Файл: жымды процестерді жне оыту тсілдерін дамыту.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 16.03.2024

Просмотров: 19

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


ҰЖЫМДЫҚ ПРОЦЕСТЕРДІ ЖӘНЕ ОҚЫТУ ТӘСІЛДЕРІН ДАМЫТУ
Қазіргі заманда басқалармен ынтымақтасып, өзара іс-қимыл жасай білудің маңызы зор. Ынтымақтастыққа баса назар аудару – білім беру саласындағы өзекті үрдіс қана емес, сонымен қатар кез келген заманауи қызметкердің немесе ұйымның маңызды ерекшелігі болып табылады.

Командалық жұмыс кез келген мәселені тиімдірек шешуге, сондай-ақ жобаларды тезірек және нәтижелі іске асыруға және алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бірлескен жұмыс оқу процесінің барынша нәтижелі болуына мүмкіндік береді: команда мүшелері бір-бірінен үйренеді, тапсырманы орындаудың жаңа жолдарын қолданады. Командалық жұмыс процесінде өзара сыйластық, өзара қолдау, өзара түсіністік сияқты коммуникативтік дағдылар дамиды, жанжалды жағдайларды шешу, жұмыстың түрлі стильдеріне бейімделу қабілеті жетілдіріледі, ойлау мен мінез-құлық дамиды.

Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық стратегиясын iске асырудың түрлi жолдары бар, атап айтатын болсақ: әлеуметтiк желiлердi пайдалану, аралас оқыту технологиялары, «төңкерілген сынып» әдiсі, оқушылар арасында тәжiрибе алмасуға негiзделген сабақтар, жобаға негізделген оқыту, ашық ақпарат көздерiн пайдалана отырып оқу, пәнаралық оқу және т.б.

Іске асыру механизмдері:

  • Бірін -бірі оқыту (Peer Learning).

  • Әлеуметтік медиа арқылы оқыту.

  • Проблемаға негізделген оқыту.

  • Жобаға негізделген оқыту.

  • Мұғалім фасилитатор ретінде (Edutainer).

  • Төңкерілген сынып.

  • Пәнаралық оқу.


Бірін -бірі оқыту (Peer Learning)

Бірін -бірі оқыту (тәжірибе алмасу) - оқушылар арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған оқыту әдісі. Бұл жерде оқу процесіне қатысушылар қатаң түрде «үйрететіндерге» және «үйренетіндерге» бөлінбейді. Мұндай оқытудың негізгі шарты – процеске қатысушылардың барлығының тең мәртебесі болуы.

Тақырып бойынша ақпарат алмасу мүмкіндігі әр қатысушыға бірдей беріледі. Олардың әрқайсысы өзін толғандырған кез келген сұрақтарын қойып, өз көзқарасын түсіндіріп, қиындықтарды талқылай алады.

Тәжiрибе алмасудың негiзгi принципi - өз тәжiрибесiнен алынған бiлiммен бөлісу болып табылады және бұл жерде теориялық негiздеме беру
талап етілмейді. Оқу процесінің барлық қатысушылары берілген тақырыпқа қатысты тәжірибелерімен бөліседі, проблемаларды және оларды шешу жолдарын талқылайды, сол арқылы өз білімдерін толықтырып, тәжірибе жинақтайды.

Осы әдісті қолдану барысында «дәрісті» тоқтатып, берілген тақырып бойынша сұрақтар қоюға болады. Бұл оқушыларға материалды қаншалықты дұрыс түсінгенін тексеруге көмектеседі. Сондай-ақ оқушыларды 2-3 адамнан тұратын топтарға бөліп, оларға алынған ақпарат туралы ойланып, талқылап, қойылған сұрақтарға жауап іздеуіне мүмкіндік беруге болады.

Артықшылығы

      • Бірін-бірі оқыту оқушыға белгілі бір ұғымдарды өз бетінше жақсы түсінуге мүмкіндік береді.

      • Бірін-бірі оқыту барысында «оқытушы» пәнді жан-жақты түсінуге мүмкіндік алады және материалды жақсырақ есте сақтайды. Бұл білімді меңгерудің ең ұтымды жолдарының бірі.

      • Оқушылардың қызығушылығын және өзін-өзі бағалауын арттыру.

      • Түсіндірудің тиімділігін тексеру үшін уақытылы кері байланыс беру.

Қиындығы

      • Мұғалімге сабақты бақылау қиынға соғады. Басқару құралдарының жеткіліксіздігі.

      • Талқыланып жатқан тақырыптың өзектілігіне деген нақты сенімнің болмауы.


Әлеуметтік медиа арқылы оқыту

Әлеуметтік желілер арқылы оқыту және онлайн ынтымақтастық құралдарын пайдалану – қазіргі заманғы білім беру үрдістерінің бірі болып табылады. Оның негізгі міндеті –ақпарат және білім алмасу үшін, сондай-ақ ынтымақтастық пен өзара көмекті ұйымдастыру үшін интернетті пайдалану.

Әлеуметтік желілер мен ондағы қосымшалар пікір алысуды қолдауға, ақпаратты талқылауға, сондай-ақ өзара оқытуға көмектеседі.

«Әлеуметтік» технологиялар туралы сөз қозғалатын болса, оған ұсынылған критерийлердің кемінде біреуі сәйкес келеді: ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, өзара іс-әрекетке итермелейді және ресми немесе бейресми оқыту процесін жеңілдетеді.

Интернет технологиялары - блогтар, әлеуметтік желі сайттары (Facebook, Twitter, Pinterest, LinkedIn және

т.б.), файлдармен алмасу сайттары, соның ішінде презентациялар(мысалы, SlideShare) және бейнематериалдар (YouTube, Vimeo, Vine), сондай-ақ барлық Google ашық қосымшалары және т.б. Олар блог және микроблог жүргізу, ортақ пайдалануға арналған файлдарды жариялау, көптеген қосымша опциялары бар форумдар мен жұмыс топтарын ұйымдастыру мүмкіндігі.
Артықшылығы

  • Блог дәстүрлі мектеп хабарландыруларын алмастыра алады, өйткені ол саясатқа, музыкаға, математикаға немесе спортқа қызығушылық танытқан оқушылардың талқылауларға қосылуына мүмкіндік береді, сондай-ақ оларды өздері айналысатын сүйікті істері туралы блог ашуға ынталандырады.

  • Білім берудің негізгі мақсаты – білім және тәжірибе алмасу болғандықтан, әлеуметтік желілер, кез келген басқа қарым-қатынас құралы сияқты, оқытудың тиімділігін және білімді меңгеру деңгейін арттыра алады. Бұл оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін әлеуметтік платформаларды пайдалануда шығармашылық таныту қажет дегенді білдіреді.

  • Әлеуметтік желілер кез келген уақытта, кез келген жерде қолжетімді қарым-қатынас жасаудың қарапайым құралы болып табылады.

  • Оқытуда әлеуметтік желілерді пайдалану оқушылардың оқуға деген ынтасын, қызығушылығы мен креативтілігін арттырады.

  • Сонымен қатар, әлеуметтік желілер оқушы мен оқытушы арасында жағымды және сенімді қарым-қатынас жасауға көмектеседі.

  • Онлайн құралдар бірнеше оқушыға бір тапсырманы бір мезгілде орындауға мүмкіндік береді: олар бір-бірінің толықтыруларын, өзгерістерін, ескертпелерін, сондай-ақ пікірлерін көре алады және жобаның іске асырылу барысын бақылай алады.


Қиындығы

  • Тақырыпқа қатысы жоқ веб-сайттарды қарауға немесе чаттарда отыруға шамадан тыс көп уақыттың жұмсалуы.

  • Мектепте әлеуметтік желілерді пайдалану мұғалімдерге байланысты бола бермейтін әкімшілік мәселе болып табылады.


Проблемаға негізделген оқыту

«Проблемаға негізделген оқыту» дегеніміз - оқушылардың мұғалім тарапынан қойылатын нақты міндеттерді шешу үшін топта немесе жеке жұмыс жасауы. Проблемаға негізделген оқытудың басты артықшылығы – ақпаратты өз бетінше іздеу және жаңа дағдыларды қалыптастыру қажеттілігі және проблемаларды шешуде қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие негізгі әдістерді меңгеру табылады. Осының негізінде меңгерілген дағдылар оқушыларға қоғамда өз орнын табуға көмектеседі. Проблемаға негізделген оқыту жүргізілетін топтар жоғарғы нәтиже көрсете алады, өйткені командада жұмыс жасау ең күрделі проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.


Бiлiм алушылар проблемаларды дербес және өз бетінше шешеді. Мұғалім оқушыларға жеке көзқарасын ұсынбайды. Оның міндеті – проблеманы шешу барысында алынған білімнің оқушылардың іс жүзіндегі тәжірибесіне сәйкестігіне көз жеткізу. Осылайша, проблемаға негізделген стратегия оқушыларға алған білімін есте сақтауға және жүйелеуге мүмкіндік береді.


  • Артықшылығы

  • Оқытудың барлық мақсаттарын біріктіретін оқу процесіне жүйелі көзқарас.

  • Оқу материалын түсінудің маңыздылығына баса назар аударылады, себебі осы әдіс шеңберіндегі жұмыс әрбір проблемаға терең талдау жасауды талап етеді.

  • Қиындық деңгейін таңдау мүмкіндігінің болуы, бұл оқушыларға білім беру процесі аясында қарапайым тапсырмалардан күрделірек тапсырмаларға көшуге мүмкіндік береді.

  • Оқушылардың жұмысының логикалығы мен жүйелігін қамтамасыз етеді, білімді үнемі жүйелеуді және синтездеуді талап етеді.

  • Білім алушыларға жаңа жағдайларда алған білімдері мен дағдыларын пайдалануға мүмкіндік беру арқылы оқудың табысты өтуіне ықпал етеді.




  • Қиындығы

  • Проблемаға негізделген оқыту әдiсi едәуiр уақыт шығынын талап етеді: бiлiм алу процесi дәстүрлi оқытуға қарағанда ұзақ уақытты алады.

  • Проблемаға негізделген оқыту мұғалімнің түбегейлі дайындығын талап етеді: проблемаларды анықтау және сабақ жоспарын әзірлеу айтарлықтай күш-жігерді қажет етеді.

  • Оқушылардың орындалған жұмысын бағалау бойынша критерийлер таңдауда қиындықтар туындауы мүмкін – бұл әдіс мектептердегі қазіргі заманғы бағалау жүйелерімен сәйкес келе бермейді.

  • Оқушыларды оқытудың жаңа түрімен таныстыру үшін уақыт қажет болады: алғашқы кезде оқушыларда біршама қиындықтар туындайды, оларға аз құрылымдалған тапсырмаларды орындау қиынға түседі.


Жобаға негізделген оқыту

Жобаға негізделген оқыту процесінде оқушылар белгілі бір фактілерді жинап, талдап, проблеманы шешуі немесе белгіленген мақсатқа жетуі тиіс. Жобаны тиімді аяқтау үшін оқушылар қолда бар ақпаратты, өздерінің дағдылары мен тәжірибесін пайдалануы, сондай-ақ жаңа ақпаратты игеруі тиіс. Оқушылар жоба жұмысын жасай отырып, жаңа білімді меңгереді. Әрбір қатысушы тек өз жұмысы үшін ғана емес, командалық жұмыстың жалпы нәтижесі үшін де жауап береді.


Жобаға негізделген оқыту ынтымақтастық арқылы оқу теориясын басшылыққа алады.

Артықшылығы

  • Проблема жасанды түрде әр түрлі аспектілерге (математикалық, химиялық, тарихи, т.б.) бөлінбеген жағдайда, оны көру және түсіну оңай.

  • Өзекті дағдыларды,оның ішінде сыни ойлауды дамыту, командада жұмыс істей білу, қарым-қатынас жасау, ақпаратты талдау және жүйелеу, өз идеяларын талқылау және ұсыну, кері байланысты қамтамасыз ету және қабылдау, өз көзқарасын қорғау және т.б.

  • Әр оқушы міндеттерді шешу процесіне шын мәнінде қатысады. Оқу процесі анағұрлым тиімді бола түседі: жаңа тақырып оңай есте сақталады және игеріледі.

Қиындығы

  • Жобаға негізделген оқытуды бағалау қиын.

  • Оқу нәтижелері мен жобаның нәтижелері арасында тепе-теңдікті табу қиынға соғуы мүмкін.


Мұғалім фасилитатор ретінде (Edutainer)

Қазіргі кезде мұғалім негізгі ақпарат көзі болып саналмайды: оқушылар кез-келген уақытта, кез-келген жерден өз бетінше шексіз көлемде деректерге қол жеткізе алады. Демек, мұғалімнің сыныптағы рөлі де өзгеруде. Қазір ол әдеттегі дәріс беруші оқытушыдан гөрі тәлімгер және кеңесші рөлін атқаруда.

Бұл оқу процесіне деген жалпы көзқарастың да өзгергендігін білдіреді. Оқушыларға эксперимент жасауға мүмкіндік беру қажет және оларды тек бақылау жұмыстарының нәтижелері негізінде ғана бағалауды тоқтату керек.

Оқу процесі оқушыларға бағдарланған кездегі мұғалімнің міндеті – әрбір оқушыға және барлық сыныпқа дербес және негізделген шешімдер қабылдауға, нені және қалай үйрену керектігін таңдауға, сондай-ақ білімді игерудің және тәжірибе жинақтаудың өзіндік жолын табуға көмектесетін дағдыларды дамытуға мүмкіндік беру болып табылады.

Артықшылығы

  • Оқушылар қарым-қатынас және ынтымақтастық дағдыларын дамытады.

  • Оқушылар оқу процесін өз бетінше басқаруды, сұрақтар қоюды және ересектердің көмегінсіз тапсырмаларды орындауды үйренеді.

  • Оқушылар сабаққа қызығушылықпен, белсенді қатысады.