ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 17.10.2024
Просмотров: 12
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ө.Сұлтанғазин атындағы
Қостанай Мемлекеттік Педагогикалық Университеті
Жаратылыстану-Математика факультеті
Психология-педагогика кафедрасы
АЗАМАТТЫҚ – ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ ЖҮЙЕСІ
ҒЫЛЫМИ ЖОБА
5В060100 -Математика
Жоба жетекшісі: Абдиркенова А.К.
Жобаны орындағандар: Молдағазы А.Д.
Куныспаева Б.Н.
Қостанай 2019 жыл
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ............................................................................................................ 3
Негізгі бөлім...................................................................................................... 6
1 Патриоттық тәрбиенің маңызы.................................................................. 6
-
Патриоттық тәрбие берудегі өткен тарихымыздың алар орны.............. 6 -
Патриоттық тәрбие берудің педагогикалық негізі................................... 11
2 Ұлттық тәрбие және жаһандану................................................................ 14
2.1 Қазақстандық патриотизмнің қалыптасу тарихы мен даму жолдар...... 14
2.2. Электронды әдістемелік нұсқау арқылы тұлғаның
патриоттық құндылығын қалыптастырудың
әдістемелік жолдары.................................................................................. 20
ҚОРЫТЫНДЫ.................................................................................................. 22
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.................................................................... 24
КІРІСПЕ
Жерлесіміз ұлттық педагогиканы мұрат тұтқан Шауһан Әленұлы «Педагогика кітабында»: «Патриоттық тәрбиені сабақ процесінде де, сабақтан тыс тәрбие саласында да үзбей беру керек. Ұлттық мектептің алға қойған ең негізгі мақсаты, маңызды міндеті де осы болмақ» деген еді.
Қазақстан Республикасының үздік білім беру жүйесінің тәрбие тұжырымдамасында басым бағыттардың бірі болып патриоттық тәрбиенің бекітілуі де бекер емес. Шынында да, ұлтқа деген сүйіспеншілігі жоқ адамнан адамгершілікті де, сұлулықты да, мәдениетті күтуге болмайды. Ендеше, патриоттық тәрбие - тәрбиенің басты бағыттарының бастауы десек, қателеспейміз.
Патриотизм өз еліне және азаматтығына, тіліне, дәстүріне тиесілігін сезінетін ерекше құбылысы. Патриртизм ұғымын Отанға деген жүректі тулатар қатынаспен байланысты, бірақ патриотизмнің ішкі мәні туралы ойы әр адамда әр түрлі. Сол себепті адамдардың бірі өздерін патриотпын деп ойласа, екіншілер олай ойламайды. Қазақстан өзін егеменді мемлекет деп жариялағаннан бері патриотизм сұрағы Елбасын үнемі толғандыруда. Еліміздің Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты осы жылғы Жолдауында «Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегіне қазақ еліне деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды» деп атап көрсетті. Қазіргі жастардың бойында ұлттық сана қалыптастыру мәселесі өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар жасалуда. Ю.Бромлейдің «Ұлттық сана – адамның өзінің осы ұлттың өкілі екендігін, ұлт мүддесі мен құндылықтарын және басқа ұлттарға көзқарасын сезініп, түсіну, бір сөзбен өзінің кешенді ұлттық ұғымын қалыптастыру» деген сөздерінде үлкен ой жатыр.
«Патриотизм дегеніміз - Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығының қоғамдық–мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз - жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді» . Осыған байланысты сабақ берудің ең негізгі мақсаттарына төмендегілер кіреді. Бірінші – танымдық, екінші – тәрбиелік, үшінші – дамытушылық. Осы мақсаттарды орындау үшін, өз тәжірибемізде тарих және әдебиет сабақтарында оқушылардың өз бетімен білім алу дағдыларын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, ізденіс жұмыстары мен алған білімдерін іс жүзінде пайдалана білуге үйрету бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазiргi кезде республикамыздың егемендiгi мен бейбiтшiлiгiн сақтауда тұлғаның патриоттық құндылықтарын дамыту арқылы Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлкен мән берiлiп отырғандығы Қазақстан Республикасы Конституциясында, Қазақстан Республикасы “Бiлiм туралы“ Заңында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк “Бiлiм“ бағдарламасында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң республика халқына жолдауларында, Қазақстан Республикасы тарихи сананы қалыптастыру, Қазақстан Республикасы мәдени-этникалық білім беру тұжырымдамаларында, “Адам құқықтарының жалпыға бiрдей декларациясында“, “Бала құқығы туралы декларацияда“ және үкiметтiң құжаттарында, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ағымдағы басылым беттерiнде айқын аңғарылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк “Бiлiм” бағдарламасында тәрбие жүйесiн жетiлдiруге байланысты алдына қойған негiзгi мақсаты - “қазақстандық патриотизм, азаматтық, iзгiлiк және жалпыадамзаттық құндылықтар идеяларының негiзiнде тәрбиеленушiнiң жеке тұлға ретiндегi сапалық қасиетiн қалыптастыру” – деп бүгiнгi ХХI жаһандану ғасырында ұлттық мәдениет пен өркениеттi өзара кiрiктiре отырып, жеке тұлға қалыптастыру көзделiп отыр.
Жобаның мақсаты: Қоғамның әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеуді теориялық - әдiснамалық тұрғыда негiздеп, ғылыми-әдiстемемен қамтамасыз ету.
Жобаның міндеттері:
-
Патриоттық тәрбие берудегі өткен тарихымыздың алар орнын айқындау; -
Патриоттық тәрбие берудің педагогикалық негізін қарастыру; -
Қазақстандық патриотизмнің даму жолдары қарастырып, жас ұрпақ бойындағы ұлтжандылықты қалыптастыру; -
Тұлғаның патриоттық құндылығын қалыптастырудың нәтижесін айқындау;
Зерттеу пәні: Педагогика
Жоба жұмысының болжамы: Егер рухани дамыған бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту патриоттық тәрбиені қалыптастыру негізінде және оны патриоттық құндылықтарды оқушыларға игерту арқылы жүзеге асып, ал патриоттық тәрбиені дамытудың қайнар көздері сан алуан екендігіне біз ғылыми – педагогикалық әдебиеттерді талдау барысында көз жеткізсек, онда ұлттық тәрбиені дұрыс насихаттап, жан-жақты дамыған өз елінің жанашыр патриотын тәрбиелей аламыз.
Жоба жұмысының жаңалығы: Ежелден қалыптасқан ата – бабамыздың мәдени жетістіктерін ашып – көрсету арқылы ұлттық болмысымыздың тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп, бүгінгі таңда біртіндеп жоғала бастаған ұлттық бет – бейнеміздің тұғырын берік етудің маңызды құралы ретіндегі – өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру ісінің маңыздылығын дәлелдеп шығады.
Жоба жұмысынан күтілетін нәтиже: Бұл жобаны іске асыру барысында болашағы кемел жастарымыздың санасына, еліне деген сүйіспеншілік, ұлтына деген махаббат, тіліне деген құрмет қалыптастыру. Қоғамда татулықты, ауызбіршілікті, сыйластықты қамтамасыз ету. Сонымен қатар азаматтардың бойындағы патриоттық тәрбиесін зерттеу негізінде қазіргі заман талабына сай патриоттық тұлға қалыптастыру.
Негізгі бөлім
-
Патриоттық тәрбиенің маңызы-
Патриоттық тәрбие берудегі өткен тарихымыздың алар орны
-
Туған халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, отансүйгіштіктің керемет үлгілерін көреміз. Еліміздің дербес, толыққанды ел, егеменді мемлекет болуы, халқымыздың ертеден бергі еркіндік үшін, туған жері – Отаны үшін күресінің жемісі. Бүгінгі таңдағы еліміздің әлемдік өркениет шеңберінде өз орны мен статусын алуға ұмтылысы заңды құбылыс. Өйткені, әр елдің, халықтың өзіндік болмысына тән мақсат – мұраты бар. Мұрат – алға жетелейтін, болашақтан қол бұлғап шақыратын, халықтың арманы, мақсаты. Ал мақсат немесе мұрат – ол, болашақта қол жеткізуге жетелейтін қоғамдық-рухани сананың көрсеткіші - идеал. Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білгеқаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: “Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді” – деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады:
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым…
Түркі иелігінен айырылған халықты
Ата-баба мекеніне орнатты…
– делінген.
Жазбадан патриотизмнің – халықты көбейтіп, байыту үшін еңбек ету, ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, діл бірлігін қорғау екендігін аңғарамыз. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші.
Туған жерге деген ыстық сезім, атамекенге деген құрмет пен қадір қасиет тұтуды Ұлы дала ойшылдары Қорқыт Ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, т.б. айтқан болатын.
Ықылым заманнан бізге жеткен “Қорқыт Ата кітабында” тәлімдік мәні күшті, қанатты сөздер мен ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Мысалы: “Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік өрге баспайды, өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық” – деген екен. Бұл өсиет сөздерден ақыл-парасат, өтірік айтпау, атаның атын былғамау туралы ойлар мен шығарманың өн бойынан ұлы даланың байтақтығын, әдемілігін көреміз, бұл әр түріктің бойында осы далада туғаны үшін мақтаныш сезімін тудырса керек.
Әл-Фараби өзінің “Азаматтық саясат”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу”, “Риторика”, “Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері” атты трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелермен бірге көркемдік, сұлулық, мейірбандық, білім категорияларының бетін ашып, олардың негізгісін дәлелдеп берген.
Ақын-жыраулар халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, оларды іргелі ел, берекелі жұрт болуға шақырды. Жыраулар жаугершілік заманда хандар мен бектердің ақылгөй кеңесшісі болып, жорықтарға бірге аттанды, ру тайпаларға басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көріністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, шейіт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлісті.
Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халықтың береке бірлігін, Отанға адалдығын сақтау, намысты қолдан бермеу, өз Отанын жаудан аянбай қорғау – ат жалын тартып мінуге жарайтын қазақ баласының қасиетті борышы екендігін Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақынның өлең-жырларынан көре аламыз.
Бұқар жырау:
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы,
Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы
– деген екен.
Ал Ақтамберді жырау болса:
Жауға шықтым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлыққа,
Жалынды жүрек қан қайнап
Ел-жұртыңды қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап
– деген жыр жолдарымен халықты батырлыққа, батылдыққа шақырған.
Қазақтың айбынды ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы қазақ шаруаларын бостандық үшін күреске шақырып, қара халықты бақытқа жеткізуді армандап өткен. Ол өзінің үзеңгілес серігі Исатай мен халықтың ерлігін, олардың адамгершілік қасиеттерін жыр етті.
Өз халқына, ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев шығармаларынан да көруге болады.
Қазақ тарихын зерделеу барысында олардың табиғаты, әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты патриот халық екенін айқын аңғаруға болады. Бұны қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Ш.Уәлиханов жақсы зерттеген және өзінің патриоттық сезімін: “Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай, мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін”, – деген екен. Бұл тұжырымнан патриотизм отбасынан бастау алып әулет, тумаластарға деген сүйіспеншіліктен барып халыққа деген махаббат және сол кездегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі Ресейді атап көрсетуі де патриотизмнің халықаралық мәдени қатынастардың да негізі екенін көрсетеді.
Қазақта ең алғаш қазақ балалары үшін халық мұрасына, салт-дәстүріне, ерлік, адамгершілік тәрбиесіне негіздей отырып, оқулық жазған Ы.Алтынсарин болды. Ол көшпенді елдің баласына ғылым-білім, өнер үйретуді армандады.
Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, жастарды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар - ожданын, адамгершілік қасиеттерін тудыратын жыр жолдарын кездестіреміз. Оның “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген сөзі, барша жұртшылықты жауласу, күш көрсету дегенді білместен, тек тату-тәтті өмір сүруге шақырады.
Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілікті, адал шыншыл болуға, өз Отанын сүюге, отаншылдық, отансүйгіштік қасиеттерді әр адамның бойына дарытуға ұмтылған. Бұл бүгінде Қазақстанның, Елбасымыз Н.Назарбаевтың “әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама - қайшылық туғызбау” деген бағытымен үндесіп жатыр.