ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 18.03.2024
Просмотров: 16
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Бес күндік оқу аптасы
туралы бірер сөз
Жаңартылған білім мазмұнын енгізумен қатар, кезең-кезеңмен бес күндік оқу аптасына көшу жүзеге асырылатын болады. Оқушыларға және мұғалімдерге қосымша 34 демалыс күні берілетін болады.
Биылғы оқу жылында бес күндік оқу аптасымен бірінші сынып оқушылары оқитын болады. Келесі жылы – 1, 2, 5, 7 сыныптардың оқушылары, ал, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8, 10 сыныптар және 2019 жылдан бастап барлық сыныптар бескүндікке көшеді.
Бірінші сыныптар оқу жылын 2017 жылдың 30 мамырына дейін аяқтайтынын атап өткен жөн. Бес күндік оқу аптасына көшу барысында барлық бастауыш мектептер оқу жылын осы мерзімге қарай, негізгі және орта мектеп оқушылары 10 маусымға қарай аяқтайды деп күтілуде.
Он екі жылдық
білім беруге мектепалды
даярлық енгізілген
Қазақстанда он екі жылдық білім беруге көшу туралы көптен бері айтылып келеді, дегенмен, оны енгізудің нақты мерзімі кейінге қалдырылып келді. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшумен бірге 12 жылдық та енгізіледі. Шын мәнінде, енгізілу реті – өте қарапайым. 5 және 6 жастағы балалар үшін нөлдік сынып қосылады немесе оны мектепалды даярлық деп атайды. 12 жылдық білім беру схемасы (сызбасы) 0 сынып — 11 сынып принципі бойынша кіргізіледі.
12 жылдық білім берудің бұл схемасын тек 2019 жылдың қыркүйегінен бастап енгізу жоспарланып отыр. Ата-аналардың баланы мектепалды даярлыққа 5 жастан немесе 6 жастан бере алатындай таңдау құқы бар. Тиісінше, 1 сыныпта баланың даярлығына және ата-ананың тілегіне қарай 6 жастағылар да, 7 жастағы балалар да оқи алатын болады.
Бүгінде ҚР «Білім туралы» Заңында бұл норма қарастырылған. Барлық балалар мектепалды даярлық бағдарламасынан өтуге тиіс.
12 жылдық білім берудің мәнісі 0 сынып (мектепалды) үшін бірыңғай типтік білім беру бағдарламасының енгізілуі болып табылады. 0 сыныптан өту мүмкіндігі мектепке дейінгі ұйымдарда да, жағдайы бар мектептерде де жасалады.
Үштілділікті енгізу
кезең-кезеңмен жүзеге
асырылады
Жаңа оқу жылында НЗМ тәжірибесін ескере отырып, жаңартылған білім беру мазмұнына 1 сынып оқушылары көшіріледі. Басқа сыныптарды көшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылып 2019 жылы аяқталады. Осы үшін бір жарым мыңдай бастауыш сынып мұғалімдері НЗМ арнайы жасалған бағдарламалары бойынша білім көтеру курстарынан өтті.
Айта кететін жайт, облыстың 27 мектебінде Елбасының тапсырмасымен НЗМ тәжірибесі таратылуда. Бұл мектептердің 104 педагогі НЗМ тренерлері өткізген оқытулардан өтті. Педагогтер каскадтық әдіспен облыстың тағы 371 мектебінде тәжірибе таратуды іске асыратын болады. Бұл олардың жалпы санының 70%-ын құрайды. Жаңа оқу жылында тәжірибе тарататын мектептер саны тағы 23-ке көбейтіліп, олардың педагогтері оқытылып, 2017-2018 оқу жылынан бастап облыстың барлық мектептерінде НЗМ тәжірибесін тарату жүзеге асырылатын болады.
Елбасының тапсырмасымен 2020 жылға қарай ЖОО-лардағы барлық техникалық және медициналық мамандықтар ағылшын тілінде оқытуға көшеді. Сондықтан, мектептер дайын болуға тиіс.
2019 жылдан бастап, 10 және 11 сыныптарда техникалық және медициналық мамандықтар ағылшын тілінде (Назарбаев Университет, KIMEP, КБТУ принципі бойынша) жүргізілетін қазақстандық ЖОО-ларға түсуге дайындық басталады. 2019 жылдан төрт пәнді – биология, химия, физика, информатиканы тек жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға көшу басталады. Төрт пәнді ағылшын тілінде оқытуды енгізу кезең-кезеңімен – мұғалімдердің және оқушылардың дайындығына қарай жүзеге асырылатын болады. 1 сыныптан 9 сыныпқа дейінгі оқыту жүйесі өзгермейді.
Биылғы оқу жылында тілдік реформадағы өзгеріс – тек бірінші сыныптарда ағылшын тілі бұрынғыдай аптасына 1 сағат емес, 2 сағат оқытылатын болады.
Жаңа оқу жылынан бастап 1,4 және 8 сынып оқушылары ағылшын тілінің шетел баспаларынан шыққан деңгейлік оқулықтарымен оқитын болады. Бұл оқулықтармен әлемде 1,5 миллиард бала ағылшын тілін меңгереді. Жаңа әдістеме бойынша оқулық дайын және ағылшын тілі мұғалімдері даярлықтан өтті.
2017 жылы аталған әдістемені 2, 5, 7 сыныптарға да енгізу жоспарлануда. Тиісінше, ағылшын тілі мұғалімдері біліктілік арттыру курстарынан өтеді.
Орыс тілінде оқытатын мектептерде 2017 жылға қарай «Қазақ тілі» пәні бойынша деңгейлік оқулықтар пайдаланылатын болады. Тұжырымдамалық негіз ретінде Еуропа елдерінде қолданылатын деңгейлік тіл үйрену жүйесі алынды. Бұл жүйе пәнді тиімді меңгертуге және оқушылардың мемлекеттік тілді білуін дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Үштілді оқытуды енгізудегі ең басты мақсат – жаңа деңгейлік оқулықтарды енгізу, жаңа әдістемелерді пайдалану, «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» пәндерін қазақ тілінде оқыту арқылы мемлекеттік тілді дамыту болып табылады.
Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен озық ғалымдар мен сарапшылар орыс тілді балаларға қазақ тілін жедел оқыту үшін жаңа әдістеме мен жаңа оқулықтар жасап жатыр. Бұл «коммуникативтік» деп аталатын әдістеме қазіргі қолданыстағы грамматикалық-аудармалық оқыту әдісін алмастырады. Қорытындысында жаңа әдістеме арқылы балалар қазақ тілінде еркін сөйлеп, жаза алатын болады.
Сандық білім беру
қызметтеріне қол жеткізу артады
Мектептегі білім беру туралы айтқанда, облыс мектептерінің 46%-ы шағын жинақтық санатына жататынын ескерткен жөн. Бұл дәстүрлі түрде қалыптасқан сәйкессіздік ауыл мектептерінің білім беру сапасының деңгейімен және қызметінің тиімділігімен байланысты туындайтын проблемалардың бастауы болып табылады.
Осы проблемаларды шешу үшін соңғы жылдары облыста көп жұмыс жасалуда. Биылғы ҰБТ қорытындылары бойынша қала мен ауыл көрсеткіштері арасындағы алшақтық 2 баллға төмендеді. 123 балл алған үш түлектің екеуі ауылдық – Ұлытау және Бұқар жырау аудандарынан. Облыстық олимпиадаға қатысқан ауыл мектептері оқушыларының саны 20%-ға, облыстық кезеңге ғылыми жобаларын ұсынған оқушылар саны 15%-ға көбейді.
Біз қалалар мен шағын жинақтық мектеп оқушыларының оқыту мен дайындау сапасын теңестіру міндетін қойып отырмыз. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша шалғайдағы 73 ауылдық елді мекендегі мектептерді жылдамдығы 10 Мбиттен кем емес интернетпен қамтуды жоспарлап отырмыз.
«Bilimland» жобасы аясында келесі оқу жылына дейін барлық Назарбаев Зияткерлік мектептері пайдаланатын сандық білім беру ресурстарына қол жеткізумен облыстың 200 мектебі қамтылатын болады. Оның ішінде 90-нан астамы – шағын жинақталған мектептер. Бұл жобаның ерекшелігі – қазақ тілді ресурстар мен оқытушыларды әдістемелік қолдауға басымдық берілуі.
Облыстағы Интернет жылдамдығы төмен 47 ауыл мектебінде «bilimbox» сандық білім беру ресурстары орнатылмақ. Бұл онлайн тұғырнама бір уақытта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді болатын ең заманауи білім беру контентінің аса ірі топтамаларын ұсынады.
Облыс колледждерінде
және мектептерінде
«Болашақтың инженерлері» жобасы іске қосылады
Елбасы еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Бұл білім беру жүйесінде инженерлік бейіндегі құзыретті мамандарды даярлауды өзгертуді талап етеді. Осыған байланысты облыс мектептерінде білім беретін робототехника барған сайын өзекті болып отыр. Биыл біздің облыс осы перспективалық бағытты енгізуде республикалық тірек алаңына айналды. Қазіргі таңда робототехника зертханалары 35 мектепте жұмыс істейді. Облыстың барлық метептерінде оқу жоспарының вариативтік бөлігіне робототехника курсы енгізілген.
Одан әрі дамыту үшін жаңа оқу жылынан бастап 70 мектепте «Білім беретін робототехника және IT бағдарламалау» жобасы, сондай-ақ, мектепге дейінгі мекемелер мен колледждер үшін жабдықтар алу жоспарланып отыр.
Осы жылы облыстың 60 мектебі мен колледжінде «Synergy» ғылыми-білім беру қорымен бірлесіп тағы бір жаңа жоба – «Болашақ инженерлері» жобасы жүзеге асырыла бастайды. Оның мақсаты – «мектеп-ЖОО-кәсіпорын» инженерлік мамандықтарға үзбей оқыту жүйесін құру. Бұл оқушыларды өнімді шығаруды құрастыру және модельдеуден, инженерлік есептеулерді жүргізуден бастап, жасалған модельдің жобалық қызметімен аяқталатын барлық циклын қалыптастыруға үйретеді.
Бұл жобаға 3ds Max бағдарламасынын жұмысы да кіреді. Бағдарламалық қамтамассыз ету 3 D-анимацияны, көзбен шолуды және модельдеуді кәсіби деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Оқушылар роботтардың бөлшектерін өздігімен даярлауға және роботтардың өздерін жинақтауды іске асыруға мүмкіндік алады.
Техникалық және
кәсіби білім берудегі
жаңартылған білім
мазмұны
Жаңа оқу жылынан бастап Қарағанды және Теміртау политехникалық колледждерінде шет тілдер кафедрасы ашылатын болады және алғаш рет студенттерді көп тілді топтарды оқыту басталады. Болашақты бағдарлай отырып, осы жылдан бастап барлық колледждерде, мамандығына қарамастан, IT-технологияларды тереңдетіп оқыту енгізіледі.
Үстіміздегі жылы облыстың үздік колледждерінің базасында неғұрлым жоғары сұраныстағы бағыттар бойынша республикалық деңгейдегі 3 және 8 облыстық деңгейдегі оқу орталығы құрылды. Бұл еңбек нарығында жұмысшы кадрларына деген қажеттілікті азайтуға, колледждердің инженерлік-педагогикалық құрамының біліктілігін арттыруға, өндірістегі кадрларды даярлау мен қайта даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп қана қоймайды, сондай-ақ, студенттерге жоғары технологиялық жабдықтарда өндірістік оқытудан өту мүмкіндігін берді, ал, кейбір колледждердің базасында – өнім өндіруді ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Қазіргі заманғы колледждер тек жалдамалы жұмыскер ретінде жұмыс істейтін ғана емес, сонымен бірге, жеке кәсіпкерлік қызметін бастай алатын мамандарды даярлауы керек. Осыған байланысты биылдан бастап, барлық колледждерде «Кәсіпкерлік дағдыларды дамыту» факультативтік курсы енгізілмекші.
Студенттердің инновациялық ғылыми жобаларын енгізуге және дамытуға бағытталған конструкторлық бюросының дамуы келесі жылдың тренді болады. СКБ студенттердің кәсіби тұрғыда өзін-өзі жетілдіруіне арналған «мәрелік алаңы» болмақ.
Экономикалық білім беруді одан әрі дамыту мақсатында осы жылдан бастап, облыстың барлық мектептері мен колледждерінде «Экономика барлық үшін» жобасы енгізіледі. Оны жүзеге асыруға ДАМУ қоры өкілдерінің, Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының және кәсіпкерлер қауымдастығының қатысуы жоспарлануда.
Білім беру мазмұнын жаңарту – ата-аналар мен педагогикалық қауымдастықтан жоғары деңгейдегі ұйымдастыруды, жауапкершілікті, ұтқырлықты, тұтастықты, өзара қолдау мен түсіністікті талап ететін зор міндет және ауыр сынақ.
Осы және өзге де мәселелер 26 тамызда Қарағанды облысы әкімінің төрағалық етуімен өтетін дәстүрлі алаң – педагогикалық тамыз кеңесінде қарастырылатын болады. Аталған конференцияда Мемлекет басшысының тапсырмасы – «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мен «5 институционалдық реформа» және «Мәңгілік Ел» идеясы тапсырмаларын орындау туралы міндеттемелер қойылады.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Қарағанды облысы білім
басқармасының басшысы.