Файл: 2. Блшы ет ызметіне бейімделу.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 08.02.2024

Просмотров: 7

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

2. Бұлшық ет қызметіне бейімделу

Бұлшық еттер қимыл қызметтерін атқаратын аппарат болып саналады. Дененің сыртқы орталықта қимылдауы, оған бейімделуі, бір-бірімен қарым-қатынас жасауы да осы бұлшық еттердің жұмысының нәтижесінде жүріп отырады.

Бұлшық еттің жұмысы оның жиырылғыштық қасиеттеріне байланысты. жиырылу нәтижесінде организмде бірнеше күрделі өзгерістер (жылу бөлінуі, қан құрамының өзгеруі т.б.) пайда болады. Бұлшық ет жұмысы (жиырылуы, босаңсуы, қатаюы) нерв жүйесімен реттеліп отырады. Егер бұлшық еттер жиырылған кезде дене, не оның бір мүшесі бір орыннан екінші орынға қозғалса, оны динамикалық, ал егер қозғалмаса (қатайып қалса) оны статикалық жұмыс деп атайды. Дененің бұлшық еттері өзінің пішініне қарай әр түрлі қызмет атқарады. Олардың күші көлденең қимасына яғни ет талшықтарының санына, олардың қалыңдығына байланысты өтеді. Адамның еттері біріңғай салалы және көлденең жолақты ет ткандерінен түзілген. Бірыңғай салалы ет ткані эволюциялық шығу тарихына қарағанда өте ерте пайда болған. Себебі ол төменгі сатыдағы жануарларда да көптеп кездеседі. Жануарлардың ортаға бейімделу процесіне, қимыл әрекеттеріне байланысты бірыңғай салалы ет ткані біртіндеп көлденең жолақты ет тканіне ауысады да, көлденең жолақты ет ткані дами бастайды. Бірыңғай салалы ет ткандері адамның ішкі органдарында тамырларының және терінің құрамында ғана кездеседі. Бұл ткань жалпы еріксіз жиырылып, ішкі органдардың толқынды қимылын, қан тамырларының кеңейіп, тарылуын қамтамасыз етеді. Бүкіл дене бұлшық еттері көлденең жолақты ет ткандерінен түзілген. Бұлардың бірыңғай салалы ет тканінен айрмашылығы олар ерікті жиырыла алады. мүшенің орталықтағы қимылы, дененің теңдік сақтап тік жүруі, жүгіруі, т.б. қимыл-қозғалыстары осы ерікті жиырылатын көлденең жолақты ет тканінің қызметіне байланысты. Осымен қатар тыныс алу, сөйлеу, құрсақ еттерін қатайтып, тік ішек пен қуықты босату, босану, жөтелу т.б. физиологиялық процестер де осы ет тканінің жиырылуы мен қатаюы нәтижесінде жүріп жатады.

Бұлшық еттердің құрылысы. Жалпы адам денесінде 600-ден астам бұлшық ет болады. Олардың көбі жұп болып келеді. Бұлшық ет майда фибрилдерден (ет талшықтары) түзілген. Олардың әрқайсысының шеттерінде шашыранды ядросы мен сыртын қаптап жатқан сарколемма деген қабықшасы болады. Миофибрилдер бір-бірімен бірігіп, дәнекер тканмен қапталған ет будаларын түзеді. Бұл будалар өзара бірігіп, жеке жиырыла алатын бұлшық ет бөліктерін құрайды. Олардың әрқайсысы дәнекер тканнен тұратын кілегей қабықшамен қапталып жатады.


Бұлшық еттердің түсі атқаратын қызметіне қарай күрең қызғылт, ашық қызғылт болады. Егер ет көп жұмыс істейтін болса, қанның көп келуі нәтижесінде күрең қызыл, ал аз жұмыс істесе ашықтау келеді. Адамның жасы өскен сайын бұлшық еттері де, түсі де өзгере бастайды. Осыған байланысты жаңа туған нәрестеде ашық қызыл, ал жасы өскен сайын күрең-қызыл болады.
Бұлшық еттердің толық келген жерін денесі десе, ал екі шетін ет сіңірі деп атайды. Ет сіңірлері арқылы бұлшық еттер бір сүйектен басталып екінші сүйекке тіркеледі. Сол себептен оның бір сіңірлі басын басталар жері десе, екінші сіңір бөлігін аяқталар жері дейді. Осы басталар жерінен аяқталар жеріне жеткенше бұлшық еттер міндетті түрде бір немесе бірнеше буындардан аттайды. Ет жиырылған кезде сол буынды не бүгіп, не жазып мүшені қимылға келтіреді.

Бұлшық еттердің пішіні әр түрлі, өйткені олардың ет талшықтарының бағыты атқаратын қызметтеріне байланысты. Бұлшық еттерді жалпы ұзын, қысқа, жалпақ етттер деп үш түрге бөледі.

Дене еттері қол-аяқ еттеріне қарағанда жалпақ, жұқа болып келеді де, дененің бірталай жерін жауып жатады. Ал қол-аяқ еттерінің пішіні керісінше ұзынша келеді. Олар бірнеше буындардан аттап өтеді. Ұзын еттердің жоғарғы сіңірін басталар жері десе, төменгі сіңірін тіркелер бөлігі деп атайды. Қысқа салалы еттер омыртқа жотасының бойында, қол-аяқ басында терең орналасқан. Ал жалпақ еттерді көбінесе дененің арқа, құрсақ, көкірек бөліктерінде кездестіреміз. Мысалы, арқаның жалпақ еті, кеуденің үлкен еті, құрсақтың қиғаш еттері. Жалпақ еттердің ет сіңірлері өздеріне тән жалпақ, жұқа келеді. Сол себептен оларды ет шандырлары деп атайды. Сақиналы еттер дененің табиғи тесіктерінен айнала орналасқан. Мысалы, көз, ауыз, қуық, тік ішек тесіктерін жиектеп, қоршап жатады. Осы сақиналы еттердің ет талшықтарының жиырылуы нәтижесінде сол тесіктер тарылып тұрады. Кейде бұлшық еттер сіңірлері бірнеше бөліктен түзілуі мүмкін. Ондай жағдайда оларды қосбасты, үшбасты, төртбасты еттер деп атайды

Бұлшық еттердің жоғарыда айтылған негізгі құрылысынан басқа қосымша құрылыстары да болады. Бұған кілегейлі қалталар, кілегейлі қынаптар, қатпарлар, сесам сүйектері, ет шандырлары жатады. Бұлар бұлшық еттердің қалыпты жұмыс істеуіне көмектесіп отырады. Еттердің шандырлы жапқыштары (фасциялары) жалпы және меншікті болып екіге бөлінеді. Олар тығыз талшықты дәнекер тканнен түзілген. Шандыр жапқыштар жеке ет немесе еттер тобын (бүегтін, жазатын) және дененің ет бөліктерін (иық, сан, балтыр, білек еттерін) қаптап қоршап жатады. Егер шандырлы жапқыш жеке еттің өзін қоршап жатса, оны меншікті шандырлы жапқыш дейді. Ал еттерді тобымен қаптаса жалпы жапқыш деп атайды. Олар бұлшық ет аралығымен сүйек қабығына дейін барып перделер түзіп, еттердің әрбір тобын бір-бірінен ажыратып тұрады. Осының нәтижесінде бұлшық еттер жұмыс істегенде орын ауыстырмай бір жағдайда бекемделіп, қалыптасып жатуына себеп болады. Бұл перделерге кейде ет сіңірлері де тіркелуі мүмкін. Қорыта айтқанда шандырлы ет жапқыштары қорғаныштық қасиетімен бірге тіректі те қызмет атқарады.


Ет сіңірлерінің сүйектен басталар жерінде ылғалды келген кілегей қалталар орналасады. Осы кілегейлі қалталар ішіндегі кілегейлі ылғал ет пен сүйектің бір-бірімен үйкеліспеуіне себеп болады. Бұл қалталар жас нәрестеде туғаннан кейін пайда болып, есейген сайын ұлғайып, қуысы кеңейіп кілегейлі қынаптарға айналады. Оларға ет сіңірлерін біріктіріп, сыртынан қаптап жатқан қапшықтар да жатады. Бұлардың ішінде де қалталар ішіндегі кілегейлі (синовия) ылғал болады. Ол ет сіңірлерінің сыртын ылғалдап, үйкелісін азайтады. Бұлар әсіресе, қол-аяқ еттерінің басталар жерінде көбірек кездеседі.

Сесам сүйектері көбінесе ет пен буын сіңірлерінің арасында кездеседі. Олар жалпы тіректік маңызымен қатар бекемдік те береді.

Шығыршық деп шеміршекпен қапталған ойық келген сүйек бетін айтады. Ол көбінесе сіңір өтетін сүйек басына жақын орналасады.

Бұлшық еттердің жұмысы. Бұлшық еттердің жұмысы жиырылу қасиетіне байланысты болып келеді. Олар жиырылған кезде ет талшықтары қысқарумен қатар жуандайды. Жалпы дене белгілі бір қимыл жасаған кезде оған бірнеше бұлшық еттер қатысады. Олардың жұмыс әрекеттері әртүрлі келеді. Егер атқаратын қызметіне қарай (бір уақытта бірыңғай жұмыс атқаратын еттер) синергистер, (бір-біріне қарама қарсы жұмыс атқаратын еттер) антогонистер, (бір қалыпта қимылсыз қатайтып ұстайтын еттер) фиксаторлар деп үш топқа бөлінеді. Мысалы, синергистер тобына білектің алдыңғы бетіндегі қол басы мен саусақтарды жазатын еттер жатады. Егер синергистер мен антогонистер бір уақытта жиырылып жұмыс істесе, дененің сол бөлігін бір күйде қимылсыз қатайтып тұрады. Бұл жағдайда ол еттер қатайтушы фиксатор тобы болып саналады.

Әрбір бұлшық ет буын арқылы белгілі бір қимыл атқарады. Қимылдың түрі еттің буыннан қалай өтуіне байланысты болып келеді. Егер ет буынның көлденең білігінің алдыңғы не артқы жағынан өтсе, онда бүгу не жазу қимылдары жүреді. Ал егер ет сагитальды біліктің сырт жағынан өтсе, сыртқа тарту, ал іш жағынан өтсе ішке тарту қимылдарын қамтамасыз етеді. Бұлшық ет тік біліктің алдыңғы жағынан қиғаш өтсе ішке айналдыру, ал сырт жағынан қиғаш өтсе сыртқа айналдыру қимылдары орындалады.

Бұлшық еттерді бір буынды не көп буынды еттер деп бөледі. Егер ет бір буыннан аттаса бір буынды, ал екі не одан да көп буындардан аттаса екі буынды не көп буынды деп атайды. Мұндай бұлшық еттер мүшенің көрші бөлігін ғана емес, оған жалғаса жатқан буынды бөліктерін де қабат қимылдарға келтіреді. Бұлшық еттердің жұмысына әр түрлі жағдайлар әсер етеді. Әсіресе оның жиырылу күші қозу дәрежесіне тікелей қатысты, тәуелді болады.


Орыстың атақты анатомы П.Ф.Лесгафт (1880) көлденең жолақты бұлшық еттердің қызметін зерттеп, олардың статикалық (тік ұстау) және динамикалық (қимылдау) жұмыстарына бөлінетінін анықтаған.

Статикалық бұлшық еттер өте күшті болғандықтан талшықтары ірілеу, өздері қысқа, қиғаш орналасқан, қан тамырларына бай, түсі күрең-қызыл болып келеді және жиырылу жылдамдығы баяу, тез шаршамайды. Бұл еттер дененің алға тарту салмақ күшіне кері әсер етуінің нәтижесінде дененің тік тұруына әсер етеді.

Динамикалық бұлшық еттер ұзын талшықты, беку беттері кең емес, қан тамырлары аз болады. Сондықтан түстері ашық-қызыл. Бұл еттер статикалық еттерге қарағанда тез жиырылып, тез шаршайды. Бірақ кем болғанымен алуан түрлі күрделі қимылдар жасайды.

Адам денесіндегі бұлшық еттерді орналасу жағдайына қарай тұлға, мойын, қол, аяқ еттері деп жіктейді. Тұлға еттерін терең және беткей еттер деп екі топқа бөледі. Тұлғаның терең меншікті еттері дене сүйектеріне жапсарлана жатып, қозғалысқа келтіреді. Беткей еттері тері астында орналасып, дененің арқа және көкірек бөліктерін ала жатады. Олардың көбі тоқпан жілікке тіркесіп, жалпы қолды қимылға келтіріп отырады.

Бастың еттерін шайнау және ымдау еттері деп екіге бөліп қарастырады.

Қол-аяқ еттерін де жатқан жағдайларына қарай иық, жамбас және еркін қимылды қол-аяқ еттері деп бөледі.