Файл: 45. Кеестік кезеде азастанда полиэтникалы оамны алыптасуы.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 19.03.2024
Просмотров: 48
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
45. Кеңестік кезеңде Қазақстанда полиэтникалық қоғамның қалыптасуы.
ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Қазақстан халқы. 1917 жылы халық санағы жүргізілді. Санақ бойынша өлке халқының саны 6 млн адамнан асты. 1897 жылғы санақпен салыстырғанда халықтың саны біршама өскендігі байқалды. Республикада жыл өткен сайын этностық топ өкілдерінің құрамы да өсе түсті. Славян текті этнос өкілдері, негізінен, солтүстік, солтүстік-шығыс облыстарда өмір сүрді. Осы жылдардағы демографиялық ахуал көрсеткіші бойынша елімізде жергілікті қазақ ұлтының құрамы басым еді. Дегенмен олардың жалпы халық құрамындағы үлес салмағы айтарлықтай азайған. Оның себебі, ең алдымен, балалар өлімінің өсуі мен халықтың табиғи өсімінің төмендігі және соғыс салдарынан орын алған ауыр зардаптардың әсері болды.
1920 жылы тамызда Қазақ (Қырғыз – авт.) АКСР-і құрылды. Жаңа автономияның астанасы ретінде Орынбор қаласы бекітілді. Қазақ АКСР-і құрамына Семей, Ақмола, Торғай және Орал губерниялары, Маңғышлақ уезі, Красноводск уезінің, Каспий сырты облысының және Астрахан губерниясының, соның ішінде Бөкей Ордасының бір бөліктері енді. 1920 жылы қыркүйекте қазақ автономиясына Орынбор губерниясының бір бөлігі қосылды
46. Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты
Қазақстанның көші-қон саясаты нормативтік-құқықтық құжаттар жиынтығы, бірінші кезекте бұл Қазақстан Республикасының Конституциясы, сондай-ақ «Халықтың көші-қон туралы» және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңдар, бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы», «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана беру тәртібі туралы» Жарлықтары мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер негізінде қалыптастырылады.
Көші-қон процестерін реттеу үшін Қазақстан Республикасы ТМД елдерімен де, басқа мемлекеттермен де белсенді өзара іс-қимыл жүргізеді. Қазақстанның көші-қон саясаты мынадай қағидаттарда іске асырылады: көшіп-қонушылардың құқықтарын сақтау және қорғау, кемсітушіліктің кез келген нысандарына жол бермеу; көшіп-қонушылардың да, ел азаматтарының да құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету; ұлттық заңнама ережелері мен халықаралық міндеттемелерді орындау.
Көші-қон процестерінің әсерінен халықтың экономикалық белсенді бөлігінің сандық және сапалық құрамы өзгереді, бұл өз кезегінде республиканың экономикалық өсуіне әсер етеді.
Тәуелсіздік жылдарында ТМД кеңістігінде негізгі көші-қон ағындары Қазақстан мен Ресей, Украина және Орталық Азия елдері арасында қалыптасты. Достастықтан тыс жерлерде Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран елдерімен халық миграциясының оң сальдосы, ал Германия, Канада, АҚШ, Израильмен теріс сальдо қалыптасты. Халық санының өсуі, ең алдымен, табиғи өсімнің арқасында жүреді.
Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша 2019 жылы Қазақстанға әлемнің 200 елінен 5,6 млн шетелдік азамат келіп, 5,3 млн шетелдік азамат елден шыққан. Қазақстанда 2 200-ден астам кәсіпорында 21 мыңнан астам шетелдік маман жұмыс істейді. 2020 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны бөлу туралы бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2021 жылы Қазақстанға жұмыс үшін 255 мың шетелдікті тарту жоспарланған. Шетелдік мигранттардың көпшілігі, шамамен 40 мың адам, Алматы облысына тартылатын болады
47. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі
Қазақстанның этносаралық саясаты. Қазақстан Республикасы – жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүретін полиэтникалық мемлекет. Бүгінде халқының саны 19 миллионға жуық адамды құрайды, оның ішінде мемлекет құраушы қазақтардың үлесі 70%-ға жетті.
Тәуелсіздік тұғырын биік ұстаған Қазақстан түрлі этникалық топтардың арасындағы келісім мен татулықты сақтап қалды. Республикада посткеңестік кеңістікте ХХ ғасырдың 80–90-жылдар тоғысында орын ала бастаған ұлтаралық жанжалдардың қаупін дер кезінде бағалай алдық. Мұны терең түсінген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ұзақ мерзімді ұлтаралық саясат жүргізуді назарға алып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың тиімді жолдарын үйлестірді.
Қоғамда тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің ішкі саясаты бағытының негізгі іргетасына айналды. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасып, кеңінен насихатталып келеді. Бүкіл әлемде «қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісі» туралы айтыла бастады. Оның негізі ретінде тағдырдың еркімен ортақ Отанымызға келген барлық этникалық диаспораларға қазақтардың толеранттық қатынасын атап өту орынды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған.
Конституцияда ұлтаралық келісімге іріткі салатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылған. Сепаратистер, террористер мен ұлтшылдардың лаңкестік әрекеттеріне орталық билік тарапынан қатаң түрде тыйым салынған. Елде үйлестірілген тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттің терең ойластырылған кадрлық саясаты барысында биліктің жергілікті және орталық органдарында еліміздің түрлі ұлт өкілдері қызмет атқаруда. Ең алдымен адамның іскерлік қасиеттеріне назар аударылады.
Ұлтаралық қатынастар байыптылық пен жауапкершілікті және сақтықты қажет етеді. Ұлтаралық саясатты жүзеге асыруда Президент қазақ халқының діліне, оның басқа ұлттарға деген дәстүрлі төзімділігіне сүйенеді.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен ішкі саяси тұрақтылығын сақтауда – еліміздегі әртүрлі конфессиялардағы халықтардың бейбіт қатар өмір сүруі басты мәселе саналады. Елімізде 820-ға жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар Бейбітшілік және келісім сарайы мен облыстық Достық үйлерінде орналасқан.
48. Қазақстанның саяси-әлеуметтік және мәдени өміріндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Алматыда өткен Қазақстан халықтарының бірінші форумында ұсынды.
Дайындық жұмыстары аяқталған соң 1995 жылғы наурызда жаңа қоғамдық ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осылай жалпықазақстандық бірліктің бірегей моделі іске асырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – Президент төрағалық ететін консультативті-кеңесші орган. Қазіргі таңда Ассамблея Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының сенімді тетігіне айналды.
2002 жылы 26 сәуірде ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы бекітілді. Бұл құжатта Ассамблеяның мақсаты мен міндеттері, жұмыс құрылымы мен ұйымдастыру қызметінің негізгі бағыттары белгіленді. Кейіннен ҚХА-ның қоғамдық-саяси салада қызметін реттейтін басқа да құжаттар қабылданды.
2. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеттері. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамда маңызды қызмет атқарады. Біріншіден, ол Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталады. Екіншіден, Ассамблея ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдеседі. Үшіншіден, бұл қоғамдық құрылым мемлекеттік тілді және Қазақстан диаспораларының ана тілі мен мәдениетін дамытуға қолдау көрсетеді.
2008 жылы Елбасы бастамасымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылданып, Ассамблеяның құқықтық мәртебесі кеңейтілді.
Қазіргі таңда Ассамблея 23 республикалық және 470-тен астам аймақтық ұлттық-мәдени бірлестіктердің басын қосып, «Достықтың инфрақұрылымына» айналды.
2014 жылы бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедралары құрылды. Ассамблея қызметін жоғары деңгейде қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылдан бастап «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі тұрақты және жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді.
3. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы мен қызметі. Ассамблея құрылымында 17 кіші ассамблеялар біріктірілген, олар 14 облыстық және 3 республикалық маңызы бар қалалардың ассамблеялары.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік кіші ассамблеялары ұлттық-мәдени орталықтары мен диаспоралар бірлестіктерінің жұмысын біріктіреді және үйлестіреді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдері өңірлік Ассамблея төрағалары қызметін атқарады. 2008 жылы Ассамблея ұлттық-мәдени орталықтары ресми түрде этномәдени қоғамдық бірлестіктер болып қайта тіркелді.
49. Қоғамдық-саяси ойдың бастауы және дамуы.
Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік құрылымды б.з.б. VІІІ–ІІІ ғасырларда сақ тайпалық одақтары қалыптастырды. Сақтардың мәдениеті адамзат өркениетінің ғажайып жетістіктеріне жатады. Есік обасынан табылған тостағандағы жазу сақтардың әліпбиі болғандығынан мәлімет береді. Табиғатты ерекше құрметтеген сақтар жануарларды «аң стилі» деп аталатын зергерлік бұйымдарда тамаша шеберлікпен бейнелеген. Сақтар туралы деректер ежелгі грек, көне парсы жазбалары арқылы жеткен. Деректерде сақтар ержүрек дала тұрғындары ретінде суреттеледі.
Б.з.-дың VІ ғасырынан Түркі кезеңі басталады. Ұлы далада 552 жылы Түрік қағанаты құрылды. Түрік қағанаты ыдыраса да Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанаттары, Оғыз, Қарахан мемлекеттері мен Қыпшақ хандығы дәуірледі. Моңғол шапқыншылығынан соң Қазақстан аумағында негізін Шыңғысханның ұрпақтары қалаған Алтын Орда, ол ыдырағаннан кейін Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандықтары өмір сүрді. Аталған мемлекеттік бірлестіктердің негізінде қазақ халқы қалыптасып, Қазақ хандығы құрылды.
Мыңдаған жылдар бойы Ұлы далада Қазақ мемлекеттілігі прототүркі, түркі тайпалары негізінде қалыптасты. Сақтардан бастап қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасына дейінгі түрлі тарихи дәуірлерде өмір сүрген дербес мемлекеттік құрылымдар әркелкі аталып келді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың өзіне тән тілі, антропологиялық ерекшелігі, салт-дәстүрлері тұрақты, өзгеріссіз сақталынып қалды. Дала тұрғындары қоршаған ортаның табиғи-климаттық жағдайына икемделген шаруашылық жүргізді.
Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміз, тіліміз және мәдениетіміз, ұлттық өзегіміздің сабақтастығын сақтап қалдық. Келешекте оны ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы көздің қарашығындай сақтап, «Мәңгілік Ел» идеясын болашақтың бағдаршамы ретінде ұстанатын боламыз. Әлемдік деңгейдегі тұлғалардың ұрпаққа аманат етіп қалдырған ой-пікірлерінің адамзат үшін маңызы зор
50. Қазақ хандығы дәуіріндегі қоғамдық-саяси ойдың дамуы
XVI ғасырдың басындағы ірі саяси тұлғаның бірі ретінде танылған, «қазақ жерлерін біріктіруші» Қасым хан болды. Оның билік құрған кезінде Қазақ хандығы қуатты, іргелі елге айналды. Қасым хан ел басқарған жылдары Еділ мен Жайыққа дейінгі аймақ біржола хандық құрамына енді. Кең-байтақ аумақта қоныстанған далалықтардың билеушісі ретінде ол қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасу үдерісін жүзеге асырды.
Хан қарамағында 160 мыңға жуық жауынгері болды. Ал жасақ жинаған жағдайда қазақ әскерінің саны 300 мыңға дейін жетті.
Авторы белгісіз «Алам-ара-йи шах Исмаил» шығармасында Қасым хан туралы таңғажайып дерек кездеседі: «Иіліп сәлем берген соң, Жәнібек сұлтанның көзі бір сәт Қасым ханға түседі. Қараса, патша өзінің тағында аруақтанып отыр екен! Тағы таза саф алтыннан жасалыпты. Тақтың төрт бұрышы арыстанның, жолбарыстың, қабыланның, аждаһаның бастарымен және құстардың суреттерімен өрнектеліпті. Басына әшекей тастармен көмкерілген «шыңғысхандық» үлгідегі баскиім киіпті… 1200 әміршісі жанында отыр». Мұхаммед Хайдар Дулатидың: «Қасым хан өз билігін Дешті Қыпшаққа таратты. Бұл жұртта Жошы ханнан кейін одан құдіретті хан болған емес» деп дәріптеуі Қасым ханның өз заманында ерекше беделді болғанын аңғартады. Оның саяси ұстанымы мен халқына деген қамқорлығын ұлы Мамашқа айтқан мына сөзінен айқын білуге болады: «Менің бар арманым – қазақ жерін тәуелсіз елге айналдыру болды және мен оған қол жеткіздім. Енді өзге мемлекеттер секілді дамып, гүлденіп, жетілуі тиіс. Халқымыздың атын биік ұста, оның мәдениетін, салт-дәстүрін әрқашан құрметте! Бөлінгенді бөрі жейтінін ешқашан ұмытпа. Әрқашан бірлікте бол. Егер сен халықтың бірлігін сақтап қалғың келсе, елде бүліншілікке жол берме!»
Қазақ қоғамының тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында Тәуке хан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен «Қасым ханның қасқа жолы» және «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіріп, жаңа заң жүйесін жасады. Үш жүздің атақты билерін жинап, Күлтөбенің басында Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп аталған заңдар жинағын қабылдады. «Жеті жарғыға» сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының барлық өмірлік мәселелерін кеңінен қамтыды.
Елдің болашағын ойлаған, халқының тыныштықта бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етіп, жерінің тұтастығын сақтауға тырысқан, алдағы сан ғасырларды болжаған көреген хандарымыздың бірі Әбілқайыр болды. Кіші жүздің ханы «Ресей бодандығын» қабылдаған кезде Ресей империясы өзінің еркіндігі мен тәуелсіздігіне қол сұғатынын күтпеді. Әбілқайыр хан далалықтардың мал жайылымдарының біртіндеп қысқаруына және Ресей бекіністерінің салынуына қарсы шықты.
Ресей империясы Әбілқайырдың билігін әлсіретіп, кейін оны биліктен мүлдем аластатуға тырысты. Ресей үкіметі ұлын аманатқа алып, империя бодандығындағы басқа халықтарды Әбілқайырға айдап салып отырды.