Файл: 1 семестрлік жмыс пн Философия.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 19.03.2024

Просмотров: 30

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Алайда Сократ демократияны өзінің философиясы тұрғысынан сынайтын. Бұл оның этика теориясына да байланысты болатын.

Сократтың қорытуы бойынша, адамдар өздерінің бақытсыз сезінеді, бірақ нағыз жақсылықтың мәнісін түсінбейді. Сол себепті де өздері сияқты жақсылықтың не екенін қате түсінетін адамдарға билікті беруге мәжбүр. Сократтың қашып кетпей, басын қатерге тігіп қалып қою себебі осында еді. Өйткені, ол бір ғана нағыз игілік бар, оған осы Сократтың әдісін қолданған адам жетеді деп кәміл сенді. Бұл идеяларды Платон өзінің «Республика» атты утопиялық шығармасында дамытты. Бірақ ол ұсынған ең жақсы қоғам ақыр аяғы барып тұрған тоталитарлық сорақылыққа ұласты. Бертінде пайда болған коммунистік және нацистік идеологиялар да бір ғана нағыз игілік бар, оған біздің философия жеткізеді деген сенімде болды.

Отыз тиран өкіметі лидерлерінің бірі Сократтың бұрынғы шәкірті Критий еді. Бірақ ол баяғы жасөспірім кезіндегі ұстазы насихаттаған білім және тәрбие идеяларымен өмір сүретін Критий емес-ті. Ол Афины көшелерінде философиялық әңгімелер айтуға тыйым салды және Сократқа ерекше ескерту жасады. Өйткені, Критий бұрынғы ұстазының сөйлегенде ешкімге дес бермейтін, сөзден жаңа мән-мағына тудыра білетін өнерінен тым жақсы хабардар еді. Енді ол бұған қарсы болды. Айналысып жүргенім философия десін, басқа десін, бірақ бұдан былай Сократқа ондай іспен айналысуға қатаң тыйым салынды.

Сократ тирандар өкіметін жақтағандықтан Афиныдан кетпей қалды деген де пікір бар. Алайда кейін азамат соғысы басталған кезде ол саясатқа араласқысы келмейтінін айқын көрсетті, сөйтіп өзінің принциптеріне берік екенін дәлелдеді.

Солай дегенмен, б.д.д. V ғасырдағы Афиныда әйел немесе құл болып туған болмасаңыз, саясатқа мүлдем араласпай қою мүмкін емес еді. Тирандар өздерінің халықтан тым алшақтап кеткенін жақсы білді, сондықтан да террорға барынша көп адамды киліктіруге, сөйтіп оларды да бұл саясатқа қатысты етіп қоюға тырысты.

Бірақ Сократ табандылығы мен принципке беріктігін бұл тұста да көрсетеді. Сократ пен тағы бір төрт адамды бірде тирандар шақыртып алып, Саламин аралына қашып кеткен демократиялық оппозиция жетекшісі Леонтты тұтқындап әкелуді тапсырады. Бұл заңсыз әрекет болатын, ал Леонттың Афиныға келген бойда өлтірілетіні анық еді. Сол себепті Сократ бұйрықты құлағына ілмей, үйіне қайтып кетеді. Мұнысы үшін оның басы кетуі әбден мүмкін еді. Алайда, көп ұзамай отыз тиранның өкіметі құлап, билікке демократтар келеді.


Бұл өзгеріс те Сократқа жақсылық әкелмейді. Б.д.д. 399 жылы Сократ адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттер жасайды, жастарды аздырды деген айып бойынша тұтқынға алынады. Бұл саясаттың артында тұрған бұрыннан Сократты жек көретін Анит атты демократ еді. Бірнеше жыл бұрын оның баласы Сократтан тәлім алады. Және ол ұстазының үйретуі бойынша, әулетті асырап келе жатқан тері өңдеу кәсібін тастап, философиямен айналысқан жөн деп санапты. Бұл үшін Анит Сократқа қалай алғыс айтсын?

Алайда Сократқа тағылған айып күлкілі болғанымен, оның аяғы өлім жазасына апарып соғуы ықтимал еді.

Әрине, басқа философтар сияқты Сократ та бөтен көзқарасы мен қырсықтығынан жұрт алдында онша сүйкімді адам емес-ті. Бірақ сонда да өлім жазасы жетпіс жастағы қарт үшін тым ауыр жаза ғой? Оған тағылған айып пен одан кейінгі оқиғалардың жұмбағы көп, біздің түсінуіміз қиын. Бірақ бізге ғана осылай көрінуі мүмкін. Ал афинылықтарға бәрі айқын болған сияқты.

Сократ Афины адамдары сайлаған бес жүз адамнан тұратын сотқа тартылады. Сократқа қарсы істі бастаған Мелет атты жолы болмай жүрген трагик-ақын, қыршаңқы тілді жас жігіт еді. Ең бастысы, ол Аниттың құйыршығы болатын.

Мелет Сократқа айыпты деген үкім шығарып, өлім жазасына кесуді талап етеді. Сот мүшелерінің 280-і бұл үкімді қолдап, 220-сы қарсы дауыс береді.

Сократ сірә халінің мұншалық қатерлі екенін бағамдамаса керек. Бірақ тағылған айыптардың күлкілі екенін де біледі. Ол өзін жазалау орнына, қалаға жасаған еңбегі үшін құрметтеу керектігін айтады. Тіпті құрметті азаматтар мен спорт жеңімпаздарына дастархан жайылатын Пританея атты қасиетті залдан орын беруді ұсынады.

Отырғандар гулеп қоя береді. Жағдайды қиындата бергісі келмесе керек, Сократ енді өлім жазасының орнына ақшалай айып салуды сұрайды. Бірақ оның да өзінің материалдық жағдайына қарай болуы керектігін айтып, 1 мина ақшалай айып кесуді өтінеді (бір мина бір саптыаяқ шараптың құны болатын).

Зал тағы шу ете қалады. Енді Сократты достары ақылға шақыра бастайды. Сол кезде Сократ қиналғандай болып 30 мина айып салуды ұсынады. Бұл кезде Кеңес мүшелерінің шыдамы таусылған еді. Енді өлім жазасын қолдап 360 адам дауыс береді.

Бұл жерден Сократтың сотқа жасаған қыңырлығын көріп отырмыз. Оның Кеңес мүшелері «еңбегіме қарай құрмет көрсетіп», шығарып салады деп сенуі мүмкін бе? Әлде ол өлгісі келді ме? (Егер Сократ жер аударуды сұрағанда сот бұған келісер еді. Ал достары Сократты қамқорлық жасап тұрар еді). Онда Сократ өзінің идеялары жолында өлген шәйіт болуға бекінген деуге негіз бар.



Осының алдында ғана қасиетті кеме 100 мильден аса қашықтағы Делос аралына сапарға шығып кеткен болатын да ол қайтып оралғанша өлім жазасы орындалмайтын. Сол себепті Сократ қолына кісен салынып, мемлекеттік түрмеге қамалды.

Бұл түрмені Агора үйінділерінен оңтүстік-батысқа қарай 100 метрден аса жерден әлі де көруге болады. Өмірінің соңғы күндерін ол аумағы шамамен 6х6 метрлік осы бөлмеде өткізіп, достарымен сұхбат құрды. Дәл осы жерде Платонның теңдесі жоқ диалогтарында айтылған оқиғалар өтті.

Диалогтардың басынан соңына дейін Сократ дана, адами қалпынан айнымаған. Ең басында Критон оның қашып кетуіне бәрін ыңғайлап, күзетшімен де келісіп қойғанын айтады. Алайда, философ келіспейді. Келіссе, өзінің бүкіл іліміне қарсы шығатынын ол білген еді. Сократты заңның күшіне (мейлі, ол заң әділетсіз болса да) деген сенімнен айыру мүмкін емес-ті.

Бір күні қасиетті кеме Афиныға жетіп қалды деген хабар жетеді. Философтың әйелі және достары түрме камерасына жиналады. Сократ жылап-сықтамасын деп Ксантиппаны шығарып жібереді. Ксантиппа кетіп бара жатып «Сен кінәсізсің ғой!» деп айғай салады. Сократ сонда бәз-баяғы мінезі бойынша «Ал сеніңше мен кінәлі болуым керек пе еді?» депті.

Бұдан кейін Сократ достарымен (шәкірттерімен деу лайық болар еді) өлім және өлімсіздік жайлы әңгімеге кіріседі. Мұның бәрін өзі сол күні ауырып үйінен шыға алмаса да Платон ерекше толқи отырып баяндайды. Сосын Сократқа у құйылған ыдыс беріледі (Афиныда өлім жазасы «Өзің істе!» принципімен жүзеге асатын). Философ «Не істеуім керек?» (Платон, «Федон», 117в) деп сұрайды. «Ештеңе. Ішіп ал да ары-бері жүр, аяғың ауырлаған кезде барып жат. Ол өзі әсер етеді...» (Платон, «Федон», 117в). Сократ «ыдысты ерніне апарды да қиналмастан түбіне дейін ішіп қойды».

Бұдан кейін «достары көз жастарына ие бола алмады»... «көз жастары көл болды».

Cократ оларға басу айтады: «Бұларың не сендердің? Қойыңдар, берік болыңдар... Ксантиппаны да осындай жылау болмасын деп қуып жіберген жоқпын ба?» (117е).

Сократ «шалқасынан жатты», сөйтіп «денесінің суып, қарыса бастағанын қолымен баяу ымдап көрсетті» (118).

«Критон, біз Асклепийге әтеш қарызбыз. (Ұмытып кетпей, қайтарыңдар!)» (118). Бұл – оның сөзі еді. Содан кейін Сократ қайтыс болды.

Сократтың өлер алдында шынымен солай дегені рас сияқты. Платон өзінше түсініп, соған сәйкес өзгертіп әуре болмай, соңғы сөздерді сол қалпында жеткізді деп сене аламыз. Ол сөздердің не білдіретінін түсініксіз, бірақ онда бір терең мағына бар болса керек.


Әлбетте, Сократтың ол сөздеріне байланысты жорамалдар көп айтылады. Мысалы, ол Асклепий атты досынан қарызға тауық алып, соны қайтарғысы келген болуы мүмкін. Алайда көп зерттеушілер Сократ осындай түкке тұрмайтын нәрсе айтып өлді дегенге сенбейді.

Қорытынды


Тек Сократ ойын қағазға түсірмеген. Әркіммен сөйлесіп, сұқбаттасып жүріп, философияны дамытқан. Ертедегі грек ұстаздары былай жаса, былай бол демейді. Олар өздерінің ойын, пікірін, болжамдары мен топшылауларын айтқан.

Шәкірттері олардан ой-өрнегін құруды үйренген, қортындыны әркім өзінше шығарған. Философия солай дамып отырды. Ал оның пайда болып, дамуы нақты жағдайларға, оның талаптарына байланысты. Оны тудырған - өмір. Не істеу керек деген сұрау. Философтар соған жауап іздеген, пікір айтқан.

Сондықтан да философтар тарыдай шашылған жеке - дара емес, шоқ жұлдыздардай болып дүниеге келген дедік. Олардың пікірлері де бір-біріне жалғасып жатты.