Файл: Шкрім оулары Республикалы байауына іріктелген ледер Аны пен таны 33 бетте.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 28.03.2024

Просмотров: 20

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

«Шәкәрім оқулары» Республикалық байқауына іріктелген өлеңдер

1. Анық пен танық /33 бетте/

Ойлаңыз, ақыл, бiлiм қайда болмақ,
Денеде қандай орын, жайда болмақ?
Бiлу, нану, ұнату – ақыл ici,
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?

Тән – сезiп, құлақ естiп, көзбен көрмек,
Мұрын – иiс, тiл – дәмнен хабар бермек.
Бесеуiнен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр iстi сол тексермек.

Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөнi келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қылайын деп ұнағанда,
Ғадiлеттi жүрегiң бiр қозғалмақ.

Бiр билiк сол жүректен шығарылмақ,
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.
Ойыңды дұрыс деме, терiс деме,
Сол арасын анықтап байқа бiрақ.

«Жарайды» деп ұнаса, бас иземек,
Жек көрсе, жиiркенiп дiрiлдемек.
Жүрегiңнiң тiлi жоқ, ымбалы сол,
Ұғып ал да бола көр соған көмек.

Қазақта жоқ ақылмен ой бекiтпек,
Нәпсi ұнаса болғаны, бәрi бiтпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.

Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлiнше о-дағы сынға салмақ.
Аз ойланса қазақтың басы қатып,
Зиян iстi пайда деп қойып қалмақ.

Ықтималдың есiгi екеу болмақ,
Iшiне пайда, зиян – бәрi толмақ.
Нысананы сығалап дәлдеп атпай,
Көзiн жұмып оқ атқан қайтiп оңбақ?


Iс қылады таптым деп бiздiң қазақ,
Онан көрген пайдасы болады aз-ақ.
Аяғында ол iсi зиян шығып,
Көрiнгенге күлкiмен болар мазақ.

Арам оймен ар сатып үзiп-жұлмақ,
«Мiне, пайда қылдым» деп мақтан қылмақ.
Бiреу бiлген айланы бiреу бiлiп,
Өзi құрған дарына о да асылмақ.

Шолақ ойлап, шолтаңдап, сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып көзге дым-ақ.
Аударысып жүргенде ауып кетiп,
Абыройың ашылар, байқа, шырақ.

Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,
Бiраз күнге көңiлдiң хошы болмақ.
Арсыз, арам, асығыс, айлакерлiк,
Мұның бәрi шайтанның досы болмақ.

Құдай кешер, алла деп күнә қылмақ,
Ар кетiрiп ант iшiп, жан сатылмақ.
Не жалғанда, немесе ақиретте
Оңалмастай өкпеден бiр атылмақ.
























2. Мақтау мен сөгіс 39 бетте


Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап, суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім – онда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.

Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұспан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса, иә боқтаса,
Мақтау пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер айласын, ойла-дағы.

Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жынды боласың есі жоқтау!

3. «Біреудің мінін кешірсең...» /51 бетте/
Біреудің мінін кешірсең,

Саған да құдай кешеді.

Бәрін де қылмай есірсең,

Төбеңді әлі-ақ теседі.  
Көңілі жұмсақ адамның,

Күрмеуін алла шешеді.

Рахымсыз, пейлі жаманның

Орны дайын деседі.  
Мен досыңмын, жау емес,

Еліре берме, қайта ту.

Жүрегім дертті, сау емес,

Сол себепті сөзім – у.  
Ащы деп алмай қоймаңыз,

Аңсағанда, керек су.

Абайлап артын ойлаңыз,

Алды ғой алдап өңкей қу.

4. Талап пен ақыл 75 бетте

Талап деген бiр жүйрiк тұлпар сынды‚

Бабын таппай мiнгендi қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал ендi оған кiсi қайтiп мiндi?

Талап шапса ақылға мiнiп алып,
Жақсы, жаман – бәрiне бiрдей салып.
Анық ақыл адымын аштырмайды,
Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.

Талап деген ындынмен ентелемек,
Ойға алып, қызыққанын қылсам демек.
Ол iсi орайлы мa‚ орайсыз ба,
Ойланып оны ақылға салса керек.

Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,
Тоны жүрек болады, мида басы.
Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға
Талаптың алты түрлi бар ноқтасы.

Ынсап, ұят, ар, рахым, сабыр, сақтық –
Талапқа алты түрлi ноқта тақтық.
Алтауының iшiнде ынсап әдiл,
Өзгесiнiң тiзгiнiн соған ұстаттық.

Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орнын таппай ол, сiрә, қозғалмайды.
Рахым жақсы көредi аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды.

Ар демек – адамшылық, намыс деген,
Арың кетпес жағыңа қарыс деген.
Терiс ұғып жүрмесiн мұны бiреу,
Сөз емес күншiл болып, алыс деген.

Намыс сол – өзiң қорлан кемдiгiңе,
Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдiгiңе.
Алмай оз алдыңғының аяғынан,
Соқтықпай өзiң iзден еңбегiңе.

Ұят сол – аулақта ұял көргендей-ақ‚
Ұрлаған малың шығып, бергендей-ақ.
Орынсызды iстеуге өлгенше ұял,
«Ұят күштi өлiмнен» дегендей-ақ.

Сабыр деген – әр iске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бiр қылық.
Қолы жетпей талай жан ызданады,
Осыдан көп шығады адамшылық.

Сақтық деген – әрқашан байқап жүрмек,
Пайда ма, не залал ма, ескерiлмек.
Көргенiн, естiгенiн есепке алса,
Сонда оңай әрбiр iстi ойлап бiлмек.

Ойменен, талаппенен болды сегiз,
Айтылмай ойда қалды неменемiз?
Өзге жақсы мiнездiң бәрi-дағы
Шығады осылардан түгел деңiз.

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниенi былғағаннан!























5. Жасымнан жетік білдім... /81 бетте/


Жасымнан жетiк бiлдiм түрiк тiлiн,
Сол тiлге аударылған барлық бiлiм,
Ерiнбей еңбек еттiм, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыдан туып күнiм.

Оятқан менi ерте Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тiлiн үйренумен

Надандықтың тазарып, кеттi кiрi.

Танбаймын, шәкiртiмiн Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпiр қойдың.
Жанымен сүйдi әдiлет ардың жолын,
Сондықтан ол иесi терең ойдың.

Толстой кәпiр емес, кәпiр өзiң,
Дiн емес, бәрi алдау айтқан сөзiң.
Көңiлiң соқыр, надансың, бейiлiң қара,
Нұр, жарығын қалайша көрсiн көзiң.

Көнбеймiн дiндi терiс бұрғаныңа,
Сопының бара қойман құрбанына.
Ақиқат сырымды айтсам, Толстойдың
Мың сопыны алмаймын тырнағына.

Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең,
Жолай көрме жылмайы сопы көрсең.
Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың
Алданбайсың артынан ере берсең.

6. Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр /88 бетте/
Ақыл деген өлшеусiз бiр жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшiн жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.

Жан тыныштық таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық‚ аштықтан сақтау үшiн
Зұлымдық пен айланы қылады сеп.

Айуан етiн, терiсiн, сүт пен күшiн,
Ара балын, су, балық, жер, жемiсiн,
Құс, денесiн‚ жүнi мен жұмыртқасын
Сақтап жүр ғой дейсiз бе адам үшiн?

Олардың да ойы бар өсiп-өнбек,
Кiмге оңай өмiр өтiп, оты сөнбек?
Адамның таза ақылы жанды қимай,
Амалсыз қиянатқа о да көнбек.

Сөйтiп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейiл, мейiрiм жоқ –
Осы болар таза ақыл өлдi демек.

Сондықтан адам – залым, әлемге жау,
Ебiн тапса, қоймайды ешкiмдi сау.

Жер бiлсе адамзаттың бұл қылығын
Үстiнен бәрiн төгiп тастар едi-ау.

Олай қылмай, билесе бәрiн ақыл,
Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл.
Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,
Адамды сонда адам деген мақұл.


7. Айна қойдым алдыма /94 бетте/
Айна қойдым алдыма,
Көрейiн деп өзiмдi.
Екi құлақ тарс бiтiп,
Шел басыпты көзiмдi.
Иiс бiлер мұрын жоқ,
Түзелерлiк түрiм жоқ,
Жалған деме сөзiмдi.
Ақ ниетiм бұрын жоқ,
Жүрегiмде нұрым жоқ,
Жасыратын сырым жоқ,
Айтпай арам безiмдi.
Жалғыз менi деме қор,
Менi көр де, сене көр,
Сен де емессiң менен зор,
Дәл мен деп бiл өзiңдi.

Адамның бәрiн елесе,
Аламын деп iрiсiн,
Бәрi өтедi әрi қарай,
Сен де соның бiрiсiң.
Електе қалмасын бiр адам,
Не ғылымды, не надан.
Бiз сияқты барша жан
Сорға сатқан ырысын.
Ындыны таза ешкiм жоқ,
Сыртында май, iшiнде оқ.
Түп қарыны толған боқ,
Жасырып жүр мұнысын.

8. Бостандық таңы атты /111 бетте/

Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,
Арға ие басшының соңынан еріңдер.
Таң артынан хақиқат күн шығады,
Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер.

Арамдық, аразды түбімен жойыңдар,
Өтірік, өсекті біржола қойыңдар.
Намыс, жігер, бойыңа жиып қайрат,
Қажымай адалдық жағында болыңдар.

Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.
Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар.

Ар түзер адамның адамдық санасын,
Ақ жеңіп шығады арамның қарасын.
Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп,
Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын.

Адамның бәрі бір, болмайды аласы,
Оларды бұзатын нәпсінің таласы.
Ар билейтін заманда нәпсі өліп,
Бірігер еңбекте барша адам баласы.

Адалдың жері жоқ ақырда жеңбейтін,
Тарихта әрқашан адал жан өлмейтін.
Ақ иіліп сынбақ жоқ деген рас,
Нәпсі өлсе өзімшіл, бұған кім сенбейтін?!

Таласпай бөліссе табиғат байлығын,
Қара жер тойғызар адамның барлығын.
Махаббатпен бірлесіп еңбек қылған
Өмірдің көреді бақытты сайлығын.

Бұл өмір таусылмас, жаңарар адамзат,