Файл: Атабан шбырынды (аза халыны тарихындаы ащы асірет).docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 03.02.2024
Просмотров: 9
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ақтабан шұбырынды
(қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет)
Бұдан 300 жыл бұрын қазақ халқы құлақ естімеген аса қайғылы қырғынды бастан кешіп ата жау – қалмақтарға қарсы ерлікпен күресіп, нағыз жеңіске ұласар тұста қазақтар екіге бөлініп кетті. Бір тобы (Кіші жүз және орта жүздің бір бөлегі) орыс шекарасына қарай жылжып, орыс бодандығын қабылдады, келесі топ қалмақтардың ауыр соққысына екінші рет ұшырады. Қазақ халқы 1757 ж. Қытайлар қалмақ халқын жаппай жойып жіберген зұламат қырғыннан соң тағы да 30 жыл бойы соғысуына тура келді.
Қазақтар бастан кешкен бұл қырғын өзінің көлемі жөнінен соншалықты сұрапыл және тағлымы тұрғысынан өте маңызды. Осыған орай қазақтар мен қалмақтар арасындағы күрестің тарихына қысқаша тоқтала кетсек...
1399 – 1408 жылдары Ойрат одағына кіретін, тарихта қалмақ есімімен мәлім монғол руларының бас көтерулері басталғаны белгілі. Қазақ одағына енген рулардың ішінде қалмақтардың шабулына алғаш ұшыраған керейлер еді. 1430 жылы қалмақтар үйсіндер мен қырғыздар жайлаған Ыстықкөлге жетті; 1147 жылы Сырдария бойын мекендеген өзбектерді (Әбілхайыр Шайбанидің ұлысын) талқандады. 1459 жылы қалмақтар Герат қаласына елші салды. Шамамен осы жылдардан кейін қалмақтар уақытша әлсіреді де, енді қазақ рулары шабуылдаушы жаққа айналды. Мәселен, үйсіндер мен қырғыздар да қарамағына қосылған шағатайлық сейітханнаң ұлы рашид хан 1522-1524 жылдары қалмақтарға қарсы жорықтар жасады да, оларды жеңгені үшін «Қазы» атанды. Ал 1554 жылдар шамасында жаугер Тәуекел сұлтан қалмақтарды тағышауып қайтты, артынан ол қазақ ханы болып сайланды. 1600-1610 жылдары қайта күшейген қалмақтар Тары, Түмен уездерін талан-таражға түсіріп, ал 1630 жылы Еділдің төменгі сағасыны аяқ басты. Қазақтар Ұлытау тауларынан оңтүстікке ойысты. 1627- 2629 жылдары Есім ханның ұлы Жәңгір ханның қалмақтармен соғысы алмакезек жеіс пен жеңілістен түзілді. Тіпті ол бір рет қалмақтар қолына тұтқынға да түсіп қалды. Қазақтар
Атақты Тәуке ханның тұсында күшейеді(ХVII – XVIII ғасырдың басы). Тәуке ханның тұсында қазақтар қалмақтарды екіге бөліп тастағандықтан батыстағы қалмақтар – торғауыттар өздерінің шығыстағы басым көпшілігінен ажырап қалған. 1718 жылы Тәуке ханның босбелбеу, ынжық мұрагер ұлы Болат ханның тұсында қазақтар қалмақпен ұрыспақ түгілі, олардың ұйымшылдықпен кенеттен жасаған шабуылдарынан көп жапа шекті. Қалмақтардың мұндай жеңістеріне себепкер болған 1709 жылғы Полтава түбіндегі ұрыста тұтқынға түскен швед артиллериясының сержанты Иоганн Густав Ренат еді. Тобылға қоныс аударылған ол Ертістің бойымен жоғары көтерілген Бухгольцтің белгілі экспедициясының құрамына енген. Бірақ қазіргі Павлодар қаласының түбінде кемесі қалмақтардың қоршауында қалған экспедиция мүшелері қатты қарсыласқанмен, тұтқынға түсуге мәжбүр болған (1715- 1716 жылдың қысы). Ренат қалмақтар арасында 1733 жылға дейін болды. Ол қалмақтарды темір балқытуға, зеңбірек, снаряд құюға үйретті, тіпті баспахана салып берді. Қалмақтар Ренаттың басшылығымен соғысқа дайындалып жатқанда, олардың ежелгі жауы – қазақтар Тәуке ханның кезіндегі жеңістеріне масаттанып, қауіпті көршілері естен шығып, өзара ұрыс-керістермен, тартыс – таластармен айналысып кеткен еді.
Қазақтар мен қалмақтардың шекарасы Ертіс өзені, Балқаш көлі, Шу мен Талас өзендерінің аралығы арқылы өтетін.
Левшин Пивкелеевтің жазбаларына қарағанда қалмақтардың зор шабулы 1723 жылы болғанын анықтайды. Егер Қаратаудың қары наурыздың ортасында немесе аяғында еріп бітетінін, осы кезден бастап қана ел жаппай көіп қона алатынын ескерсек қалмақтардың Талас өңіріне жасалған алғашқы шабулы наурыздың аяғында, Қаратаудан сәуір айында өткен.
Сол заманнан сақталған аңыздарға сүйенсек Ұлы жүз және Орта жүз Самарқан мен Бұқараға барып бас сауғалап, Кіші Хиуаны паналаған. Бұл деректер Левшин жазбаларында былай көрсетілген:
-
Ұлы жүз бен Орта жүздің үлкен бөлігі Самарқанға, Кіші жүз Хиуа мен Бұқараға қашқан. -
Ата-баба қонысынан, туған-туысқанынан, барлық байлық мал-жанынан айрылған бұл 1723 жылғы қасіретті босу қазақ халқының арасында «Ақтабан шұбырынды» деп аталды. Кіші жүз оны «Сайран айналған» деп атаса, Ұлы жүз бен Орта жүзде «Алқакөл сұлама» деп те бағалайды. Сондай-ақ, аш-жалаңаш, шаршап – шалдыққан халық Алқакөлге жеткенде отыруға шамалары жетпей сұлай – сұлай кеткен екен. Көне Сауран қаласының орны Ташкент темір жолының бойында Түркістан қаласының солтүстікке қарай 30 шақырым жерде екені белгілі.
Сонымен Левшиннің мәліметтерінде және халық аңыздарында айтылған ақтабан шұбырындының бағыт бағдарын географиялық жер аттарын айқындай түседі. 1723 жылдың қарсаңында басқа қазақтардан гөрі солтүстікте тұрғаны, Бетбақдала мен Ұлытауды мекендегені байқалады. Сондықтан болар өзгелерден қарағанда, олар аздау зардап шеккен.
Осы тарихи қасіретке байланысты халық жадында мынадай қайғылы ән жолдары сақталған:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Қарындастан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мынау заман – қай заман қысқа заман,
Басымыздан бақ – дәулет ұшқан заман
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Мынау заман – қай заман бағзы заман,
Баяғыдай бола ма тағы заман?!
Қарындас пен қара орын қалғаннан соң,
Көздің жасын көл қылып ағызамын...
Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ қалмақтары (торғауыттар), Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қаупіне ұшырады.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық,Жәнібек, Малайсары, Абылай,
Әбілқайыр бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихта қалады.
«Ақтабан шұбырынды» қасіреті: кеңес тарихшылары оны қалай түсіндірді? (1-бөлім)
Жоңғарлардың қазақ еліне 1720-жылдары жасаған шапқыншылықтары “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген ортақ атаумен аталады. Cол кезеңдегі ең ірі шапқыншылықтың бірінде (1722 жылы) жоңғар әскері Қаратауды кесіп өтіп, Сайрам, Ташкент және Қарамұрт қалаларын басып алады. Дереккөздерде аштық пен кедейшілік, қазақтардың үлкен азапқа ұшырағаны туралы айтылғанымен, шабуылдың ауқымы мен адам шығыны туралы нақты деректің болмауы түрлі интерпретацияларға жол ашты. АҚШ-тағы Индиана университетінің Ph.D кандидаты Майкл Ханкок-Пармер кеңестік кезеңде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» қатысты түрлі дереккөздер қалай таңдалды?», «оларға сілтеме қалай жасалды?», «ол дереккөздердің кейбірі неге онша еленбеді?» және «ол деректер не себепті бұрмаланды?» деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында зерттеу жасаған. Бірнеше тарихи еңбекке талдау жасаған Ханкок-Пармер кеңес дәуіріне дейін, кеңестік кезеңде және тәуелсіз Қазақстанда “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” оқиғасына сол кезеңдегі биліктің қажеттіліктеріне сай баға берілген деген қорытындыға келеді. Қазақ даласында кеңес өкіметі орнағанға дейін “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” туралы естеліктер келесі ұрпаққа қасіреттің сабақтарын түсіндіру ниетімен айтылса, Кеңес одағы тұсында қазақтардың Ресейден автономия алуы тағы бір ауыр қасіретке алып келеді деген ойды халықтың санасына сіңіру мақсатындағы коммунистік билік интерпретациясы басым болған. Ал тәуелсіз Қазақстанның саяси билігі орталықтанған күшті өкіметтің қажеттігін дәлелдеп, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” қасіреті – “шашыраңқы қоғам сыртқы күштердің оңай олжасына айналатынын анық көрсететін тарихи сабақ” деген интерпретацияны қолданып келеді.
Кеңестік тарихшылардың дереккөздері
Кеңес ғалымдары “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” оқиғасын интерпретациялауда қандай еңбектерге иек артты? Зерттеушілердің 1720-жылдардағы тарихи оқиғаны сипаттауда қолданған материалдарының саны өте шектеулі болды. Шын мәнісінде, “Ақтабан шұбырынды” оқиғасына қатысты қағазға басылып, жарыққа шықпай қалған материалдар көп емес. Кеңес тарихшылары негізінен Алексей Левшиннің, Шоқан Уәлихановтың және Василий Бартольдтің еңбектерін басты дереккөз ретінде қолданды.
Левшин 1832 жылы жазылған «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» деген еңбегінде “Ақтабан шұбырынды” оқиғасына қысқаша ғана тоқталып кетеді. Онда ол “Ақтабан шұбырынды” қасіретін қазақтарды Ресей империясының құрамына қосуға алып келген тарихи оқиға ретінде көрсетеді. Сөзінің дәлелі ретінде ол Орынбор генерал-губернаторы Неплюевтің архивіндегі материалдарды және Кіші жүзді Ресейдің боданы болуға көндірген ресейлік эмиссар Тевкелевтің 1730 жылы жазылған есебін келтіреді. Левшиннің мәтіні “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын кеңестік тұрғыда интерпретациялаудың негізін қалады деуге әбден болады. Өйткені оның бұл жазбасына кеңес зерттеушілері өте көп сілтеме жасаған. Алайда, Левшиннің “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының қазақ идентификациясындағы орны мен қайғылы оқиғаның ұлттың тарихи жадында сақталуы және аңызға айналуы туралы ешқандай пікір білдірмегенін айта кету керек.
Хан ұрпағы әрі орысшыл ғалым Ш.Уәлиханов өзінің арғы атасы Абылай ханның “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдарынан кейінгі ерлігіне арналған қысқаша энциклопедиялық еңбегінде оқиғаның қазақ халқының өміріне жалпы әсерін сипаттайды. Уәлихановқа оқиғаның детальдарына, нақты себептері мен салдарына тоқталудан гөрі аштық пен мыңдаған адам шығынының халық өміріне жалпы әсері және қайғылы жайттардың Абылай ханның қайсар мінезін қалыптастырудағы рөлі жайлы жазу маңыздырақ болды. Уәлиханов өз зерттеуінде Левшиннің еңбегіне және де халық арасындағы ауызба-ауыз тараған әңгімелерге сүйенгенімен, ешбір дереккөзге сілтеме жасамайды.
Бартольд «Памятная книжка Семиреченской области» еңбегінде “Ақтабан шұбырынды” оқиғасына қысқаша ғана тоқталады. Ол оқиғаны Ресей империясының жоңғарлармен жақсы қарым-қатынасқа ниетті әрекеттері контексінде сипаттайды. Бартольдтің жазуынша, жоңғарлар 1722 жылы Цинь билеушісі қайтыс болғаннан кейін Ресеймен саяси одақ құруға еш ықылас танытпаған. Оның пікірінше, Унковскийдің Сырдария жазығындағы шайқаста жоғарлардың қазақтарды жеңуі туралы есебін оқыған соң, І Петр жоңғарлардың саяси еркіндігінің артқанын түсінген. Сондай-ақ, Бартольд Левшин мен зерттеуші-тактик әрі лейтенант-полковник А.И.Макшеевтің еңбектеріне сілтеме жасайды. Макшеев Бартольдтің еңбегі шығардан аз уақыт бұрын көпшілікке беймәлім Йохан Густаф Ренаттың өмірбаяны мен Орта Азияның карталарына арналаған мақала жазады. Ресейдің қолындағы швед тұтқыны – Йохан Густаф Ренат Ертіс өзені маңындағы орыстар үшін сәтсіз аяқталған жоңғарлар мен Ресей әскері арасындағы шайқаста жоңғарлардың тұтқынына түседі. Ренаттың кейін Еуропаға алып барған картасы XVIII ғасырда еуропалықтардың қолында болған Орта Азия мен Шығыс Түркістан карталарынан әлдеқайда дәл әрі нақты болып шыққан.
1920-30-жылдардағы интерпретация
Кеңес тарихнамасында «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы тарихшы Александр Чулошниковтың 1921 жылы Мәскеу Археологиялық институтының Орынбор филиалындағы дәрістерінен басталады. Чулошниковтың “Ақтабан шұбырынды” оқиғасына қатысты ойлары кеңестік тарихнамада қате баяндау мен бұрмалап сипаттау үрдісіне жол салды. Чулошников өз еңбегінде мүлдем екі бөлек оқиға туралы жазады. Бірі – 1512 жылы болған “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы болса, екіншісі 1723 жылғы қазақ-жоңғар соғысы. “Ақтабан шұбырынды” тіркесін Чулошников Әбілқайыр ханның ұрпағы әрі заңгер Бақытжан Қаратаевпен болған әңгімелердің негізінде қолданады. Жоңғарлардың басқыншылық шабуылынан кейін Кіші жүз ханы Әбілқайыр Тевкелевтің қолдауымен Ресей империясының құрамына кіреді. Кейінірек Мұхамеджан Тынышпаев Чулошниковтың жұмысын өткір сынға алады. Чулошников 1723 жылғы қазақ-жоңғар соғысын тікелей Левшин мен Шоқан Уәлихановтың еңбектеріне сүйене отырып сипаттайды. Бір қызығы, Тынышпаев Чулошниковтың еңбегін қатты сынай отырып, оның “Ұлы қасірет” (“Это было поистине великое народное бедствие”) деген тіркесін өз еңбегінде «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты кеңінен қолданады.
Санкт-Петербургтегі Теміржол институтын тәмамдаған соң М.Тынышпаев Ресейдің отарына айналған Орталық Азияда инженер ретінде қызметке кіріседі. Қызмет ете жүріп ол Орталық Азия халықтары арасындағы ерекше жақын байланысты байқайды. Сол кезеңде оның «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын сипаттайтын мақаласы жарық көреді. Мақалада Тынышпаев «Ақтабан шұбырынды» қасіретін арғы атасы – Жомарттың басынан өткерген оқиғасының негізінде баяндайды. Жоңғар шапқыншылығының алдында ғана жылқыларын піштірген Жомарттың тоғыз баласы қашуға мүмкіндіктері болмай, түгелімен қазаға ұшырайды. Тынышпаевтың әкесінің айтуынша, Жомарттың бір келіні сәбиін киіз үйдегі қазанның ішіне жасырып, өзі тау етегіндегі қалың шөптің арасына тығылып аман қалады. Өз руластары әлі күнге дейін жылқыларын сәуірде піштіретіндіктен, Тынышпаев “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы 1723 жылдың сәуірінде болған деп топшылайды. Кейінірек кеңестік зерттеушілер “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы 1723 жылы болды деп жазғанымен, ол датаны анықтаған Тынышпаев екендігін ескермеді, кейде оны ұмыт қалдырса, кейде тіпті жоққа шығарды.
1930-жылдары Ш.Уәлиханов, М.Қаратаев секілді хан ұрпақтарымен қатар Санжар Асфендияровтың да қазақ тарихына қатысты еңбектері жарық көреді. Покровскийдің ізімен Асфендияров қазақ тарихын марксистік теорияның парадигмасына сәйкестендіріп жазады. Қысқаша айтқанда, Асфендияров таптар арасындағы тартыстарға баса назар аударды. Бұл тәсіл Маркстің тарихи даму сатылары мен қазақ даласындағы экономикалық қатынастарды өзара байланыстыруды қажет етті. Жалпы, Асфендияров “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын 1738 жылы болды деп хронологиялық қателік жібергенімен, қасіретті оқиғаны сипаттауда тарихты марксистік теория тұрғысынан қарастыруды ұнатпаған Бартольд пен Тынышпаевтың стиліне сүйенеді.