Файл: Табиева Баытгл Алпысбайызы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.05.2024

Просмотров: 13

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

«Ш.Уалиханов атындағы №3 мектеп лицей» ҚММ, Өскемен қ., Қазақстан
Табиева Бақытгүл Алпысбайқызы
ҚАЗІРГІ ЛИРИКАДАҒЫ ЖЫЛҚЫ БЕЙНЕСІНІҢ МИФТІК НЕГІЗДЕРІ


Мақалада қазіргі қазақ лирикасындағы жылқы бейнесінің мифтік негіздері сөз болады. Алғашқы адамдардың анимистік, тотемистік дүниетанымының қазіргі лирикадағы көркемдік ойлау жүйесіне ұласуы нақты мысалдар арқылы көрсетіледі. Қазіргі ақындардың қоғамдық проблемаларды көтеру, ұлт тарихының беттерін ақтару, лирикалық кейіпкердің жан әлеміндегі арпалыстарды бейнелеп берудегі жылқы бейнесінің көркемдік қызметі сөз етіледі.

Сөз өнеріндегі табиғат пен адам проблемасы – өнердегі мәңгілік мәселелердің бірі. Табиғатты қасиет тұту, киелі санау – ұлттық танымымыздың бастауларына тән сипат. Ұлттық поэзия тарихынан анималистік бейнелер арқылы сан тарау ұғым-түсініктерді, ғаламдық мәселелерді, адам жанының бұлтарыс-қалтарыстарын, табиғат пен адам өмірін психологиялық егіздеу тәсілімен бейнелеп берудің небір озық үлгілерін таба аламыз. Мәселен, «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің ақырғы демі үзілер шақта төбесінен айнала ұшатын алты қазбен арыздасуы, «Ер Тарғын» жырындағы Тарғын батырдың Тарлан атымен қоштасуы, Шалкиіздің көп жаманнан теперіш көргенде көлдегі қулармен жалғыздығын бөлісе суреттеуі жануарларды кие тұтқан көне сенімнен хабар береді.

Адамзаттың көне мәдениетінде жануарлар культі басымдыққа ие болды. Сақтар мәдениеті әйгілі аң стилімен әлемге танылды. Басқа да көне мәдениет үлгілерінен алғашқы адамдардың жануарларды жанды рух, ру-тайпаның ата-тегі, қорғаушысы санаған ежелгі мифологиялық дүниетанымына мысалдар көптеп келтіруге болады. Еуропа зерттеушілері Испания мен Францияның палеолит дәуіріне жататын көне жәдігерлерінде 80 % жануарлар, ал 4 % адамдар бейнеленгенін айтады. Алғашқы қауымдық құрылысқа тән тотемизм, кейінгі Египет пен Үндістандағы биік өркениет туғызған рухани мәдениетке де зооцентризм тән болды. Алғашқы адамдардың өзі мен табиғат жайлы ілкі танымы біздің заманымызға аса бай этнографиялық, археологиялық, музыкалық, фольклорлық жәдігерлер арқылы сақталып жетті. Бұл жәдігерлер алғашқы адамдардың өзінің табиғатпен бірлігі мен теңдігін жануарлар әлемін бейнелеу арқылы білдіріп отырғанын айғақтайды. Уақыт өте келе адамзаттың табиғатты көзсіз кие тұтқан алғашқы дүниетанымы өзгеріске түсті. Бірақ рухани мәдениетке тән гуманистік тенденцияларда анимализмнің мағына түзуші фон ретіндегі маңызы арта түспесе, кемімегенін байқаймыз.


Әдебиет зерттеушісі Біржан Ахмер «Түркілік таным: әдебиеттегі жануарлар бейнесі» атты мақаласында: «Көне Түрік мифологиясында адам мен табиғаттың байланысы жан-жақты сипатталатын көптеген толымды шығармалар бар. Гендегі жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен қастандықтың қақтығысын тылсым табиғат немесе жан-жануарлар арқылы оқырманның ой-санасына әсер етуге тырысқан авторлардың бұл моделі баршаға аян. Қазақ ұғымында тағы, қасқыр, бөрі тотем ретінде «Ергенеқон» дастанында, «Оғызнама» жырында, түркі халықтарының аңыз-әңгімелерінде жиі кездеседі. Келісті әрі өміршең образдарды тудыруда жан-жануарлар әлемінің бейнесі мен тарихын ғана емес, оның характерін де тани білу қажет. Онсыз шығарманың айшықты тұстары толық ашылмай, басты идея тасада қалып қояды», -дейді [1].

Адамзат мәдениеті қашан да рухани дәстүрлердің негізінде өсіп, өркендейді. Ескілік атаулыдан безініп, жаңалыққа жосықсыз құштар болу рухани дамудың оңтайлы жолы емес екені белгілі. Көне замандардан алтын арқау болып үзілмей жетіп, бүгінгі мәдениетімізге негіз болған рухани дәстүр өміршеңдігі ұлттың өзіндік рухани болмысынан айрылмауының бірегей дәлелі. Ұлттық мәдениеттің ілкі кезеңдері кейінгі даму баспалдақтарының алғышарты болатыны да ақиқат. Ертегі, эпостардағы жануарлардың адамға, адамның жануарға айналу мотиві, адамның табиғаттағы жанды-жансыз нысандармен тілдесе беруі, жануарлардың қатысуымен өтетін небір ғажайып оқиғалар бейнелі ойлау жүйесінің ежелгі мифтік санамен үзілмейтін байланысының барын көрсетеді.

Сөз өнеріндегі жануарлар бейнесі – адамзаттың рухани тәжірибесі арқылы қалыптасқан гуманистік көзқарастарының көркем көрінісі. Жануарлар – ұлы рухтың жанды бейнесі, нақты көрінісі ретінде қабылданды. Олар адамды қоршаған тылсым дүниедегі өзіндік орнын анықтап беретін иерархиялық меже, нысан қызметін де атқарды. Адамзаттың кісілігі мен кішілігін оның жануарлар дүниесіне деген қарым-қатынасы арқылы екшеп, таразылаймыз.

Сонау ықылым замандардан бері ауыз әдебиеті үлгілерінде, (мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, ертегілер, батырлар жырында т.б) ежелгі дәуір әдебиетінде де, жыраулар поэзиясында да, әнші-сазгер ақындар шығармашылығында да кеңінен орын алған жануар бейнесі – жылқы. Қазақ жылқыны «төрт түліктің төресі» деп ерекше қастерледі. Оның себебі де жоқ емес. Тарихқа үңілер болсақ, халқымыздың күллі өмірі осы бір түлікпен тікелей байланысты болған. Арғы ата-бабаларымыз – сақ, ғұн, түркілер атқа қонып, қолына қару алғанда төрткүл дүниені аяғынан тік тұрғызған. Кейін ұлт болып ұйысқан кезеңде де қазақ ат үстінен түспей елін сыртқы жаудан қорғап, биенің сүтін ішіп сырқатынан сақайып отырды. Кейінгі мамыражай күндерінде де жылқыдан алыстамады. Бәйгеге жүйрік баптап, сұлу жүрісті жорға мініп, көкпар тартып, аударыспақ ойнап, салтанатты ғұмыр кешіп жатты. Соғыста жеңіске жеткізетін де, тойда абырой әперетін де, белгілі батырлардың атақ-даңқын шығаратын да – жылқы. Жылқының халық тұрмысындағы осындай маңызды орны оның рухани мұрасындағы орталық поэтикалық бейне ретінде қалыптасуына ықпал етті.



А.Н.Афанасьев жылқының мифологиялық дүниетанымдағы орнын былай деп белгілеп береді: «Как олицотворение порывистых ветров, бури и летучих облаков, сказочные кони наделяются крыльями, что роднит их с мифическими птицами... огненный, огнедышащий... конь служит поэтическим образом то светозарного солнца, то блистающей молниями тучи... Вообще богатырские кони наших былин и сказочного эпоса с такой легкостью и быстротою скачут с горы на гору, через моря, озера и реки, отличаются такою величиною и силою, что нимало не скрывают своего мифического происхождения и сродства обожествленными стихиями...» [2].

Ғалым Жанат Әскербекқызы: «Ертегілер мен қаһармандық эпостарда батырдың ең жақын серігі болып, тіл бітіп сөйлейтін, қысылшаң кезде қанат бітіп ұшатын жылқы малы ұлттық және әлемдік танымда мифтік сатыға көтерілген. Судан шыққан суын, қанатты пырақ, кентавр бейнелері соның мысалы»[3], - дейді.

Лирикадағы жылқы бейнесінің ерекшелігі мифологиялық дәстүрдің көнелігімен ғана емес, табиғат стихиясын бейнелеп беруде, ұлт болмысы мен лирикалық қаһарманның ішкі әлемін танытуда кеңінен қолданылатын поэтикалық бейне болуымен де ден қойдырады Қазіргі. Поэзиялық туындыларда лирикалық қаһарман желдей жүйрікке мініп, табиғат стихияларын бағындыратындай асқақ рухқа, күш-қуатқа, еркіндікке ие болады.

Жылқы – табиғаттың алып та дүлей күшінің көркем бейнесі. Ауыздығымен алысқан жылқыны бағындыру, асауға тұсау салу – адамның ұлылығын, асқақ рухын бейнелеп береді. Поэзиядағы жылқы бейнесі – лирикалық кейіпкердің болмысын танытатын поэтикалық бейне. Мәселен, қазіргі қазақ поэзиясының белді өкілі Дәулеткерей Кәпұлы сомдаған лирикалық қаһарман:

Жал-құйрығыңды Ай сылағанда,

Үйірден құлын-тай шұбағанда,

Кең дүниеге паң қарап тұрғам,

Қамыс құлақты қайшылағанда.

Отырған хандай тақтың үстінде,

Әулиесіндім аттың үстінде.

Ажалға да арман – батырымды алу

Ат жалын құшқан ақ күміс күнде. [4, 51 б.],- деп тіл қатады.

Ақынның лирикалық бейнесі – жылқы шетіндегі, ат үстіндегі көшпенді қазақ ұлының бейнесі. Қараңыздаршы, қандай салтанатты, қандай жарасымды! Ол шұбырта айдаған жылқының шетінде кең дүниеге паңдана қарап тұрады. Өзін аттың үстінде тақтың үстінде отырған хан бейнесінде елестетеді. Тіпті, ажалдың өзін ат үстінде қарсы алуға да бар. Міне, осы суреттің бәрі-бәрі Дәулеткерейдің лирикалық қаһарманының бейнесі, ақынның өмірдегі шынайы болмысы.


Қазіргі ақындар лирикада айтылмыш ойды ажарлап, әсерлі етіп беруде, ақиқат болмысты сөзбен кескіндеуде жылқыға қатысты ұғымдарды теңеу, эпитет, метафора ретінде пайдаланады. Есенғали Раушановта: «Құлын сезім, құштар ой тез өшті ме, Қонақтайын бүгін кеп, бүгін кеткен» [5, 105]. Сезімнің айқындауышы болған құлын ары қарай метафора қызметіне көшеді: «Құлынымды желіңнен босатпашы, Тентек еді ол шіркін отқа ұрынар. Естіртуге өзінің үнін бөлек, Бір бостандық сұрайды ол түбінде кеп. Құлынымды жіберме жүрегіңнен, Жүрек үшін өйткені дүбір керек» [5, 105]. Құлынның еркіндігі мен еркелігі, тен­тектігі мен тынымсыздығы сезімді бей­нелеуге толығымен сай келіп, сәтті поэтикалық суреттеуге ұласқан. Өтіп жатқан күндерді күрең қасқа жорға мінген кейіпте кескіндеу – ақынның өзіндік жаңалығы...Замана зобалаңын сөз еткенде де жылқы мінезінің өзіндік ерекшелігі көр­кемдік нысанға алынады: «Ақсаңдап ауыл тұрды кепкен шал боп, Басына айғыр заман тепкен шал боп» [5, 238]. Бұл жолдар «Қазақ ауылы» циклынан алынып отыр. «Ақ қашып, қызыл қуған» заманның қазақ ауылына әкелген зобалаңын көрсетуде «айғыр заман» айқындауы маңызды орынға ие. Қазақ ауылының халі «ақсаңдап тұрған, басына айғыр заман тепкен кепкен шал» бейнесінде көрінсе, бұл заманның қаншалықты қасірет әкелгенін еш баяндаусыз-ақ ұғуға болады.

Көшпелі өркениеттің соңғы жұрнағына бала шағынан көзі қанығып өскен Дәулеткерей ақынның поэзиясында адам өмірі мен жылқының өмірі егізделе суреттеледі:

Көне жота көз тастап, қырымына,

Туған далам – телмірдім тұғырыма.

Құлынымда қоңырау таққан елім,

Риясыз сеніп ем ырымыңа.

Төбемізден төнгенде төбет іңір,

Күн қыранға қызыл тау – көне тұғыр.

Есіңде ме, туған ел, жұмасына

Екі тайдың қолтығын сөгетін ұл, – деп басталған өлеңінің әр шумағының соңғы жолында ақын жылқы жануарының әрбір жас атауын түгендей отырып, оны өзінің балалық шағымен байланыстырады [4, 16 б.]. «Шеки басып қалғанда шегір құнан», «Тайдырып ап сырғасын кер дөненнің», «Қоңыр бесті тұрасын тасқа ұрғанда» т.б сияқты жолдарда ақын жылқы малының жасын түгендеп шығады. Осы өлеңінің соңын ақын жылқыға қатысты тосын суретпен түйіндейді.

...Соның бәрін түсірсем есіме бір,

Келер ме екен қайтадан қошы көңіл.

Қайыс арқан сүйреткен қашағандай,

Қайда зытып барасың, есіл өмір? [4, 17 б.].

Өлеңді оқығанда көз алдыңызға тамаша сурет келеді. Қайыс арқан сүйретіп бара жатқан қашаған. Ақын өмірдің өткіншілігін қашағанның жанды әрекетімен баламалап береді. Поэзияны біз «сөзбен салынған сурет» деп атайтынымыз да осыдан емес пе?! Дәулеткерей ақын тағы бір өлеңінде:


Күреңтөбел кісінейді құлын күн.

Құлын күннің түсінеді тілін кім?!

Қыл мойынға құрық түсіп, тұқыртып,

Жүгенделген жылдарыма жүгіндім, – деп жырлайды құлдыраңдаған құлындай далада еркін өскен күндерін сағынғанда. Уақыттың заңы, қоғамның дамуына еріп өмір кешіп жатқан қазіргі күнін қыл мойнына құрық түсіп бастыққан, жүгенге көнген жылқы бейнесінде суреттейді [4, 21 б.].

Ақын «Ала құлын» атты мына бір өлеңінде жылқы малының төлін ұтымды метафора ретінде қолданады. Ала құлын мен ақ жанына тағдыры дақ салып үлгермеген жас баланы шебер алмастырады.

Тостаған көз пәктігін жасырмай қап,

Бетегелі бел жайлау, жасылды аймақ.

Ала құлын, алаңмын тағдырыңа,

Сыймай жүрген ноқтаға басыңды ойлап [4, 46 б.].

Өрістен ала құлынды көргенде ақынның есіне алаңсыз бала күні түседі. Оған қарап тұрып ақын түрлі-түрлі ойға кетеді. Сол ойлар ақынның қаламынан осындай өрнекті өлең болып туады. Тіпті бір сәттерде Дәулеткерей ақынның жырларында автордың лирикалық қаһарманының болмысы жылқымен астасып кеткенін де байқамай қаласың;

Жарықтық, жылқы жануарым-ай,

Сен десем естен жаңылам ұдай.

Қадірің артты жалғанда мына,

Қазақты тап қып бағыңа Құдай.

...Құйындай соғып көлденең жолды,

Бәйгеден келсем – кермеде ел көрді.

Жүрегім содан «жылқы» деп соғып,

Көңілім жүйрік көк дөнен болды [4, 50-52 б.].

Дәулеткерей ақын өзін жырларында жиі жылқы жануарына теңеп отырады.

Жұртта адасқан бір құлын.– деп өзін балбал тасқа шекесін қасыған құлын бейнесінде кейіптесе, тағы бір өлеңінде өзін Жәнібек батырдың көк дөненіне теңейді [4, 43 б.].

Мен – Жәнібек мінген көк дөнен,

Жоңғармен жойқын ұрыста

Абылай ханның алдына

Тартылған кесе көлденең [14, 73 б.]. – десе, енді тағы бір кезекте;

Мен – қайқая шапқан қарагер,

Шапқан да сайын өрлеген.

Тарланға талдау жұлдырып,

Шашасын шыққа жудырып,

Тізгінді қағып, делбеген,– деп өзін жылқы жануарына ұтымды теңеп отырады [4, 73 б.].

Дәулеткерейдің жырларынан тұлпардың дүбірі анық естіледі. Ақынның өлеңдерін оқып отырсаңыз көз алдыңызға шұрқырап үйір-үйір жылқы келеді. Осының барлығы ақынның жылқы малынан, жан-тәнімен, бүкіл болмысымен жақындығынан болса керек-ті.

Ақын кей сәттерде қала өмірінен жалығады. Түз мінез ұл тауларын аңсап тұрады. Бұл әдебиетте, поэзияда бар үрдіс. Ол классикалық орыс поэзиясында С.Есениннен көрінсе, қазақ поэзиясында ақиық ақын М.Мақатаев өлеңдерінен анық аңғарылады. Бұл барлық адам баласының басындағы күй. Осы күй Дәулеткерейдің де басынан өтеді. Енді бір мезет қала тірлігінен қашып, даланы аңсаған ақынның өлеңдегі бейнесіне көз салып көріңіз: