Файл: 1 лтты білім беру моделі мені кзарасыммен.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 03.02.2024

Просмотров: 6487

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Көнекөз шежіреші қариялар бір атадан келесі атаның баласын, туыстық тармақтарды еш қиналмастан-ақ тарқата береді. Осылайша, тарихи оқиғалар, аңыз-әңгімелер атадан балаға жалғастырылады.
Туыстық жүйенің ең негізі, бел ортасы - отбасы саналады. Барлық алыс-жақын туыстық – осы отбасынан есептеледі.
Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол – ата, әке, бала.
Аталар мен апалар ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік деп есептеледі.
Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған.
Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-апасын өз әке-шешесіндей санап, туған әке-шешесін тек қана өскеннен кейін де танып жатады. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жәйт кездеседі.
Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.
Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті.
Қара шаңырақ, үлкен үй деп атайтын әкенің үйіне болашақта кенже ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын, көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері үйленіп үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген үлкен үй басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй ретінде саналған.
Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелегенде, Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген. Дегенмен, қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады.
Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындайды. Туыс ағыйындардың әйелдері – абысындардың қарым-қатынасы өзара көмек пен түсіністікке, берекеге құрылады. Сондықтан да, «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», - деген.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: « Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», - деп мадақтайды.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алды. Ол ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі. Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.
Ұзатылып келген қалыңдық үйлену тойының ертеңінде бүкіл ру, әулет, ауылға келін болып саналады. Өзі аттаған босағасының, рудың адамы санатына қосылып кетеді.
Қазақ жақсы келінді қызынан кем көрмеген.
Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өлгенде аруағын құрметтеу - жақсы келіннің әдептілігі мен тәрбиелілігінің айғағы.
Тұрмыстағы көргені мен түйгені, ақылдылығы, парасатты келінді есейе келе, ауыл-үй құлақ салып ақылдасатын ана дәрежесіне көтереді.
Қызына құда түсіп, айттырған күннен бастап жігіт қыз ауылы үшін күйеу атанып кете барады. Күйеу қайын жұртында төрге шықпайды, оған сыбағалы асы деп асықты жілік пен төс тартылады.
Әрине, жасы егделеген сайын, күйеудің әлеуметтік мәртебесі де жоғарылайтыны белгілі. «Күйеу қартайса құда болады», сөзі осы уақыт аралығында күйеу жақтан әлденеше қыз алысып, қыз беріскендігін, күйеудің де беделді адам бола бастағандығын айғақтаса керек. Қазақтың «Күйеуді қызым үшін сыйлаймын» деген сөзінде де үлкен мән бар.
Әуезов М. Абай жолы: Бұл романда жазушы Құнанбайды асқан сүйіспеншілікпен жетер жеріне жеткізе суреттейді. Құнанбай Абайға әке ғана емес, заманның үлкен қайраткері, әрі үлкен тұлғасы. Ал, Абай ойы, Абай даналығы, Абай тереңдігі – тазадан тазалыққа, биіктен биіктерге шақырар жанның жарық жұлдызына айналған. Мұндай эпопеяны халқын шын сүйген адам ғана жаза алады. Бұл эпопеясы болмаса қазақ өмірі, оның кім екендігі дәл сондай құдіреттілікпен дүниеге танылмас еді. « Абай жолы» халқымыздың ақыл – ойын биікке көтерген, әрбір отбасының сүйіп оқитын, тәлім-тәрбие алатын туындысы болды.


Bottom of Form

Top of Form

Bottom of Form

38 ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГТІҢ ТАБЫСТЫ БОЛУ ФОРМУЛАСЫ

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу- сезімнің ақылдығы»— деп ғұлама ақын Ғабу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, ғұмырын  ұстаздық мамандыққа арнаған, көңілі мәңгі жас баладай жақсылыққа құмар ұстаз болу – көп адамға бұйыра бермеген бақыт десем, артық айтқандық емес шығар. Өйткені аузын ашса жүрегі көрінетін, жалғандықты, жасандылықты сүймейтін тазалық пен пәктіктің иесі — оқушыларды көргенде,  олармен бірге қуанып, бірге күліп, жан дүниең ерекше  сезімге толып,  жас баладай  қуанышқа бөленесің. Оқушылар сенен ең жақын жанашырындай үміт күтеді, қуанып қарсы алады, сырларын бөліседі. Кейде қуаныштарын жасыра алмай , еркелей алдыңа келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Сен олармен бірге жүрсең, олармен бірге бала болып, асыр салып, балаша қуанып, мына өмірге балаша қарайсың. Әр үйдің үміті болған шәкіртеріңнің жан шырағын жаға білсең, нағыз адам етіп тәрбиелей білсең, жүрегіне ұлтына деген қасиетті ұғымды ұялатып, Абай атамыз айтқандай, толық адам тұлғасын қалыптастыра алсаң, міне,  ұстаздық мұрат- мақсатың — осы болмақ…

Шәкірт бойына сапалы білім мен үлгілі тәрбиені сіңіру- мұғалімнің педагог алдына қойған басты  мақсат болу керек. Мұғалім болған соң, өз пәніңді шәкіртіңнің толық меңгергенін қалайсың. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, алдыңда түрлі деңгейдегі оқушылар отырады.Ұстаздардың ұстазы болған Ы. Алтынсарин: «Оқушы сабақты түсінбесе, кінәлі емес, оны түсіндіре алмаған мұғалім кінәлі» деген сөзі бар. Осы ұлағатты сөзді  ешқашан есімнен шығарған емеспін. Егер оқушы түсінбей жатса, онда менің әдістемемнің әлсіз жағының әлі бар екенін мойындап, оны өзімнен іздеп, қателігімді түзетуге тырысып келемін. Заман талабына сай көштен қалмай, білімдегі соңғы жаңалықтарға да көз жүгіртіп, назардан еш тыс қалдырмаймын.

Мен үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу — ең ардақты мамандық иесі деп ойлаймын. Дүниедегі ең қасиетті тілің мен тарихыңа, ұлтың мен әдебиетіңе жетер еш байлық жоқ Бабалар аманатын болашақ ұрпақ зердесіне жеткізіп, көздің қарашығындай сақтай білуге шақыру -әрбір тіл  маманның педагогтың парызы әрі оқушыларының жанына ұлт намысы, ел мүддесі деген киелі ұғымдарды ұялата отырып, білім беру  — ХХІ ғасыр мұғалімдерінің еншісінде тұр. Еш жалықпаған ұстаздың  тәрбиелеген  шәкірттері — жан- жақты білімді, ой- өрісі биік, өз мақсаттары айқын, сол мақсатқа жету үшін еңбекқорлық пен шыдамдылық таныта білетін жандар болатыны сөзсіз.


«Ұстазы жақсының- ұстамы жақсы» дегендей , оқушыларының тәрбиелі болуы- ұстазынан көрген өнегесі мен тәлімінен екені даусыз.Ы.Алтынсарин : «Мұғалім- адам жанының инженері» деп , өз заманында ұстаздар қауымына зор баға берген.Ұстаз- адам жанының емі, шипагері десек артық айтқандық емес.Күнделікті күйкі тірлікте өз шәкіртіне үнемі көңіл бөліп, жылы сөзімен жылытатын да ұстаз.Адамзат тәрбиелеудің қиындығы мен жауапкершілігі мол мамандық екені белгілі, дегенмен ХХІ ғасырдың ұстаздары жан – жақты дамыған, оқушының жан дүниесін жетік білетін, өз пәнін толық меңгерген, барлық нәрседен хабары бар иман жүзді, талапшыл азамат болуы керек деп ойлаймын.

Ұрпақ… Бала … Бүкіл адамзат болмысының тірлігінің мәні.Қай заманда, қай ғасыр, қай қоғамда болмасын адамдар тірлігінің мақсаты, болашаққа жалғастырар алтын көпірі, аманат етер асылы- оның ұрпағы. Сондықтан да күллі адамзат дүниесіне ортақ мүдде- ұрпақ тәрбиесі.Ал сол ұрпақтың азамат болып шығуына бағыт- бағдар беріп, үнемі қадағалау – бүгінгі ұстаздар қауымының жауапты жұмысы деп білемін. Сол себепті де, оқушыларымыздың сапалы білім мен өнегелі тәрбиені мектептен алып шығатынын еш ұмытпауымыз керек. Оқушымыздың парасатты да саналы адамгершілігі мол тұлға болып шығуымен қатар, нәтижелі білім алып шығуына бар күш- жігерімізді сарп етуіміз қажет. Ұстаз өзінің алдына нақты белгілі бір мақсатты қойып, соған жету жолында барынша талаптанса, жетістікке жетері сөзсіз. Білім кеңістігінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмай, жаңашыл мұғалімдердің іс- тәжірибесін мүмкіндігінше дұрыс пайдаланып, оқытудың ой елегінен өткен тиімді әдіс- тәсілін дұрыс таңдап, оны мейлінше меңгеру аса қажет болып табылады. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамдағы мұғалім заман талабына сай психологиялық негізден өте мықты хабары бар, ақпараттық технологиялардың бар түрінде жұмыс істеуге қабілетті , жан- жақты білімді, үлкен жүректі , оқушыларды жанындай жақсы көре білетін байқампаз да білікті жан болуы керек. Өйткені іс-тәжірибеге көз жіберсек, кешегі бүгінгіге, бүгінгі ертеңгіге ұқсамайды. Ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі, өмір талабы, оқушы талғамы үнемі өсуде. Сол себептен де ең алдымен, жеке тұлға ретінде өзімнің бойыма өзгерістер енгізуге тура келді. Өзім де өзгердім, оқушыларым мен әріптестерімді де өзгертуге қолымнан келгенше ат салысып жүрмін. Бұрын қандай бір қиындыққа тап келсем, қатты абыржушы едім, бүгінгі күнде, жылдам әрі тез шешімін дұрыс табуға дағдыландым. Оқушыларымды да дұрыс шешім тауып, өз ісіне жауап бере алатын азамат болуға шақырып, не нәрсе болса да сын тұрғысынан ойланып, жеті рет өлшеп, бір рет пішуге қалаптастыруға үйретіп жүрмін. Бұл жетістіктер – менің 3 айлық деңгейлік курстан алған ілімдерім еді. Күнделікті сабағыңды түрлендіріп өткізсең, жаңашылдыққа талпынсаң, оқушыға да сыйлы боласың әрі оқушы сабағыңа да селқос қарамайды. Сол себепті мен өз сабағымда 7 модульді ықпалдастыра қолданамын.Оның нәтижесі де жоқ емес. Дәл қазір  жаңалыққа деген құлшыныс пен қызығушылық, түпкі нәтижеге деген сенімділік, өз ісімнен қанағат табу менде басым. Екінші жетістігім — өзімді шыдамдылыққа, сабырлылыққа  үйреттім. Мен бұрын баладан жауап алғанша асықсам, қазір оқушының ойлануын бірінші орынға қоятын болдым. Жиырма жылдай ұстаздық етсем де, әлі де үйренетінім көп екеніне толық көзім жетіп отыр.


Өзімнің мұғалім, ұстаз, педагог жалпы адам ретінде түйгенім,  мұғалім өзінің артына ерген ұрпағы мен шәкіртінің жетістігімен ғана марқая, қуана алады екен. Ұлтымыздың тағдыры, болашағы – тәрбие мен  білімде екен. Абай атамыз айтқандай: « Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға..» дегендей , шәкірт тәрбиелеп, оны ұядан баптап ұшырудан еш жалықпайық

39 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЗАМАНАУИ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ДАМУ ҮДЕРІСІ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2050» стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы» делінген. Елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан екендігі айтылған. Онда «XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» делінген. Барлық дамыған елдерде сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсынудың маңыздылығы айтылған. Орта «Білім жүйесіндегі жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізіп, оқыту нәтижесінде оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі тиіс» делінген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңына сәйкес “Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту” сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Өйткені ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғарғы дайындығы бар білікті мамандар қажет.

Бүгінгі таңда балалардың қабілеттерін жоғарғы деңгейде қанағаттандыратындай білім беру көптеген өркениетті елдерде саралап оқыту принципінің негізінде одан әрі дамытылуда. Ол Франция, Америка, Германия, Англия, Жапония т.б. елдердің білім беру жүйесінде қазір жоғарғы деңгейде жүргізілуде. Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Осындай табиғи сұраныстарға орай, оқытудың әртүрлі технологиялары жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізілуде. Мәселен, академик В.И. Монаховтың технологиясы, В.К. Дьяченконың ұжымдық оқыту әдісі,        М.М. Жанпейсованың оқытудың модульді технологиясы және Ж.А. Қараевтың білім беру жүйесін ақпараттандырумен қатар оқушылардың өскелең оқу тәрбие үрдісін түгелдей терең дараландырып жаңаша білім алуына, өздігінен іздену сезімін ояту, дарындылық пен талапқа жол ашуға бағытталған технологияларын атап көрсетуге болады. Олай болса, оқытушы педагогикалық ізденіспен озық технологиялардың әдіс-тәсілдерін аса жоғары талғаммен қолдана білуі тиіс. Оқушылар алған білімдерімен келешекте белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін, яғни тез бейімделе алуы арқылы функционалдық сауаттылыққа қол жеткізеді. Әрбір сабақты өту барысында шынайы өмірмен ұштастыру оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын және келешекте өз мамандықтарын дұрыс таңдауына әсер етеді.