Файл: Мектепке дейінгі трбие мен оытуды лгілік оу бадарламасы Тсіндірме жазба.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 17.10.2024
Просмотров: 26
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың
үлгілік оқу бағдарламасы
Түсіндірме жазба
1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 14-баптарына, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 тамызда № 29031 болып тіркелді) талаптарына сәйкес әзірленді.
2. Бағдарламаның мақсаты: мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін қолайлы және қауіпсіз білім беру жағдайларын жасау, әр баланың қызығушылықтарын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мен әлеуетін ашу, олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес біліктері мен дағдыларын қалыптастыру, балаларды қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, отбасылық құндылықтарға, патриоттық сезімге, Отанға деген сүйіспеншілікке, мәдени-әлеуметтік нормаларға баулу, баланың мектепте оқуға физикалық, психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік дайындығы үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді беру.
3. Бағдарламаның міндеттері: баланың даралығы мен субъективтілігін қолдауға бағытталған дамытушы заттық-кеңістіктік ортаны құру, оның ішінде арнайы ортаны құру, мектепке дейінгі білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігі ұстанымдарын қамтамасыз ету, балалардың физикалық дамуы, коммуникативтік, танымдық, зияткерлік, шығармашылық дағдыларын, зерттеушілік қабілеттерін дамыту, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру, инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану, тәрбиелеу, дамыту және оқыту мндеттерінің бірлігін қамтамасыз ету, балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш-жігерін біріктіру.
4. Бағдарлама мазмұны:
дені сау баланы тәрбиелеуді, өз денсаулығына саналы түрде қарауды, салауатты өмір салты негіздерін, қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға;
балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ауызекі сөйлеуді, сөздік қорды қалыптастыруды, өмірде әртүрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын меңгертуге;
тәрбиеленушілердің қоршаған әлеммен өзара қарым-қатынас жасауына қажетті танымдық және зерттеушілік әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгертуге;
өнер туындыларын қабылдау мен түсіну дағдыларын қалыптастыру, қоршаған әлемді эмоционалды тану, тәрбиеленушілердің өзіндік шығармашылық іс-әрекеті үшін жағдай жасауға;
тәрбиеленушілерді, оның ішінде ерекше балаларды оң әлеуметтендіру, оларды әлеуметтік-мәдени нормаларға, қоғам және мемлекет, отбасы дәстүрлеріне, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға;
мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру арасындағы оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттерін ескере отырып, сабақтастық пен үздіксіздік қағидаларын қамтамасыз етуге;
баланың мектепте оқуға физикалық, психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік дайындығы үшін тең бастапқы мүмкіндіктер беруге бағытталған.
5. Бағдарламаның мазмұны балалардың физикалық және психикалық дамуының жас кезеңдерін ескере отырып, келесі жас топтарында іске асырылады:
ерте жас тобы – 1 жастағы балалар;
кіші топ – 2 жастағы балалар;
ортаңғы топ – 3 жастағы балалар;
ересек топ – 4 жастағы балалар;
мектепалды топ, мектептегі (лицейдегі, гимназиядағы) мектепалды сынып – 5 жастағы балалар.
Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру мерзімі – 5 жыл, бір жас тобында – 1 жыл.
6. Бағдарлама меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрлеріне және мектепалды даярлық сыныптарына ұсынылады.
Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту
Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту сенсорика ұйымдастырылған іс-әрекеті арқылы күн сайын ойын түрінде балалардың түрлі әрекеттерінде іске асырылады.
Мақсаты танымдық қызығушылықтарын, білуге құштарлығын, қиялын, зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын дамыту.
Міндеттері:
қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру;
түрлі сенсорлық әсерлермен байыту;
қоршаған ортада бірлесіп әрекет етуді дамыту;
түрлі балалар әрекеттерінде көз бен қол үйлесімділігін, қолдардың ұсақ моторикасын дамыту;
заттарды түсі, көлемі, пішіні бойынша өзбетінше зерттеу.
Сенсорика
Заттар мен құралдарды қолдану дағдыларын қалыптастыру, ауызша нұсқау мен үлгіге сүйене отырып, тапсырмаларды орындауды, қимылдардың үйлесімділігін, қолдың ұсақ бұлшық еттерін, «көз бен қолдың» сенсомоторлық кеңістіктік үйлесімділігін дамыту.
Өлшемдері әртүрлі геометриялық фигураларды, өлшемі, пішіні, түсі бойынша ерекшеленетін біркелкі заттарды топтастыруды, түрлі көлемдегі геометриялық фигураларды негізгі түсі, неғұрлым ұқсас қасиеттері бойынша салыстыру және іріктеуді жетілдіру.
Берілген заттардың 3-4 сенсорлық қасиеттеріне байланысты таңдауды жүзеге асыра отырып, түсі, көлемі, өлшемі бойынша әртекті заттарды салыстыру, заттардың санын ажырату (біреу-көп), әртүрлі көлемдегі заттарды атау.
Заттарды түсі, көлемі, пішіні бойынша өзбетінше зерттеу және салыстыруға мүмкіндік беру.
Күтілетін нәтижелер:
үлгі мен ауызша нұсқауға сүйеніп, тапсырмаларды орындайды;
қимылдарды, қолдың ұсақ моторикасын үйлестіру дағдыларын меңгерген;
түстердің атауларын дұрыс қолданады;
ересектердің нұсқауымен түсі, өлшемі бойынша заттарды табады;
түрлі көлемдегі геометриялық фигураларды негізгі қасиеттері бойынша салыстырады;
қарапайым көру-қимыл үйлесімділігін меңгерген;
көлемі, пішіні, түсі бойынша ұқсас біртекті заттарды топтастырады;
заттардың көлемін, түсін және пішінін білдіретін сөздерді түсінеді;
заттардың санын ажыратады (біреу-көп);
әр түрлі көлемдегі заттарды біледі;
заттарды өзбетінше зерттейді.
Мектепалды топ, мектептегі (лицейдегі, гимназиядағы)
мектепалды сынып
(5 жастағы балалар)
Физикалық қасиеттерді дамыту
Физикалық дамыту дене шынықтыру және дене белсенділігі ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы тәрбиеленушілердің қызығушылықтары, қажеттіліктері, жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күні бойы ойын түрінде түрлі балалар әрекетінде жүзеге асырылады.
Мақсаты: денсаулық сақтау технологиясын қолданып, тәрбиеленушілердің негізгі қимыл түрлерін меңгеруі арқылы мәдени-гигиеналық дағдылар, қимыл-қозғалыс тәжірибесін қалыптастыру, дене сапаларын және қимыл белсенділігіне қажеттілікті дамыту.
Міндеттері:
балалардың денсаулығын сақтау және қорғау, физикалық үйлесімді дамыту;
спортқа деген қызығушылықты арттыру, салауатты өмір салты дағдыларын дамыту;
дене шынықтыруға баулу, дененің физикалық сапаларын: күш, жылдамдық, шыдамдылық, икемділікті дамыту;
дене шынықтырудың әртүрлі нысандарында шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін дамыту;
балалардың дене қалыптарының дұрыс дамуына, қимылдарының үйлесімді қалыптасуына, жалпақ табандылықтың алдын алуға медициналық-педагогикалық бақылау жүргізу және ұлттық қимылды ойындар өткізуге жағдайлар жасау.
Дене шынықтыру.
Негізгі қимылдар:
Жүру. Сапта бір-бірден, екеуден, үшеуден жүру; аяқтың ұшымен, аяқтың ішкі және сыртқы қырымен жүру; тізені жоғары көтеріп жүру, заттардан бір қырымен аттап жүру; белгі бойынша басқа бағытқа бұрылып жүру, қолдың бастапқы қалыптарын өзгерте отырып, әртүрлі қарқында секіргіштен аттап жүру; ересектің белгісімен тоқтап, қозғалыс бағытын өзгертіп, шашырап жүру; заттардың, кегльдердің арасымен, жіптерден аттап жүру; қосалқы қадаммен алға қарай жүру.
Тепе-теңдікті сақтау. Заттардан аттап жүру, шектелген жазықтықтың үстімен қосалқы қадаммен, аяқтың ұшымен жүру. Скамейканың үстіне қойылған текшелерден аттап жүру, арқан бойымен бір қырымен, қосалқы қадаммен (өкшені арқанға, аяқ ұшын еденге қою) жүру, әр қадам сайын допты алдынан немесе артынан қолдан-қолға ауыстыра отырып, кедір-бұдыр тақтай, гимнастикалық скамейка бойымен жүру; гимнастикалық скамейканың бойымен екі қадам қашықтықта орналасқан іші толтырылған доптардан аттап өту; қолдарынан ұстап, жұптарымен айналу.
Жүгіру. Шашырап, жұппен, қатармен бір-бірден, екеуден, үшеуден тізені жоғары көтеріп жүгіру; бір сызыққа қойылған заттардың арасымен, кедергілердің арасымен өту арқылы «жыланша» жүгіру, кедергілерден өту арқылы әртүрлі жылдамдықпен – баяу, жылдам, орташа қарқынмен 1,5–2 мин тоқтамай жүгіру; жүрумен алмастыра отырып, 100-120 метр арақашықтықта жүгіру; белгіленген жерге дейін жылдамдыққа (ұзындығы 20 м) жүгіру.
Еңбектеу, өрмелеу. Жүру мен жүгіруді алмастырып, заттардың арасымен «жыланша» төрттағандап еңбектеу, кедергілер арасынан еңбектеу; допты басымен итеріп, төрттағандап еңбектеу (арақашықтығы 3-4 м); гимнастикалық скамейка бойымен қолымен тартылып, иықтары мен тізелеріне сүйене отырып, етпетімен өрмелеу. Бірнеше заттардан еңбектеп өту, әртүрлі тәсілдермен құрсаудың ішіне еңбектеп өту, гимнастикалық қабырғамен өрмелеу және бір гимнастикалық қабырғадан екіншісіне ауысып өрмелеу.
Секіру. бір орында тұрып, алға қарай 3–4 м қашықтыққа жылжу арқылы секіру, екі тізенің арасына қапшықты қысып алып, түзу бағытта (арақашықтығы 6 м) қос аяқпен секіру; қос аяқпен заттардың арасымен (арақашықтығы 4 м), оң және сол аяқты алмастырып, заттардың арасымен (арақашықтығы 3 м), бір орында тұрып биіктікке секіру (6-8 метр); бір аяқпен және қос аяқпен құрсаудан құрсауға секіру (арақашықтықтығы 40 сантиметр), алға айналдыра отырып, ұзын және қысқа секіргіштен секіру, оң және сол аяқты алмастыра отырып, арқаннан, сызықтан секіру, тұрған орнында айналып секіру; биіктіктен секіру, 20 см дейінгі биіктіктікке секіру.
Лақтыру, қағып алу, домалату. Допты жоғары, жіптің үстінен лақтыру және екі қолымен, бір қолымен (оң және сол қолын алмастыру) қағып алу; допты бір қатарға қойылған заттардың арасымен домалату, допты қабырғаға лақтыру және екі қолымен қағып алу; 2–2,5 м арақашықтықтағы нысанаға құм салынған қапшықты, асықты лақтыру, допты екі қолымен бір-біріне (арақашықтығы 1,5–2 м) басынан асыра лақтыру, допты екі қолымен заттардың арасымен (арақашықтығы 4 м) жүргізу, допты лақтыру және алға қарай жылжып, екі қолымен қағып алу (арақашықтығы 4–5 м).
Сапқа тұру, сап түзеу, сапқа қайта тұру. Сапқа бір, екі, үш қатармен тұру, бір-бірінің жанына және бір-бірінің артынан сапқа тұру, орнында айналу, оңға, солға бұрылу, сап түзеп, бір және екі, үш қатармен қайта тұру.
Музыкалық-ырғақтық қимылдар. Таныс дене жаттығуларын музыка әуенімен әсем және ырғақты орындау. Қимылдардың ырғағын музыкалық сүйемелдеумен үйлестіру. Түзу бағытта адымдап жүру. Жұбымен шеңбер бойымен жүру.
Жалпы дамытушы жаттығулар.
Қол және иық белдеуіне арналған жаттығулар. Қолды кеуде тұсына қою, екі жаққа созу; қолды жоғары көтеру және екі жаққа созу, қолды желкеге қою. Саусақтарды айқастырып, алға-жоғары көтеру (қолды сыртқы жағымен ішке қарай бұру). Қолды кезек жоғары-артқа көтеру.
Кеудеге арналған жаттығулар. Допты жоғарыдан (алға және артқа) бір-біріне беру. Қолды алға көтеріп оңға, солға бұрылу. Гимнастикалық қабырғаға қарап тұрып, белінің тұсындағы тақтайшаны ұстап, алға еңкею. Гимнастикалық қабырғаға арқасымен сүйеніп тұрып, белінің деңгейіндегі рейкадан ұстап, аяқты кезектестіре бүгу және тік көтеру. Алға еңкейіп, алақанын еденге тигізу. Қолдарын айқастырып желкеге қою, қолды жазып, екі жаққа созу. Алға қарай еңкейіп, алақанды еденге тигізу; артқы жағынан қолды айқастырып көтеру; қолды жоғары көтеріп, жан-жаққа бұрылу. Отырып алға қарай еңкею, тізерлеп тұрып алға еңкею.
Қолдың күшін жетілдіруге арналған жаттығулар. 3-5 метр қашықтықта екі қолын жерге қойып, жүру (бір бала екінші баланы аяғынан ұстайды).
Іштің бұлшық еттеріне арналған жаттығулар: екі бала жұптасып жасайды: бірінші бала қолын желкесіне қойып, шалқасынан жатып, денесін көтереді, екінші бала оның аяғына отырады (5-6 рет); гимнастикалық қабырғада қолдарымен тартылып тұрып, аяқтарын көтеру (5-6 рет).
Арқаға арналған жаттығулар: отырып алға, артқа еңкею (5–6 рет),стретчинг элементтері бар жаттығуларды орындау, қолдың көмегімен етпетінен жатып еңбектеу (3 метр), аяқтың ұшына көтерілу, қолды алға созып, жартылай отырып-тұру (2-3 рет); қолды тізеге қойып отырып-тұру; аяқтың ұшымен ұсақ заттарды жылжыту.