Файл: Дене трбиесі пні малімдеріне арналан дістемелік сыныстар.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 17.03.2024
Просмотров: 114
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Дене тәрбиесі – адамдардың дене, мүсін сұлулығын, қимыл-қозғалыс үйлесімділігін, әдемілігін, дене қуатын жетілдіруге қолданылатын мемлекеттің, қоғамның материалдық және рухани байлығын құрайтын, халықтың жалпы мәдениетінің бір саласы. Материалдық байлықтар – спорт сарайлары, стадиондар, бассейндер, спорт залдары, түрлі спорттық ғимараттар, құрал- жабдықтар. Рухани байлықтар – дене тәрбиесі мен спорт саласындағы арнаулы білім, ғылыми-зерттеулер, озық тәжірибелер, әдістемелер, идеялар. Дене тәрбиесінің бағыттары – негізгі дене тәрбиесі, спорт, сауықтыру, қолданбалы дене тәрбиесі, жеке басылық дене тәрбиесі.
Негізгі дене тәрбиесінің міндеттері - біріншіден, адамдардың өмірге керек қимылының ептілігі мен дағдысын қалыптастыру, дене қасиеттерінің деңгейін дамыту; екіншіден, осы жинақтаған қасиеттерді (базаны, негізді) адамдардың қалап алған мамандықтарына (кәсіптік, спорттық т.б.) қолдану. Негізгі дене тәрбиесі жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында, оқу-тәрбие мекемелеріндегі дене тәрбиесі сабақтарында, әр түрлі жаттықтыру түрлерінде жүргізіледі. Ол еліміздегі ересек адамдардың дене дайындығы деңгейін арттыруға, денсаулықтарын нығайтуға, жұмысқа ынтасын, төзімділігін дамытуға көмектеседі.
Дене тәрбиесінің бір саласы - спорт, бұл түрлі жаттығулардың көмегімен жоғары жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған өнер түрі. Ол адамның психикасының, дене қуатының жетілуін қамтамасыз етеді. Спорттық әрекеттің негізгі мақсаты – спорттың бір түрінен биік жетістіктерге жету, сол арқылы адамның қабілетін, жақсы қасиеттерін дамыту.
Қолданбалы дене тәрбиесі кәсіптік және әскери деп екіге бөлінеді. Ол өмірге, келешек мамандыққа өте қажет кешенді қимыл-әрекеттерді игеру, дене тәрбиесі арқылы өз мамандықтарын (әскери де, азаматтық та) жақсы меңгеру, терең түсінуге бағытталады.
Сауықтыру дене тәрбиесі емдеу және денсаулықты нығайту дене тәрбиесі деп бөлінеді. Емдік дене тәрбиесінің мақсаты - адам ағзасы мүшелерінің ауырып, уақытша жоғалтып алған қызметтік мүмкіншіліктерін дене жаттығулары арқылы қалпына келтіру. Емдік дене тәрбиесі кабинеттері еліміздің емханаларында, ауруханаларында, спорттық, дәрігерлік мекемелерде жұмыс істейді. Дене тәрбиесі – денсаулықты нығайтуға, жаттығушылар ағзасының жұмыс істеу қабілетін арттыруға қызмет етеді. Сабақ арасында, жұмыста (сергектік сәттері, өндірістік гимнастика, дене жаттығулары), күнделікті тұрмыста (таңертеңгі бой жазу, өз бетімен жаттығу сабақтары, серуендеу, саяхат, жорық т.б.) қолданылады.
Жеке басылық дене тәрбиесі – адамның өз басының, дене тәрбиесі және спорт жаттығуларын, оның керектігін, мәнін, мағынасын түсініп, өзіне, маңайындағы адамдарға үйрете бастауы, оның осы салада білім, хабар көздерін іздеп, ол білімді өзінің, айналасындағы адамдардың денсаулықтарын нығайтуға, спорт түрлерінің қозғалыстарын үйретуге, өмірге қажет қимыл шеберлігі мен дағдысын қалыптастыруға қолдануы.
1.2. Дене тәрбиесінің қызметтері
Дене тәрбиесі қызметтерін арнайы және жалпы дене тәрбиесі қызметтері деп екіге бөледі.
Арнайы дене тәрбиесі қызметтері:
- білімділік қызметі – қимыл-әрекетке үйрету арқылы, қимылдың ептілігі мен дағдысын қалыптастыру, дене тәрбиесі саласында теориялық білім беру;
- қолданбалы қызмет – келешек жұмысқа дайындау үшін қолданылатын арнаулы дене тәрбиесінің жүйесі;
- сауықтыру қызметі – дене тәрбиесі жаттығуларын қолдану арқылы белсенді демалысты ұйымдастыру, адам ағзасының ауырып уақытша жоғалтқан қызметтік мүмкіншіліктерін қалпына келтіру, денсаулықтарын нығайту.
Жалпы дене тәрбиесі қызметтері:
- нормативтік қызмет – адамның қимыл-әрекетін тиімді мөлшерлеуге үйрету бағдарламасы, Президенттік сынамалар және спорт классификациясы нормаларынан тұрады.
Жалпы білім беретін мектептердің, колледждердің, институттардың, университеттердің дене тәрбиесі бағдарламаларында әрбір сынып оқушыларына, әрбір курс студенттеріне арналған дене дайындығы деңгейін анықтайтын, бағалайтын сынақ нормалары бар.
Президенттік сынамаларға бүкіл Қазақстан мемлекетінің 12 жастан бастап егде жастағы адамдарға дейін арналған сынақ нормалары кіргізілген. Президенттік сынама нормаларын тапсыру арқылы Қазақстан Үкіметі халықтың жер-жерлердегі дене дайындығы деңгейін біліп отырады. Оның Отан қорғау және еңбек етуге адамдарды дайындауға үлкен әсері бар.
Спорттық классификация нормалары арқылы мемлекетімізде спорт түрлерінен разрядтар, атақтар беріледі.
1. Эстетикалық қызметі - адамның әсемдікке деген құштарлығын дене сымбаттылығы, әсем қимыл-қозғалыс арқылы қанағаттандыруы. Адамдар осы эстетикалық құштарлықтарын қанағаттандыру үшін спортпен шұғылданады, жарыстарды көруге барады. Дене сымбаттылығы, сұлулығын, әсем, әдемі қимыл-қозғалысты көру үшін атлетикалық, көркем, спорттық гимнастика, культуристер, конькимен мәнерлеп сырғанау және т.б. жарыстарды көреді.
2. Хабарлау қызметі - адамның денсаулығын сақтау, нығайту жолдарын, спорттық шеберлікті жетілдіру жолдарын, әр түрлі жарыстар өтілуін ақпараттық құралдар (газет-жорнал, теледидар, радио) арқылы халыққа хабарлау, тарату.
3. Қарым-қатынас қызметі – адамдардың бір-бірімен араласуы, өзара түсінісу жолдары. Спорт жаттығулары, дене тәрбиесі сабақтары, жарыстар адамдарды таныстырады, араластырады. Спортшының спорттық дәрежесі артқан сайын оның адамдармен араласу кеңістігі кеңи береді (аудан, облыс, республика, шетел).
4. Тәрбиелік қызметі – адамның адамгершілік, зейінділік, еңбек сүйгіштік, шыдамдылық, батылдылық, патриоттық қасиеттерін қалыптастырады.
Дене тәрбиесінің бағыттары, түрлері мен қызметтерінің тұжырымдалған жүйесінің тек танымдық қана емес, тәжірибелік маңызы зор. Ол көптеген әр түрлі қоғамдық ұйымдардың, жеке адамдардың талабын қанағаттандыруға бағытталған. Дене тәрбиесінің мүмкіншіліктерін, оны қолдану жолдарын, амалдарын, әдістемелерін көрсетеді, оларды дене тәрбиесі мен спорт тәжірибесінде қалай қолдану керек екендігін түсіндіреді.
1.3. Дене тәрбиесі және спорттың ілімі мен әдістемесі пәнінің
мазмұны мен құрылымы
Дене тәрбиесі және спорттың ілімі мен әдістемесі пәні – жоғары білімді дене тәрбиесі мен спорт мамандарын даярлайтын оқу пәндерінің ішіндегі негізгі пән болып табылады. Ол өз ілімінің мазмұны бойынша студенттерге теориялық және әдістемелік білім негіздерін береді.
Дене тәрбиесі және спорттың теориясы дегеніміз – ол ғылымның жалпы заңдылығының ішінде адам тәрбиесі жүйесіне кіретін дене тәрбиесі пәнінің педагогикалық ұйымдасқан үрдісінің мазмұны мен құрылысын анықтайтын ілім.
Дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесі пәні үш бөлімнен тұрады.
Дене тәрбиесі ілімінің (теориясының) жалпы негіздері дене мәдениеті және спорт жүйесіндегі дене тәрбиесі ілімі мен әдістемесінің алатын орнын зерттейді. Дене тәрбиесінде жиі кездесетін терминдерге, ұғымдарға теориялық түсініктер береді. Қазақстан дене тәрбиесі жүйесіне, дене тәрбиесі мен шұғылданатын адамдарға, әдістеріне, дене қасиеттеріне, қағидаларына, қозғалысқа үйретуге т.б. дене тәрбиесінде кездесетін әр түрлі мәселелерге терең ғылыми-теориялық түсінік береді, олардың заңдылықтарын анықтайды, дене тәрбиесін қалай пайдалану керек екенін оқытады. Дене қасиеттері, ұғымы түсіндіріледі. Дене қасиеттері: күш, жылдамдық, төзімділік, ептілік, икемділікке анықтамалар беріледі. Оларды дамыту әдістері, әдістемелері, жас ерекшелік дамулары туралы оқытылады.
Дене тәрбиесінің әдістемесі – әр түрлі жастағы адамдардың дене тәрбиесінің ерекшеліктерін, заңдылықтарын белгілейді, талқылайды. Жүргізілетін сабақтардың мазмұнын, құрылымын, түрлерін, жоспарларды ұйымдастыру әдістерін, әдістемелерін оқытады. Педогогикалық талдау, сабақ тығыздығын анықтау, жүктемені мөлшерлеу жолдарын үйретеді.
Спорт теориясы мен әдістемесі – жаттығу өткізу әдістемесін, кезеңдерін, әр түрлі ерекшеліктерді оқытады. Балалармен, жасөспірімдермен, ересек жастағы спортшылармен жаттықтыру сабақтарын жоспарлау, жүктеме беру, әр түрлі амалдарды, әдістерді, қағидаларды, әдістемелерді қолдану секілді спорттық жаттықтыруға, спортшылар дайындығына, оларды жоғарғы көрсеткішке жеткізу жолына бағытталған жұмыстарды жүргізуді үйретеді.
Бұл пән – дене тәрбиесі маманының кәсіптік білімінің деңгейін көрсететін негізгі пән. Ғылымдық және тәжірибелік мәліметтерді жинақтай отырып, бұл ілім адамның дене тәрбиесі үрдісін басқару заңдылықтарын белгілейді, мамандарға дене тәрбиесі мен спорт саласында керекті білім береді.
Қазіргі кезде дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесінің дамуының негізгі көздері:
- денсаулығы мықты, Отанын қорғауға, еңбек етуге дайын адамдарды керек етуі;
- қоғамымыздың тәжірибе жұмыстары. Теориялық, әдістемелік жаңалықтар, терең ойлар осы тәжірибе жұмыстарымен тексеріледі, дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесін байыта түседі.
- Президенттің, Үкіметтің еліміздегі дене мәдениетінің орны, оны дамыту жолдары туралы қарарлары, үкімдері, заңдары;
- дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесінің, басқа ілімдер көлеміндегі ғылымдық зерттеулердің нәтижелері.
Дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесі өзінің даму жолында педагогикалық, психологиялық, физиологиялық, анатомиялық ғылымдар мен қосыла отырып, олардың білімі мен тәрбиесін, жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу, денсаулықтарын нығайту жолдарында тиімді пайдаланып отырады.
Дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесіне гимнастика, жеңіл атлетика, шаңғы спорты, спорттық ойындар т.б спорттық-педагогикалық пәндер өте жақын, олар теория зерттеген жалпы заңдылықтарға сүйенеді. Ал осы пәндерден алынған нақты нәтижелер дене тәрбиесінің теориясы мен әдістеме пәніне негіз болып табылады.
-
Негізгі ұғымдар мен анықтамалар
Дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесі пәнін оқу барысында біз мынандай ұғымдарды танып, түсіне білеміз: «Дене тәрбиесі», «Спорт», «Дене қуатын қалыпқа келтіру», «Денені тынықтыру», «Дене дайындығы», «Дененің жетілуі», «Дене туралы білім», «Дене дамуы».
Дене тәрбиесі – дене мәдениетінің әрекетті бір саласы, тәрбиенің түрі. Оның ерекшеліктері қозғалысқа үйрету, дене қасиеттерін тәрбиелеу, дене тәрбиесі мен спорт саласында теориялық білім беру.
Дене тәрбиесі сабағында біз жаттығушыларды, біріншіден, өмірге қажетті қимыл-әрекетке қозғалысқа үйретеміз. Ол - әрбір спорт түрлері жаттығуларының техникалары, жүгіру, секіру, лақтыру т.б. кеңістіктегі қозғалыс жаттығулары. Екіншіден, жаттығушылардың дене қасиеттерін: күш, жылдамдық, төзімділік, ептілік, икемділіктерін дамытамыз. Үшіншіден, дене тәрбиесі мен спорт саласына қатысты әр түрлі теориялық білім береміз.
Дене дайындығы дегеніміз