ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 27.03.2024
Просмотров: 24
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те, қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа [16, 16 б.].
Асан қайғының адамдар арасындағы ізгі қарым-қатынасты, ынтымақ-бірлікті, этика нормаларын арқау еткен патриоттық сарындағы мұндай толғаулары елді бітім мен сыйластыққа үндейді.
Асан қайғыдан басталатын жыраулық дәстүрді жалғастырушылардың бірі – Еділ бойын мекендеген түркілердің ру көсемі, әскербасы, батыр, жыраулық өнерде үлкен орны бар Қазтуған жырау. Қазтуған жырау Сүйінішұлы шамамен 1420 жылдары қазіргі Астрахан облысының Красный Яр қаласының маңында туған. Жырау толғауларының бүгінгі жас ұрпақ өміріндегі тағылымдық маңызы зор. Қазтуған жырларында айшықты әсем тілмен өрнектелген, халықтық тәрбие қағидаларымен үндесіп жатқан жастарға тәлім-тәрбие берерлік ойлар аз емес. Жыраудың өмірі туралы нақты деректер сақталмаса да, оның шығармаларынан бізге «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгер» деп аталатын үш толғауы ғана жеткен.
Қазтуған жырау Сүйінішұлының «Мадақ жырының» алғашқы мына жолдарынан:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені... [16, 28 б.] -
халқымыздың ұғымындағы «сегіз қырлы, бір сырлы» қазақ жігітіне тән тұлғаны танытар айшықты суреттеулерді айқын көруге болады. Шебер теңеулерге құрылған осындай жыр жолдарын ұтымды пайдалана білсек, бүгінгі жан-жақты жас ұрпақ тәрбиесінің баға жетпес құралы болмақ.
Жырау:
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп! [16, 29 б.] -
өз өлеңінде қазақ ерлерінің азаматтық тұлғасын оларға тән қайраттылық пен шыдамдылық, намысқойлық, қайсарлық қасиеттері арқылы көрсетуге талпына отырып, кейінгі жастарға үлгі ете жырлайды.
Қазтуған жыраудың толғауларында көркем, бейнелі теңеулер арқылы суреттелетін туған жердің сұлу табиғат көріністері тыңдаушы жүрегін толқытып, туған елге деген аялы сезімдерін оятады.
Алаң да, алаң, алаң жұрт
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан сабақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт [16, 28-29 б.], -
деген өлеңінде ақын атамекені, туған жеріне, ата-анасына деген перзенттік махаббатын терең сезіммен, ерекше жүрекжарды тоғаныспен жырлайды. Қазтуғанның бұл тоғауы тыңдаушысына кіндік қаның тамып, туып-өскен ел мен жерді сүйіп, ардақтаудың шынайы үлгісіндей әсер қалдыратындығын аңғаруға болады.
Көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі – Шалкиіз жырау шамамен 1465 – 1560 жылдары өмір сүрген.
Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560 ж.ш.) – жырау, орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Батыс қазақстан өңірін жайлаған көшпенділер отбасында туған. Мұсылманша жақсы біліп, сахара салтымен тамаша тәрбие алған [16, 542 б.].
Жыраудың ақындық өнері туралы қазақ әдебиетінің өкілі М. Мағауиннің айтуынша «Жырау туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен, кезегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпімді қуатымен ерекшеленеді. Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – түз тұрғынының дүние танымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады» [13, 8-9 б.].
Шалкиіз Тіленшіұлының шығармашылығынан бүгінде бізге «Асқар, асқар, асқар тау...», «Қоғалы көлдер», «Арғымақ ару аттар...», «Алаштан байтақ озбаса...», «Би Темірге айтқаны» сияқты т.б. толғаулары таныс.
Жырау өз толғауларында адам бойында кездесетін мақтаншақтық, қорқақтық сияқты түрлі жағымсыз қасиеттерді, ел ішіндегі мықтылардың қарапайым халыққа көрсетіп отырған озбыр мінез-құлықтарын батыл сынап, мінейді. Қазақ батырларының ерліктері мен отансүйгіштік қасиеттерін дәріптеп, жырға қосады.
Ақылсыз достыдан
Ақылды дұспан артық-ты,...
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа,
Күндердің күні болғанда
Сол жаман айғақ болар басыңа... [16, 38-39 б.]-
***
Жақсының жақсылығы сол болар-
Жаманменен бас қосып,
Сөйлемекке ар ертер;
Жаманның жамандығы сол болар-
Сөйлесе дәйім бетін қара етер [16, 22 б.],-
деп толғайды жырау өз шығармаларында. Бұдан жолдас пен достың жақсы мен жаманын айыра білу керек, басыңа іс түскенде жаман достың жолда қалдыруы мүмкін, жақсы адам кез-келген адамға сырын ашпайды, әр сөздің өз тыңдаушысы болғаны жөн деген ой аңғарылады. Көне заман шындығын, халықтың дүниетанымын, адамның мінез-құлық, табиғи ерекшеліктерін, моральдық қағидаларын бейнелейтін жырау туындылары аз сөзге көп мағына сыйғызған нақты ой тереңдігімен, әсерлілігімен, сазды әуезділігімен оқырманына ерекше әсер етіп, ойға қалдырады.
«Әлін білмеген әлек» деген халық мақалымен астарлас мына бір шумақтарында жырау:
Бар күшіңді сынамай,
Балуандармен күреспе,
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың күлемге, [16, 38 б.] -
деп, әр адамның өз орнын, әлін біліп, өмірде соған орай әрекет етуі керектігін мегзейді.
... Атаның ұлы ерлерге
Малыңды бер де басың қос,
Басыңды қос та бек сыйлас,
Күндердің күні болғанда
Басың жауда қалар ма!.. [6, 141 б.] -
деген жырау толғаулары кейінгі жастарға қай заманда болмасын ел ішінде ауызбіршіліктің болуын, туыстық қарым-қатынастың сақталуын, сыйластықтың болуын ескертіп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ынтымақтастыққа шақыратын халықтық қағидамен үндеседі.
Шалкиіз шығармашылығынан ерлік рухқа толы толғаулармен қатар, өзі өмір сүрген дәуірдегі орта ғасырлық қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы тарихи деректер мен ұлттық этикалық, моральдық пайымдаулар көптеп кездеседі.
Жыраулық дәстүрдің тағы бір ірі өкілі – ерлігімен, ақылымен көпке танылған Ақтамберді жырау шығармашылығының дәстүрлі педагогикалық мәдениеттен алар орны ерекше. Ақтамберді Сарыұлы 1675 – 1768 жылдары өмірсүрген жырау, қолбасы, дипломат. Небары 17 жасынан бастап қазақтардың Орта Азия хандықтарымен арадағы соғыстарына қатысып, нағыз ерлік таныта білген Ақтамберді жырау өзінің жалынды жырларымен ел тәуелсіздігін аңсап, ерлерді ерлікке шақырады. Ақтамберді жырау өзі өмір сүрген дәуір шындығын, әлеуметтік теңсіздік көріністерін де шынайы батыл бейнелейді. Оның «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгембай», «От орны отаудай», «Атадан тудым жалқы боп», «Ағайының көп болса» және т.б. толғаулары бүгінде қазақ әдебиетінің алтын қорынан айрықша орын алады.
Жыраудың: ...Атадан алтау туғаның
Жүрегінің бастары
Алтын менен бу болар.
Атадан жалғыз туғаның
Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар,
Жалғыздық сені қайтейін!.. [16, 58 б.].-
деген толғауынан халқымыздың отбасында көп балалы болуды армандаған балажандылық қасиетін көре аламыз және бір атадан тараған ұрпақтың көптігін алтынға, байлыққа теңеген, жалғыздықты жаны қаламайтын ақын тілегі бүгінгі жас қазақ отбасылары үшін де тағылымдық сабақ емес пе? Шынында да қазақ қашанда бар байлығым – балаларым, ұрпағым деп келген халық. Міне халықтың осы арман-тілегіне жырау да өзіндік үн қосып, толғауларында айрықша орын берегендігін көруге болады. «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар»- дегендей, жалғыз бала туралы ойын жыршы: ...
Жал-құйрықсыз жалғыздар
Олай-бұлай боп кетсе,
Әкесі сорлы қор болар... [16, 58 б.]-
деп түйіндейді.
Ақтамберді толғаулары жастарды елін-жерін сүйуге, ерлікке, батылдыққа үндеп, ұлттық рухты оятатын жалынды күшке ие. Бұл орайда жырау:
Ел шетіне жау келсе,
Алдына сірә дау келсе,
Батырсынған жігіттің
Күшін сонда сынаса! [16, 60 б.]-
деп нағыз батырлықтың, ер жігіттің сыналар сәті елін, туған жерін жаулардан қорғаудағы көрсеткен ерлігінде екендігін сөз ете отырып, жастарды өз елінің нағыз ұлтжанды патриоты болуға үндейді.
Сондай ақ, Ақтамберді жырау шығармашылығы бүгінгі жас ұрпақты бірлікке, жолдастыққа, үлкенді, ата-ананы құрметтеуге, білімді, тәрбиелі болуға шақыруымен де құнды. «Тірліктің күші бірлікте», «Байлық байлық емес, бірлік байлық» деген ата-бабалар тағылымымен үндестік тауып жатқан жыраудың өмірдің мәні береке-бірлікте деген ойлары жырларынан айрықша орын алады.
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке,
Араз болсаң алты ауыз
Еліңе кірген әреке...
***
Ағайының көп болса,
Ұлы шерік қолмен тең, [6, 146-147 б.] -
деп бірлігі жарасқан туыстық қатынасты, ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтау туралы терең философиялық ой толғайды. Жолдастың жақсы мен жаманы болатындығын да сөз ете отырып, кейінгі жастарға олардың ара жігін өз жырларында ашып көрсету арқылы ұғындыруға талпынады. Бұл орайда ол:
Мінезді болса жолдасың
Күнде сонар қызбен тең,
Жаман болса жолдасың
Астыңнан өткен сызбен тең [6, 146 б.] -
деп толғайды.
Ақтамберді жыраудың толғауларынан сан-алуан тақырыпта айтылатын тәрбиелік мәні терең ойларды көптеп кездестіруге болады. Ол бірде:
Мал-басы өскен адамның
Алды-арты бұрқар бу болар.
Көтере алмай дәулетін
Көрінгенге бу қылар.
Не боларды білмейді,
Өзінен-өзі зор болар,
Жетім менен жесірге
Қазары ылғи ор болар,
Онымен жолы болмайды,
Біреуден қайтып қор болар [16, 66 б.] -
деп, жан-жақты толғай отырып дүниеқоңыздық, тәкапарлық, өзгені менсінбеу секілді қасиеттердің адамды еш жақсылыққа апармайтындығын ескертеді. Ал, ұрпағының білімді болуын армандаған жырау бірде:
Білімді туған жақсылар
Аз да болса көппен тең -
десе енді бірде:
Білімді туған жақсыға
Залал қылмас мың қарға,
Жаман туған жігітке
Рақатты күн бар ма [6, 146-147 б.] -
деп, жақсы азамат болудың шарты білікте, білімділікте екендігін ескертеді. Ақтамберді шығармашылығының негізгі идеясы адам өмірдегі өз бағы үшін күресуі тиіс, ал ол үшін адамға рухани қуат, талаптылық, талпыныс, керектігін айтқан ақынның: «Әркім өзі талпынбақ, Басына бітер бағы үшін» - деген тұжырымы бүгінгі қоғамдағы жастарға да мақсатты еңбек пен тынымсыз тірлік арқылы ғана бақытқа қол жеткізуге болатындығын ескертіп тұрғандай.
Тәлім-тәрбиелік, терең танымдық ой-пікірлер жыраулар поэзиясының дамып, өркендеуіне үлкен үлес қосқан, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі – Бұқар жырау шығармашылығына да тән. Қазақ әдебиеті саласындағы тарихи зерттеулерден байқағанымыз Бұқар жыраудың қай жылы туып, қай жылы дүниеден өтені туралы талас пікірлердің орын алатындығын аңғардық. Сөзіміздің дәлелі ретінде нақты айтсақ «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы» атты еңбекте жыраудың 1668 жылы дүниеге келіп, 1781 жылы қайтыс болғаны туралы мәлімет келтірілсе, ал «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» 2 томында және өзге де берілген деректер бойынша 1693 жылы бұрынғы Баянауыл өлкесіндегі Далба тауы бойында туылып, 1787 жылы сол жерде дүниеден өткендігі айтылады. Дәл осы соңғы дерек 2005 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалығында» да орын алады. Ізденіс барысында біз баспасөз бетіндегі жарияланған, Қ.Мұхаметханұлының 1993 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Бұхар жырау» ғылыми мақаласын оқи отырып ондағы орын алған талдаулардан Бұқар жыраудың өмірі туралы автордың қолында бар деректер негізіндегі нақты дәлелдермен келтірілген біраз мәліметтерболды. Мақалада автор жасаған талдаулар ішінде Бұқар жыраудың өмір тарихынан барынша толық хабардар ететін «Бұқар жыраудың асында, зиратының басында отырып Үмбетей жыраудың жырлағаны», - деп аталатын жыр былай басталады:
Асқар тауды құлатып,
Тоқсан екі жасында,
Арыстанды сұлатып,
Отырмыз біз басыңда.
Өткір тілі жоғалған,
Тұрсақта тосып қасында.
Зияпатын жіберген,
Хан Абылай асына.
Үйірлеп жылқы айдатқан,
Сойылсын деп басына...-
деп келетін жырдың алғашқы жолдарынан Бұқар жырау Қалқаманұлының тоқсан екі жыл өмір сүргенін, оның асы берілген уақытта хан Абылайдың тірі екендігін көреміз.