ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 27.03.2024
Просмотров: 22
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Бабаджа-қатын, Айша-бибі кесенесі және Қарахан кесенесі
Өзінің алғашқы құрылыс жүйесін сақтаған ескеткіштер- Бабаджа-қатын мен Айша-бибі кесенелері.Олар Жамбыл қаласының батыс жағында, 18 км жерде орналасқан. Бұл кесенелердің сонау Х ғасырдан бері қарай сақталып, бізге жетуінің өзі ерекше назар
аудартады.
Айша-бибі ел аузында сақталған аңыз бойынша шамамен ХІ-ХІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген ару қыз.Әулие ата атанған Қараханның қалыңдығы
екен, жылан шағып қазаға ұшырайды. Бұл хабарды естіген Қарахан жорықтан тез оралып, Айша-бибінің басына осы күмбезді тұрғызады.
Бабаджа-қатын кесенесі-күйдірілген кірпіштен шаршылап салынған порталдары бар, әсем күмбезді ғимарат.Төрт жағында-қабырғалардың ішкі және сыртқы беттерінде сүйірлеу аркалы қуыстары бар. Есігі шығыс жағында.
Кесене шатырлы күмбезбен жабылған.
Осы кесененің жанында жартылай сақталған Айша-бибі кесенесі орналасқан. Кесененің күмбезі құлаған. Қабырғаларының бұрыштары төрт ширектік бағандармен безендірілген. Кесененің сыртқы қабырғалары түгелдей оюлы терракот кірпіштермен қапталған. Кесененің ішінде күйдірілген кірпіштен сатыланып қаланған шағын құлпытас сақталған. Бұл кесене ХІ-ХІІ ғасырларда салынған деп саналады.Кесене құрылысын 1897 жылы В.А.Каллаур,1938-1839 жылдары А.Н.Бернштам бастаған КСРО ҒА Қазақ филиалының тарих және материалдық мәдениет экспедициясы, 1953 жылы Қазақстан ҒА-ның экспедициясы зерттеген. Күмбезді Қарахан(Әулие ата) салдырған. Бірақ кесенені салған сәулетші туралы нақты дерек жоқ. Пішіні шаршыланып біткен,ауданы7,6х7,6м,бұрыштар бағана-тіреулер арқылы көтерілген.Кесене ортасында құлпытас(3х1,4м) орнатылған. Батыс ақ қабырға мен бағаналар оюлы ұсақ плиткалармен қапталған.Қабырғаның ортасында сүйір аркалы текше жасалған.Текше беттерінің қабырғаға ұласар тұсы шағын бағаналармен сәнделген. Бұл бағаналардың жоғарғы жағы көгеріс өрнекпен әшекейленген мығым блок болып келеді. Бұрыштағы бағаналар көгеріс өрнектіжұқа кірпішпен өрілген белдеу арқылы әсемделген. Алдыңғы беті кесененің іргетасынан бастап есептегенде 3,м биіктікте бағаналарға араб әрпінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде «күз,бұлттар,дүние, қандай аруана»деген сөздер жазылған. Кесене қабырғалары (қалыңдығы80см) үш бөліктен тұрады: ішкі жағынан күйдірілген кірпішпен қаланған,сыртқы жағынан оймыш әшекейлі плиталармен қапталған, ал қабырға ортасындағы кеңістік саз балшықпен және жарамсыз плиталармен толтырылған. Кесене құрылысынан Әмір Темір дәуіріндегі сәулет өнерінде үлкен орын алған портальды-тақталы дәстүр айқын аңғарылады. Айша бибі кесенесі республикадағы маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
Бабаджа қатын- Қазақстандағы Х-ХІ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші.Тараз қаласынан 18 км қашықтықтағы Айша бибі кесенесінің маңында орналасқан. 1897 жылы В.А.Каллаур,1938 жылы
Бернштам,1953 ж.Т.Қ. Бәсенов зерттеген. Текше пішінді тік бұрышты, қызыл кірпіштен тұрғызылған ескерткіштің аумағы 6,8х6,8м,биіктігі5м-ден астам; қабырғаларына қаланған кірпіштердің көлемі 24х24х5см. Қас бетімен2 қапталы бір-біріне ұқсас, мәнерлеп қаланған кірпіштен күн тәрізді өрнектер жасалған. Жоғарғы жағы аркалы,ішкі кірер есік шығыс жақ қабырғасында.Қабырғалардан сегізқырлы барабанға ауысатын тромб белдеу жасалған. Оның үстінен ішкі еңсенің 16 қырлы күмбезі басталады.Ал сыртқы күмбезі биіктігі 86см қырлы призманың үстіне орнатылған. Мұндай қобылы күмбездер Қазақстандағы Көккесене, Жұбан ана сияқты көне ескерткіштерден кездеседі.Бірін-біріне қаптай салған қос күмбез ескерткіштің ұзақ сақталуына себепші болған. Күмбез тұғыры аршамен құрсауланып,тақталардан су ағарлар жасалуы сол кездегі құрылыс өнерінің өте жоғары дәрежеде болғанын көрсетеді. Ғимаратта шағын көлемдегі архитектуралық детальдар ұтымды әрі үйлесімді пайдаланылған. Бабаджа қатын кесенесі сыртқы пішімінің жинақылығымен,құрылысының беріктігімен ерекшеленеді.
Сәулет өнерінің тағы бір ерекше туындысы-Қарахан кесенесі. Бұл ескерткіш те Тараз қаласының маңында орналасқан.Сырты кірпіштен қаланып әшекейленген. Кесене Қарахан әулетінен шыққан белгілі хан Шах-Махмуд Бұғра Қарахан қабірінің басына орнатылған.Күмбезі ғана құлаған кесененің төрт қабырғасы мен кірпішпен өрнектелген қос мұнарасы ХІХ ғасырдың 90жылдарына шейін сақталған. 1905жыл оның құлаған бөлігі түгелдей бұзып алынып, орнына 1906ж. жаңа кесене салынған.
Жаңа құрылысты сол кездегі Ташкент ишаны Сайд Бакханов қаржыландырған. Кейінгі салынған кесене алғашқысына ұқсамайды. Қас беті Айша бибі кесенесіне ұқсас болғанымен, кірпіштерінің өрнектеліп қалануы жағынан Бұқарадағы орта ғасырлық Исмаил күмбезіне еліктеушілік байқалады. Қарахан кесенесі төрт бұрышты, ортаңғы кең бөлмеден және үш кіші бөліктен тұрады.Орталық бөлменің төбесі киіз үйге ұқсатылып жабылған.
Артқы жағында екі мұнарасы бар. Кесененің қас беті оңтүстікке қараған, ал оның ішіндегі қабір оңтүстіктен солтүстікке қаратылып қойылған. Кірер есігі аркалы қуыспен безендірілген. Қабырғаларының ішкі жағы кесененің бұрынғы өз кірпіштерімен қаланып, сыртқы жағын қалауға жаңа кірпіш пайдаланылған.
4-тарау.Қазақ халқының дәстүрлі заңдары
«Қасым ханның қасқа жолы»
«Қасым ханның қасқа жолы»-Қасым хандық құрған кезде (1511-1521) ел басқару ісінде қолданырған әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Оның негізінде орта ғасырларда Қыпшақ,Шағатай ұлыстары қолданған «ярғу» заңы (қазақша «жарғы»-хақиқат» деген ұғымды білдіреді) алынған. Тіпті шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, әдет-ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастады. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік, т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны»жаңғыртып,күшейтті.
Бұл заңға енген ережелер: 1)мүлік заңы(жер дауы,мал-мүлік дауы);2)қылмыс заңы(кісі өлтіру,талау,шапқыншылық жасау,ұрлық қылу); 3)әскери заң(аламан міндеті,қосын жасақтау,қарақазан,ердің құны,тұлпар ат); 4)елшілік жоралары; 5) жұртшылық заңы(ас,той,мереке,думан үстіндегі ережелер, ат жарыс,бәйге ережелері) . Бұл жарғылар халық арасында «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кетті. «Қасым ханның қасқа жолының» қағидалары өзгерусіз ХVІІ ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста («Есім ханның ескі жолы» деген атқа ие болды. Тәуке ханның тұсында (1680-1708), жоңғар шапқыншылығына байланысты саяси жағдайдың аса шиеленіскен кезеңінде, бес тараудан тұратын ежелгі ережелерге тағы да екі тарау қосылып, «Жеті жарғы» деп аталған.Олар: жесір дауы және құн дауы еді.
Бұл кезеңде шапқыншылық, кісі өлтіру көп болғандықтан құн дауын өз алдына шығарып, қылмыс заңына айналдырған.
ХV-ХVІІІ ғасырларда қолданылған ежелгі жарғының үзінділері халық аузында мәтел сөздер қалпында сақталған. Мысалы, «Қара қылды қақ жарған»; «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіру», «Тура биде туған жоқ,туғанды биде иман жоқ»
Әли Насруллах өзінің «Зубадат әл-Асар» атты кітабында: «Қасым хан Дешті Қыпшақтың падишасы болды.Ол ұлы істер жасау үшін туған адам» еді.
Үндістанда Ұлы моғолдар империясының негізін салған Бабыр «Бабырнама» кітабында: «Қазақ халқының бұрынғы-соңғы хан,сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес.Оның үш жүз әскері бар еді» деп жазған. Қасым хан туралы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: «Қасым хан тұсында Хан Ордасы бірде Жетісуда, Қаратал өңірінде, бірде Шу бойында , енді бірде арқада, Ұлытау етегінде, кейде батыста, Жайық жағасында болды.Бұл да халқының жиын ортасында жүрген Қасымның өзіндік саясатының бір көрінісі деп білуіміз керек.Жұртшылық хан билігінің күшін сезініп қана қоймайды, ұлыстың құдірет-қуатын да анық пайымдайды, ешкімнің де шетте,қараусыз қалмайтындығын ұғады,елдің тұтастығын таниды»,-деп жазды.Ел басқаруда да Қасым хан көп жаңалықтар енгізген. «Қасым ханның қасқа жолы»-атты заң ережелері Қазақ Ордасының мемлекеттігін айқындайтын ерекше құжат болды.
«Қасым ханның қасқа жолы» ел басқару ісінде ежелгі әдет-ғұрып үрдісіне сүйенген. Ал Жошы ханның екінші баласының түқымы Орыс ханның бесінші атасы кейінге қалдырып кеткен әдет-ғұрып жол-жоралғыларына өз дәуіріне сай кейбір өзгерістер енгізгені әдебиеттен мәлім.
«Қасым ханның қасқа жолы» өзінің мазмұны бойынша ежелгі әскери-демократия арнасына тіреледі.ХҮ ғасырдың соңында,ХҮІ ғасырдың басында Бұхардың ишан қазылары қазақ өлкесіне діни үгіт таратып: «Ежелгі Жарғы заңын естен шығарыңдар, ол көкке табынатын дінсіздіктің ісі, оның орнына шариғат қағидасын алып, соған ауысыңдар, ант баргенде: «Көк соқсын» деп айтпаңдар, «Құран ұрсын!» деп, «Құранды бастарыңа көтеріңдер»,-деп үгіттейді. Бірақ халық бұқарасы оған селқос қарап, көп заман бойы шариғат қағидасына ойыса қоймайды. Уақыттың көбін мал бағумен өткізген халық бұқарасына шариғаттық қағида-заңдары өте қиын болып көрінген. Оның үстіне, өз ата-баба қағидалары адамгершіліктің биік мұраттарына кереғар емес еді.
Бұл тарихи оқиғаларды жақсы білген Қасым хан саяси жағдайының шиеленіскен кезінде халық бұқарасына, билер тобының көптен бері қалыптасқан дәуіріне қарсы тұрмай,оларды қолдап, қуаттап, шариғат заңдарын бүтіндей алмай, халықтың тілегіне жақын, діліне сіңген әрі ерте заманнан оларға түсінікті «Жарғы» заңын қайтадан күшейтеді. Билердің кеңесіне, көппен ақылдасып, «Жарғы» ережелеріне мәнді өзгерістер енгізеді.
Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы-жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен екен.
«Есім ханның ескі жолы»
Есім хан,"Еңсегей бойлы ер Есім"-қазақтың ұлы хандарының бірі. Шығай ханның баласы.Туған ағасы Тәуекел ханнан кейін ел билігін қолға алған Есім хан Қазақ Одасын 1598-1628 жылдары басқарды.Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласында тұрып, билік жүргізді.Сұлтан кезінде-ақ ағасы Тәуекел ханмен бірге Түркістаннан Самарханға дейінгі жерді Қазақ хандығының құрамына қосты.20мың әскерімен өзі Самарханда қалып,Тәуекел хан Бұхараға аттанды, бірақ жеңіске жете алмады. 1598 жылы Тәуекел хан қайтыс болған соң, хан тағына отырды.
1599 жылы Есім хан Бұхар хандығымен шарт жасасып, Ташкент қаласы мен оның айналасын Қазақ хандығына қосып алады.
Осы кезден бастап Ташкент екі ғасыр бойы Қазақ хандығы билігінде болды.
ХVІІ ғасырдың басында Ташкент билеушісі Тұрсын мен Есім хан арасында билік үшін күрес шиеленісе түсті. Тұрсыннан жеңілген Есім хан Шығыс Түркістан билеушісі Абд әр-Рахим ханның қызы Падшаһ аруға үйленеді. Шығыс Түркістан хандығына арқа сүйеген Есім хан 1627 жылы Тұрсынды өлтіріп,Қазақ хандығының билігін қайтадан қолына алып,бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрады.