ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 16.03.2024

Просмотров: 25

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Алдырып ем шашымды!

Досым екеуміз

Шекіссек те екеуміз,
Үйге жылап қайтпаймыз.
Сөзімізге бекембіз,
Апамызға айтпаймыз.
Естімесе өздері,
Айтып қанша қажеті?
Біліп қойса, біздерді
Ойнатпайды бір жеті!

Бөпем

Бөпеме ызам келеді,
Бір жыласа, көнбейді.
Тек мамасын емеді,
Тамақ берсем, жемейді.
Мен алтыға толғалы
Бәрін жақсы дей берем.
Тамақ болса болғаны,
Тәттіні де жей берем!

Ит

Нанымды көрсетіп,
Үнімді өшірдім.
Бірақ ит арс етіп,
Зәремді ұшырды.
Білмеймін, бұл сәтте
Бұрыс кім, дұрыс кім?
Сасқаннан мен итке:
– Итсің! – деп ұрыстым.

Ара

Қызғалдақтың қасына
Қойып едім қондырмай,
Бізін сұғып басыма,
Шақты ара оңдырмай.
Енді тимен оған мен,
Ісіп кетті бас, шекем.
Балы тәтті болғанмен,
Тілі өзінің ащы екен!


Неге?

Бұлттар неге ауады?
Жаңбыр неге жауады?
Шағыл* неге көшеді?
Жарық неге өшеді?

Маса неге шағады?
Жұлдыз неге ағады?
Орман неге шулайды?
Теңіз неге тулайды?

Ана тілің арың бұл

Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

Апам неге жылады?

Көзім түсті апамның
Көзіндегі жасына.
«Белгісі ме қапаның?» –
Деп келдім мен қасына.

Сұрамақпын, білмекпін,
Жанына не батқанын.
Байқамаппын, көрмеппін
Пияз турап жатқанын.

Алма ағашы

Ағаш емес, біліңдер,

Асыл ана бұл тұрған.

Толған сайын түйіндер

Алма ағашы құлпырған.
Әр түйіні, қарашы,

Оған перзент-баладай.

Онсыз алма ағашы

Жалғыз басты анадай.

Күшігім

Өзі адамға үйірсек,
Өліп-өшіп ойнайды.
Қиқуласып жүгірсек,
Қашып жүр деп ойлайды.

Қуып жетіп қалғанда,
Білмейді не істерін.
Балтырыңнан алғанда,
Батырмайды тістерін.

Кәмпит

Азу тісім ауырды,
Жатып қалдым бүк түсіп.
Тауыстым бар сабырды,
Бір жақ ұртым кетті ісіп.
Қарындасым монтиған
Мұны анықтап көрмейді.
— Ұртыңдағы томпиған
Кәмпитіңнен бер!— дейді.


Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Шағырлой ауылы

Абай «мектеп – бөбекжай – балабақша» кешені

Ибатолла Ақниет Мерейқызы

3- сынып оқушысы

Қадыр Мырза Әлі өлеңдері


  1. «Ұлы махаббат»

  2. «Бірінші қыркүйек»

  3. «Ақ терек, көк терек»

  4. «Мұғалима»

  5. «Ана»

  6. «Ұсыныс»

  7. «Аурудың аты»

  8. «Әттеген – ай»

  9. «Не үшін?»

  10. «Домбыра»

  11. «Көктем»

  12. «Жаз»

  13. «Күз»

  14. «Қыс»

  15. «Диктант»

  16. «Тазалық»

  17. «Кім қайда барады?»

  18. «Кімге не артық?»

  19. «Ішік»

  20. «Еліктеу»

  21. «Досым екеуміз»

  22. «Бөпем»

  23. «Ит»

  24. «Ара»

  25. «Неге?

  26. «Ана тілің арың бұл»

  27. «Апам неге жылады?»

  28. «Алма ағашы»

  29. «Күшігім»

  30. «Кәмпит»