Файл: азастан Республикасындаы жергілікті мемлекеттік басару жне зінзі басару туралы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.05.2024

Просмотров: 100

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


21-1-бап. Депутаттық сауалдар

      Мәслихат депутаты ресми жазбаша сауалмен әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына және мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жүгінуге құқылы.

      Депутаттық сауалдың жауабы жазбаша түрде, бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде берілуге тиіс. Депутат сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге құқылы.

      Депутаттық сауалға берілетін жауапқа осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдар немесе атына сауал жіберілген мемлекеттік органның бірінші басшысы не оның орынбасары қол қоюға тиіс.

      Прокурордың атына берілген сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауға тиіс.

      Ескерту. Заң 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 30.06.2021 № 60-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-2-бап. Мәслихаттардағы депутаттық бірлестіктер

      1. Мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы. Мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кіре алмайды.

      2. Фракция - заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің атынан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол мәслихатта тиісті саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің мүдделерін білдіру мақсатында құрылады. Фракция мәслихаттың кемінде үш депутатын біріктіруге тиіс. Депутаттың тек бір ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.

      3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттіктерін, сайлау округтеріндегі бірлескен жұмысын жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемінде бес депутаты болуға тиіс.

      4. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.

      Ескерту. Заң 21-2-баппен толықтырылды - ҚР 2006.11.04 N 186 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 12.11.2015 № 393-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 60-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


21-3-бап. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру

      1. Мәслихаттар депутаттарының тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттырудан өтуге құқығы бар.

      2. Мәслихаттар депутаттарының біліктілігін арттырудан өту кезеңділігі сайланған депутат өкілеттігінің алғашқы екі жылы ішінде бес жылда бір рет болады.

      3. Мәслихаттар депутаттарының біліктілігін арттыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында жүзеге асырылады.

      4. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды жоспарлайды.

      Ескерту. 21-3-баппен толықтырылды – ҚР 30.06.2021 № 60-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

22-бап. Депутаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу

      Депутат тиісті мәслихаттың регламентінде айқындалған тәртіппен, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты мәслихат сессияларын, тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында және мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру кезеңінде оған негізгі жұмыс орны бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен орташа жалақысы, бірақ осы қызметте бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, мәслихат сессиялары, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін, біліктілікті арттырудан өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеле отырып, қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады.

      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.06.2021 № 60-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

23-бап. Мәслихат өкілеттігін тоқтату негіздері

      1. Мәслихат өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген оның өкілеттік мерзімі аяқталғанда тоқтатылады.

      2. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.



      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

23-1-бап. Мәслихаттың облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерін қызметке тағайындауға, сондай-ақ тағайындауға мәслихаттардың келісімі талап етілетін әкімдер қызметіне кандидатураларды тағайындауға келісім беру тәртібі

      Ескерту. 23-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына енгізеді.

      2. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсыныста өмірбаян деректері, еңбек қызметі, мемлекеттік наградалары туралы ақпарат және әкім лауазымына кандидат туралы өзге де ақпарат көрсетіледі.

      3. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясында жүзеге асырылады.

      Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі кезектен тыс сессиясына әкім лауазымына кандидаттың қатысуы міндетті.

      Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі сессиясының барысында мәслихат депутаттары әкім лауазымына кандидатқа сұрақтар қоюға, тағайындалатын кандидатура бойынша талқылау жүргізуге құқылы.

      Талқылау аяқталғаннан кейін дауысқа салу өткізіледі.

      Егер әкім лауазымына кандидат мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысын ала алмаған жағдайда, әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкім лауазымына басқа кандидатураны тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына қайтадан жібереді.

      4. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына кандидатураны қатарынан үш реттен артық енгізе алмайды.

      Егер мәслихат:

      1) облыс, республикалық маңызы бар қала не астана әкiмдерi қызметіне кандидатураларды тағайындауға үшінші рет келісім бермеген жағдайда, тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін тоқтатуға құқылы;


      2) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі лауазымдарына кандидатураларды тағайындауға үшінші рет келісім бермеген жағдайда, облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президентіне жазбаша хабарлайды және тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәселе қояды.

      Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім белгіленген тәртіппен жаңадан құрылған мәслихаттың келісуімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі тағайындалғанға дейін әкімнің міндетін уақытша атқарушыны тағайындайды.

      Ескерту. Заң 23-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңдарымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


24-бап. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру өкілеттігі

      1. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселе қойылуы мүмкiн. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiнiң не жоғары тұрған әкiмнiң алдына оны қызметiнен босату жөнiнде мәселе қоюға құқылы.

      2. Мыналар:

      1) аумақты дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы әкім ұсынған есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі;

      2) жергілікті қоғамдастық жиналысының аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасауы мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарауына негіз болып табылады.

      3. Әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашылық ету мәслихат депутаттарының қолдарын жинау арқылы жүзеге асырылады. Қолдарды жинауды мәслихаттың бастамашы депутаттары ұйымдастырады және ол қол қою парақтарымен ресімделеді.

      4. Қол қою парақтарын жинау мәслихаттың бастамашы депутаттары жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Толтырылған қол қою парақтары мәслихат хатшысына тапсырылады, ол бес жұмыс күні ішінде жиналған қолдардың төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады. Тексеру нәтижелері бойынша мәслихаттың бастамашы депутаттары қолдарының төлнұсқалығы туралы хаттама жасалады.

      5. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы мәслихаттың бастамашы депутаттары қолдарының төлнұсқалығы туралы хаттама ресімделген күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі.

      Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы барысында әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашы болған себептер талқыланады, дауыс беру өткізіледі.

      Әкімге сенімсіздік білдіру, егер бұл шешімге мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, жүзеге асты деп есептеледі. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы мәслихат сессиясының шешімімен ресімделеді.

      6. Әкімге сенімсіздік білдірілген жағдайда, мәслихат сессиясының шешімі Қазақстан Республикасының Президентіне не жоғары тұрған әкімге дереу жолданады.

      7. Қазақстан Республикасының Президентi не жоғары тұрған әкiм сенімсіздік білдіру туралы мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әкімнің өкілеттігін тоқтату туралы мәселенi қарайды не оған өз мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады.