатқа жету менің қолымнан келеріне сенемін.
Бастауыш сынып мұғалімі

Бексары Маржан