Файл: Ішкі азалар туралы ілім спланхнология ескерту.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 25.04.2024

Просмотров: 31

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.



241 – сурет. Соқыр ішек пен құрттәрізді өсінді.

1 – мықын-соқыр ішек тесігі; 2 –мықын-соқыр ішек қақпағы; 3 – жоғарылаған жиек ішек; 4 – мықын ішек; 5 – құрттәрізді өсіндінің тесігі; 6 – құрттәрізді өсінді; 7 –соқыр ішек.

Оның ұзындығы 6 - 10 см-ге дейін, ал диаметрі 4 - 7 см шамасында болады.

Соқыр ішек интраперитонеалды орналасқан. Оның сол жағына мықын-соқыр ішек тесігі, ostium ileocaecale, ашылады. Ол шырышты қабықтың горизонталды бағытта орналасқан екі қатпары, мықын-соқыр ішек қақпағымен, valva ileocaecalis, ( Баугини қақпағы) шектелген. Құйғыштәрізді қақпақтың тар бөлігі соқыр ішекке бағытталып астың мықын ішектен соқыр ішекке өтуін реттеп отырады. Соқыр ішектегі қысым көтерілгенде (астың қалдықтарымен жеткілікті мөлшерде толған уақытта) қақпақ жабылып, асты кері өткізбейді. Соқыр ішектің артқы-медиалды қабырғасында, мықын-соқыр ішек тесігінің төменгі жағында, құрттәрізді өсіндінің тесігі, ostium appendix vermiformis, ашылады. Құрттәрізді өсінді, appendix vermiformis,соқыр ішектің төменгі медиалды қабырғасынан шығады, оң мықын шұңқырында орналасқан. Оның көлемі тұрақсыз: ұзындығы 3-тен 20 см-ге дейін (жиі кездестін ұзындығы 7 – 10 см), диаметрі – 1 см-ге дейін болады. Аппендикстің ішастарға қатынасы – интраперитонеалды, шажырқайы бар. Оның бұлшықеттік қабаты тұтас болады. Ол әртүрлі: төмендеген, латералды, медиалды және жоғарылаған бағыттарда орналасады. Ең жиі кездесетін түрі - төмендеген бағытта орналасуы (40 - 45%), ұзын болған жағдайда, оның шеті кейде кіші жамбасқа түседі. Латералды бағытта орналасуы 20 – 25 % , медиалды орналасуы 17 – 20 %, жоғарылаған бағытта орналасуы 13 – 15 % ( шеті кейде бауырдың астында дейін жетеді) жағдайларында кездеседі. Құрттәрізді өсіндінің соқыр ішектен шығатын негізінің іштің алдыңғы қабырғасындағы проекциясын білу өте маңызды. Ол көбінесе, оң және сол жақтағы, мықындық алдыңғы жоғарғы қылқандарды қосатын сызықтың – оң жақтағы сыртқы және ортаңғы үштен бір бөліктерінің шекарасына сәйкес (Ланц нүктесі) келеді.Құрттәрізді өсіндінің шырышты қабығын иммундық жүйеге жататын көптеген шоғырланған лимфойдты түйіншелер, noduli lymphoidei aggregati, алып жатады.

Жоғарылаған жиек ішек, colon ascendens, - соқыр ішектің жалғасы. Ол іш қуысының оң жағымен жоғары көтеріліп, бауырдың оң үлесінің төменгі бетіне дейін жетеді. Осы тұста ол солға иіліп, жиек ішектің оң иілімін, flexura coli dextra, түзіп көлденең жиек ішекке өтеді. Жоғарылаған жиек ішектің артқы беті белдің шаршы бұлшықеті мен іштің көлденең бұлшықетіне және оң бүйректің төменгі бөлігіне жанасып жатады. Латералды беті іштің оң жақ қабырғасына, алдыңғы беті іштің алдыңғы қабырғасына жанасып жатады. Асқа толуына байланысты жоғарылаған жиек ішекті, кейде, алдыңғы жағынан аш ішек ілмектері жауып жатады. Тоқ ішектің бұл бөлігінің ұзындығы 12 - 20 см. аралығында болады. Бос таспа ішектің - алдыңғы, шарбылық таспа артқы - латералды, шажырқайлық таспа – артқы медиалды беттерінде орналасқан. Жоғарылаған жиек ішек ішектің артқы беті ішастармен жабылмаған, мезоперитонеалды орналасқан.

Көлденең жиек ішек, colon transversum, – жиек ішектің оң иілімінен басталып, төмен қарай дөңестенген (салбыраған) доға түрінде көлденең бағытта жүреді де, сол қабырға астында оң иілімнен жоғарылау орналасқан жиек ішектің сол иіліміне, flexura coli sinistra, өтеді. Ол тоқ ішектің ең ұзын бөлігі, оның ұзындығы 30 - 80 см. аралығында болады. Көлденең жиек ішек өте ұзын болған жағдайда: төмен салбыраған доға түрінде, кіндік деңгейіне дейін, кейде одан да төмен орналасады. Көлденең жиек ішек интраперитонеальды орналасқан және париетальды ішастардан басталатын меншікті шажырқайы бар. Шарбылық таспаның өн бойына, асқазаннан басталатын асқазан - жиек ішек байламы бекиді. Көлденең жиек ішектің топографиясы: оған үстінде – оң жағында бауырдың оң үлесі, ортасы мен сол жағында асқазанның үлкен иіні және көкбауыр жанасып жатады. Оған артында - он екі елі ішектің төмендеген бөлігі мен ұйқы безі, астында – аш ішек ілмектері жанасады. Жиек ішектің сол иілімі төмендеген жиек ішекке жалғасады.

Төмендеген жиек ішек, colon descendens, іш қуысының сол жағымен төмен түсіп, сол жақтағы мықын қыры деңгейінде, сигматәрізді ішекке жалғасады. Төмендеген жиек ішектің артқы беті ішастармен жабылмай, мезоперитонеальды орналасқан. Төмендеген жиек ішек артқы жағында сол бүйректің төменгі шетімен жанасады, одан төмен қарай жүріп, белдің шаршы және іштің көлденең бұлшықеттерінің үстінде жатады. Оны алдыңғы жағынан аш ішек ілмектері жауып жатады. Ішектің ұзындығы 12 - 23 см. аралығында болады.
Сигматәрізді жиек ішек, colon sigmoideum, проксималды және дисталды орналасқан екі ілмек түзуіне байланысты осылай аталып кеткен. Ол сол жақтағы мықын шұңқырында және кіші жамбас қуысының жоғарғы бөлігінде орналасып, сол жақтағы сегізкөз – мықын буыны ( III сегізкөз омыртқасы) деңгейінде тік ішекке жалғасады. Сигматәрізді жиек ішек іштің артқы қабырғасына бекитін шажырқайының арқасында қозғалмалы болып келеді және интраперитонеалды орналасады. Ұзындығы 15 – 67 см. аралығында болады.

Тоқ ішектің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: шажырқайлық жоғарғы және төменгі артериялар тармақтары. Веналары: шажырқайлық жоғарғы және төменгі веналар арқылы қақпа венасына құйылады. Лимфа тамырлары: шажырқайлық жоғарғы және төменгі артериялар тармақтарының жанында орналасады. Соқыр ішек пен құрттәрізді өсіндіден шығатын лимфа тамырлары соқыр ішектік лимфа түйіндері және мықын – жиек ішектік лимфа түйіндері арқылы өтеді. Жоғарылаған жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары оң жақтағыжиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Көлденең жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары, оның шажырқайында және жиек ішектік ортаңғы артериясының айналасында жататын шажырқай-жиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Осы аталған лимфа түйіндерінен шығатын лимфа тамырлары аш ішектің шажырқайында, шажырқайлық жоғарғы артерияның айналасында жататын шажырқайлық лимфа түйіндеріне құйылады. Ал, олардан кететін лимфа тамырлары белдік лимфа түйіндеріне құйылады.

Төмендеген жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары сол жақтағыжиек ішектік лимфа түйіндері арқылы өтеді. Сигматәрізді жиек ішектен шығатын лимфа тамырларысигматәрізді жиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Аталған лимфа түйіндерінен шығатын лимфа тамырлары шажырқайлық төменгі лимфа түйіндеріне құйылады. Олардан кететін лимфа тамырлары да белдік лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: Соқыр ішек, жоғарылаған, көлденең жиек ішектердің парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нерв, ал,төмендеген және сигматәрізді жиек ішектерді жамбастың ішкі ағзалық нервтері нервтендіреді. Симпатикалық нервтенуі – шажырқайлық жоғарғы және төменгі өрімдер тармақтары.
1   2   3   4   5   6   7


Тік ішек, rectum (грекше – proctos), жоғарыда көрсетілгендей, сол жақтағы сегізкөз – мықын буыны ( III сегізкөз омыртқасы) деңгейінде басталып,. кіші жамбас қуысының артқы қабырғасына жанаса орналасқан, тоқ ішектің соңғы бөлігі ( 242 – сурет ). .



242 – сурет. Тік ішек.

1 –тік ішек ампуласы; 2 –артқы өтіс бағаналары; 3 –артқы өтіс қойнаулары; 4 – тік ішек-артқы өтіс сызығы; 5 – артқы өтістің сыртқы қысқышы; 6 – артқы өтістің ішкі қысқышы; 7 – тік ішектіңкөлденең қатпары.

Тік ішекте нәжіс қоспасы жиналып сыртқа шығарылады, сонымен қатар су сіңіріледі. Тік ішектің ұзындығы 14 – 18 см, диаметрі 3 - 8 см. аралығында болады. Еркекетерде тік ішектің алдында несеп қуық, қуықасты безі, шәует қуықшасы, шәует шығаратын түтік, ал әйелдерде жатыр мен қынап орналасқан.

Тік ішек тік орналаспаған, оның екі иілімі:жоғарғы жағында,артқа қарай дөңестенген сегізкөздікиілімі, flexura sacralis, және төменгі жағында, алдыға қарай дөңестенген шаттық иілімі, flexura perinеalis, ажыратылады. Сонымен қатар, тік ішектің екі бөлігін: жамбас көкеті үстіндегі жамбастық бөлігін, pars pelvina, жәнежамбас көкеті астында орналасқан артқы өтіс (айналшық) өзегін, canalis analis, ажыратады. Жамбастық бөліктің бастапқы 3 – 4 см - дей бөлігінің диаметрі 3 – 4 см болады. Оның төменгі жағында ұзындығы 8 – 10 см - дей бөлігі кеңейіп, ені 5 - 8 см болатын тік ішек ампуласын, ampula recti, түзеді. Артқы өтіс (айналшық) өзегінің ұзындығы 3 – 4 см диаметрі 3 см шамасында болады. Тік ішектің сыртқа ашылатын төменгі тесігі - артқы өтіс (айналшық), anus (грекше – proctos), - деп, аталады.

Тік ішек қабырғасының құрылымы. Шырышты қабық пен шырышасты негізінде ішек бездері, glandulae intestinales, шырышты қабықтың эпителиінде бокалтәрізді жасушалар жатады. Сонымен қатар, жекеленген лимфойдты түйіншелер, noduli lymphoidei solitarii, қан, лимфа тамырлары мен нервтер орналасады.

Тік ішектің жамбастық бөлігі ампуласының үстінде, сигматәрізді жиек ішектің жартыайтәрізді қатпарларына ұқсас, ішек қабырғасының жартысын қамтитын, көлденең қатпарлар, plicae transversales recti, жатады.Тік ішек ампуласында осындай тұрақты 2 – 3 көлденең қатпарлар орналасады. Олардан басқа әр түрлі бағытта орналасатын тұрақсыз қатпарлар орын алады.

Артқы өтіс (айналшық) өзегінде,бойлық бағытта орналасқан артқы өтіс бағаналары, columnae anales, деп аталатын қатпарлар орналасады. Осы бағаналарды төменгі жағынан бір – бірімен қосып тұратын көлденең қатпарлар артқы өтіс жапқыштары, valvulae anales, деп аталады. Бағаналардың арасында артқы өтіс қойнаулары, sinus anales, деп аталатын ұңғылдар орналасады. Қойнауларды төменгі жағынан жапқыштар шектеп тұрады. Жапқыштардың бір – бірімен көлденең бағытта қосылған жиынтығы артқы өтіс қырын, pecten analis, түзеді.

Артқы өтіс бағаналары, қойнаулары және артқы өтіс қыры аймағының шырышты қабығы мен шырышасты негізінде, тік ішектің веналық өрімі, plexus venosus rectalis, жатады. Бұл өрім - геморройлық өрім, plexus haemorroidalis, деп те аталады.

Бұлшықетті қабық, tunica muscularis – сыртқы бойлық, ішкі дөңгелек, екі қабаттан тұрады. Тоқ ішек таспаларының жалғасы - бойлық бұлшықет талшықтары төмен қарай кеңейіп тік ішекті толығымен қамтиды, сондықтан таспалары болмайды. Бойлық бұлшықеттеге артқы өтісті көтеретін бұлшықет, m.levator ani, талшықтары келіп қосылады. Бұл бұлшықеттен басқа тік ішекті көрші орналасқан ағзалармен (несеп қуық, несеп шығаратын өзек, жатыр) байланыстырып тұратын бұлшықеттер болады. Бұлшықетті қабықтың дөңгелек қабаты артқы өтісте қалыңдап, артқы өтістің ішкі қысқышын, m.sphincter ani internus, түзеді. Артқы өтіс айналасының тері астындағы шелмай қабатында, шат бұлшықеттеріне жататын артқы өтістің сыртқы қысқышы, m.sphincter ani externus, орналасқан.

Сыртқы сірлі қабықпен, tunica seposа, тік ішек жоғарғы бөлігінде барлық жағынан – интраперитонеалды; ортаңғы бөлігінде үш жағынан - мезоперитонеалды жабылған, төменгі бөлігі жабылмай – экстраперитонеалды орналасқан. Сірлі қабықпен жабылмаған жерінде, тік ішек дәнекер тінді қабықпен ( адвентициямен ) жабылады.

Тік ішектің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: шажырқайлық төменгі артериядан кететін тік ішектік жоғарғы артерия, мықындық ішкі артериядан кететін тік ішектік ортаңғы артерия, жыныстық ішкі артериядан кететін тік ішектік төменгі артерия, Веналары: шажырқайлық төменгі вена арқылы қақпа венасына, мықындық ішкі вена арқылы төменгі қуыс венаға құйылады. Лимфа тамырлары: мықындық ішкі лимфа түйіндері арқылы және шажырқайлық төменгі лимфа түйіндері арқылы өтеді . Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – жамбастың ішкі ағзалық нервтері, Симпатикалық нервтенуі – шажырқайлық төменгі және жамбас өрімдерінің тармақтары.
БАУЫР
Бауыр, hepar, – асқорыту жолының ең ірі безі, көкет астында, басым бөлігі іш қуысының жоғарғы оң бөлігінде орналасқан. Тармақталған күрделі түтікті бездерге жатады. Орташа салмағы 1500 г. шамасында болады. Бауырдың қызметі алуан түрлі. Зат алмасудың барлық түрлеріне қатынасады. Ол, қақпа венасы арқылы келетін қоректік заттар құрамындағы және зат алмасу үдерісі кезінде пайда болатын зиянды заттарды жоятын тосқауылдық және өт өндіру қызметтерін атқарады. Нәрестенің эмбриондық шағында қан өндіру үдерісіне қатынасады.

Бауыр, ішастармен барлық жағынан қамтылып, интраперитонеалды орналасады. Оның: жоғарғы – көкеттік бетін, facies diaphragmaticа, төменгі – висцеральдық бетін, facies visceralis, алдыңғы жағында өткір төменгі жиегін, margo inferior, ажыратады ( 246 – сурет ).


246 – сурет. Бауыр, он екі елі ішек және ұйқы безі.

1 – бауырдың оң үлесі; 2 – тәждік байлам; 3 – сол үшбұрышты байлам; 4 –бауырдың сол үлесі; 5 –орақтәрізді байлам; 6 – бауырдың жұмыр байламы; 7 – бауырдың жалпы түтігі; 8 – жалпы өт түтігі; 9 – ұйқы безінің түтігі; 10 – ұйқы безінің құйрығы; 11 – ұйқы безінің денесі; 12 – он екі елі – ащы ішек иілісі; 13 – он екі елі ішектің жоғарылаған бөлігі; 14 – ұйқы безінің басы; 15 – он екі елі ішектің горизонталды бөлігі; 16 – он екі елі ішектің төмендеген бөлігі; 17 – мықын ішек; 18 -қаптық түтік; 19 – өт қап; 20 - оң үшбұрышты байлам.
Артқы жиегі, margo posterior, доғалдау болып келеді. Көкеттік беті, көкеттің күмбезіне сәйкес, дөңес болады. Көкеттен және іш қуысының алдыңғы қабырғасынан, осы бетке сагитталды жазықтықта орналасқан ішастардың туындысы, орақтәрізді байлам, lg. falciforme, барады. Ол бауыр бетін оң және сол үлестерге, lobus hepatis dexter et lobus hepatis sinister, бөліп, артынан фронталды жазықтықта орналасқан тәждік байламға, lig. coronarium, ұласады, ал тәжді байламның шеттері оң және сол үшбұрышты байламдармен, lig.triangulare dextrum et sinistrum, аяқталады. Бауырдың сол үлесінің жоғарғы бетінде жүректің ізі бар, ол жүректік батыңқы, impressio cardiaca,деп аталады.

Висцералды беті ойыстау болып келеді де, бауырды төрт үлеске бөлетін үш жүлге өтеді. Сагитталды бағытта өтетін екі: оң және сол жүлгелер, бір-бірімен терең көлденең жүлге, бауыр қақпасы, porta hepatis, арқылы байланысады. Осы сагитталды жүлгелер арасындағы бөлік,бауыр қақпасымен екі үлеске: алдыңғы – шаршы үлеске, lobus quadratus, артқы – құйрықты үлеске, lobus caudatus, бөлінеді

Висцералды беттегісол сагитталды жүлге, көкеттік беттегі орақ тәрізді байламмен бірге, бауырды оң және сол үлестерге бөледі. Осы жүлгенің бауыр қақпасының алдында орналасқан бөлігі – жұмыр байлам саңылауы, fissura ligament teretis, артындағысы – веналық байлам саңылауы, fissura ligamenti venosi, деп аталады.

Алдыңғы саңылауда,жұмыр байлам, lig.teres hepatis, жатады, ол эмбриондық даму кезінде қызмет атқарған кіндік венасының қалдығы - туылғаннан кейін, бұл вена бітеліп кетеді де, жұмыр байлам деп аталады. Артқы саңылауда,бітеліп қалған веналық түтік ( Аранций түтігі) орналасады. Ол эмбриондық даму кезінде кіндік венасын төменгі қуыс венамен қосып тұрады. Оң сагитталды жүлгенің алдыңғы бөлігі – өт қап шұңқыры, fossa vesicae felleae, (онда өтқап жатыр), ал артқы бөлігі аттас вена өтетін, төменгі қуыс вена жүлгесі, sulcus venae cavae inferioris, деп аталады.

Бауыр қақпасы арқылы: қақпа венасы, бауыр артериясы, нервтер кіреді, жалпы бауыр түтігі мен лимфа тамырлары шығады. Олар кіші шарбының ішінде орналасады. Бауырдың висцералды бетінің көршілес ағзаларға жанасып жатуына байланысты, батыңқылар түзіледі. Сол үлесте – асқазандық батыңқы, impressio gastrica,оң үлесте - бүйректік, impressio renalis, бүйрекүстілік, impressio suprarenalis, жиек ішектік, impressio colica, он екі елі ішектік батыңқылар, impressio duodenalis, ажыратылады.

Бауырдың құрылымы. Бауыр паренхимасы тікелей жұқа, тығыз фиброзды қабықпен, tunica fibrosa, қапталған. Ол бауыр қапшығы ( Глиссон қапшығы ) деп те аталады. Оны сыртынан сірлі қабық, tunica seposa, (интраперитонелды) жауып жатады. Фиброзды қабықтан кететін дәнекертінді өсінділер, бауыр тінінің негізін құрап,оны 500 мыңдай үлесшелерге бөледі.Үлесше, lobulus hepatis, бауырдың құрылымдық – қызметтік бірлігі болып табылады. Үлесшенің диаметрі 1 – 2 мм., пішіні көп қырлы призматәрізді болып келеді ( 249 – сурет ).




249 – сурет. Бауыр үлесшесі және оның қан тамырлары.

1 – қақпа венасының тармағы; 2 –бауыр артериясының тармағы; 3 –үлесшеаралық вена; 4 – үлесшеаралық артерия; 5 – үлесше айналасындағы артерия мен вена; 6–үлесшеішілік синусоидтық капилляр; 7 – орталық вена; 8 – бауыр үлесшесі; 9 – үлесшеастылық жинақтаушы вена.

Үлесше, шетінен ішке қарай радиалды бағытталған «бөренелер» деп аталып кеткен - бауыр табақшаларынан түзілген. Бауыр табақшасы екі қатар түзіп орналасқан бауыр жасушалары – гепатоциттерден құралған ( 250 – сурет ). .



250 – сурет. Бауыр бөренелері құрылымының сызбасы.

1 – гепатоциттер; 2 – бауыр бөренесі; 3 –гемокапилляр (синусоидтық капилляр); 4 – үлесше айналасындағы кеңістік; 5 – орталық вена;; 6 – өт түтікшесі (капилляр); 7 – эндотелиоциттер; 8 –үлесшеаралық өт түтікшесі; 9 – үлесшеаралық артерия; 10 - үлесшеаралық вена.



Екі қатардағы гепатоциттердің арасымен өт түтікшесі, ductulis bilifer, өтеді, олар бір-бірімен қосылып, үлесшеаралық өт түтікшелеріне, ductuli interlobulares, құяды. Үлесше ортасында орталық вена, v.centralis, орналасады. Үлесшелер арасында үлесшеаралық артериялар мен веналар жүреді. Олардан, үлесшенің ішіне капиллярлар кетеді. Бұл капиллярлар бір – бірімен қосылып, диаметрлері үлкен болатын, үлесшеішілік синусоидтық капиллярларға айналады. Синусоидтық капиллярлар гепатоциттерге тығыз жанасып жатады. Гепатоциттер капиллярларға зат алмасу өнімдерін,өт түтікшелеріне өт бөліп шығарады. Синусоидтық капиллярларбауыр табақшаларының арасымен жүріп, орталық венаға құйылады. Орталық веналар бір-бірімен қосылып, 2 – 3 бауыр веналарын түзеді. Бауыр веналары төменгі қуыс венаға құйылады.Үлесшеаралық өт түтікшелері, үлесшеаралық артериялар мен веналар бауыр үштігі ( триадасы ) деп аталады. Бауырдың тамырлар жүйесіне бояу енгізіп, микроскоппен қарағанда тамаша көрініс көзге ілінеді. Бұл құрылым бауырдың керемет торы, rete mirabile hepatis, деп аталады. Үлесшеаралық өт түтікшелері өзара қосыла отырып, бауырдың оң және сол үлестерінен шығатын, бауырдың оң және сол түтіктерін, ductus hepaticus dexter et sinister, түзеді. Ол екеуі бірігіп, бауырдың жалпы түтігін, ductus hepaticus communis, түзеді.

Бауырда қантамырлардың орналасуына сәйкес: екі үлес, бес сектор және сегіз сегментті ажыратады. Сол жақтағы үлесте үш сектор және төрт сегмент, оң үлесте екі сектор және мұнда да төрт сегмент бөлінеді. Сектор – қақпа венасы мен бауыр артериясының екінші реттік тармақтары қандандыратын аймаққа сәйкес келетін бауырдың бөлігі. Сегмент – қақпа венасы мен бауыр артериясының үшінші реттік тармақтары қандандыратын аймаққа сәйкес келетін бауырдың бөлігі ( 248 – сурет ).

1. Сол дорсалды сектор бауырдың бірінші сегментіне ( C I ) сәйкес келеді, оның құрамына құйрықты үлес кіреді ( бір сегментті сектор ) .


248 – сурет. Бауыр сегменттерінің ( I-VIII ) көкеттік және висцералдық беттердегі проекциясы.

2. Сол латералды сектор бауырдың екінші сегментіне ( C II ) сәйкес келеді, оның құрамына бауырдың сол үлесінің артқы бөлігі кіреді ( бір сегментті сектор ).

3. Сол ортаңғыжанындағы ( парамедиандық ) сектор үшінші ( C III ) және төртінші ( C IV ) сегменттерге сәйкес келеді. Үшінші сегменттің құрамына бауырдың сол үлесінің алдыңғы бөлігі кіреді. Төртінші сегменттің құрамына бауырдың шаршы үлесі мен көкеттік бетінің бір бөлігі кіреді.

4. Оң ортаңғыжанындағы ( парамедиандық ) сектор бесінші ( C V ) және сегізінші ( C VIII ) сегменттерге сәйкес келеді. Бұл сектор сол үлеспен шекаралас жатады. Бесінші сегменттің құрамына бауырдың оң үлесінің медиалды жағының алдыңғы бөлігі, сегізінші сегменттің құрамына бауырдың оң үлесінің медиалды жағының артқы бөлігі кіреді.

5. Оң латералды сектор алтыншы ( C VI ) және жетінші ( C VII ) сегменттерге сәйкес келеді. Алтыншы сегменттің құрамына бауырдың оң үлесінің латералды жағының алдыңғы бөлігі, жетінші сегменттің құрамына бауырдың оң үлесінің латералды жағының артқы бөлігі кіреді.

Бауырдың проекциясы. Бауырдың жоғарғы шекарасы, оң жақтағы қолтықтық ортаңғы сызық бойынша оныншы қабырғааралықтан басталып, жоғары көтеріледі де, бұғаналық ортаңғы сызық бойынша төртінші қабырғааралықта өтеді. Бұл жерден төмендеп, оң жақтағы төсжанындағы сызық бойынша бесінші қабырғааралықта орналасады, алдыңғы орталық сызық деңгейінде семсертәрізді өсіндінің негізі арқылы өтеді. Сол жақтағы төсжанындағы сызық бойынша бесінші қабырғааралықта орналасып, төменгі шекарасымен түйіседі. Бауырдың төменгі шекарасы, оныншы қабырғааралықтан басталып, қабырға доғасын бойлай қиғаш бағытта жоғары көтеріледі. VIII және IX қабырғалар шеміршектерінің бір – бірімен қосылған жерінде, қабырға доғасынан шығып, құрсақүсті аймағында, regio epigastrica, орналасады. Бұл жерден, жоғары қарай жүріп, сол жақтағы қабырға доғасын VIII және VII қабырғалар шеміршектерінің бір – бірімен қосылған жерінде кесіп өтеді де, бесінші қабырғааралықта төменгі шекарасымен түйіседі. Сонымен, бауыр оң жақтағы қабырғаасты аймағында, regio hypochonlriaca dextra, құрсақүсті аймағының, regio epigastrica, жоғарғы бөлігінде, сол жақтағы қабырғаасты аймағының, regio hypochonlriaca dextra, бір бөлігінде орналасады.

Бауырдың тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: бауырдың меншікті артериясы. Бауырдың қандануының ерекшелігі: бауырға артериядан басқа, қақпа венасы кіреді. Бұл вена арқылы ішекте сіңірілген қоректік заттар, бауыр арқылы өтіп залалсыздандырылады. Веналары: бауыр веналары арқылы төменгі қуыс венаға құйылады. Лимфа тамырлары: көкеттік жоғарғы, төсжанындағы, бауырлық , құрсақ, белдік лимфа түйіндері арқылы өтеді . Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нервтер, симпатикалық нервтенуі – құрсақ өрімінен кететін бауырлық өрім тармақтары.

ӨТ ҚАП
Өт қап, vesica fellea (грекше – cholecystis), бауырдың астында, аттас шұңқырда жатады. Бауырдан шығатын өт, он екі елі ішекте ас қорыту үдерісі жоқ кезде, өт қапта жиналады. Өт қаптың үш бөлігін ажыратады. Өт қаптың түбі, fundus vesicae felleae,бауырдың төменгі жиегінен аздап шығып тұрады да, оң қабырға доғасы мен іштің тік бұлшықетінің оң жиегінің қиылысқан жеріне сәйкес келеді ( 251 – сурет ).






251 – сурет. Өт қап,өт түтіктері.

1 – өт қаптың түбі; 2 – өт қаптың денесі; 3 – шырышты қабық; 4 –қаптық түтік; 5 –бауырдың жалпы түтігі; 6 – жалпы өт түтігі; 7 – қаптық түтіктің қатпарлары; 8 – өт қаптың мойны.

Өт қаптыңортаңғы бөлігі - денесі, corpus vesicae felleae, жіңішкеріп барып – мойнына, collum vesicae felleae, жалғасады. Өт қаптың мойны, қаптық түтікке, ductus cysticus,өтеді.Қаптық түтік төмен жүріп бауырдың жалпы түтігімен, ductus hepaticus communis, қосылады да, жалпы өт түтігін, ductus choledochus, құрайды. Жалпы өт түтігі, бауыр-он екі елі ішек байламының ішінде, қақпа венасының оң жағында орналасып, төмен түседі де, он екі елі ішектің төмендеген бөлігі мен ұйқы безі басының аралығымен өтеді. Одан кейін он екі елі ішектің төмендеген бөлігінің медиалды қабырғасында жалпы өт түтігі, ductus choledochus, пен ұйқы безінің түтігі, ductus pancreaticus, бір – бірімен қосылып, үлкен бүртікке ашылады ( 252 – сурет ).



1   2   3   4   5   6   7


252 – сурет. Бауыр мен ұйқы безінің шығаратын түтіктері.

1 – өт қап; 2 – қаптық түтік; 3 – бауырдың жалпы түтігі; 4 –жалпы өт түтігі; 5 – ұйқы безінің түтігі; 6 – он екі елі ішек

Өт қаптың ұзындығы 7 – 12 см, ені 3 – 5 см, сыйымдылығы 30 – 60 см3 шамасында болады.

Өт қаптың қабырғасы: шырышты қабық, tunica mucosa, шырышасты негізі, tela submucosa, бұлшықеттік қабық, tunica muscularis, сірліасты негізі, tela subserosa, жәнесірлі қабықтардан, tunica serosa, құралған. Шырышты қабықта ұсақ қатпарлар, өт қаптың мойнында иірмелі қатпар, plica spiralis, орналасқан. Сірлі қабық өт қаптың іш қуысына қараған төменгі және бүйір беттерін жауып жатады, ал, қаптың түбі интраперитонеалды орналасады.

Өт қаптың тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: бауырдың меншікті артериясынан кететін өт қаптық артерия. Веналары: өт қаптық вена қақпа венасына құйылады. Лимфа тамырлары: өт қаптық, бауырлық , құрсақтық, белдік лимфа түйіндері арқылы өтеді . Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нервтер, симпатикалық нервтенуі – құрсақ өрімінен кететін бауырлық өрім тармақтары.
ҰЙҚЫ БЕЗ

Ұйқы без, pancreas, аралас без, массасының негізгі бөлігі экзокринді қызмет атқарып, ас қорытуға қатынасатын ферменттер өндіреді (трипсин, липаза және т.б.). Эндокринді бөлігі инсулин, глюкагон гормондарын өндіреді. Ұйқы без, ішастардың артында, іш қуысының артқы қабырғасына жанасып жатады. Ол,құрсақүсті және сол жақтағы қабырғаасты аймағына проекцияланады. Пішінісопақша, ұзындығы 16-20 см, ені 4 см және қалыңдығы 2-3 см, дене, салмағы 70-80 г шамасында болады. Ұйқы бездің басын,caput pancreatis, денесін,corpus pancreatis, және көкбауырға түйісіп жатқан жіңішкелеу бөлігі ұйқы без құйрығын, cauda pancreatis, ажыратады (253 – сурет).


253 – сурет. Ұйқы безі және он екі елі ішек. Жалпы өт түтігі мен ұйқы безі түтігінің топографиясы; артқы көрінісі.

1 – бауырдың жалпы түтігі; 2 – қаптық түтік;; 3 – өт қаптың мойны; 4 – өт қаптыңденесі; 5 –жалпы өт түтігі; 6 – өт қаптыңтүбі; 7 – он екі елі ішек; 8 – жалпы өт түтігінің қысқышы; 9 – ұйқы безінің түтігі және оның қысқышы; 10 – бауыр – ұйқы без ампуласының қысқышы; 11 – ішастар; 12 – ұйқы безінің басы; 13 – шажырқайлық жоғарғы вена; 14 – шажырқайлық жоғарғы артерия; 15 – ұйқы безінің құйрығы; 16 – ұйқы безінің денесі; 17 – көкбауыр артериясы; 18 – қақпа венасы.


Ұйқы бездің басы он екі елі ішекке жанасып жатады да, I - III бел омыртқалары деңгейінде орналасады. Оның төменгі жағында, солға бағытталған ілмектәрізді өсіндісі, processus uncinatus, ажыратылады. Басының денесіне өтетін жері жіңішкелеу болады да, мойны, collum pancreatis, - деп аталады, Мойынның төменгі жағында ұйқы без тілігі, incisura pancreatis,орналасады. Бұл тілікте шажырқайлық жоғарғы артерия және вена өтеді. Осы жерде шажырқайлық жоғарғы вена көкбауыр венасымен қосылып, қақпа венасын құрайды. Ұйқы без денесінің үш беті: алдыңғы беті, facies anterior, төменгі беті, facies inferior, жәнеартқы беті, facies posterior, бар. Оларды жоғарғы, алдыңғы және төменгі жиектері бөліп тұрады. Ұйқы бездің басының алдында асқазан, артында қақпа венасы орналасқан. Денесі, I бел омыртқасының деңгейінде орналасқан, алдында - асқазан, артында - іш қолқасы мен төменгі қуыс вена жатады.Алдыңғы жиегіне, көлденең жиек ішектің шажырқайы бекиді. Төменгі беті көлденең жиек ішек пен аш ішекке жанасады Ұйқы без құйрығы XI – XII кеуде омыртқалары деңгейінде орналасады да, көкбауырдың ішкіағзалық бетімен түйісіп жатады.

Ұйқы без экстраперитонеалды орналасқан, ішастар оның алдыңғы бетін жауып жатады. Оның астында жұқа қапшығы, capsula pancreatus, орналасады. Ұйқы бездің экзокринді бөлігі күрделі көпіршік – түтікті без болып келеді. Оның құрылымдық – қызметтік бірлігі - ацинус деп аталады. Ол шығаратын түтігі бар, бездік эпителийдің шағын тобынан түзілген. Ацинустар қосылып үлесшелерді түзеді. Үлесшелердің шығаратын түтіктері ұйқы без түтігіне (Вирзунг түтігіне), ductus pancreaticus,ашылады. Түтік құйрығынан басталып, басына дейін, бездің ортасымен – артқы бетіне жақындау өтеді. Одан кейін он екі елі ішектің төмендеген бөлігінің медиалды қабырғасындаұйқыбез түтігі менжалпы өт түтігібір – бірімен қосылып, үлкен бүртікке ( Фатер бүртігіне ), ашылады. Қосылатын жердің алдындаұйқы без түтігін қысатын бұлшықет, m.sphincter pancreatici, орналасады. Үлкен бүртікті аталған екі түтіктің бір – бірімен қосылуынан пайда болған бауыр – ұйқы без ампуласы, ampulla hepatopancreatica, түзеді. Оның қабырғасында бауыр – ұйқы без ампуласының қысқышы (Одди қысқышы), m.sphincter ampullae hepatopancreaticae,орналасады.

Көп жағдайда ұйқыбездің басында ұйқы бездің қосымша түтігі,ductus pancreaticus accessorius, түзіледі де, он екі елі ішектегі кіші бүртікке, papilla duodeni minor, ашылады. Сирек жағдайда қосымша ұйқы без, pancreas accessorium, кездеседі.

Ұйқыбездің эндокринді бөлігі, эпителийлік жасушалардың (эндокриноциттердің) кішкене топтарынан тұратын ұйқы без аралшықтарынан (Лангерганс аралшықтарынан), insulae pancreaticae, түзілген. Негізінен ұйқы бездің құйрығында орналасатын олардың жалпы массасы 0,8 – 2,5 г. аралығында болады. Лангерганс аралшықтарыкөмірсу алмасуын реттеуге қатысатын инсулин және глюкагон гормондарын өндіреді.

Ұйқы бездің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: асқазан – он екі елі ішек артериясынан кететін ұйқы без - он екі елі ішектік жоғарғы артериялар; Шажырқайлық жоғарғы артериядан кететін ұйқы без - он екі елі ішектік төменгі артерия; Көкбауыр артериясынан кететін ұйқы бездік тармақтар. Веналары: қақпа венасына, шажырқайлық жоғарғы венаға, көкбауыр венасына құйылады. Лимфа тамырлары:ұйқы бездік, құрсақтық, белдік лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нервтер, симпатикалық нервтенуі – құрсақ өріміненкелетінтармақтар.

5.02.22.

ІШАСТАР
Ішастардың құрылымын түсінуүшін,іш қуысы қабырғасының құрылымына тоқталу қажет. Іш қуысының, cavitas abdominis, алдыңғы қабырғасын - іштің тік бұлшықеті мен іштің қиғаш және көлденең бұлшықеттерінің апоневроздары; бүйір қабырғасын - іштің сыртқы және ішкі қиғаш бұлшықеттері, іштің көлденең бұлшықеті; артқы қабырғасын - омыртқа бағанасының белдік бөлігі, белдік шаршы бұлшықет пен белдік үлкен бұлшықеттер құрайды. Жоғарғы қабырғасын – көкет түзеді, үлкен жамбас қуысы - іш қуысының төменгі бөлігі болып табылады да, кіші жамбас қуысына жалғасады. Оның төменгі қабырғасын шат бұлшықеттері шектеп жатады. Іш қуысының қабырғасын ішкі жағынан - іштің ішкі шандыры, fascia endoabdominalis, (ішастарасты шандыры, fascia subperitonealis), жауып жатады. Бұл шандырдың бөліктері, жауып жатқан аймағына байланысты, сол аймақтың атымен аталады. Мысалы: көкет шандыры, fascia diafragmatica, көлденең шандыр, fascia transversalis, мықын шандыры, fascia iliaca және т.с.с. атаулар.

Ішастар, peritoneum, іш қуысы мен кіші жамбас қуысының қабырғаларын, және оларда орналасқан ағзаларды жауып жататын жалтыр, жұқа сірлі қабық. Оның астында іштің ішкі шандыры жатады. Ішастар, жұқа дәнекер тінді табақша мен бір қабатты жалпақ эпителийден, мезотелийден тұрады. Іш қуысының қабырғасын жауып жатқан ішастар - париеталды ішастар, peritoneum parietale, ал, ішкі ағзаларды жауып жатқан ішастар – висцералды ішастар, peritoneum viscerale, деп аталады. Олар бір – біріне үздіксіз жалғасып жатады. Висцералды ішастар,ағзалардың сірлі қабығын құрайды.Осы екі табақшаның арасында - жұқа кеңістік ішастар қуысы, cavitas peritonei, орналасады. Еркектерде бұл қуыс тұйық болады да, сыртқы ортамен қатынаспайды. Әйелдердеішастар қуысы сыртқы ортамен - жатыр түтігі, жатыр және қынап арқылы байланыста болады. Әдетте, жатыр түтігінің қуысы қабысып тұрады және шырышты сұйықтықпен жабылып жатады. Ішастар қуысының ішінде аз мөлшерде ( 20-25 мл ) сірлі сұйықтық болады, ол бір – бірімен жанасып жатқан ағзалардың арасындағы үйкеліс күшін азайтады.Висцералды ішастар негізінен транссудациялық қызмет атқарып, сірлі сұйықтықты бөледі, ал, резорбциялық, кері сору қызметін негізіненпариеталды ішастаратқарады. Сонымен қатар, ішастар ішкі ағзаларды бекітіп, ұстап тұрады. Ішастардың жалпы көлемі 1.7 м2 шамасында болады.

Висцералды ішастар ішкі ағзаларды әр түрлі жабады, осыған байланысты оның үш түрі ажыратылады. Интраперитонеалды орналасқан ағза - ішастармен барлық жағынан жабылған. Мезоперитонеалды орналасқан ағза - ішастармен үш жағынан жабылған. Экстраперитонеалды орналасқан ағза - ішастармен бір жағынан жабылған. Ағзалардың ішастармен жабылмаған бөлігінің дәнекертінді қабығы болады.

Ішастар іш қуысының барлық жерінде іштің ішкі шандырын тікелей жауып жатпайды. Кейбір жерде, ішастар мен іш қуысы қабырғасының ( іштің ішкі шандырының ) аралығында шелмай және кейбір ағзалар орналасады. Мысалы, көкет аймағында шелмай жоқ болса, іштің артқы қабырғасы аймағында шелмай жақсы дамыған. Бұл ішастарартындағы кеңістікте, spatium retroperitoneale, бүйрек,бүйрекүсті безі,он екі елі ішек, ұйқы без және т.б. ағзалар орналасады.

Іш қуысының алдыңғы қабырғасының ішастаралдындағы кеңістігі, spatium anteperitoneale, жалпы жұқа болады. Ал, қасаға аймағында, қуықалдындағы кеңістікте, spatium prevesicale,шелмайдың жақсы дамуы себепті қалыңдау болады, сондықтан, ішастар іштің қабырғасымен тығыз байланыста болмайды. Осыған орай, несеп қуық толған кезде, ішастарды көтеріп, іштің алдыңғы қабырғасымен тікелей жанасады.

Енді, ішастардың құрылымын толық сипаттау үшін, іш қуысының алдыңғы қабырғасының артқы бетінен бастап, жоғары қарай жүрейік

Іш қуысының алдыңғы қабырғасының артқы бетінің төменгі жағында, париеталды ішастар вертикалды бағытта бес қатпар түзеді ( 255 – сурет ).