Файл: Атабан шбырынды (аза халыны тарихындаы ащы асірет).docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 03.02.2024

Просмотров: 12

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


1940-1950-жылдардағы интерпретация

Қазақтың ұлттық тарихын жазуға ұмтылған «бүлікшілердің» барлығы бірдей жазаланған жоқ. М.Тынышпаев пен С.Асфендияров “буржуазиялық ұлтшыл” деген жаламен атылғанға дейін қамауда болса, Вяткин секілді олардың әріптестері 1930-1950-жылдардағы ұлтшылдыққа қарсы қуғыннан аман қалды. Вяткин тек аман қалған жоқ, оның тарихшы ретіндегі карьерасы өрге басты. Мұның себебі оның орыс болуында емес, этникалық қазақ болмауында болса керек-ті. Дегенмен, Вяткиннің “Очерки по истории Казахской ССР” атты еңбегінің 1870 жылға дейінгі оқиғалар интерпретациясымен аяқталуы содан кейінгі кезең тарихы туралы еңбек жазудың саяси қаупінің жоғары болғандығын айғақтайды. Алайда, бұл еңбек қазақ-жоңғар соғыстары туралы бұрыннан бар сипаттамаларға айтарлықтай ерекше интерпретация ұсына алмады.

Ал “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын сипаттағанда Вяткин сол кезеңдегі интерпретацияларға сүйенеді. Сондай-ақ, ол ешқандай дереккөзсіз 1723 жылы Ұлы жүз аумағы, ал 1725 жылы Сырдария бойындағы қалалар толығымен жоңғарлардың бақылауына өтті деп жазады.  Левшин Ұлы жүздің аз бөлігі жоңғар шапқыншылығына ұшырады десе, Вяткин бүкіл қазақ елі шабуылды бастан өткерді деп жазады. Шын мәнісінде, Вяткинге дейінгі тарихшылар Ұлы жүздің көп бөлігі бір немесе одан да көп ұрпақ алмасатын уақыт аралығында жоғарлардың бақылауында болды деп тұжырымдаған. Ал Ш.Уәлиханов пен М. Тынышпаевтың “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы туралы еңбектерінде Ұлы жүз аумағының жоңғарларға өтуі туралы айтылмайды.

1943 жылы шыққан “История Казахской ССР” атты еңбек кеңестік көзқараспен жазылған жаңа тарихи еңбектер сериясына жол салды. Лоуелл Толлеттің пікірінше, 1920-30-жылдары жазылған зерттеулер және Вяткиннің 1941 жылғы еңбегі “Кеңес одағы – колонизацияның жемісі емес, мемлекеттердің еркін одағы” деген 1950-жылдардағы  интерпретацияға сай келмеді. Ал сол кезеңде Ресейдің еуропалық бөлігіндегі ғалымдар неміс оккупациясынан кейін Қазақ КСР-іне қоныс аудара бастаған. Орта Азияға көшіп келген ғалымдар мен жергілікті зерттеушілер жаңа коммунистік интерпретация аясында еңбектер жаза бастайды. Бұл дегеніңіз – бір-біріне қарама-қайшы Бартольд, Асфендияров, Вяткин және Тынышпаевтың көзқарастары негізінде жазылған еңбектердің қосындысы. 1943 жылғы “История Казахской ССР” еңбегі жарық көргенге дейін “Ақтабан шұбырынды” оқиғасы Іле өзені жазығынан бастап, Қаратаудағы және Сырдария бойындағы қалаларды жоңғарлардың басып алуы ретінде суреттеліп келсе, аталған еңбекте бұл оқиға жоңғарлардан зәбір көрген қазақтардың орыс “бауырларына” барып қосылуына түрткі болған оқиға, яғни бүкіл қазақ даласының қасіреті ретінде ешбір нақты дерексіз сипатталады.


1948 жылы Ғылым Академиясының казақстандық бөлімшесі Ресей империясының Қазақстан жерін аннексиялау хроникасын қарастырған жаңа еңбекті басып шығарады. Еңбектің авторы – Саратовтан шыққан профессор Наталья Аполлова қазақ жерінің шығысындағы жоңғарлардың қысымы қазақтарды Ресей патшасының қол астына өз еркімен кіруге мәжбүрлеген басты фактор болды деп жазады. Аполлова кезінде Тынышпаевтың интерпретациясына негіз болған Жомарттың әңгімесіне сүйене отырып, “Ақтабан шұбырынды” кезеңін «Ұлы қасірет» жылдары ретінде суреттейді. Алайда автор әңгіменің дереккөзі ретінде Тынышпаевтың орнына орыс-татар этнографы А.Диваевты көрсетеді. Аполлова өз еңбегінде бірнеше рет Тынышпаевқа қате сілтеме жасайды. Оның бұлайша Тынышпаевқа тіке сілтеме жасауға ықылас танытпауы Тынышпаевтың он жыл бұрын  “буржуазиялық ұлтшыл” деген желеумен қуғынға ұшырап, итжеккенге айдалуынан деуге болады.

1949 жылы биліктің назарына ілігіп, мемлекеттік наградаға ие болғысы келген бір топ ғалым 1943 жылғы “История Казахской ССР” еңбегінің бірнеше бөлімін редакциялап шығады. Редакцияланған бөлімдердің ішінде Тынышпаев жазған “Жомарттың әңгімесі” де болады. Бірақ 1949 жылғы еңбек 1943 жылы жазылған алғашқы нұсқаның кебін киеді. Тек 1957 жылы ғана М. Әуезов пен Бәйішев жетекшілік еткен нұсқа Компартияның рұқсатын алып, басылып шығады. 1957 жылғы “Тарих” кітабында орыс-қазақ қатынасын сипаттауда марксистік көзқарастың материалдық және технологиялық айшықты белгілері көрініс табады. Қазақ-орыс байланысы қазақтардың 1730-жылдардағы Ресей құрамына өз еркімен қосылуынан емес, оған дейінгі екіжақты сауда-саттық қарым-қатынастан бастау алады деген интерпретация басымдыққа ие бола бастайды.

1943 жылғы “История Казахской ССР” еңбегі “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын айтарлықтай өзгертіп сипаттаса, 1957 жылғы “История Казахской ССР” еңбегінде көптеген деректер алынып тасталып, олардың орнын жаңа, қате деректер басқан. Мәселен, 1957 жылғы еңбек бойынша жоңғарлар Қаратауды кесіп өтіп, Талас өзені маңындағы аймақты жаулап алады. Алайда, Талас өзені Қаратаудың шығыс бөлігінде орналасқанын ескерсек, жоңғарлар Ташкенттен және Сырдария бойындағы қалалардан әлдеқайда алыстап кетер еді. Ең қызығы – осы бір “географиялық қателікті” тарихшылар өз еңбектерінде бірнеше рет қайталап жазады. Сонымен қатар, жоңғарлардың қай жүздің аумағын шабуылдағаны және тірі қалғандардың қай қалаларға қарай ағылғаны туралы мәліметтердің тәптіштеп жазылуы КСРО-да тарихты “ұлттық негізде делимитациялау” жолға қойыла бастағанын аңғартады. Басқаша айтқанда, қазақтардың өз “шекараларын” кесіп өтіп, Хиуа, Бұқара, Самарқанд сияқты “өзбек” қалаларына қарай қашуы туралы мәліметтің қисынсыздығы 1957 жылғы еңбектің редакторларына біраз қолайсыздық туғызған. Осылайша 1943, 1949 және 1957 жылдардағы Қазақ КСР-інің тарихына арналған еңбектер қазақтар жоңғарлардың толассыз шабуылдарынан қорған іздеп, Ресейдің қоластына өз еркімен өтті деген идеяны негіздеуді көздеді.



Жалғасы 2-бөлімде.

«Ақтабан шұбырынды» қасіреті: кеңес тарихшылары оны қалай түсіндірді? (2-бөлім)

  • 3 АПРЕЛЯ, 2017

  • ШАЛҚАР НҰРСЕЙIТОВ



1960-70-жылдардағы зерттеу

“Ақтабан шұбырынды” оқиғасы Ресейдің отарлауына қарағанда әлдеқайда жеңіл тақырып болғандықтан, 1960-70 жылдары ол туралы көптеген жаңа туындылар жазылды. Мәселен, осы кезеңде І.Есенберлиннің танымал тарихи шығармалары жарық көреді.  Златкинның “История Джунгарского ханства” монографиясында “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын 1957 жылғы “Тарих” кітабына сүйене отырып сипаттауы қарама-қайшылықтарға негіз болды. Өйткені Златкинның монографиясындағы дереккөздер Жетісу өлкесі 1723 жылғы “Ақтабан Шұбырынды” оқиғасына дейін жоңғарлардың бақылауында болған деген ойды қостайтын. Сондай-ақ, Златкин “Ақтабан шұбырынды” қасіреті Цинь императорының өлімінен кейін жоңғарлардың саяси көрегендігінің арқасында болды деп жазады. 1970-жылдары осындай жаңа зерттеу еңбектері жарық көрген сайын тарихи шығармаларда сәйкессіздіктер көбейе түсті.

1979 жылғы «Тарих» еңбегі “Ұлы қасірет жылдары” қазақтардың Ресейге қосылуына тікелей түрткі болған тарихи оқиға ретінде суреттеледі. Мұндай тұжырымның қалыптасуына Левшиннің, Бартольдтің жазбалары, Наливкиннің туындысы және Унковский еңбегінің бұрмаланған бөлімі негіз болған. Сондай-ақ, 1979 жылғы «Тарих» еңбегінде «жоңғарлар тек әскер саны қазақтардан көп болғандықтан, қақпан, зеңбірек винтовка қолданғандықтан ғана жеңіске жетті» деген қорытынды жасалған. Бұл қазақтардың еңсесін көтеру үшін жазылған тәрізді.

Бұл туынды 1943 және 1957 жылдары шыққан “Тарих” еңбектерінде сілтемесіз көрсетілген әрі бұрмаланған географиялық ақпаратты қамтиды. Жоңғарлардың шабуылынан кейін Ұлы жүз бен Орта жүздің жарты бөлігі Шыршық өзенінің Сырдарияға құятын тұсындағы өткелден өтіп, Ходжентке қоныс аударуға мәжбүр болады. Орта жүздің қалған жартысы Самарқанға қоныс аударса, Кіші жүз Сауран арқылы Хиуа мен Бұқараға көшеді. Бір қызығы, бұл мәлімет Тынышпаевтың еңбегінен алынғанымен, оған сілтеме жасалмайды. Сонымен қатар, 1979 жылғы «Тарих» еңбегінде Унковскийге сілтеме жасай отырып, оның Ташкент, Түркістан мен Сайрамның 1723 жылы жоңғарлардың қол астына өткені туралы бұрмаланған мәліметі тағы да қайталанады.


XVIII ғасырдың басындағы қазақ тарихын зерттеушілердің еңбектерімен танысқан басқа  кеңес ғалымдары “Ақтабан шұбырынды” оқиғасын өзгеше көзқарас тұрғысынан интерпретациялауға жол ашты. Мәселен, Ресейдің қол астындағы қалмақ және бурят секілді моңғолтектес халықтардың тарихын зерттеуші  Чимитдоржиев 1957 жылғы «Тарих» еңбегіндегі “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының желісін өз зерттеуінде қолданады. Чимитдоржиев Аполлованың ізімен Ә.Диваевты дереккөз ретінде көрсете отырып, «Жомарттың әңгімесін» өз жұмысына қосады әрі “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының жаңаша интерпретациясын ұсынады. Сол кезеңде қазақ тарихын зерттеген ғалымдардың көбі “Ақтабан шұбырынды” қасіреті жоңғарлар мен қалмақтардың тізе қоса отырып, қазақтарға екі тараптан шабуылдауының кесірінен болды деп топшылап келген. Олардың бұл тұжырымы көшпелі тайпалар арасындағы этностық және діни қайшылықтарға негізделген болатын. Алайда Чимитдоржиев Орталық мемлекеттік архивтің Ескі келісім-шарттар бөліміндегі қалмақ коллекциясын зерттей келе, қазақ тарихын зерттеуші ғалымдар арасында қалыптасқан тұжырымды жоққа шығарады. Тарихи деректерге сүйенген Чимитдоржиев екеуара тығыз қарым-қатынастың болғанына қарамастан, қалмақтар мен жоңғарлар арасында әскери-стратегиялық жоспар болмаған деген қорытындыға келеді. Екі туыс халықтың арасындағы экономикалық және отбасылық байланыстар бір-біріне деген сенімсіздік пен үрейдің тууына тосқауыл бола алмады. Дегенмен, жоңғарлар мен қалмақтар арасында қазақтарға қарсы бірлесе әскери шабуыл жасау туралы келісім болмағанымен, сол кезеңдегі жоңғарлардың басқыншылық шабуылдарының зардабы қазақтар үшін орасан болды.

“Ақтабан шұбырынды” оқиғасының жай-жапсары Қазақ КСР-і мен өзге де кеңестік республикалардың тарихшыларын қатты қызықтырғанымен, қайғылы оқиғаның негізгі интерпретациясы өзгеріссіз қалып отырды. Ресей империясы орыстан басқа халықтарды Польша, Британия және Цинь империяларының озбырлығынан сақтаған қорған ретінде дәріптелді. 1960-жылдардан бастап 1970-жылдарға дейінгі аралықта осы тренд басым болды. Алайда бұл тренд КСРО-дағы «ұлтаралық және этносаралық конфликтілер дәуірінде» сол басымдығын сақтай алды ма?

1980-жылдар мен қазіргі кезеңдегі зерттеу

Кеңес одағының құлауына кеңестік республикалардағы национализм біршама ықпал етті. Одақтағы басқа республикалармен салыстырғанда Қазақстан ең көп кеңестенген және интернационалданған мемлекет болды. Мәселен, Қазақстан өкіметі Әзірбайжан мен Эстониядағыдай ұлтшылдарға ресми қолдау жасамады. Кеңестік академия қабырғасында қазақ национализмінің қарсыласушы күшінен бұрын мәймөңкелік сипаты басым болды. Т.Шойынбаевтың қазақтар мен орыстардың “достығын” дәріптейтін 1982 жылғы 
“Добровольное вхождение казахских земель в состав России” еңбегі осыған дәлел. Бұл еңбегінде Шойынбаев 1973 жылы жазылған  “Прогрессивное значение присоединения Казахстана к России” монографиясындағы «қазақтардың Ресейге қосылуының себебі – жүздер арасында бірліктің болмауында» деген тезисті дәлелдеуге ұмтылады. Ауызбіршіліктен айырылып, жоңғарлардан әбден зәбір көрген қазақтарды солтүстіктегі күшті көршілерінен басқа қорғайтын ешкім болмады деп жазады автор. Шойынбаев Ш.Уәлиханов пен Левшинге ғана сілтеме жасайды. Сондай-ақ, ол ешқандай сілтеме келтірместен, қазақ жүздері мен сұлтандарының арасындағы араздықтарды сипаттайды. Осылайша Шойынбаев «Ақтабан шұбырынды» қасіреті болғаннан соң бір ғасыр өткенде жазылған Левшиннің еңбегіндегі бірнеше сөйлемге сүйеніп, асығыс қорытынды жасайды.

Р. Сүлейменов пен В. Моисеев өз монографияларында Шойынбаевқа қарағанда көбірек деректерге жүгінеді. Монографияда Абылайханның XVIII ғасырдағы тарихи рөліне ерекше назар аударылады. Еңбекте Абылайхан “көрегендігінің арқасында өз халқының тағдыры Ресеймен тікелей байланысты екенін алғашқылардың бірі болып сезген” орысшыл билеуші ретінде суреттеледі. Ал авторлардың Тынышпаевқа сілтеме жасауы – өте таңғаларлық дүние. Дегенмен, олар қасіретті оқиға туралы тереңірек білгісі келген оқырмандарға 1927 жылы Бартольдтің құрметіне арналып жазылған “Ақтабан шұбырынды” мақаласын оқуды ұсынады. Алайда, авторлар сілтемеде бұл мақаланың авторы Тынышпаев екендігін көрсетпейді.

Моисеевтің соңғы монографиясы кеңестік және посткеңестік зерттеулердің тоғысы деуге болады. Алайда бұл еңбектің де ресейшіл көзқараста жазылғанын атап өту маңызды. Осы еңбегінде де Моисеев Тынышпаевқа сілтеме жасамайды. “Ақтабан шұбырынды” туралы түсінігі Тынышпаевтың еңбегінен бастау алатынына қарамастан, Левшин мен Унковскийге сілтеме жасаған ол Тынышпаевтың өзіне сілтеме жасауды жөн деп таппайды. Осылайша ол 1723 жылды көпшілік мойындаған дата ретінде көрсетуге тырысады.

Кеңес одағы құлағаннан кейін “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының маңызы қандай болды? Жаңадан тәуелсіздігін алған Қазақстан алғашқы он жылдықта экономикалық депрессияны бастан кешті. Билік болса мұнай мен уранға салынған шетелдік инвестиция есебінен ақырындап еңсесін тіктей бастады. Одан кейінгі онжылдықта Қазақстан Орта Азиядағы ең бақуатты мемлекетке айналды. Осы кезде жаңа қазақ бірегейлігін қалыптастырудың қажеттігі туып, үкімет тарихи зерттеулерді қаржыландыруды қолға ала бастады. “Ақтабан шұбырынды” орыстар мен қазақтардың тағдырларын тоғыстырған оқиғадан бір қолға шоғырланған, орталықтанған биліктің қажеттігін дәлелдейтін тарихи маңызды оқиғаға айналды. Жас мемлекеттің мектеп оқулықтары мен фильмдерінде “Ақтабан шұбырынды” маңызды оқиға ретінде атала бастады. Сол жылдары жоғары оқу орнына түсем деуші түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) міндетті әрі стандартты тест ретінде енгізілді. Ал “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” туралы сұрақтар міндетті тарих пәнінің тест сұрақтары қатарына кіргізілді. Тәуелсіз Қазақстандағы ҰБТ-ның маңызын төмендетуге болмас, себебі бүгінде мемлекет мұқият таңдап алған “Ақтабан шұбырынды” туралы деректерді жаттау арқылы білім алған ұрпақ өсіп келеді.