Файл: 6 дріс Бастауыш мектептегі оу процесіні мні Жоспар Оыту мен білім беруді теориясы, оны негізгі міндеттері Дидактиканы негізгі категориялары.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 27.03.2024

Просмотров: 11

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

6 дәріс

Бастауыш мектептегі оқу процесінің мәні
Жоспар:

1. Оқыту мен білім берудің теориясы, оның негізгі міндеттері

2. Дидактиканың негізгі категориялары

3. Оқыту процесі, оның ерекшеліктері
«Дидактика» - бұл ежелгі грек сөзі, яғни «didasko»- оқыту, түсіндіру, дәлелдеу, оқу деген ұғымды білдіреді. Дидактика - білім беру мен оқытудың теориялық және әдістемелік негіздерін зерттейтін педагогика ғылымының саласы.

Дидактика теориялық және бір мезетте нормативті-қолданбалы ғылым. Өйткені, дидактикалық зерттеулердің нысандары оның түрлі қырларының арасындағы заңды байланыстары туралы білім береді, оқыту процесінің құрылымдық және мазмұндық сипаттарының мәнін ашады. Дидактиканың ғылыми-теориялық функциясы осындай.

Алынған теориялық білімдер оқытумен байланысты көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік беруі дидактиканың нормативті-қолданбалы функциясы туралы айтады.

Дидактика білім беру мен оқытудың мазмұнын, оқыту принциптерін, оқытуды ұйымдастыру әдістерін және формаларын қарастырады. Дидактиканың міндеті - білім мазмұнын, оқыту әдістерін және оқытуды ұйымдастыруды ғылыми тұрғыдан негіздеу.

Дидактика «Нені оқыту керек?» «Қалай оқыту керек?» «Не үшін оқыту керек?» деген үш басты сұраққа қазіргі заман талабына сай жауап беруі тиіс.

Дидактиканың негізгі категориялары: білім беру, оқыту, сабақ беру, оқу, оқыту принциптері, оқыту процесі және оның компоненттері, мазмұны, формалары, оқыту нәтижесі.

Оқыту – мұғалім мен оқушылардың белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған, реттелген, бірлескен іс-әрекеті, оқушылардың танымдық іс-әрекетін арнайы ұйымдастыру. Оқыту процесі – мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті, ол екі жақты процесс. Оқыту – оқушылардың ғылыми білім, іскерлік, дағдыларды меңгеруі, шығармашылық қабілеттерін дамыту, дниетанымын, адамгершілік, эстетикалық көзқарастары мен сенімдерін қалыптастыру үшін мұғалімнің белсенді оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыруы және ынталандыру іс-әрекеті. Оқытудың маңызды міндеттері:

- Оқушылардың танымдық белсенділігін ынталандыру.

- Оқушылардың ғылыми білім, іскерлік, дағдыларды меңгеруіне керекті оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру.

- Ақыл-ойды, ұғымталдықты, қабілетті, дарындылықты дамыту.

Білім беру – табиғат пен қоғам жайында ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруін және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуін айтады.

Дидактика терминін алғаш рет ғылымға енгізген неміс педагогі Вольфганг Ратке (1571-1635). Тура осы мағынада дидактика ұғымын чех педагогі Ян Амос Коменский өзінің «Ұлы Дидактика» кітабында қолданылады. «Ұлы Дидактикада» оқыту мақсаты, әдістері, принциптері, сынып-сабақ жүйесі туралы жазылды. Ол басты мақсат - адамшылық, оған жету жолы - білім беру және оқыту деп санады.


XVII ғасырда швейцар педагогі Иоганн Генрих Песталоцци «Гертруда өз балаларын қалай оқытады?» 1801 жылы шыққан еңбегін дамытып, оқыту принциптерін ұсынып, бастауыш мектептегі оқыту әдістерінің негізін қалады.

Ұлы орыс педагогі Константин Дмитриевич Ушинский орыс дидактикасының дамуына игі әсерін тигізіп, басқа тілде оқыту баланың табиғи күші мен қабілетін әлсіретеді, сондықтан оны ана тілінде оқыту керек деді. Кеңес өкіметі жылдарында Н.К.Крупская, П.П.Блонский, С.Т.Шацкий т.б. үлкен үлес қосты.

Надежда Константиновна Крупская оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру үшін оларға терең білім керектігін, әр пәнді басқа пәндермен және өмірмен байланыстыруды атап көрсетті. Мұғалім теория мен тәжірибенің бірлігі арқылы жекелеген пәндер арасында байланыс орнату керек деді. Н.К.Крупская политехникалық оқуды қолдап, оқу жоспарына жалпы техникалық пәндерді енгізуді ұсынды. Ол оқуды өнімді еңбекпен байланыстыруға шақырды.

Василий Александрович Сухомлинский оқытуды ақыл-ой тәрбиесінің маңызды құралы деп қарады. Оқытудың табыстылығы мектептегі мұғалімдердің рухани өміріне, ой-өрістерінің кеңдігіне, мәдениеттілігіне байланысты деді.

Оқыту принциптерінің жүйесін, оқытуды ұйымдастыру әдістері мен формаларын дәлелдеген белгілі педагог ғалымдар Б.П.Есипов, М.А.Данилов, Л.В.Занков, М.Н.Скаткин, т.б. болды.

Дидактиканың дамуына үлес қосқан қазақ ағартушыларының бірі - Ыбырай Алтынсарин. Ол орыс тілін қазақтарға үйрету курсының, оқу жоспарының, бағдарламаларының авторы. 1879 жылы оқу құралы «Қырғыз хрестоматиясы» шықты. Бұл бірінші қазақ тіліндегі оқу құралы, оған ауыз әдебиеті шығармалары, өсімдік, техника атаулары енгізілді.

Ахмет Байтұрсынов қазақша оқыту әдістемесінің негізін салушы. «Оқу ана тілінде жүргізілсін» - деген талапты бастаушы. 1912 жылы тұңғыш рет «Әліппе» жазды, ол халықты сауаттандырудың басты құрал болды. Бұл оқу құралы әрі сауат ашу, әрі ұлттың дүниетанымын іске асыру мақсатын қойды.

Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбиеге жетекші» деген еңбегінде баланы оқытудың ережелерін, заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білім берудің шарттарын көрсететін педагогика бөлімі «дидактика» деп, дидактикаға қазақ тілінде тұңғыш ғылыми анықтама берген.

Мағжан Жұмабаев зейінді тәрбиелеу жолдарын көрсетті. Олар:

  • Мұғалімнің қатты сөйлеуі;

  • Суреттердің бояуының ашықтығы;

  • Әсердің күштілігі;

  • Затты көрсету, суретін салдыру, балшықтан сол затты жасату.


Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық іздену жұмысына ежелгі грек философтары Сократтың, Аристотельдің, сол кездегі атақты педагог-психологтар С.Л.Рубинштейн, А.А.Смирнов, т.б. ғалымдардың еңбектерінің әсерлері болды.

Дидактика бойынша зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілуде.

Процесс бұл ілгері қарай қозғалыс және қандай болса да нәтиженің жетістігіне бағытталған бірізділік әрекетінің жиынтығы болып табылады.

Оқыту процесі терең, берік және дәл білім алу таным жолындағы оқушылардың қимылына байланысты. Оқыту процесі – бұл мұғалім мен оқушылардың мақсатқа бағытталған өзара әрекеттесуінің барысында шәкірттерге білім беру міндеттерін шешу. Оқыту процесі – тұтас педагогикалық процестің бір бөлігі. Ол жүйе ретінде қарастырылады, өзінің белгілі құрылымы және бөліктерімен сипатталады. Олар:

- Ғылыми білімнің, іскерліктің және дағдының жүйесі (білім беру мазмұны).

- Мұғалімнің өмірлік қағидалары, оның өмірге, ғылымға көзқарасы және оқушылармен қарым-қатынасы (сабақ беру).

- Оқушылар, сынып ұжымы (оқу іс-әрекеті).

- Оқыту әдістері.

- Оқытудың материалдық құралдары: дидактикалық және оқытудың техникалық құралдары.

- Оқыту нәтижелері.

Білім – адамзаттың жинақтаған тәжірибесі, заттар мен құбылыстарды, табиғат пен қоғам заңдарын тану нәтижесі. Білімді жеке адамның игілігіне айналдыру үшін, оны ойлау операциясы – талдау, жинақтау, салыстыру, жіктеу және жинақтау арқылы терең ұғыну керек.

Іскерлік – алған білім негізінде оқушылардың практикалық әрекеті іске асырылады. Білімсіз іскерлік мүмкін емес.

Дағды – бұл қайта-қайта орындалатын практикалық әрекетке машықтандыру.

Сонымен, оқу процесінде білімнің, іскерліктің және дағдының өзара байланысы, бірлігі оқушылардың таным қабілетінің дамуына мүмкіндік туғызады.

Мұғалім мен оқушылардың ынтымақтастық іс-әрекеттері оқыту процесінде жүзеге асырылады. Сабақ беру процесінде мұғалім оқушыларды білім алу әдістері мен тәсілдеріне үйретеді. Оқушылар сабақта түрлі іс-әрекеттерінің барысында дамиды, олардың ғылыми көзқарастары қалыптасады. Бұл оқу процесі. Оқу – бұл оқушылардың іс-әрекеттерінінң, яғни объективтік әлемді танудың ерекше формасы.

Оқыту процесінде кездесетін қарама-қайшылықтарды шешу - оқыту процесінің қозғаушы күші болып табылады. Оқу процесінің негізгі қозғаушы күші оқушылардың алдына қойып отыратын мұғалімнің міндеттері мен оларды орындауға қажетті оқушылардың білімдері, іскерлігі және ақыл-ойлары арасындағы қарама-қайшылық.


Оқыту процесінің өзіне тән функциялары бар. Олар оқытудың білім беру, оқытудың тәрбиелік, оқытудың дамыту функциялары.

Оқытудың білім беру функциясы – бұл адам баласын білім байлығымен қаруландыру, оны өз бетімен білім алуға іскерлік пен дағдыны игеруге даярлау.

Оқытудың тәрбиелік функциясы. Тәрбиелей отырып оқыту, ғылыми-теориялар мен ережелердің оқушылардың дүниетанымы мен сеніміне айналуын сипаттайды, моральдық нормаларды, мінез-құлықты игеруін қамтамасыз етуге әсер етеді.

Оқытудың дамытушылық функциясы – бұл оқушылардың дамуы тәрбие мен оқыту процесінде жетіледі.

Оқу – оқыту процесіндегі оқушылардың іс-әрекеті. Оқыту процесінің логикасы оның құрылымын анықтайды, ал құрылымына оқыту процесінің тізбектері – танымдық іс-әрекетінің кезеңдері кіреді:

- таным міндеттерін жете түсіну;

- жаңа материалды қабылдау;

- ұғыну – жаңа оқу материалдарын түсініп жинақтау процесі;

- білімді, іскерлікті және дағдыны бекіту және жетілдіру;

- білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдана білу;

- оқушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру, бағалау.

Таным міндеті түсінікті болса, оны оқушылар өз бетімен ізденіп шешуге тырысады, оқыту процесінің әрбір звеносына дайындалады.

Қабылдау – адамға тікелей әсер ететін заттардың, я құбылыстардың адам санасында бейнелеу процесі.

Түйсік – сезім мүшелерімізге әсер етіп, оның миымызда бейнеленуі.

Ұғыну – бұл саналы түрде ғылыми білімді, заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау процесі, қорытынды шығару.

Бекіту – бұл оқушылардың білімді берік ұғынуының тиімді тәсілі.

Білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдану оқушылардың өзіндік қасиетін дамытады.

Оқушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру, бағалау – бұл оқытудың кері байланыс процесі.

Оқыту процесінің звеноларын таным процесінің формуласына сүйеніп, салыстыру ретінде логикалық бірізділікпен былай жазуға болады.

Нақты аңғару – түйсік, қабылдау.

Абстракті ойлау – ұғыну, мәнін түсіну.

Практика – бекіту, білімді, іскерлікті, дағдыны практикада қолдану, оқу процесінің осы компоненттерін тексеру, бағалау.

Оқыту процесінің тізбектері сабақ үстінде оқушылардың іс-әрекетінде жүзеге асырылады. Егер олардың іс-әрекеттерінде түрткі болмаса, онда ол бейтарап процеске айналуы мүмкін. Түрткі – адамның объективті мұқтаждығы мен ынтасын бейнелейтін әрекетіне, ішкі талаптануы. Демек, мотивация негізі мұқтаждық пен ынта болады. Оқушылар білімге мұқтаждығын сезуі қажет. Ал мұқтаждық оқуға деген ынтасын көтереді.


Оқыту практикасында оқудың әртүрлі түрткілері болады:

Тікелей талаптандыру түрткілері – бұл оқушылардың ұстазын ұнатуы, оған сүйіспеншілігі.

Перспективті талаптандыру түрткілеріне мамандықты таңдап алуға байланысты шәкірттердің пәнге қызығушылығы және келешек мамандыққа байланысы жоқ белгілі іс-әрекеттеріне қызығушылық жатады.

Психологиялық-педагогикалық зерттеу деректеріне сәйкес түрткілер екі топқа ажыратылады: танымдық және әлеуметтік түрткілер.

Түрткілер оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырады.

Оқыту процесін ұйымдастыру барысында оқушы және оқушылар ұжымы бір жағынан оқыту объектісі, екінші жағынан оқыту субъктісі болады. Оқытудың объектілері мен субъектілері арасында әртүрлі байланыстар пайда болады: ақпарат алмасу, бірлескен іс-әрекет т.б.

Оқыту процесінің компоненттері: оқытудың мақсаты, мазмұны, формалары, әдістері, нәтижесі. Бұл компоненттер бір-бірімен тікелей байланысты түрде іске асырылады. Демек, педагогикалық процесс сонда ғана тиімді нәтиже береді. Оқыту процесінің нәтижелі болуы оның ішкі қозғаушы күштеріне байланысты. Қозғаушы күш – қойылатын талаптар мен оларды орындауда оқушылардың мүмкіндігі арасындағы қайшылық. Егер қойылатын талап оқушылардың мүмкіндігіне, яғни даму дәрежесіне сай келсе, онда қайшылық даму көзіне айналады.

Оқушылардың білімді ұғыну сатылары

Оқу мақсатының деңгейлері

Анықтамасы

Оқушының іс-әрекеті

Мұғалімнің іс-әрекеті

Оқушыға берілетін нұсқалар

Білім

Ақпараттағы нақты элементтердің орнын анықтау

Жауап береді

Қабылдайды

Есінде сақтайды

Танып біледі

Басшылық етеді, бағыттайды.

Әңгімелейді, хабарлайды.

Көрсетеді

Білімді тексереді, емтихан алады

Хабарлама жасаңыз – суреттеңіз – санаңыз – есіңізге түсіріңіз – «Бұл не?» - «Қайда орналасқан?» - ақпарат екенін анықтау

Тұжырымдама-біл-есіңе сақта әңгімеле – фактілерді баянда – қайтала - анықта

Түсіну

Баяндалған материалды түсіну

Түсіндіреді

Өз пікірін айтады

Дәлелдейді

Дәлеледейді

Тыңдайды

Сұрақтар береді

Салыстырады

Қатар қояды

Білімін тексереді, емтихан алады

Өзгертіңіз – жаңадан тұжырымдаңыз – суреттеңіз – түсіндіріңіз, жалпы шолу жасаңыз, сын пікір айтыңыз – әңгімелеңіз – жинақтаңыз – өз сөзіңізбен түсіндіріңіз – қорытындылаңыз

Қолдану

Ережелерді, тұжырымдамаларды, қағидаларды, теорияларды, идеяларды жаңа жағдайларды қолдану

Жаңа мәселелерін шешеді

Дәлелдейді

Білімді жаңа жағдайларда қолданады

Жаңаны ойлап шығарып, құрастырады

Көрсетеді

Көмектеседі

Мақұлдайды

Бақылайды

Жұмысты сыни тұрғыдан талдайды


Қолданыңыз білімінізді тәжірибеде сынап көріңіз – шешіңіз, дәлелдеңіз – көрсетіңіз – есеп беріңіз

Талдау

Ақпаратты құрамдас бөліктерге бөлу

Талқылайды

Ашады

Санайды

Талдайды

Бөліктерге бөледі

Сыни тұрғыдан талдайды

Зерттейді

Жетекшілік жасайды

Ынталандырады

Бақылайды

Оқушыға қосымша ресурс ретінде ықпал етеді

Талдаңыз – бөліктерге бөліңіз – сын көзбен қараңыз – табыңыз айрмашылықтарын анықтаңыз – ажыратыңыз – тексеріңіз – салыстырыңыз – қатар қойыңыз – шолу жасаңыз – тексеріңіз – зерттеңіз – қараңыз – оқып үйреніңіз – бөліңіз категорияға – топтарға бөліңіз

Синтез (жаңаны жасау)

Әртүрлі идеялардан жаңа өнім немесе жоспар жасау

Талқылайды

Қорытындылайды

Бір жерге жинақтайды

Салыстырады

Түйіндеме жасайды

Кері байланысты береді (рефлексия) тереңдетеді,

Жалғастырады

Бағалайды

Талқылайды

Жасаңыз – ойлап табыңыз – жаңалық ашыңыз – құрастырыңыз - болжам жасаңыз – ұйымдастырыңыз – жоспарлаңыз – жобалаңыз – безендіріңіз – жетілдіріңіз – өзгертіңіз – қиялдаңыз- теория жасаңыз – ұсыныңыз

Бағалау

Белгілі бір өлшемдер және стандарттар негізінде материалдар мен идеялардың маңызын бағалау

Бағалайды

Талқылайды

Пікір сайысқа түседі

Күдіктенеді

Тұжырымдайды

Құрастырады

Өз пікірін айтады

Қабылдайды

Келіседі

Таниды

Өлшемдерін ашады

Пікір құрастырыңыз – қорытындыға келіңіз – таңдаңыз – шешіңіз – бағалаңыз – сыни тұрғыдан талдаңыз – негіздеңіз – түсіндіріңіз – талқылаңыз – тексеріңіз – бақылаңыз – дәлелдеңіз – ұсыныңыз - анықтаңыз