Файл: Дріс атауы жне тезистері Саат клемі.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 17.03.2024

Просмотров: 15

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Aпта №

Дәріс атауы және тезистері

Сағат көлемі

1


Оқушылардың физиологиялық дамуы.

Кіріспе. Онтогенез заңдылықтары.

Оқушылардың физиологиялық дамуы – жас ұрпақтарды тәрбиелеудің, оларға жасына лайық білім берудің, ақыл-ойын дамытудың, дені сау, сымбатты, сұлу етіп өсірудің негізі.

Оқушылардың физиологиялық дамуының басқа ғылымдармен байланысы.

Оқушылардың физиологиялық дамуы пәні анатомия және физиология, биохимия, биофизика, психология, педагогика, гистология, цитология, генетика және т.б. биологиялық және табиғат тану ғылымдарында жинақталған мәліметтерге сүйенеді.

Оқушылардың физиологиялық дамуының даму тарихы.

Жасқа байланысты анатомия мен физиология жалпы алғанда медициналық қажеттіліктерге байланысты дамыды. Бұл тұрғыдан алғанда Н.Ф.Филатов, П.Ф.Лесгафт, К.Д.Ушинский, И.П.Павлов, В.М.Бехтерев, И.А.Аршавский, А.Г.Хрипкова, т.б. секілді ғалым дәрігерлердің еңбектері аса маңызды орын алады.

Оқушылардың физиологиялық дамуы пәнінің дамуына Қазақстан ғалымдары да зор еңбек сіңірді. Физиология саласында академиктер А.П.Полосухин, Н.О.Базанова, профессорлар Қ.Д.Дюсембин, А.М.Бекетаев, І.А,Бірімжанова, Х.Қ.Сәтбаева жемісті еңбек етті.

Оқушылардың физиологиялық дамуының зерттеу әдістері

Басқа ғылымдар іспетті оқушылардың даму физиологиясы бірнеше ғылыми зерттеу әдістерін пайдаланады: бақылау, табиғи тәжірбие, лабораториялық тәжірбие (эксперимент), функциялық жүктеме, антропометрия, телеметрия және т.б.

Балалардың өсуі мен дамуының негізгі заңдылықтары, олардың өсуі мен дамуының негізгі көрсеткіштері.

Балалар мен жасөспірімдердің организмі үнемі өсіп дамуда болады. Организмдегі клеткалардың саны мен салмағының ұлғаюына байланысты дене көрсеткіштерінің артуын өсу деп атайды. Организмнің негізгі үш дене көрсеткіші бар: бойы (адамның денесінің ұзындығы), салмағы және кеуде шеңбері.

Балалар мен жасөспірімдердің өсуі мен дамуының бірнеше заңдылықтары бар:

  1. өсу мен даму гетерохронды болады, яғни үнемі біркелкі бомайды;

  2. мүшелер мен мүшелер жүйелерінің өсу мен даму қарқыны әртүрлі;

  3. өсу мен даму баланың жасына байланысты;

  4. функциялық мүшелер жүйелері мен мүшелердің қызметтерінің биологиялық беріктігі немесе мықты болуы;

  5. өсу мен дамудың тұқым қуалау қасиеттері мен сыртқы ортаның жағдайларына тәуелділігі;

  6. өсу мен дамудың акселерациясы.

2. Адамның жасының кезеңдері

Жас кезеңдері деп өсу мен дамуы ұқсас, физиологиялық ерекшеліктері бірдей уақыт мөлшерінің шегін айтады. Белгілі бір жас кезеңінде организмнің даму дәрежесі бір деңгейге жетіп, келесі деңгейге жетіп, келесі деңгейге дайындалу мерзімі басталады. Осыны ескере отырып, 1965 ж. адам организмін зерттейтін түрлі ғылымдар өкілдерінің (физиологтар, гигиенистер, дәрігерлер, педагогтер, психологтар, философтар, генеттиктер т.б.) қатысуымен Мәскеу қаласында болған дүниежүзілік жас кезеңдерінің шағын жиналысында адамның барлық өмірін 12 кезеңге бөлген:

  1. Жаңа туған сәби (алғашқы 10 күн өмірі);

  2. Емшектегі сәби (10 күннен 1 жасқа дейін);

  3. Алғашқы балалық шақ (1-3 жас);

  4. Бірінші балалық шақ (4-7 жас);

  5. Екінші балалық шақ (қыздар 8-11 жас, ұлдар 8-12 жас);

  6. Жеткіншек немесе жасөспірімдер (қыздар 12-15 ұлдар 13-16 жас);

  7. Кәмелеттік немесе жігіттік / бойжеткендік (қыздар 16-20, жігіттер 17-21 жас);

  8. Кемелге келу немесе ересектік мерзімнің 1-ші жартысы (әйелдер 21-35, ерлер 22-35 жас);

  9. Ересектік мерзімнің 2-ші жартысы (әйелдер мен ерлерде бірдей 74-90 жас);

  10. Егде жас (әйелдер 5-74, ерлер 60-74 жас);

  11. Қариялар немесе кәрілік (әйелдер ме ерлерде бірдей 74-90 жас);

  12. Ұзақ өмір сүрушілер(90 жастан әрі қарай).

Қорытынды сұрақтар:

  1. «Оқушылардың даму физиологиясы» пәніне кіріспе.

  2. Басқа ғылымдармен байланысы.

  3. Пәннің даму тарихы.

  4. Пәннің зерттеу әдістері.

  5. Балалар өсуінің негізгі көрсеткіші.

  6. Адам жасының кезеңдері.




1


2


Тірек-қимыл жүйесінің дамуы.

Баланың тірек-қимыл жүйесі. Кеңістікте қозғалып жүру, денені тік қалыпта ұстау, теңдікті сақтау қабілеттері адамның сүйек-ет жүйесінің қасиеттері мен қызметіне байланысты. Сүйек-ет жүйесіне, яғни тірек-қимыл аппаратына адамның қаңқасы мен бұлшық еттері жатады.

Қаңқа (скелет) екі жүзден астам сүйектерден тұратын адамның негізгі қатты тұлғасы. Олардың көбі бір-бірімен буын арқылы жалғасып, қозғалмалы келеді. Қаңқаға бұлшық еттер бекітілген. Ет пен сүйек адамның негізгі тірегі және оның қозғалуы, еңбек етуі осы сүйек-ет жүйесінің қызметіне байланысты. Ол қорғану қызметін де атқарады, яғни жұмсақ мүшелерді (жүрек, бауыр, өкпе,ішек-қарын, бүйрек т.б.) соққыдан және басқа да түрлі жағымсыз әсерлерден қорғайды.

Сүйектің құрылысы мен құрамы. Адамның қаңқасының негізі – сүйек. Сүйек қан тамырлары мен нервтер өтетін сүйек каналдарының айналасында орналасқан остеон деп аталатын жұқа пластинкалардан тұрады. Сүйектің сыртында сүйек қабы бар. Тек қана буындарда сүйек қабының орнына шеміршек болады. Остеондардың орналасуына қарай сүйек екі түрлі заттардан тұрады: тығыз және кемік заттар. Тығыз заттар кемік сүйектің сыртын ала орналасқан. Сүйектің 1/3 бөлігі органикалық және 2/3 бөлігі бейорганикалық заттардан тұрады.

Сүйектің құрамы атқаратын қызметіне, адамның жасына қарай әртүрлі келеді. Салмақ көп түсетін сүйектерде, мысалы, бел омыртқа, жамбас, аяқ сүйектерінде минерал заттары көбірек болады.

Қаңқаның құрылысы. Адам қаңқасы бас, тұлға, аяқ-қол сүйектерінен тұрады.

Тұлға сүйектеріне омыртқа жотасы, 12 қос қабырғалар мен кеуде сүйегі жатады.

Аяқ-қолдардың сүйектері адам денесінің екі белдеуін құрады: иық және жамбас белдеулері. Омыртқа жотасының жоғарғы жағында екі жауырын сүйектері орналасқан. Олар бұғана және төс сүйектерімен жалғасады. Жауырынның сыртқы бұрыштары иық басы сүйегі арқылы қол сүйектерімен жалғасады.

Бас сүйектері екі негізгі бөліктен тұрады: ми сауыты және бет сүйектері. Ми сауыты адамның миы орналасқан үлкен қуыс. Ол маңдай, жұптасқан төбе, шүйде және екі самай, негізгі және көз торы сүйектерінен тұрады. Ми сауыты самай сүйегінің тесігі арқылы ішкі құлақпен, шүйде сүйегінің үлкен тесігі арқылы омыртқа өзегімен жалғасқан. Бет сүйектері жоғарғы және төменгі жақ, шықшыт-бет, таңдай сүйектері, кеңсірік желбезегі, мұрын сүйегі мен мұрынның төменгі кеуілжігі және көз қуысы сүйектерінен тұрады.

Бұлшық еттердің құрылысы мен қызметі. Жаңа туған сәбидің бұлшық еттері толық қалыптаспағанымен, дене салмағының 20-22 %-ндай ғана (ересек адамда 40-45 %) болады. Адам денесінде 600-ден астам бұлшық еттер бар. Олар бір-бірімен тарамыс ұштары арқылы жақын орналасқан қаңқа сүйектеріне бекітіледі. Қаңқа еттері негізінен көлденең салалы еттерден тұрады. Бұлшық еттердің пішіні әртүрлі болып, өзінің атқаратын қызметіне байланысты қалыптасады. Олар ұзын салалы, қысқа, жалпақ, ромба, квадрат, трапеция т.б. тәрізді болып келеді. Бұлшық еттің екі басы болса, оны жай қарапайым ет деп, үш немесе одан да көп бастары болса, күрделі ет деп атайды. Қозғалатын буындардың санына байланысты еттерді бір буында, қос буынды және көп буынды деп бөлуге болады. Қызметіне қарай бүгілдіргіш, жазылдырғыш, айналдырғыш т.б. болып бөлінеді. Бұлшық еттердің орналасуына қарай, бас, мойын, арқа, кеуде, құрсақ, кол-аяқ еттеріне жіктеледі. Жалпы алғанда денеде 327 жұп еттер мен 2 сыңар ет бар.

Тірек-қимыл жүйесінің гигиенасы. Баланың жататын төсегі, тамақ ішкенде, сурет салғанда отыратын үстелі мен орындығы, еңбек мөлшері, киімі гигиеналық талап бойынша жасына сәйкес болуы керек. Баланы дұрыс отыруға, төсекте дұрыс жатуға дағдыландыру қажет. Үстелде дұрыс отыруға дағдыланса, арқа еттері күшейіп, омыртқа жотасының дұрыс өсуіне мүмкіндік туады. Физиологиялық және гигиеналық тұрғыдан қарағанда бала үстелде тік дұрыс отырса омыртқа сүйектері қисаймай, дұрыс өседі, бұлшық еттері шынығады.

Қорытынды сұрақтар:

  1. Баланың тірек-қимыл жүйесі.

  2. Сүйектің құрылысы мен құрамы.

  3. Қаңқаның құрылысы.

  4. Бас сүйегінің құрылысы.

  5. Бұлшық еттердің құрылысы.

  6. Тірек-қимыл жүйесінің гигиенасы




1


3,4


Жүйке жүйесінің дамуы.

Жүйке жүйесінің құрылысы мен функциялық негізі – нерв клеткасы немесе нейрон. Орталық жүйке жүйесінде нейрондарды қосымша клеткалар – глиялар қоршаған. Нейрондар мен глиялар нерв ұлпасын құрайды. Глиялар нерв клеткаларының тірегі болып, оны қоректендіреді және электрлік изолятор қызметін атқарады. Жаңа туған нәрестенің нейрондарының саны глиялардан анағұрлым көп болады. 20-30 жаста олардың саны бір-бірмен теңеседі де, кейін адамның жасы ұлғайған сайын нейрондардың үлесі азайып, глиялардың үлесі көбейеді.

Нерв клеткасының құрлысы күрделі. Басқа тірі клеткалар тәрізді оның мембранасы, ядросы, ядрошығы мен органоидтары болады. Нейронның басқа клеткалардан айырмашылығы – денесінің көптеген өсінділері болады және цитоплазмасында нейрофибриллдері бар.

Нейронның денесін сома деп атайды. Денесінен ұзынды-қысқалы өсінділері – нерв талшықтары шығады. Ұзын талшығын аксон (грекше аксон-тірек деген мағынада), қысқа талшықтарын дендрит деп атайды (дендрон-ағаш). Аксонның сыртын қоршаған миелин қабығы бар. Миелин – ақ май тәрізді (липид) заттан түзілген. Дендриттер – тармақталған қысқа өсінділер. Дендриттердің бүртіктері бала туғаннан кейін көбейе түседі.

Нейрондардың бір-бірімен байланысы синапс деп аталатын арнайы ерекше құрлым арқылы іске асады. Адамның миы нәтижелі еңбек еткен сайын оның синапстары көп болады. Сондықтан жаңа туған нәрестелерде синапстар аз болып, ер жеткен сайын көбейе түсіп, ересек адамда өте көп болады.

Нервтер мен нерв талшықтары. Сыртқы қабықпен қапталған нерв клеткасының өсінділерін нерв талшықтары деп атайды. Нерв талшықтары 2 түрлі болады: миелинді және миелинсіз. Миелинді нерв талшығының сыртын миелин қабығы қоршаған, ал миелинсіз талшықтың сыртын тек қана эндотелий қабығы қоршаған, миелині болмайды.

Нерв талшықтарын олардың диаметріне байланысты 3 топқа бөледі: А, В, С талшықтары. Қозуды орталыққа өткізетін нервтерді орталыққа тепкіш немесе афференттік, мүшелерге таситын нервтерді орталықтан тепкіш немесе эфференттік нерв дейді. Нервтердің көпшілігі аралас нервтер. Олардың құрамында афференттік және эфференттік нервтер де болады.

Жүйке жүйесінің құрылысы. Адамның жүйке жүйесі орталық және шеткі немесе перифериялық жүйке жүйесі болып бөлінеді. Орталық жүйке жүйесі ми мен жұлыннан тұрады.

Жұлын жүйке жүйесінің маңызды бөлімдерінің бірі. Түрлі нерв әрекеттерінің бағытталуы мен реттелуі жұлын арқылы іске асады. Себебі жұлын өткізгіштік қызмет атқарады да, оның бойымен дененің барлық жерінен миға нерв импульстері мүшелерге барып, олардың қызметін реттейді. Бұларға қоса, жұлында адамның қарапайым рефлекстерінің орталықтары орналасқан (айталық, тізе рефлексі).

Адамның миы орталық жүйке жүйесінің ең негізгі маңызды бөлігі. Одан 12 жұп нервтер шығып, миды көптеген ішкі мүшелермен, беттің, мойынның еттерімен, тілмен, көзбен байланыстырады және сезім мүшелерінен келетін мәліметтерді жеткізеді. Ми сопақша ми, көпір, мишық, ортаңғы ми, аралық ми және екі ми сыңарларынан тұрады.

Сопақша ми – жұлынның үстіңгі жағында орналасқан. Ол екі түрлі қызмет атқарады: рефлекторлық және өткізгіштік. Сопақша мида тыныс, қан айналыс, сору, шайнау, жұтыну, жөтел, түшкіру, сілекей, қарын және қарынасты бездерінің сөлдерін шығаратын нерв орталықтары орналасқан және ІХ-ХІІ ми нервтерінің ядролары орналасқан.

Вароли көпірі – сопақша мидың үстінде орналасқан. Сопақша ми мен вароли көпірін артқы ми деп те атайды. Мұның қызметі де сопақша ми тәрізді: рефлекторлық және өткізгіштік қызметтерін атқарады.

Мишық 3 бөлімнен тұрады: мишықтың құрты деп аталатын ортаңғы бөлім және мишықтың екі жарты шарлары. Мишық – тонустық рефлекстердің жоғары дәрежелі реттеушісі болып есептеледі. Бұған қоса, мишық тыныс алуды, жүректің соғуын қимылдың түріне байланысты лайықтап отырады.

Ортаңғы ми вароли көпірінің үстіңгі жағында орналасқан. Мұндағы сұр заттар 4 төбешік түрінде шоғырланған: көзді қозғаушы және шығармашылық нервтерінің, қызыл және қара субстанцияның ядролары бар. 4 төмпешіктің алдыңғыларында алғашқы көру орталығы, артқы төмпешіктерінде – алғашқы дыбыс бағдарлау реакциялары орындалады. Қара субстанция үйлестірілген жұтыну, шайнау, саусақтардың нәзік қимылдарын реттеуге қатысады. Қызыл ядрода еттің тонустары реттеледі.

Ортаңғы ми мен ми сыңарларының арасында аралық ми орналасқан. Ол 2 төмпешіктерден және төмпешік асты аймағынан тұрады. Төмпешіктерді таламус, ал төмпешік асты аймағын гипоталамус деп атайды. Таламус арқылы мидың барлық сезгіш жолдары өтеді. Гипоталамус дененің жоғарғы дәрежелі вегетативтік орталығы болып саналады.

Үлкен ми сыңарлары (ми жарты шарлары) мидың ең үлкен, ең маңызды бөлімі. Адам миының барлық салмағының 80%-ын ми сыңарлары алып жатыр. Құрлысы жағынан ми сыңарларының бір-бірмен сүйелді дене арқылы жалғасқан екі жарты шардан тұрады. Әрбір жарты шар 5 бөлімнен тұрады: маңдай, орталық, төбе, шүйде және самай.

Орталық жүйке жүйесінің жоғары бөлімі ретінде ми жарты шарлары бір-бірімен байланысты екі үлкен қызмет атқарады:

  1. Организмнің сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамның мінез-құлқы, ойлау қабілеті, санасы, ақыл-ойы – бұлардың бәрі жоғары жүйке әрекеттері;

  2. Организмнің қызметтерін бір-бірімен байланыстыру, ішкі мүшелердің қызметтерін қажетті жағдайға қалыптастыру, келтіру, яғни үйлестіру. Бұлар төменгі дәрежелі жүйке әрекеттері.

Қорытынды сұрақтар:

  1. Нерв клеткасының құрлысы.

  2. Дендрит дегеніміз.

  3. Перифериялық жүйке жүйесі.

  4. Жүйке жүйесінің маңызды бөлімдерінің бірі.

  5. Вароли көпірі.

  6. Үлкен ми сыңарлары.




2


5,6


Жоғары жүйке әрекеті және оның баланың

осіп-дамуы барысында қалыптасуы.

Жоғарғы жүйке әрекетіне ми сыңарлары мен оның қыртысының қызметі жатады. Жоғарғы жүйке әрекеті адам организмнің сыртқы ортамен қарым-қатыныасының тиімді қалыптасуын зерттейді. Жоғары дәрежедегі қызметтер: ес, сана, ойлау, көңіл-күйі, ұйқы, түс көру, гипноз т.с.с. ми сыңарлары мен олардың қыртысының негізгі қызметі болып есептеледі.

И.П. Павлов барлық рефлекстерді екі топқа шартты және шартсыз рефлекстер деп бөлген. Шартсыз рефлекстер алғашқы кезде организмнің тірлігін сақтау үшін қажет. Балалардың шартсыз рефлекстерін туысыменен тексеру арқылы олардың жүйке жүйесінің дамуын анықтайды. Шартсыз рефлекстер туа пайда болып, өздерінің орындалуы үшін ешқандай қосымша жағдайларды қажет етпейді: тітіркендіргіш әсер етісімен шартсыз жауап пайда болады.

Шартты рефлекстер тұқым қуаламайды, тек өмір тәжіриесінің негізінде, сыртқы ортамен байланыстың арқасында пайда болып отырады. Әркімнің өзінің тұрмыс жағдайына қарай әр түрлі шартты рефлекстері болады.

Шартты рефлекстер организмді сыртқы ортаның өзгермелі жағдайларына бейімдейді. Шартты рефлекстердің пайда болуына қажетті жағдайлар. Барлық шартты рефлекстердің қалыптасуы үшін сыртқы ортаның қосымша белгілі бір жағдайларын тудыру керек.

Балаларда шартты рефлекстерді тудыру үшін 3 жасқа дейін шартты әсер ретінде баланың ұнататын тамағын немесе ойыншықты қолданады. Мысалы, баланы жүргізіп үйреткенде шақырушы кісі кәмпитті (егер бұрын кәмпит жеп жүрген бала болса) немесе жаңа ойыншықты көрсетіп шақырады да бала тәй-тәй басып келсе, кәмпитті/ойыншықты бере қояды. Кейіннен кәмпитті алуға ұмтылған бала аяғын тезірек басуға мәжбүр болады (кәмпит ұстаған адам бала алға басқан сайын шегініп, ара қашықтығын ұзартады), сөйтіп баланың жүруін тездетеді.

Уақытша нервтік байланыс. Шартты тітркендіргіш әсер еткенде ми қыртысының тітіркендіргішке сәйкес орталығында қозу ошағы пайда болады. Сондықтан бірінші қозу ошағындағы нерв импульстері екінші орталыққа тартылады да, екеуінің арасында байланыс пайда болады. Шартты рефлекстердің пайда болуының негізгі – ми қыртысындағы нерв орталықтарының арасында уақытша нервтік байланыстың пайда болуы.

Шартты рефлекстердің тежелуі және жас ерекшіліктері. Мидағы қозу мен тежелу бір-бірімен байланысты өтеді. Қалыпты жағдайдағы мидағы қозу мен тежелу дәл қажетті сәтте организмнің қызметін не үдетіп, не баяулатып отырады. Тежелу 2 түрлі болады: сыртқы немесе шартсыз және ішкі немесе шартты тежелу.

Ми қыртысының талдау және талқылау қызметтері. Динамикалы стереотип. Талдау арқылы организм өзіне қажетті, тиімді әсерлерді бөліп алып, ажыратады. Ми қыртысы әсер ететін тітіркендіргішітерді жіктеп талдайды. Таңдалған әсерлерге дұрыс жауап қайтару үшін ми қыртысында олар қайта жинақталып қорытылады, талқыланады. Мұны ми қыртысындағы талқылау дейді. Талдау мен талқылау қабілеттері төменгі сатылы жүйке жүйесінің бөлімдері – жұлында, ми бағанасында да жасалады. Дегенмен, ми қыртысы бұлардың ең басты, ең маңызды орталығы.

Өте күрделі талдау мен талқылаудың үлгісі ретінде динамикалы стереотипті алуға болады. Динамикалы стереотип (лат. динамика – қозғалыстың, әрекеттің көптігі; грек. стерео-қатты + типос – таңда, із) деп адам мен жануарлардың ми қыртысында ұзақ мерзім тұрақты ретпен әсер еткен топты тітіркедіргіштің біртұтас шартты рефлекторлы әрекетті тудыратын қабілетін, яғни белгілі бір жүйеге келтіруді айтады.

Жоғарғы жүйке әрекетінің топтары. Әр адамның жүйке жүйесінің тұқым қуалаған жеке қасиеттері өмірден алған тәжірбиесін, сыртқы ортадан алған мағлұматын, мінез-құлақтарын жоғары жүйке әрекетің топтары деп жинақтайды.

И.П. Павлов жоғары жүйке әрекетінің топтары ми қыртысындағы қозу мен тежелудің негізгі 3 қасиетіне байланысты 4 топқа бөледі. Ол қасиеттер: қозу мен тежелудің күші, теңдігі және алмасуы.

Қозу мен тежелудің ми қыртысындағы осы қасиеттеріне қарай И.П.Павлов жануарларда жоғары жүйке әрекетінің 4 түрлі топтарын атаған:

  1. Күшті ұстамсыз, қозуы тежелуден басым топ.

  2. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы ширақ топ.

  3. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы баяу топ.

  4. Әлсіз топ. Ми қыртысының нерв клеткаларының қызмет қабілеті төмен, қозуы нашар дамыған, тежелуі басым.

1-ші және 2-ші сигнал жүйелері мен олардың дамуы. И.П. Павлов сыртқы ортаның табиғи әсерлерін сигналдар деп атады. Сол сигналдарды және оларды қабылдауға қатысатын мүшелер жүйесін 1-ші сигнал жүйесі деп, ал сол сигналдардың сөзбен белгісін “сигналдың сигналы” деп атады. Еңбектің және әлеуметтік дамудың нәтижесінде адамда сөз сигналдарына, сөйлеуге байланысты жай сигналдарды сөзбен белгілеу және оны қабылдау қабілеті дамыған. И.П. Павлов “сигналдың сигналы” қабылдауға қатысатын мүшелер жүйесін және сөйлеу, сөзге байланысты ойлау қабілеттерін 2-ші сигнал жүйесі деп атады. Жануарда тек 1-ші сигнал жүйесі бар. Кейбір құстардың (тоты құс, қараторғай) жеке сөздерді айту қабілеті және олардың мағынасын түсіну (иттерде) қабілеті сол 1-ші сигнал жүйесінің қызметіне жатады, өйткені олар сөзді қарапайым дыбыс сигналы ретінде қабылдайды. Ал адамда екі сигнал жүйесі де бар.

Қорытынды сұрақтар:

  1. Жоғары дәрежедегі қызметтер.

  2. Павловтың еңбегі.

  3. Шартты рефлекстер.

  4. Шартсыз рефлекстер.

  5. Уақытша нервтік байланыс.

  6. 1-ші және 2-ші сигнал жүйелері мен олардың дамуы.




2


7


Сенсорлық жүйелердің дамуы.

Сыртқы және ішкі орталардың әсерлерін қабылдап, талдап, талқылайтын, олардың жағдайлары туралы сезім тудыратын мүшелер жүйесін талдағыштар немесе анлизаторлар дейді.

Организмде жеті түрлі талдағыштар бар: көру, есту, иіс, тері, қозғалыс, дәм және висцеральды (лат. вицералис - ішкі мүшелерге қатысты), яғни ішкі мүшелерге байланысты жүйе.

Барлық талдағыштар 3 бөліменен тұрады: 1) сезгіш немесе перифериялық бөлім, шеткі немесе рецепторлық бөлім деп те атайды; 2) өткізгіш бөлім, сезгіш нерв деп те аталады; 3) орталық, немесе қыртыс бөлімі, яғни қыртысындағы езім орталықтары, сезім аймақтары деп те атайды.

Көру талдағышы. Көру талдағышының сезгіш бөлімі көз алмасында орналасқан.

Көз алмасы – күрделі құрлысты мүше. Көздің сыртын тығыз ақ қабық қоршаған. Ол көз аласының алдыңғы жағында мөлдір, дөңестеу қасаң қабыққа айналады. Ақ қабықтан соң көз алмасын қанмен қамтамасыз етіп тұратын тамырлы қабат бар. Ол қан тамырларының торынан тұрады десек те болады. Тамырлы қабаттың ішкі бетінде жұқа бояу зат – пигмент болады. Ішкі торлы қабығының құрлысы өте күрделі. Негізінен алғанда, ол жарық сәулелеріне сезімтал фоторецепторлар деп аталатын таяқша және сауытша тәрізді клеткалардан тұрады.

Көздің қасаң қабығы, бұршағы шыны тәрізді денесі – негізгі жарық сындырушы оптикалық жүйе. Олар жарық сәулелерін жинақтап, жарық толқындарын сындыру қызметтерін атқарады. Көздің қарашығы арқылы жарық сәулелері көздің қасаң қабағы, бұршағы, шыны тәрізді денесі арқылы өтіп фокустың нүктеде жинақталып заттың нақтылы, бірақ кішірейген бейнесін торлы қабыққа түсіреді.

Қосымша құрлымдарға қас, кірпік еттері, көз жасының безі мен оның қапшығы, көз еттері жатады.

Әр түрлі қашықтықта орналасқан заттың бейнесін торлы қабыққа түсіру үшін көз бұршағы аккомодациялық қызмет атқарады. Аккомодация деп көзден әртүрлі қашықтықта орналасқан заттардың бейнесін қабылдау қабілетін айтады.

Көз және көру заттың пішінін, түсін, мөлшерін, орналасу қашықтығын және бағытын анықтайды. Затты айқын көру үшін оның бөлшектерін жақсы көру керек. Заттың ұсақ бөлшектерін көру қабілетін көздің өткірлігі дейді. Заттың бейнесі сары даққа түскенде ол өте анық көрінеді, ал сары дақтан торлы қабықтың шетіне қарай жылжыған сайын бұл қабілет азаяды. Ол адамның жасына, жағдайына байланысты, мысалы, нәрестенің көзінің өткірлігі – 0,004-0,02,3 айда – 0,05-01,1 жаста -0,3-0,6, 4-5 жаста – 0,7-1,0, 10-15 жаста – 1,0 шартты бірлік өлшеміне тең.

Адам қос көзбен көру, яғни бинокулярлық қабілеті бар организмге жатады. Қос көзбен көру арқылы қоршаған ортаның заттарын, оның тереңдігін, қашықтығын, пішінін дұрыс анықтай алады.

Балалардың көз алмасының көлденең диаметрі ұзарғанда немесе жарық сәулелерін сындыру қабілеті күшейгенде жақыннан көру қабілеті пайда болады. Ондай адам тек жақын жердегі заттың бейнесін анық көріп, көзден алыстау орналасқан затты бұлдыр көреді.

Көру гигиенасының талаптары:

  • кітапты оқығанда, қағазды жазғанда баланың көзі мен қағаз аралығы 35-40 см болуы тиіс. Ең тиімдісі 37 см;

  • баланың жұмыс орнының жарығы дұрыс қосылуға тиіс. Ең тиімді жарық мөлшері 150-300 люкс шамасында. Жарық сәулелерінің әсері баланың көзіне тура түспеуі керек. Жарық көздерінің сыртында жарық сәулелерін шашатын сәуле сейілдіргіштері, айталық, плафон, абажур, пластинка болуы тиіс.

  • үстелде, партада бала дұрыс отыруы керек.

  • жүріп келе жатқан көлікте кітап оқуға болмайды.

  • теледидар көрсетулерін қарағанда ең кемінде 2,5-3 м қашықтықта отырған жөн (теледидардың экраны 62 см болғанда).

  • Баланың жасына лайық жазу, оқу еңбектерінің, теледидарды қарау ұзақтығын, әсіресе көзге күш түсіретін еңбектің түрлерін, олардың ұзақтығын мұқият қадағалаған жөн.

  • Баланың жасына лайық кітап оқу ұзақтығын сақтау,

6-7 жаста - 10 минут,

7-10 жаста – 15 минут,

10-12 жаста – 20 минут,

12-15 жаста - 25 минут,

5-18 жаста 30 минут, яғни осы көрсетілген уақыттан соң аз да болса, көзді демалдырып, отыру қажет немесе көз талмайтын жұмыспен айналысқан жөн.

Көздің тазалығын сақтау керек: көзді таза қол орамалмен сүру, әр адамның өз бет орамалының болуы, шаң-тозаңнан сақтау т.б.

Көз еттерін жаттықтыру, жалпы организмді шынықтыру, жұқпалы аурулардан сақтау, оларды асқындырмай мезгілінде емдеу, дұрыс тамақтану т.б. гигиеналық талаптарды сақтау, организмді шаршатпауға тырысу керек.

Қорытынды сұрақтар:

  1. Организмдегі жеті түрлі талдағыш.

  2. Көру талдағышы.

  3. Талдағыштардың 3 бөлімі.

  4. Көру гигиенасының талаптары.

  5. Бала жасына қарай кітап оқу ұзақтықтары.

  6. Көздің гигиенасы.




1


8,9


Эндокриндік жүйенің дамуы.

Ішкі секрециялық бездер жүйесі - синтездеп бөлетін өнімі (секреті) тікелей қанға шығарылатын, қанмен бүкіл денеге тарап, зат алмасу үрдісіне, ішкі ағзалардың қызметіне, адам организмінің күллі тіршілігіне ықпалын тигізетін мүшелер жүйесі.

Орталық ІСБ: Гипофиз, Эпифиз, Гипоталамус-тың нейросекреторлық ядролары.

Шеткі ІСБ: Қалқанша безі, Қалқансерік бездері, Тимус (айырлы без), Бүйрек үсті бездері, Ұйқы безінің Лангерганс аралшықтары, Жыныс бездері.

Гормондар – ІСБ-дің өнімдері, өте белсенді химиялық заттар, жүйке жүйесімен бірлесе отырып организмнің өсуін, дамуын, физиологиялық қызметтерін үйлестіруге, зат және энергияның алмасуына, ағзалардың қызметтін реттеуге қатысады.

Ортақ қасиеттері:

- өте белсенді, тым аз мөлшерде де әсер ете алады;

- әсері арнайы бағытталған, бір гормон жетіспегенде

екінші бездің гормоны оның қызметін атқара

алмайды;

- ұлпаларға, мүшелерге өзінің пайда болатын жерінен дистантты, яғни қашық тұрып, алыстан әсер етеді.

Гипофиз - бас сүйегінің “түрік ері” деп аталатын ойығында орналасқан, салмағы туылғанда 10-15 мг, 10 жаста – 30 мг, ересектерде – 60 мг. Гипофиздің гипоталамуспен тығыз байланысы бар, араларын 100 мыңдай жүйке талшықтары байланыстырады. 3 бөліктен тұрады: алдыңғы және ортаңғы (аденогипофиз) және артқы (нейрогипофиз). Аденогипофизде 22 гормон түзіледі, ішіндегі аса маңыздылары: соматотропин (СТГ), адренокортикотропин (АКТГ) - бүйрек үсті бездерінің қыртыс қабатының гормондарының синтезделуіне әсер етеді; тиреотропин (ТТГ) - қалқанша безінің қызметіне әсер етеді және гонадотропиндер (лютеиндеуші, лютеотроптық, фолликустимулдеуші) - бала емізетін әйелдің сүтінің пайда болуын реттейді, жыныс бездерінде гормондардың синтезделуіне әсер етеді; ортаңғы бөлігінде – меланотропин (МТГ) - терінің түсін, терідегі пигментті клеткаларға әсер ету арқылы реттейді. Нейрогипофиздің гормондары: 1. Вазопрессин (антидиурездік гормон - АДГ) – су мен минералдық заттардың алмасуына әсер етеді, қанның артериялық қысымын жоғарылатады. Қанда АДГ мөлшері азайғанда қант диабеті ауруы пайда болып, тәулігіне 10-20 литрге шейін зәр бөлінеді. 2. Окситоцин әйелдің жатырының жиырылуын қамтамасыз етіп, босанғанда баланың сыртқа итерілуіне әсер етеді.

Қалқанша безікөмейдің алдында орналасқан, туылғанда салмағы 1 г, жиырма жаста 20 есе артады. Гормондары: тироксин, трийодтиронин және кальцитонин. Организмдегі зат және энергия алмасуын үдетеді, ұрықтың дамуында, баланың өсуінде, денелік дамуы мен психикасының қалыптасуында маңызы зор. Жетіспеушілігі – кретинизм (баланың бойының өсуі мен жыныстық жетілуі баяулайды, кем ақыл болады). Йод жетіспегенде бездің гипосекрециясы байқалады, пайда болған ауру эндемиялық зоб деп атайды. Бездің гиперсекрециясы байқалса Базед ауруы немесе тиреотоксикоз дамиды.

Бүйрек үсті бездері – қос мүше, оң және сол жақ бүйректердің жоғарғы жағында орналасқан, жалпы салмағы 15-20 г. Сыртқы қабаты - қыртысты зат, ішкі қабаты милы заттан тұрады. Қыртысты қабатта түзілетін гормондар: глюкокортикоидтар, минералкортикоидтар, андростерон, эстрол және прогестерон. Милы қабатының гормондары: адреналин және норадреналин.

Ұйқы безі – қарынның артында, он екі елі ішектің жанында орналасқан, аралас без. Қызметі нашарлап, бұзылса – қант диабеті ауруы дамиды (қанда глюкоза мөлшері жоғарылап, бала шөлдей береді, полиурия, арықтап, азады, диабетикалық кома).

Жыныс бездері – қос секрециялы бездер:

1. сыртқы секрециялық без ретінде әйелдерде - аналық клетка, ерлерде аталық клеткалар – сперматозоидтар өніп дамиды.

2. ішкі секрециялық без ретінде жыныс гормондары түзіледі.

Ерлердің жыныс гормондары: тестостерон, андростерон.

Аналық бездер гормондары - эстрогендер (эстрадиол, эстрон, эстриол) мен прогрестерон.

Эпифиз - ортаңғы мидың жоғарғы бөліктерінің арасында орналасқан. Гормондары – меланин, гломерулокортикотропин және контригипоталамус–гипофизаралық гормондар. Қызметтері: организмнің биоритмдерін реттеуге қатысады, организмнің жарық өзгерістеріне бейімделуіне қатысады, гормондар синтезделуінің ритмдік ауысуына әсер етеді.

Қалқаншасерік бездері - қалқанша бездің артқы қабырғасында орналасқан кішкентай түйме тәрізді, саны - 4 (2 жоғары және 2 төменгі). Бұл без паратгормон синтезделеді. Паратгормон кальцийдің алмасуына әсер етіп, оның қандағы мөлшерін реттейді. Паратгормонның жеткіліксіз болуы сіңірдің тартылуын, сіреспе (тетания) тудырады.

Қорытынды сұрақтар:

  1. Ішкі секрециялық бездер.

  2. Гормондардың ортақ қасиеттері.

  3. Бүйрек үсті бездері.

  4. Эпифиз.

  5. Ерлердің жыныс гормондары.

  6. Аналық бездер гормондары.



2


10


Қанның жастық ерекшеліктері және

жүрек-қан тамырлары жүйесінің дамуы.

Қан – организмнің сұйық негізгі ішкі ортасы. Қанның қызметтері: тасымалдау, дененің тұрақты температурасын сақтауға қатысады, мүшелердің қызметін гуморальдық реттеуге қатысады. Қанның мөлшері ересек адамдарда 4,5-6 л., яғни дененің жалпы салмағының 6-8 %. Организмдегі барлық қанның 50 %-ы қан деполарында (бауырда, көк бауыр, өкпе және тері) қор болып сақталады.

Қанның құрамы өте күрделі. Ол пішінді элементтерден (қан клеткалары) және сұйық плазмадан тұрады. Пішінді элементтер қанның 55-60 %-ын, плазма 40-45 %-ын құрайды.

Пішінді элементтерге эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер жатады. Плазманың құрамы да күрделі: 90 % - су, 7-8 % - белоктар, 2 % - органикалық және бейорганикалық заттар. Қанның меншікті салмағы ересек адамдарда 1,055-1,063 кг/м3.

Эритроциттер – пішінді элементтердің ішіндегі ең көб, қанның қызыл клеткалары. Олардың саны адамның жасына байланысты: ер адамда 1 мкл. Қанда 4,5-5 млн., әйелде 4-4,5 млн. Эритроциттер ядросыз, диаметрі 7-8 мкм, ал қалыңдығы 2 мкм. Пішіні 2 жағы ойыңқы келетін линза іспетті болады. Эритроциттердің құрамында белок заты гемоглобин болады. Ол күрделі зат: құрамында темірі бар бояулы зат гем және глобин белогынан тұрады. Эритроциттердің өмір сүру ұзақтығы 90-120 күндей, бірақ олар үнемі жаңарып отырады, ескілері бауырда ыдырап, жаңалары сүйек кемігінде өндіріледі.

Лейкоциттер – ядросы бар қан клеткалары. Ересек адамның 1 мкл. Қанында 6-8 мың лейкоциттер болады. Балалардың иммундық қабілеті лейкоциттерге байланысты. Ол бала организмінің жұқпалы ауруларға қарсы тұруын қамтамасыз етеді. Саны сыртқы және ішкі әсерлердің ықпалынан үнемі өзгеріп тұрады, шамамен 6-8 мың.

Тромбоциттер немесе қан пластинкалары – сопақша немесе дөңгелек пішінді. Жалпы саны 1 мкл-де 300-400 мың. Тромбоциттердің саны тамақ ішкеннен кейін, ауыр дене жұмысымен шұғылданғанда, әйел екіқабат болғанда көбейеді. Тромбоциттердің қызметі көп. Оларда ферменттер де өндіріледі, қанның ұюына қатысады.

Қанның ұюы. Қан тамырлары жарақаттанғанда жараның бетін тромб деп аталатын қойылған қан түйіршігі тез жабады. Біраздан соң ол тығыздалып, жараны бекітеді. Егер қанның мұндай қасиеті болмаса қан тоқтаусыз ағып кетеді. Қанның ұюы 3 кезеңге бөлінеді: 1) қанда тромбопластиннің пайда болуы; 2) тромбопластиннің тромбинге айналуы; 3) тромбиннің әсерінен плазмадағы фибриноген белогы фибрин жіпшелеріне айналып, жараның бетінде тор құруы. Осы торға эритроциттер мен лейкоциттер тұрып қалады да, тромб пайда болады.

Қан топтары. Қан беруші адам – донор, қан қабылдайтын адам – рецепиент. Қанның құрамындағы эритроциттерде А және В агглютиногендер, қан плазмасында α және β агглютининдер болады. Бұл заттардың бір-бірімен қосылыс жасау мүмкіндігі 4 түрлі, соған байланысты адамдардың қанын 4 топқа бөледі:


Топтар

Плазмадағы агглютининдер

Эритроциттердегі агглютиногендер

Қанды құю мүмкіндігі

I топ

α және β

-

Барлық топқа

II топ

β

А

IV және II

III топ

α

В

IV және III

IV топ

-

А және В

IV топқа



85 % адамдарда қанның қорғаныс жүйесі резус–фактор деп аталатын зат бар, ал 15 % адамдарда ол жоқ. Резус-факторы бар адамдарды оң-резусты (Rh+), жоқ адамдарды сол- резусты (Rh-) деп атайды.

Балалардағы қан айналу жүйесі

Қан айналу жүйесінің маңызы. Қан айналу жүйесі тоқтамай, үнемі жүріп жататын зат алмасуын қамтамасыз етеді. Оның бұл қызметі қан тамырларында қанның қозғалып, барлық ірілі-ұсақты тамырларға заттарды тасуы арқылы іске асады. Яғни қан айналысы тасымалдау қызметін атқарады. Адам организміндегі қанның айналуы тұйық түтіктің, қан тамырларының бойымен қозғалып, қанды жүрекке және күллі мүшелерге тасиды.

Жүрек, оның құрылысы мен қасиеттері, дамуы. Жүрек – қан айналу жүйесіндегі негізгі бөлім. Ол тоқтаусыз қызмет етіп, қан тамырларында қанның қозғалысын қамтамасыз етеді. Бір тәуліктің ішінде жүрек 5-6 мың литр қанды айдайды. Қанның тамырларда қозғалуына түрткі болатын энергия жүректің бұлшық еттерінің қызметіне байланысты өндіріледі. Адамның жүрегінің салмағы 250-360 г, яғни дене салмағының 1/200 бөлігіне тең, бірақ ол қан айналымындағы бүкіл қанның 1/10 бөлігін пайдаланады. Жүректі қанмен қамтамасыз ететін қан тамырлары жеке жүрек-қан тамырлар жүйесін құрады.

Адамның жүрегі бұлшық еттен тұратын конус пішінді қуыс мүше. Ол салмағына, жынысына қарай бөлектенеді: ерлердің жүрегі (300 г) әйел жүрегінен (220 г) салмақтырақ. Жалпы ұзындығы - 12-14 см, ең жалпақ жері - 10-11 см. Жүрек оң және сол жақ бөлімдерден тұрады. Олардың әрқайсысында екі-екіден қуыстары бар: жүрекше және қарынша деп аталатын құыстар. Жүректің оң жақ бөлігін сол жақ бөлігінен қалың ерекше құрылымды жүрек еттері бөліп тұрады. Қарынша мен жүрекшенің арасында сол жағында қос жаппалы және оң жағында үш жаппалы қақпақшалары (клапандары) болады. Сол жақ жүрекшеден денедегі ең үлкен қолқа тамыры, ал сол жақ жүрекшеден өкпе артериясы басталады.

Жүректің қабырғасы 3 қабаттан тұрады: сыртқы – эпикард (грек. эпи-үстіңгі, кардиа-жүрек), ортаңғы – миокард (грек. миос-бұлшық ет, кардиа) және ішкі – эндокард (грек. эндон – ішкі, кардиа). Жүректің еті – миокард – ерекше құрылымды көлденең жолақты ет ұлпаларынан тұрады. Миокард ырғақты жиырылып және босап, қанның үздіксіз ағуын қамтамасыз етеді.

Жүректің салмағы дененің жалпы массасымен салыстырғанда үлкен: 0,63-0,80 %, ал ересек адамда 0,48-0,52 %. Алғашқы жылда жүрек тез өседі: 8 айдың ішінде оның салмағы 2 есе артады, 3 жаста үш есе, 5 жаста төрт есе, 16 жаста 11 есе ұлғаяды.



Үлкен және кіші қан айналыс жолдары. Денедегі қан үлкен және кіші қан айналыс жолдары арқылы тасымалданады. Сол жақ қарыншаның қуысынан үлкен қан айналыс жолы басталады. Қан қарыншадан қолқаға, одан үлкенді-кішілі артериялар мен артериолаларға, олардан артериялық капиллярларға айдалады. Артериялық капиллярлар ұлпалардың клеткаларына тарап,қанның құрамындағы қоректік заттар мен оттегін клеткааралық сұйықтарға құяды да зат алмасуынан пайда болған көмірқышқыл газын қосып алып, веналық капиллярлар арқылы үлкенді-кішілі веналарға, олардан жоғары және төменгі қуыс веналарына қосылып, қанды оң жақ жүрекшенің қуысына әкеледі. Оң жақ жүрекшеден оң жақ қарыншаға айдалады. Оң жақ қарыншадан кіші қан айналыс жолы басталады. Мұның басты қызметі қанды оттегіне қанықтыру. Сондықтан оң жақ қарыншадан өкпе артериясына айдалады. Өкпе артериясыекіге бөлініп, оң және сол жақ өкпеге барады. Өкпе өуысында қанның құрамындағы көмірқышқыл газын шығарып, оттегімен байытылады да, артериялық қан өкпе веналары арқылы сол жақ жүрекшеге келіп қосылады.

Қорытынды сұрақтар:

  1. Қанның құрамы.

  2. Қанның салмағы.

  3. Кіші қан айналыс жолы.

  4. Жүректің қабырғасының қабаттары.

  5. Резус-факторлар.

  6. Донор, рецепиент.


Қорытынды сұрақтар:

  1. Энергия алмасу.

  2. Негізгі алмасу.

  3. Судың алмасуы.

  4. Витаминдер.

  5. Тамақтану мөлшері.

  6. Органикалық заттардың қатынас мөлшері.

1


14


Сыртқа шығару жүйесі мен терінің жастық ерекшеліктері.

Зат алмасуы нәтижесінде тамақ пен орнагизмге келген күрделі органикалық және минерал қосындылар ыдырайды. Олардың тіршілікке қажетсіз қалдық заттары клеткадан, ұлпалардан, денеден шығарылады. Органикалық, минералдық күрделі қосындылардың ыдырауының соңғы бөлшектері, аралық өнімдері, қорытылмай, бойға сіңбей қалған керексіз заттар, мысалы, крахмал, мочевина, фосфор қышқылы, кейбір тұздар, зиянды микроорганизмдердің токсиндері ішек пен бүйрек арқылы шығарылады. Зат алмасуының ыдырау өнімінің соңғы қалдықтарын, зиянды, улы заттар денеден сыртқа өкпе, ішек, бүйрек, қан тамырлары, тері арқылы шығарып, дене тазартылып, организмнің ішкі ортасының қалыпты тұрақтылығы сақталады. Тіршілік үшін, денсаулық ұшін сыртқа шығару мүшелерінің қызметінің маңызы өте зор.

Бүйректің құрылысы және қызметі. Сыртқа шығару мүшелерінің ішінде бүйрек ерекше орын алады. Адамның бүйрегі жұп мүше. Ол бел омыртқаларының екі бүйірінде, қабырғалардан төмен орналасқан. Оң бүйректің орналасуы сол жақ бүйректен сәл жоғарырақ. Екеуінің құрылысы бірдей. Бір бүйректің массасы 120-150 г. Сырты дәнекер ұлпасымен қоршалған. Бүйректі қалың бүйрек майы қаптап тұрады.

Бүйрек сыртқы қызғылт қоңыр түсті қыртыс қабаты және ішкі ортаңғы ақшыл милы қабаты болады. Бүйректің сыртқы жиегі дөңестеу, ішкі жиегі ойыстау келеді. Қан тамырлары, нервтері және несеп ағар түтікшелері бүйрекке ойыс жағынан кіреді. Бүйректің ойыс жағында бүйрек түбегі болады, ол бүйрек тостағаншаларына жалғасады. Бүйректің қыртыс қабаты нефрондардан, яғни бүйрек денешіктерінен құралған. Біл бүйректегі нефрондар саны 1-1,2 млн.

Бүйректің қызметі қан плазмасын зиянды, қажетсіз заттардан тазартудан басталады. Бүйрек электролиттік және қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті үйлестіріп, реттеп отырады.

Несептің түзілуі және құрамы. Несеп нефронда түзіледі. Ол екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде алғашқы несеп, ал екінші кезеңде соңғы несеп түзіледі. Нефрон капсуласындағы тамырлар шумағында қан қысымы жоғары, сондықтан қанның сұйық бөлігі капсула ішіне сүзіледі. Мұның нәтижесінде алғашқы несеп пайда болады. Екінші кезеңде алғашқы несептің құрамындағы су, глюкоза, амин қышқылдары, натрий, калий иондары т.б. организмге қажетті заттар қайтадан қанға кері сіңеді, ал мочевина, несеп қышқылы, сульфаттар сияқты зиянды және тіршілікке қажетсіз заттар нағыз несептің құрамына кіреді. Соңғы несеп нефронның жинағыш жолдарымен ағып, бүйректің бүртіктеріне, одан тостағаншасына, одан бүйрек түбегіне, содан соң ұзындығы 30 см-дей несепағар арқылы қуыққа барады.

Тәулік бойы бүйректен 2000 л қан айдалады, одан 150-180 л алғашқы несеп өндіріледі, бірақ соңғы несептің мөлшері 1,5 л ғана.

Бала бүйрегінің құрылыс және қызмет ерекшелігі. Нәрестенің бүйрегінің массасы 11-12 г, 1 жаста - 36-37 г, 5 жаста - 55-56 г.

Бүйрек ұлпаларының өсу қарқыны алғашқы 3 жыл ішінде, жыныстық жетілу кезеңінде және 20-30 жас аралығында жоғары болып, өсіп жетіледі. Нәрестенің алғашқы 3-4 күнінде несеп өте аз шығады, ал бір аптадан кейін несеп көбейеді. 6 айда баланың несебінің мөлшері екі есе артады. 9 айда несептің құрамы тұрақтала бастайды.

Қуық – өуыс мүше. Оның сырты дәнекер және бұлшық ет ұлпаларынан тұрады. Сиымдылығы 300-800 мл. Қуықтың несеп шығатын жерінде сақина тәрізді бұлшық еттері кұшті сфинктер (грек. сфинктер – қысып ұстайтын) бар. Бұл еттер жиырылып, қуықты аштырмай, несепті ұстап тұрады.

Терінің құрылысы мен маңызы. Адам терісі 3 қабаттан тұрады. Сыртқы қабаты эпидермис, ортаңғысы дерма және ішкісі гиподерма деп аталады. Ең қалың сыртқы қабатының қалыңдығы 1-2,5 мм. Бұл қабатта меланин пигменті өндіріледі. Сондықтан терінің түсі өндіретін пигментіне байланысты, егер ол аз өндірілсе тері ақшыл, көбірек болса – қоңырлау, ал тым көп болса – қара қоңыр болады.

Тері асты клетчаткада тері бездері орналасқан. Олардың өзегі терінің сыртына жіңішке саңлау түрінде ашылады. Тері бездері алақан, маңдай, қолтық, мойын, арқа және шап терісінде көбірек болады.

Қорытынды сұрақтар:

  1. Бүйректің құрылысы және қызметі.

  2. Сфинктер.

  3. Несептің түзілуі және құрамы.

  4. Бала бүйрегінің құрылыс және қызмет ерекшелігі.

  5. Қуық.

  6. Терінің құрылысы мен маңызы.

1


15


Балалардың дамуының әлеуметтік факторлары. Мектепке бейімделу.

Оқыту мен тәрбиелеу жағдайларының оқушылар денсаулығына әсері.

Баланың әлеуметтік дамуы. Балалар дамуының әлеуметтік жағдайлары. Балалардың мектептегі оқуға дайындығын анықтайтын факторлар. Мектепке бейімделу. Бейімделудің кезеңдері.

Медицина қаншалықты көне болғанымен осы ғасырдың алғашқы он жылдығына дейін «денсаулық» деген ұғымның ғылыми анықтамасы болмаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) анықтамасы бойынша, денсаулық дегеніміз организмде аурудың не болмаса физикалық кемістіктің жоқтығы ғана емес, ол табиғи (физикалық), рухани және әлеуметтік толық аман-есендік.

Денсаулық – физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік болып бөлінеді.

Физикалық саулық дегеніміз адам организмінде функциялардың өздігінен реттелуі, функциялық үрдістердің келісімді, өтуі, сыртқы орта әсерлеріне бейімделу қасиеттерінің жоғары дәрежелі жағдайда болуы.

Психикалық саулық адамның әлеуметтік белсенділігінің , яғни жеке адамның айналадағы өмірмен біте қайнау дәрежесі.

Денсаулыққа залал келтіретін факторлар. Денсаулыққа залал келтіретін әсерлерге жалпы мәдениеттің төмендігі, денсаулықты сақтау, салауатты өмір сүрудің негізін құрайтын санитарлық-гигиена туралы мәліметтерді көпшіліктің жете білмеуі, гиподинамия (қимыл жеткіліксіздігі), дене салмағының қалыптан көп жоғарылауы, тиімсіз және жөнсіз тамақтану, қоршаған айналаның (ауаның, жердің, судың) көптеген химиялық заттармен ластануы, үйде және жұмыста күйзеліс (стресс) тудыратын жағдайлардың болуы, залалды әдеттерге әуесқойлық (арақ-шаратарға, шылым тарту, есірткі заттарды қолдану т.б.) жатады.

Адам денсаулығы бір-бірмен байланысты табиғи және әлеуметтік экономикалық факторлардың әсерлері қалыптасады. Бұған жататындар: ауа, су, жер, климат факторлары, еңбек және оқу жағдайлары, тамақ, тұрмыс жағдайы және т.б. Адам денсаулығын айқындайтын өзекті фактор – ол оның өмір сүру салтының сипаты. Оңтайлы еңбек пен демалыс тәртібі, тиімді тағам, дене белсенділігін қажетті деңгейде ұстау, шынығу, жеке бас гигиенасын қадағалау зиянды дағдылардан (темекі, арақ т.б.) бас тарту, мұның бәрі осы ұғымға енеді.

Қорытынды сұрақтар:

  1. «Денсаулық» ұғымы.

  2. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ).

  3. Физикалық саулық.

  4. Психикалық саулық.

  5. Денсаулыққа залал келтіретін факторлар.

  6. Зиянды дағдылар.

1