Файл: . Жанкелдин атындаы орта мектебі кммні малімі Бекхожина Нурлыгул Абдрасейтовна.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 03.02.2024

Просмотров: 12

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

«Ә.Жанкелдин атындағы орта мектебі» КММ-нің

мұғалімі Бекхожина Нурлыгул Абдрасейтовна

Эссе

Мектеп – менің түптамырым
Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да   

                                          мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі.  

Мектебімізді таза, берік  һәм өз жанымызға (қазақ

жанында) үйлесетін негізде құра білсе келешегіміз

үшін тайынбай - ақ серттесуге болады.

                                 М.Жұмабаев

        

Мектеп – бұл біздің өміріміздегі ең бірінші  қолымыздан  ата - анамыз  жетектеп, үлкен  үмітпен  әкелетін  білім  ордасы, маңызды қадам болып табылады. Дәл осы  қара  шаңырақта, осы  ордада, осы  жерде  біз өз ішкі дүниемізді ашып, үлкен дүниеге кіре бастаймыз, білім  бұлағына  бас  қоямыз, жаңа  әлемнің  құшағына  енеміз. Алғаш  әріп  танығаннан  бастап, отыруды, ортамен  араласуды, сөйлеуді, қарым-қатынас  жасауды, мәдениетті үйренеміз.

Киелі  орда - бұл  ғана емес, сонымен қатар өмірді, өмір  сүруді  үйрететін жер. Сенің  санаңа  білім  нәрін  себумен  қатар, адал болуды, достық орнаған әр қоғамда өмір сүруді, адал  еңбекпен  табыс  табуды, біреудің  ала  жібін  аттамауды  үйренеміз. Сөйтіп  жүріп  шыңдала  бастаймыз, бойда  талант, ерекше  қабілет пайда болып,  осы мектеп қабырғасынан мамандық таңдап, болашақтың тұтқасын ұстауға дайындаламыз.

Бұрынғылар «Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады» деген екен. Оның біріншісі - ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі – ұстаздық қылып, шәкірт баптау, үшіншісі – ілім - білім жинап, қоғамға қызмет ету. Бұл орайда, тәлім - тәрбие – ата - анадан, оқу мен білім - ұстаздан, ал қоғамға қызмет ету - баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар. Ілім мен ғылым - бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Бұл орайда, Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөзі еске түседі. Осы бір аталы ұғым біз үшін әрқашанда басты ұстаным болуы шарт.

Бүгінгі мектеп оқушылары, ел тізгінін ұстар - ертеңіміз. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші де осылар. Білімнің дамуы - бұл қоғамның алға жылжуы, адамзат өркениетінің өнегелі өлшемі. Сондықтан 21 ғасырда кез келген елдің көзіне қарақ, көкірегіне шырақ болатын да, қоржынын қампайтып, қалтасын томпайтатын да - білім. Ал білімнің қайнар көзі - мектеп.  


Бүгінде мемлекет қолдан келген мүмкіндіктің барлығын да жасап келеді және солай болуы да тиіс. Себебі ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат - ең қайтарымы мол, қайырымы кең игі шара екені белгілі. Бұл болашақ үшін салынған ең маңызды да мағыналы инвестиция. Өйткені, мемлекетіміздің келешек экономикалық, әлеуметтік, рухани даму нәтижелері, өрлеуі мен өркендеуі бүгінгі мектептерде қалыптасып жатыр. Бұл жерде ең алдымен оқытушы бейнесі, ұстаз болмысы - үйретуші ғана емес, тұла бойы тәлімді тәрбиеге, өрелі өнегеге толы тағлымды жан. Ол болашақ қоғамның бет-бейнесін қалыптастырар бірден - бір тұлға. Ұрпағымыздың ертең қандай адам болуы - мұғалімдердің бүгінгі арқалар жүгі болмақ. Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол - кемел ұстаз. Біз осы бір қарапайым қағиданы қай кезде де жадымыздан шығармауымыз қажет.

Мектеп – балаларды бүлдіршін кезінен бастап, есейіп ер жеткенге дейін білім нәрімен сусындатар алтын ордамыз. Мектеп табалдырығына алғаш қадам басқан соң, жылы шыраймен қарсы алатын, анаңдай тәрбиелейтін ұстазды көресің. Қазақтың: «Мектеп – кеме, білім - теңіз» сынды нақыл сөзі бекер айтылмаса керек. Себебі сенің «Мектеп» атты кемең қай жерге дейін сені жетелесе, сен де сол жерге дейін жетіп, биік шыңдарды бағындырарың анық.

Мектеп, ұстаз, шәкірт! Бұл сөздерде қаншама мағына жатыр десеңші! Осы үш сөз бір арнаға тоғысқандай. Бұл қаламның басы мен ұшы сияқты, егіз жүретін түсінік. Мектеп пен шәкірт... Ал, осы екі ұғымға жан бітіретін құдірет иесі әрине, – ұстаз. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз оның жүрегі» деген тіркес осы сөздерімнің мәнін ұқтырғандай. Ұстазды ақылдылық пен көрегенділіктің бейнесі деп білемін. Ұстаз – зор тұлға ол күннің құдіретті сәулесі іспеттес. Барша шәкірттің тұла бойына білімінің биігін сыйлай отырып, қаншама жанның жүрегінен орын алатын, өз өмірін өзгенің болашағына арнайтын ақылдың тозбайтұғын асылы. Бойындағы бар білімі мен ақылы, арман мен мақсаттарын орындай жүріп, шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын бейне де осы – ұстаздікі. Алғаш қолыңа қалам беріп, сені білімнің тереңіне бойлатып, үлкен өмірдің қыр - сырын үйрететін алғашқы ұстаз кім - кімнің де жүрегінің түкпірінде қалатыныны даусыз.

Ұстаз деген ұлылықтың биігіне шыға білген жан. Өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейілінше шешен, өнер - білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ер намысын ардақтайтын жақынға да жатқа да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы шарт. Осы орайда Д.Ушинскийдің: «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген дана сөзі ойға келеді. Шынымен де, ұстаз жолы қиын жол. Жан - жағындағы адамдарға қуат беріп, білімнің сар

даласында дамыл таппай, ізденісте жүреді. Себебі, мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі де жойылары хақ. Ұстаздың зор міндеті де сол – адамды қалыптастырады. Айта берсек ұстазға жүктелер міндет те, айтылар теңеу де көп. Десек те, ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттеріне жемісті ықпал жасайтын болады. Ендеше, білімнің тұтқасы мен айнасы бола білген, кез келген адам баласың түптамырына айналған мекен – мектеп қабырғасында шәкірттерін биікке жетелеген ұстаздарымыздың мерейі үстем болып, мектеп қабырғасынан алған білімдерін өмірден өз орындарын адаспай таба білуге, жақсы жолға жұмсай білетін білімді, дарынды да дара шәкірттер көп болсын деп тілеймін!