ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 28.03.2024
Просмотров: 118
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
1- дәріс. Әлеуметтану және әлеуметтанудың болашағы.
1.Әлеуметтануға кіріспе. Жеке адам және қоғам.
2.Әлеуметтік орта және әлеуметтік мінез-құлық. Әлеуметтік қатынастар және әлеуметтік институттар. Әлеметтендіру және сәйкестендіру.
3.Әлеуметтік шындық оның жалпы мағынасы. Әлеуметтік ойлау. Әлеуметтік қиял. Әлеуметтiк перспектива.
Сабақтың мақсаты: Студенттерді әлеуметтанудың пәнімен, мақсаттарымен, оның пәнаралық байланыстары мен таныстырып, алынған білім мен дағдыларын бекіту. Сонымен қатар, әлеуметтанудың ғылым ретіндегі мақсаты мен міндеттерін таныту және оны қоғам туралы ғылым тұрғысынан ұғындыру.
(Әлеуметтану) терминін ең алғаш рет XIX ғасырда Огюст Конт қолданған. Француз тілінен дәлме-дәл аударғанда ол (фр.socio Pogie) қоғам, әлеуметтік өмір туралы ғылым дегенді білдіреді.
Әлеуметтану ғылыми пирамидадағы ең жас ғылымдардың бірі. Ғылымның өзі ерекше таным формасы ретінде тек XVII ғ. ғана пайда болды, ал «ғылым» және «ғалым» деген терминдерді шамамен 1840 жылдары Кембридж университетінің профессоры У.Уэвелл енгізген.
Әлеуметтану пәнін анықтауда оның дефиницияларының әрқилы қатары пайда болды. Мыс. Богардус «Әлеуметтану - әлеуметтік топтар туралы ғылым» десе, Зиммель «Әлеуметтану – адамдарды ұйымдастыру формалары туралы ғылым» деп есептейді. П.Сорокин «Әлеуметтану – топтар, әлеуметтік өзгерістер және олардың арасындағы қатынастар туралы ғылым» дейді. Осылардың арасынан жалпы мақұлдауға ие болған Калифорния университетінің профессоры Нейл Смелзердің анықтауы болып табылады. Смелзер «Әлеуметтану - қоғам мен ондағы әлеуметтік қатынастарды ғылыми сұрыптау» деп анықтады.
Әлеуметтану пәні нені зерттейді?
Әлеуметтану өз зерттеу пәніне қатысты үш бағытта өрбиді, яғни қазіргі әлеуметтануда оның зерттеу пәні үш топқа бөлінеді.
1. Номиналдық дефинициялар, Бұған «социология» терминінің өзін анықтайтын түсініктер жатады.
2. Формалды дефинициялар, бұған адамдардың ұйымдасу формаларын анықтайтын түсініктер жатады.
3. Психологиялық дефинициялар, бұған жеке даралық және топтық сана-сезімге негізделген адамдар мінез-құлқын анықтайтын түсініктер жатады.
Біріншіден, әлеуметтану әртүрлі түпкі жүйедегі үрдістерді қоғамның жалпы, біртұтас негізде қызмет атқаруымен байланыстыра отырып зерттейді, яғни Т. Парсонстың пікірінше әлеуметтану интеграцияға бейім үрдістер мен құрылымдарды зерттейді.
Екіншіден, әлеуметтану қоғамда жалпы әлеуметтік байланыстар, механизмдер қалай бейімделуін зерттейді.
Үшіншіден, әлеуметтану барлығын да адам мүддесі, оның тұтынысы, күтуі және көңіл-күйі тұрғысынан сұрыптайды.
Әлеуметтану пәнін құрайтын негізгі түсініктер
Әлеуметтік құрылым - әлеуметтік институттар, әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер жиынтығы. Отбасы, өнеркәсіп, дін, білім, әскер, меншік, мемлекет – бұлар ертеден пайда болған қоғамның фундаменталды институттары.
Әлеуметтік институт - қоғамдағы белгілі бір фундаменталды тұтынысты қанағаттандыру үшін осыған сәйкесті әлеуметтік функцияны іске асырудың стандартталынған формасы. Фундаменталды тұтыныс дегеніміз қоғам және даралық тұтыныстарының бір мүддеде тоғысуы. Ондай тұтыныстарға мыналар жатады: өмір сүруге қаражат табу, жас ұрпақтарға білім беру, қоғамды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және т.б. Осы тұтыныстар мыңдаған адамдардың тұрақты қызметі арқасында іске асырылады, яғни осы негізде біріктірілген адамдар мен олардың қызметі әлеуметтік институтты құрайды.
Әлеуметтік роль. Әрбір институт өзіне дәл көрсетілген қызметті атқарады, яғни осы қызмет қаласындағы жеке адам өзіне берілген әлеуметтік рөлде ойнайды. Мыс.: мыңдаған адамдар оқытушы немесе офицер ролінде ойнап кетеді, бірақ бұл әлеуметтік рөл өз орнында қала береді.
Әлеуметтік мәртебе - қоғамдағы жеке адамның әлеуметтік жағдайы. Кейбір мәртебелер оған туғаннан тән, мыс.: ұлты, ал кейбір мәртебелер әлеуметтендірілу арқасында (оқуы, тәжірибе жинақтауы) алынады, мыс. коммерциялық банк президенті.
Әлеуметтік топтар – бір деңгейдегі әлеуметтік жағдайдағы адамдар топтары. Олар аз немесе үлкен топтар болуы мүмкін. Аз топтарға достар компаниясы және т.б. жатады. Үлкен әлеуметтік топтар мыналарға бөлінеді: мысалы жас мөлшеріне орай (қарттар, жастар); ұлтына орай; кәсібіне орай (инженер, оқытушы); экономикалық (акционер, рантье); діни (христиан, мұсылман); саяси (либерал, консерватор, демократ).
Әлеуметтік стратификация. Әрбір әлеуметтік рөл немесе мәртебе бір-бірімен құқықтар мен міндеттер арқылы байланысқан, яғни қоғам біреуінің құқығы артық, екіншісінікі кем, немесе біреуінің міндеті аз, ал екіншісінікі көп болып келетін пирамида түрінде орналасады. Міне осы пирамида - қоғам әлеуметтік стратификация арқылы түсіндіріледі және осындағы қатынастар әлеуметтік стратификация жолымен іске асырылады.
Мәдениет – бұл қоғамдағы материалды ескерткіштер мен рухани құндылықтар жиынтығы, яғни бұған дәстүр, құлық, ереже, заң, тіл, норма және т.б. жатады.
Әлеуметтендіру – бұл даралықтың мәдени нормалар мен әлеуметтік рөлдерді игеруі. Социализация үрдісі өмірге келген кезінен бастап қартайғанша дейін созылады.
Әлеуметтік бақылаушы – нормалар мен ролдерді даралықтың дұрыс игеруін бақылап отырады. Ол жан-жақты: үйде ата-ана бақыласа, мектепте – оқытушы, көшеде – тәртіп сақшысы, жұмыста - әкімшілік, күнделікті өмірде – мемлекет бақылап отырады. Ауытқушыларға әртүрлі санкциялар қолданылады. Олар позитивті (сыйлау) және негативті (жазалау) болып бөлінеді. Бақылау механизмдерінің дәлдігі - қоғамның тұрақтылығы мен көркеюінің кепілі болып табылады.
Жеке адам және қоғам
Ең әуелі бір-біріне ұқсас үш түсінікті ажыратып алу қажет «ел», «мемлекет» және «қоғам». Ел - өз шекарасы бар және саяси егемендікті пайдаланатын әлемнің не белгілі бір территорияның бір бөлігі. Мемлекет – сол елдің саяси ұйымдастырылуы, өзіне белгілі бір билік режимін (монархия, республика) және басқару органдары мен құрылымын (Үкімет, Парламент) қосады. Қоғам – сол елдің әлеуметтік ұйымдастырылуы, оның негізі әлеуметтік құрылым болып табылады. Елді – жағырафия, мемлекетті – саясаттану, қоғамды – социология зерттейді.
Әлеуметтанудағы негізгі түсінік - қоғам. Адамзат қоғамы әрқашан өзгеріс үстінде. Қоғам – тек елдің емес, сол сияқты - ұлттың, ұлыстың, тайпаның да әлеуметтік ұйымдастырылуы. Себебі бір елді екінші елден нақты мемлекеттің шекара арқылы бөліп тұрмаған кездері де болды, тіпті біздің қазіргі түсінігіміздегі ел де болған жоқ. Осындай жағдайда жер бетінде емін-еркін жүрген ұлыстар мен тайпалардың да өз қоғамдары болды. Қоғам түсінігін кез-келген тарихи кезеңде, кез-келген адамдар бірлестігіне қатысты қолдануға болды. Ол үшін ол бірлестік мынадай негіздерге сай болуы қажет:
-
Бірлестік басқа бір өзінен ірі жүйенің (қоғамның) бөлігі болып табылмаса. -
Неке негізінен осы бірлестік өкілдері арасында жасалады. -
Ол негізінен өз өкілдері болып табылатын адамдардың балалары есебінен толығып отырады. -
Өз меншігінде территориясы бар. -
Оның өз тарихы, өз аты бар. -
Оның өз басқару жүйесі бар. -
Оны мәдениет деп аталатын жалпы құндылықтар жүйесі біріктіреді.
Американдық социолог Шилз қоғамның негізгі белгілері осылар деп анықтайды. Мұндай критерийлерге жүздеген миллион азаматы бар қазіргі державалар да, жүздеген ғана мүшесі бар тайпалар да сәйкес келіп тұрғанын көруге болады.
Қоғамдар жіктелісі (типология).
Социологтар барлық өмір сүріп тұрған және өмір сүрген қоғамдарды түрлерге бөледі. Сәйкес белгілері не негіздері арқылы біріктірілген түрлер – типологияны құрайды. Әлеуметтануда бірнеше типология бөлінген.
Егер басты негіз ретінде жазу мәдениеті алынса, онда қоғамдар жазуға дейінгі және жазу мәдениеті бар қоғамдар деп бөлінеді. Жазуға дейінгі – сөз мәдениеті бар, бірақ жаза алмайтын қоғамдар. Жазба қоғамдар – алфавиті бар және дыбысты материалдық құралдарға (пергамент, кітап, газет, компьютер) тіркейтін қоғамдар. Жазба мәдениет 10 мың жыл бұрын пайда болса да, американдық социолог М.Мид зерттеулері көрсеткендей Джунгли мен Аравия құмдарында әлі күнге жазудан хабары жоқ тайпалар бар.
Басқа типология қоғамдарды жәй және күрделі деп бөледі. Бұл жерде критерий басқару деңгейі мен әлеуметтік теңсіздік деңгейі болып табылады. Жәй қоғамда бір не екі басқару деңгейі және сол шамалас әлеуметтік теңсіздік деңгейі болады.
Күрделі қоғамдарда мемлекеттік-бюрократиялық аппаратқа сүйенген бірнеше басқару деңгейі және кіріс шамаларының орналасуына қарай бірнеше әлеуметтік айырма деңгейі болады. Кезінде стихиялы пайда болған әлеуметтік теңсіздік енді заңдық, экономикалық, діни және саяси тұрғыдан бекітіледі.
Үшінші типология негізінде өмір сүру қажеттілігін табу тәсілдері жатыр. Ең ерте тәсілдер – аң аулау және терімшілдік, яғни осыған сәйкес ерте дүние қоғамы бөлінеді. Ол қоғам шағын туыс топтардан (трибтер) тұрды және бұл трибтерді бір-бірінен зор кеңістік бөлді. Бұл қоғам жүз мыңдаған жылдар өмір сүрді. Бұл қоғамның орнына басқа тәсілдерге, яғни мал шаруашылығы мен жер шаруашылығына негізделген қоғам келді. Мал шаруашылығы – жабайы аңдарды қолға үйретуге негізделген, өмір сүру қажеттілігін табу тәсілі. Адамдар аңды аулағаннан гөрі, оны қолға үйрету тиімділігін түсінгеннен кейін аң аулау қоғамынан мал шаруашылығы қоғамы өсіп шықты. Ал терімшілдіктен жер шаруашылығы қоғамы өсіп шықты. Жер шаруашылығымен айналысқан қоғамдар отырықшы өмірге көшті. Мемлекет, қалалар, жазба мәдениеті, яғни өркениеттің негізгі белгілері пайда болды.
Жер шаруашылығын 2 ғасырдан артық уақыт бұрын өнеркәсіп алмастырды. Өнеркәсіпті қоғам дәуірі туды. Бұл қоғам белгілері: зауыт трубалары, уланған қала кварталдары, зор көмір бассейндері және т.б. Көптеген мамандар пікірінше XX ғ. 80-ші жылдары өнеркәсіпті қоғамды постөнеркәсіпті қоғам алмастырды. Бұл барлық жерде емес, тек белгілі бір елдерде, мысалы, АҚШ, Еуропа елдерінде және Жапонияда ғана. Постөнеркәсіптік қоғамда басты орынға ақпарат алу мен тарату және қызмет көрсету аймағы шығады. Постөнеркәсіптік қоғам белгілері: роботталған өнеркәсіп, зор супермаркеттер, космос станциялары.
Қазіргі әлеуметтану берілген типологиялардың барлығын да қолданады. Тек әлеуметтану оларды синтетикалық моделге біріктірген. Оның төлиесі американдық социолог Д.Белл. Ол әлем тарихын үш кезеңге бөлді: өнеркәсіпке дейінгі, өнеркәсіпті және ақпараттық қоғам. Бір кезеңнен екіншіге өткен кезде технология, өнеркәсіп тәсілі, меншік нысаны, әлеуметтік институттар, саяси режим, мәдениет, өмір үлгісі, тұрғындар саны, қоғамның әлеуметтік құрылымы өзгеріске ұшырайды.
Өнеркәсіпке дейінгі немесе дәстүрлі қоғамда дамудың шешуші факторы – ауыл шаруашылығы, ал негізгі институттар әскер мен діни институттар болды.
Өнеркәсіпті қоғамда - өнеркәсіп, ал негізгі институттар корпорациялар мен фирмалар.
Ақпараттық қоғамда – теоретикалық білім мен ақпарат, ал негізгі институттар осы білім өнеркәсібі болып табылатын университеттер мен зерттеу институттары және бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады.
Өнеркәсіпті қоғамнан ақпаратты қоғамға өткен кезде тауар өндіруші экономика қызмет көрсетуші экономикаға айналады. Әлеуметтік құрылым да өзгереді, топтық бөлініс кәсіпкерлік бөлініске айналады. Меншік – теңсіздік критериі ретінде өз маңызын жоғалтады, теңсіздіктің шешуші факторына білім мен ғылым деңгейі айналады.
Қоғам эволюциясы
Социологтар адамзат өркениеті өткен кезеңдерді салыстыра отырып нақты бір заңдылықты тапты. Оны қоғам дамуының заңы деп атады. Ол заң бойынша қоғамның кейінгі даму кезеңіне оның алдындағымен салыстырғанда 3-4 есе аз уақыт кетеді. Мыс: дәстүрлі қоғам өнеркәсіпті қоғамға қарағанда анағұрлым ұзақ дамыды.
Қазбалар негізінде адамзат эволюциясын зерттеген археологтар да осындай пікірге келді. Адамзат эволюциясын олар тарихи дәуірлер деп атады. Мыс.: палеолит (тас дәуірі) металл дәуірінен ұзақ, ал ол өз кезегінде мезолиттен ұзақ. Қазіргі дәуірге жақындаған сайын тарихи уақыт тығыздалып келеді, қоғам тез, динамикалық дами бастады.
Кейінгі зерттеулерге сай социологтар бұл заңға қоғам эволюциясының екінші бір заңын қосты. Ол заң бойынша халықтар мен ұлттар біркелкі жылдамдықпен дамымайды. Қазіргі дәуірдің социологиялық картасы айқын көрсетіп отырғандай өнеркәсіпті дамыған аудандармен көршілес дәстүрлі қоғам жағдайындағы халықтар да бар.
-
Әлеуметтік прогресс.
Адамзат қоғамының жабайылық жағдайынан өркениет шыңына шығу жолындағы ғаламдық үрдіс - әлеуметтік прогресс деп аталады. Бұл өте кең түсінік. Ол өзіне құрамдас бөлік ретінде экономикалық, техникалық және мәдени прогрестерді қосады. Әлеуметтік прогресс фундаменті – техникалық прогресс болып табылады.