Файл: азастан Республикасыны Білім жне ылым Министрлігі Ы. Алтынсарин атындаы лтты білім беру Академиясы лемдік педагогикалы ой сана.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 16.03.2024

Просмотров: 379

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Жаңа кеңестік педагогиканың негізін қалаушылар, жеке тұлғаны жан-жақты дамыту тұжырымдамасы тұрғысынан, кеңес мектебінің оқыту мақсатын анықтап, оның мазмұнын, оқыту әдістері мен ұйымдастыруын қарастырды.

Кеңес педагогикасында мектептің оқыту мақсаты басқа да дидактикалық мәселелермен байланыста қарастырылды. Оқыту үдерісіндегі мақсаттың, оқытудың мазмұны мен әдістерін таңдауға ықпалы зерттелді. Кеңес педагогтары оқыту мақсаты мен білім мазмұнын жүзеге асыруды өзара байланыстырып қарастырды. Б.В.Всесвятский, әдіс мақсаттың ықпалында болғандықтан, өз кезегінде оқу материалдарын іріктеуге және оқыту үдерісін ұйымдастыруға әсер ететінін көрсетті. Осындай көзқарасты Ш.И.Ганелин де ұстанды. Оның пікірінше, педагогикалық үдерістің мақсаты әлеуметтік тапсырысты орындау, педагогикалық үдерістің мазмұнын, оның құрылымын, мақсатқа жету жолын, әдістерін анықтап, мектеп жұмысын ұйымдастыру болып саналады.

Кеңес педагогтары мақсат пен дидактикалық принциптерді тығыз байланыста зерттеді. Дидактикалық принциптер жалпы түрде «Бірыңғай еңбек мектебі туралы декларацияда» анықталған болатын (оқу үдерісінің шығармашылығы, оқушылардың белсенділігі мен өзбетінше жұмысын дамыту, оқытуды дараландыру), 20-шы жылдары бұл принциптерді А.Ф.Евстигнеев-Беляков, Ш.И.Ганелин, А.П.Пикеевич және т.б. анықтап, нақтылады. А.П.Пинкеевич кеңес дидактикасының принциптерін өзара байланыста анықтады: оқу міндеттерін социалистік құрылыс міндеттері мен қоғамдық пайдалы еңбекпен байланысы; оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру; оқытудың оқушының дамуымен байланысы; жұмыс түрлерін кезекпен қолдану және т.б.

Сол кезеңде А.П.Пинкеевичтің ұсынған жүйесін құпталғанмен де, классикалық педагогика анықтаған ғылымилық принципінің алынып тасталуы, 20-шы жылдардағы педагогикаға тән болды, онда жүйелі білімге мән берілмей, оқушылардың практикалық әрекет мүмкіндіктерін асыра бағалау орын алды.

Ол кезеңде кеңестік педагогикада «оқыту әдістері» термині қабылданбаған еді. Сол кезеңдегі қабылданған термин «мектеп жұмысының әдісі», мұғалім мен оқушының бірігіп жұмыс жасауын білдіретін еді. Кеңес педагогтарының «оқыту әдісі» терминін анықтаулары қажет болды. Бірақта педагогтар, 20-шы жылдары осы мәселе төңірегінде бір шешімге келе алмады.

Оқыту әдістерін таңдаудың негізгі өлшемі ретінде – 20-шы жылдары оқушылардың белсенділігі мен өзбетінше оқу принципі алынды. «Бірыңғай еңбек мектебі туралы декларацияда» былай деп жазылған: «…барлық пәндерді оқытуда шығармашылық, белсенділік әдістерін қолданумен қатар, оларды нақты талап ету» қажеттігі көрсетілді.


Оқушылардың оқу әрекетін белсендіретін әдістердің бірі ретінде зерттеушілік әдістің түрлері – белсенді еңбек, зертханалық, эвристикалық, экскурсия ұсынылды. Н.К.Крупская «Балаларды кіші топтан бастап, ересек топқа дейін оқытуда, әр сұраққа зерттеушілік әдісін қолданып, оқылатын тақырыпты бала барлық жағынан терең білуі керек» деп жазады. Мұндай пікірді П.П. Блонский, А.Г.Калашников, М.М.Пистрак та қолдады Сонымен, 20-шы жылдары кеңестік педагогикада зерттеушілік әдіс берік орын алды.

Осы кезеңдегі кеңестік педагогикаға тән терминологиялық көпмәнділік түрлі анықтамалар, мысалы, зерттеушілік ізденіс, тәжірибелік-зерттеушілік, белсенділік-зерттеушілік, зертханалық-зерттеушілік, зертханалық және т.б. да орын алды. Терминдердің көптігі әдістердің де алуан түрлілігін білдіреді.

Зерттеушілік әдістің басқа әдістермен ара қатынасы педагогтарды белсенді пікірталасқа әкелді. Көптеген зерттеушілер (Н.А.Горбунов және т.б.) зерттеушілік әдістің ауқымы кең, ол барлық әдістер мен оқыту формаларын қамтиды деп санады. Ал, Б.В.Игнатов, Б.Е.Райков бұл әдісті абсолюттеуге қарсы болды.

Кеңестік педагогикада 20-шы жылдары зерттеушілік әдістің орын алуына байланысты вербальды әдіс сынға ұшырады, өйткені бұрын таралған пікір бойынша ол догмалық болып саналды. Сөз әдістерінің сынға ұшырауының тағы бір себебі, кеңестік кезеңге дейінгі мектепте «кітаптық», қарапайым, схоластикалық білім кеңінен таралған еді. Дегенмен де бұл жерде асыра сілтеу орын алды. Көптеген педагогтар сөздік әдісті құптады. Кейіннен кеңес мектебінің жинақтаған тәжірибесі, сөздік әдісті «сыннан босатты». Оны зерттеу мен жетілдіру кеңес мектебінің басты бағытына айналды.

Ғалымдар әдістерді классификациялау және жүйелеу төңірегінде қызмет етті (А.П.Пинкеевич, А.Ф.Евстигнеев-Беляков, Н.М.Шульман, Ш.И.Ганелин және т.б.). «Дидактикалық әдіс» түсінігінің көпқырлылығын атай отырып, олар «әдіс» түсінігінің белгілерін (оқу материалдарын логикалық түсіну жолдары, педагогикалық ықпал ету құралы, оқушылардың белсенділік деңгейі, т.б.) талдады. Әдістерді классификациялау негізіне формальды логика ұғымын да қолданбақшы болды. Әдістер жүйесі мен оларды классификациялау принциптеріне биологиялық тұжырымдамалар алынып, диалектика заңдарын оқыту әдістеріне тікелей көшіру талаптары (О.В.Трахтанберг) және мектеп практикасынан алшақтық та болды (М.М.Рубинштейн, Б.С.Манжос). Әдістерді белсенді және белсенді емес, еңбекке қатысы бар және еңбекке қатысы жоқ деп жіктеу, ерікті немесе еріксіз түрде, жеке немесе жалпы әдістер тобына әмбебаптық сипат беретін болды.



20-шы жылдары кеңестік дидактикада оқыту формаларын ұйымдастыру басты бағыт болып саналды. Оны зерттеуде «Бірыңғай еңбек мектебі туралы декларациясы» басшылыққа алынды. Төңкеріске дейінгі метептегі сыныптық-сабақ жүйесі «өкінішке орай, педагогикалық жұмысымыздың дұрыс дамуына кедергі келтіреді деген анохронизм» бойынша сынға алынды. Көптеген педагогтар бұл жүйе оқушылардың жас ерекшелігін ескермейтінін, олар оқу материалдарын енжар қабылдайтынын, «өз дарындылықтарына байланысты жеке жұмыс жасай алмайтындығын» көрсетіп, қарсылық білдірді. Оқыту орташа оқушыға арналып құрылғандықтан, нашар және күшті оқушылардың талаптары ескерілмейтіні айтылды. «Сыныптық-сабақ жүйесі оқушыға дайын білім беруге, оны сеніммен қабылдауға құрылған монастырлық мектептің жемісі ретінде қабылданды». Оқушы беделге мойын ұсынады және берілетін білімді сын тұрғысынан қабылдамайды. Осылайша сыныптық-сабақтық жүйеге берілген теріс баға негізінде, бұл жүйенің мақсаты, мазмұны, әдістері жаңа мектепке қызмет ете алмайды деген қорытынды жасалды. Біз осы мәселеге жарты ғасыр өткенен кейін ғана, педагогтық асыра сілтеушіліктің, ол шешімнің дұрыс еместігіне көз жеткіздік. Бірақта, 20-шы жылдардағы кеңестік мектептің дамуындағы нақты-тарихи жағдайды ескермесек те болмайды.

Педагогтар оқытудың жаңа формасын ұйымдастыруды белсенді жүргізді. 1919 жылы П.П.Блонский оқушылардың оқу жұмысын студиялық жүйе түрінде ұйымдастыруды ұсынды. Мектепте оқытылатын тақырыптарды ол бірнеше циклге бөлді. Әр цикл белгілі топ оқушыларымен «студияда» өзбетінше игеріледі. Оқушылар жұмысшы топтарға бөлініп, бір тақырып көлемінде ортақ мақсат үшін түрлі жұмыс атқарады. Жұмыс сыныпта емес, кабинет-зертханаларда немесе «өмірдің өзінде» жүргізіледі. Мұғалім сабақта оқушыларға нұсқау беріп, қажет болса көмектесетін еді. Сабақ мұғалімнің мектеп жоспары мен бағдарламасы негізінде жасаған, оқу жоспары мен бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Сынақ пен емтихан жүргізілмейді. П.П.Блонскийдің студиялық жүйесінің мықты және әлсіз тұстары болды. Мықтылығы оқушының өзбетінше белсенді жұмыс жүргізіп, сабақты ұжыммен бірге игеруінде болды. Әлсіз тұстары – мұғалім рөлінің төмендігі және ғылымның негіздері жүйелі оқытылмады.

20-шы жылдары оқушылардың білімін есепке алу да, өзекті мәселе болды. Оқушы білімін есепке алу, тек бақылау қызметін ғана емес, оқу-тәрбие жұмысының деңгейін арттыруға баса назар аударды. Оқытудың мақсаты оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, өзбетінше білім алу дағдысын дамыту, білімді есепке алу арқылы жеке және ұжымдық жұмысты өзбетінше орындау дағдыларын дамыту көзделді.


Мектептерде жеке және ұжымдық білімді есепке алу мен бақылау формалары белгіленді. Жеке бақылауға реферат дайындау, пікірсайысқа қатысу, зерттеу жүргізуге жаттығу, ал ұжымдыққа диспут, және конференциялар, ұжымдық күнделіктер мен оқу әдебиеттеріне талдау жүргізу жатады.

Кеңестік педагогика оқыту әдістерін белсендіруде (зерттеу әдісі біртіндеп практикаға еніп, жалпы қатынасты білдіретін оқыту принципіне айналды; оқыту мен тәрбие әдістерінің бірлігі; оқушылардың жеке бас ерекшеліктерін ескеру, оқыту әдістерін классификациялау және т.б.) алға жылжыды. Сонымен қатар әдістер теориясында зерттеушілік әдіске әмбебаптық мән беру, оқу үдерісінде кітапты қолдануға қарсы болу; вербальді әдістерден бас тарту; мұғалімнің оқытудағы басқарушылық рөлін бағаламау тәрізді кемшіліктер де болды. 20-шы жылдардағы кеңестік педагогика жаңа адам тәрбиелеу, социалистік қоғам құру, мектепті өмірмен, өндіріспен байланыстыру, оқудағы жеке қабілеттер мен икемділіктерді дамыту, өз бетінше оқу дағдыларын дамыту, өз білімін бақылау және оны есепке алу басты нысана болды. Осы міндеттер дидактикалық зерттеулер мен кеңес педагогикасының қалыптасуын анықтады.

1930 жылдың 14 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесі жаппай бастауыш білім беруді жүзеге асыру туралы қаулы қабылдады. Онда: одақтың барлық жерінде балаларға жаппай бастауыш білім беруді жүзеге асыру талап етілді. 8-9 жасар ер және қыз балалардың мектепте білім алуы міндетті деп белгіленді.

1930-1931 жылдан бастап бастауыш мектепте оқу, төрт сынып көлемінде білім алу міндетті болып белгіленді. Осы оқу жылынан бастап 11-15 жас арасындағы балаларды жаппай оқыту белгіленді.

1930/31 оқу жылынан бастап өнеркәсіпті қалаларда, аудандарда, жұмысшы поселкаларында жетіжылдық мектеп көлемінде білім беру жүйесі енгізілді. 1930 -1935 жылдары ұлттық республикаларда жалпыға бірдей бастауыш және жетіжылдық білім беру күшті қарқынмен жүргізілді.

Осы кезеңдегі мектеп жұмысы жайындағы қаулыларда мектептің оқу жұмысында орын алып келген кемшіліктер мен бұрмалаушылықтар (лабораториялық-бригадалық әдіс, сынып-сабақ жүйесін жете бағаламау, т.б.) ерекше аталып көрсетілді.

Отызыншы жылдардың басында “Жалпыға бірдей бастауыш білім беру” туралы Заң (1930, тамыз) қабылданып, “Бастауыш және орта мектеп” (1931, қыркүйек), “Бастауыш және орта мектептегі оқу бағдарламалары мен режимі” (1932, тамыз) тарихи қаулылардың қабылдануы ағарту жүйесінің дамуына тікелей әсер етті.


Оқушылардың оқу үлгерімін есепке алуға түзетулер енгізілді. Жеке оқушының және жалпы оқу үлгерімін қадағалау қажеттігі көрсетілді. Жылдың соңында барлық оқушылардың білімі тексерілді.

Оқушыларды терең және мықты ғылым негіздерімен қаруландыру ғалымдардың дидактикалық принциптерді анықтауды талап етті. Ол принциптер мектептің жалпы мақсатына сай – социалистік қоғамға білімді, өзіндік бастамасы бар, іскер құрылысшыларын дайындау болды. Негізгі принциптер: ғылым негіздерін жүйелі және саналы игеру, теорияның практикамен байланысы, оқыту әдістерінің алуан түрлілігі, оқытуды өндірістік еңбекпен байланыстыру, оқушыларды өндірістің жалпы ғылыми принциптерімен таныстыру, балалардың жас ерекшеліктерін ескеру.

30-40-шы жылдардағы педагогтардың жоғары оқу орындарына арналған педагогика оқу құралдарында (И.А.Каиров, П.Н.Груздев, С.Х.Чавдаров), педагогикалық училищелерде (П.Н.Шимбиров, Б.П.Есипов, Н.К.Гончаров) оқытудың жалпы принциптерінің анықталуы бір мәнді болмады.

П.Н.Груздев жоғары оқу орнына арналған педагогика оқулығында оқытудың тәрбиелік сипаты, саналылық, белсенділік, көрнекілік, бірізділік, жүйелілік, білімді бекіту, оқушының жас және жеке бас ерекшеліктерін ескеру принциптерін бөліп көрсетті.

М.Н.Скаткин ұсынған принциптер: ғылымилық пен коммунистік идеялылық, оқытуды коммунизм құрумен байланыстыру, саналылық, жеке тұлға мен ұжым мүдделерінің үйлесімін сақтау. М.Н.Скаткин көрнекілік, жүйелілік, саналылық принциптерін жетекші принциптерді толықтырушы ретінде қарастырды. М.А.Данилов та осы көзқараста болды. Ол ғылымилық пен коммунистік идеялылықты кеңес мектебінің жетекші принциптері ретінде санады. М.А.Даниловтың ұсынған жүйесінде, оқушылардың танымдық әрекеттеріне, шығармашылықпен жұмыс жүргізуіне ерекше мән берілді. Оқыту принциптері жалпы оқыту үдерісінің заңдылықтарына және оның басқа компоненттерімен байланысы қарастырылды. Оқыту принциптері мұғалімнің позициясынан ғана емес, оқушының оқу әрекетін ескеру тұрғысынан қарастырылды.

40-шы жылдары кеңестік педагогика оқыту теориясы мен таным теориясының ара қатынасын зерттеу мәселесін алға қойды. Маркстік-лениндік таным теориясын, кеңестік мектепте оқытудың негізі ретінде қарастырылды. И.Ф.Свадковский оқыту заңдылықтарын тікелей таным үдерісінен шығарды. Бұл көзқарасқа қарсылық білдірілді. М.А.Данилов «оқытуды тек таным логикасы деп қарастыру тенденциясы дұрыс емес, өйткені оқыту үдерісі өзінің бай мазмұнынан айырылады» - деп жазды.