Файл: Білімді рпа ел ркендеуіні негізі Тарих жне география пн апталыыны ашылуы 1жргізуші.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 03.02.2024

Просмотров: 17

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

«Білімді ұрпақ – ел өркендеуінің негізі»

Тарих және география пән апталығының ашылуы
1-жүргізуші: Қайырлы күн құрметті оқушылар, ұстаздар, жиналған қауым!

Тәуелсіздік бұл егеменді еліміздің ең биік тұғыры. Осы тәуелсіздік жолында қаншама ғасырды бастан кешірдік, азаматтық туы көкте желбіреп, бостандық қыраны көгімізде еркін самғап қалықтауы үшін өткелі қиын, бұралан жолдардан өтттік. Халқымыз батырлығы мен жігерлігі, рухының жоғарылығының арқасында тәуелсіздікке қол жетікізді.

2-жүргізуші:

Қазақстан көк байрақты нұр едің,

Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.

Өзің менің қуанышым, бақытым,

Өзің менің мақтанышым, тірегім.

Қыран құсым көк аспанда самғасын,

Желбіресін көк байрағың сан ғасыр

Жас ұландар берік ұста туыңды

Жарқыратып туған елдің таңбасын.

1-жүргізуші: Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Гимназиямызда дәстүрге айналған Тәуелсіздік күні атты айтулы мереке қарсаңында тарих және география апталығы ашылуда.

2-жүргізуші: Апталықтың ашылуын еліміздің тәуелсіздігі, амандығы жолында өзіндік үлесін қосқан керемет тарихи тұлғаға арнаймыз!

Ал енді ол кім екенін мына ойын арқылы тауып көрейік !!!

(Сұрақтар қойылады, осы сұрақтар жауабының алғашқы әріптерінен тұлға есімі құралған. Сұрақтардың жауабын тыңдап, алғашқы әріптерінен сөз құраған оқушы жеңімпаз болып танылады)

  1. Қазақтың ұлттық валютасы теңгенің туған айы? Қараша

  2. ХХ ғасырдың басында ерекше саяси белсенділігімен көзге түскен саяси партия? Алаш

  3. Байқоңырдан ұшырылатын құрылғы? зымыран

  4. Босағада тұруға болмайды деген заңдылық не ? ырым

  5. Елбасы тағайындаған, жастардың шетелдерде оқуға мүмкіндік беретін бағдарламасы қалай аталады ? Болашақ

  6. «Қатаған қырғыны» осы хан есімімен тығыз байланысты. Есім

  7. Мемлекеттің Ата заңы Конституция

1-жүргізуші:

Жауабы: Қазыбек

Ол кім ? Би

Қай жүздің биі ? Орта жүз

Бүгінгі апталықтың ашылу тақырыбын осы тұлғаға тектен текке арнаған жоқпыз. Себебі бұл дара да алып, қазақтың тұлғасының туғанына биыл 355 жыл толып отыр. Ендеше назарларыңызға Қазыбектің өмірінен қысқаша қойылым.

ҚОЙЫЛЫМ

Қоңтажы ханның ордасы. Хан уәзірлерімен кездесіп отыр.


Қоңтажы хан: - Мына қазақтар хабаршы қылып, бізге қаршадай баласын жіберді. Өзі тайға мінген дейді. Келеке қылғаны, ма, бұ несі? Келекеге келеке деп, келген кісілерді қырып тастап, аттарын жылқыға қоса салсақ қайтеді?

Бас уәзір: - Хан ием, бұл табылған ақыл. Абылай хан кімді келеке қылғанын білсін

Қоңтажының ханымы: - Хан ием, ол дұрыс болмас. Қазақ деген қабырғалы ел ғой. Кісілерін өлтіріп, жайлана алмассың, жүз атты жылқыға қосып, байып кетпессің. Елшілерге өлім жоқ деген бар. Оның үстіне тай дегеніңіз тұлпар болып жүрмесін, бала дегенің өзі сұңқар болып жүрмесін, байқау керек.

Қоңтажы хан: - Олай болса, ертең елшілерді ордаға жинаңдар. Өзіме өзі, сөзіме сөзі сай келетін адамы болса, оны көрейін, сай келмейтін болса, жазасын сол арада берейін. Ал сен, данышпан сыншы қариям, елшілер келгеннен бері не біліп, не көрдің? Ойың сұңғыла, көзің қырағы еді ғой.

Данышпан сыншы: - Мен олардың ішінен сен шошитындай адам көре алмадым, бірақ...

Қоңтажы хан: - Байқа, елшілер келгеннен-ақ бақыла деп едім ғой. Олардың сөзіне есе берсек, сүбемізді суырып кететіні бар ма екен? Есіңе түсіріп көрші.

Данышпан сыншы: - Бірақ, бір байқағаным, жылқының ішінде көгінде хабаршы болып келген атшы бала жатты. Екі аяғы екі жақта, екі қолы екі жақта. Аузынан жалын атқылайды. «Аузым жеткенше сөйлеймін, қолым жеткенше сермеймін, аяғым жеткенше жүремін. Төңіректің төрт бұрышына болса да сөйлеуге жараймын. Халықты қара шыбындай аузыма үймелетемін» деп жатқандай екен.

Қоңтажы хан: - Ақылгөй қариям, сен ақылыңнан шатасып тұpғaн жоқсың ба? Ол өзі бала болса, өзі аттардың арасында жатса, одан несіне қорқамыз? Қой, бұларды қаңтарып қоймайық, бәрін де ордаға шақырыңдар. Сөзден де, үкімнен де жеңіп, аттарына теріс мінгізіп жіберейік.

Абыз ата: - Қоңтажы ханның жігіттері қазақ елшілеріне келіп: «Хан шақырып жатыр. Сөзге, сөз сөйлеуге дәмелілерің, қалмаңдар!» – деп шақырып кетеді. Қазыбек те аттардың арасында қалмай, хан ордасына барады. Хан тісін суытып, ашулы жүзбен, мұртын тікірейтіп, сөз бастайды.

Қоңтажы хан: - Игі, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарың болса, айтыңдар.

Тайкелтір би: (ханның мысын басқандай, бәсең дауыспен). Өлеңді өзгеге бердік, ерлікті төменге бердік. Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.

Берсең алдық,

Бермесең қалдық,

Сөзді, өзіңе салдық.

Қоңтажы хан: - Олай болса, кешке дейін бір жауабын қайырармын, жауап қайтпай қалатын күн болса, ат-тонның амандығында елдеріңді тапқан теріс болмас.



Бала Қазыбек: (Тайкелтір бидің сөзіне көңілі толмай, Бертіс xaнғa жүгінеді).

Ерден ердің несі артық –

Елдестірген сөзі артық.

Малдан малдың несі артық –

Бір-ақ асым еті артық.

Жерден жердің несі артық –

Бір-ақ уыс шөбі артық.

Міндетіне алған сөзден шегінген жігіттен,

Аштан өлген аюдың өзі артық.

Бертіс хан: Қазыбек бала, ханға датың болса, айт. Абылай ханның өзі де: «Көп арасында мына Қазыбек сықылды кішінің де сөзін тыңдаңдар», – деп еді ғой. Ал айтарың болса, айт.

Бала Қазыбек: (Қоңтажының алдына жетіп барып, қасқая қapan тұрып).

  • Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат!

Қоңтажы хан: - Әй, өзің жөніңді айтшы, атың кім?

Бала Қазыбек: - Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек. Халқым – қазақ...

Қоңтажы хан: - Япырмай, даусың қаздың даусындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы.

Бала Қазыбек: (аузынан жалын шашып, қайтпас қайсарлықпен).

-Біз қазақ деген мал баққан елміз,

бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

жеріміздің шетін жау баспасын деп,

найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

дәм-тұзды ақтай білген елміз.

Acқaқтaғaн хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,

анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.

Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.

Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз.

Сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз.

Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз.

Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,

танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз.

Жаңа үйреткен жас тұлпар, жарысқалы келгенбіз,

тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз.

Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!

Қоңтажы хан: (не дерін білмей сасып қалып). - Өзің сөзге шешен бала болсаң, отырған орның қандай төмен еді, былай жоғары шықшы, жоғары!

Бала Қазыбек: - Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлей береді. Өзімнің үлкен ағаларым төрде отырса, мaғaн төбеде отырғанмен бірдей.

Қоңтажы хан: (сөзден жеңіліп, сасып қалып). - Осылардың өзі келгелі әр үйде қонақтап жүр, алыстан келген елші ғой, ашулары бойында тұр екен, қонақ үйіне апарып, бір жерден күтімге алыңдаршы.


Уәзірлер: (қонақтар шығып кеткен соң жамыраса). - Бір жұдырықтай баладан тосылып, қара терге малшынып, осынша дірілдеп кеткеніңіз не?

Қоңтажы хан: Сендер білген жоқсыңдар. Сөзді өңменімнен сұққылап тұрып айтқан кезде, екі иығынан екі аю аузынан от шашып: «Тықыр етші осыдан, көріп алайын!» – деп тұрды. Мінеки, мен содан сескендім. Сендерге көрінбегенмен, маған солай болып көрінді. Менің енді бұдан қайтарып айтар сөзім жоқ. Мал мен жанын, сұрағандарын есептеп санап, алдына салып беріңдер.

Абыз ата: - Қоңтажы сөзден жеңіліп, қазақтар мал-жанын түгендеп алып, елге қайтар кезде Қоңтажы Қазыбекті жанына шақырып алып: «Жаным, Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің, сенің айтқан сөзіңе менің буыным шыдамай, сіресіп тұра алмадым. Сондықтан caғaн екі түрлі белгі беремін. Біреуі – сенің даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, бұдан былай сенің атың Қаз дауысты Қазыбек болсын. Екінші – қoc тоғыз жүлде байладым, бұдан былай сен екі сыбағалы бол!» – депті. Міне, балаларым, бабаларың қандай батыр, батыл болған, сөзде есе жібермеген шешен болған! Сендер де ойнай бермей, ойлай біліңдер. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты көптеген билердің, шешендердің сөздерін, іс-әрекеттерін көкіректеріңе түйіп, сөзге ұста, істерің көпке нұсқа болып, қатарларыңның алды болыңдар. Әумин!

2-жүргізуші: Назарларыңызға рахмет! Рөлдерді сомдаған:

Екі жүргізуші кезектесіп таныстырады:

Қонтажы хан – Ерік

Бас уәзір – Есіл

Қонтажының ханымы – Дина

Данышпан сыншы – Ұлас

Абыз ата – Смағұл

Тайкелтір би – Арлан

Бала Қазыбек – Бейбарыс

Бертіс хан – Айбын

Уәзірлер – Мейірбан, Сұңқар

1-жүргізуші: Тарихты білудің маңызы өте зор екен. Тек оны терең ұғына білу керек.
Халқым менің! Саған қарап жұбанам,

Тарих беті қатпар-қатпар бұралаң.

Талай зардап қайғы-мұңның соңынан,

Егемендік алғаныма қуанам!

Күй: «Сарыарқа» Айбын, Данияр, Ұлас
2-жүргізуші:

Апталықты бастаймыз.

Білім құмар достарым қызыққа толы сұрақты

Алдарыңа тастаймыз.

Сұрақ сырын тереңірек ұғайық,

География пәні де құрметтеуге лайық! – деп біраз география пәнінен білімімізді сынап көрейік достар!

1-жүргізуші:

1) Қаласы бар, елі жоқ,

Даласы бар шөбі жоқ.

мұхиты бар, суы жоқ,

орманы бар , нуы жоқ.

шыңдары да теп тегіс,

кең жазықтан әралуан


шығысы мен батысты

бар әлемді табасың,

Өзің таң болып қаласың. (карта)

2-жүргізуші:

2) Бір зат дүниеде құшағы кең,

Ұшқан құс, жүгірген аң бәріңе тең.

Адамзат жан – жануар арасында,

Мәңгілік өсіп – өніп өмір сүрген. (жер)

1-жүргізуші:

3) Бар ма, жоқ па, оны білмейсің?

Ол жоқ жерде өмір сүріп жүрмейсің? (ауа)

2-жүргізуші:

4) Доп сынды келбеті,

Онда бар түп – түгел,

Әлемнің келбеті (глобус)

1-жүргізуші:

География әлемі – қызық әрі тартымды,

Өз сырымен география қызықтырар әркімді.

Оқысаңдар ғылымға сендер көз ашып,

Танисыңдар табиғаттың ғажабын.

2-жүргізуші:

Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма,

Туған тілім шұбарланба, жарқыра!

Тарихымда таланттылар көбейсін,

Бас иемін ата-баба рухына!

1-жүргізуші: Бұл басы ғана, достар! Көретін қызықтар әлі алда! Апталықта бәрі бар - жарыстар, сайыстар және жобалар... Тамашалап, белсенді ат салысып, білімді жастар екенімізді көрсетейік!

2-жүргізуші: Осымен тарих – география пән бірлестігінің «Білімді ұрпақ – ел өркендеуінің негізі» атты апталықтың салтанатты ашылу рәсімі аяқталды. Апталықтың жоспарымен ақпарат тақтасынан оқып танысасыздар. Баршамызға сәттілік тілейміз!