Файл: азастан Республикасыны Білім жне ылым Министрлігі Ы. Алтынсарин атындаы лтты білім беру Академиясы лемдік педагогикалы ой сана.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 16.03.2024

Просмотров: 383

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


70-шы жылдардағы дидактика мен әдістемелік жұмыстарда оқыту мақсаты мен мазмұнының әдістерді анықтаудағы рөлі, сонымен қатар әдістердің пәндердің мазмұнына тигізетін ықпалы баса көрсетілді.

Кеңес мектебіндегі оқыту үдерісін оптимизациялауда маңызды орын сабақ мәселесіне берілді. Сыныптық-сабақ жүйесінің жетістіктерін атай отырып – мұғалімнің оқушылар ұжымына идеялық-эмоциялық ықпалы, ұжымдық шығармашылық рухы және бір материалмен бір уақытта жұмыс жүргізудегі жарыс, оқыту үдерісін ұйымдастыру, уақытты үнемдеу, т.б. кеңес дидактары оның кемшіліктерін – орташа оқушыға теңестірілген, фронтальды оқыту, т.б. атап көрсетті. Ю.К.Бабанский сыныптық-сабақ жүйесінің әлсіз тұстарын - оқушылардың жеке бас ерекшелітерін, оқу әрекетінің екпінін және оқушының алдыңғы дайындығын ескермейтінін атап көрсетті. Сыныптық-сабақ жүйесіндегі ұжымдық оқытуда әр оқушының оқу әрекетіне оңтайлы жағдай жасау қажеттігі көрсетілді.

Сабақтың құрылымын қайта қарастыру мәселесіне (50-шы жылдардың соңы мен 60-шы жылдардың басындағы) липецкілік мұғалімдердің тәжірибесі түрткі болды, олар аралас сабақтың құрамды бөліктері, жалғыз оқыту формасы дегеннен бас тартты. Липецкілік мұғалімдер оқу үдерісінде оқушылардың алға жылжуын үнемі бекітіп, бұрынғы алған білімдерін тереңдетуді іске асырды.

Сабақтың құрылымын жетілдіру мәселесі ұжымдық және жеке жұмыс формаларын зерттеуді талап етті. Сыныпта фронтальдық жұмыстан басқа топтық (звенолық, бригадалық) және жеке жұмыс жүргізу қажеттігі белгіленді. Педагогикалық әдебиеттерде сабақта топтық жұмыстар жүргізу мәселелері талқыланып, оның білім беру және тәрбиелік міндеттерді шешудегі тиімділігі анықталды (Х.Й.Лийметс, Е.С.Рабунский, И.М.Чередов).

Дидакт ғалымдар сабақтың тиімділігін анықтауды қолға алды. Б.П.Есипов мынадай өлшемдерді анықтады: оқушылардың білім, білік, дағдыларын «өсіру»; оқушылардың ақыл-ой, ойлау формалары мен ережелерін, еңбектің мәдени дағдыларын игеруі, эмоциялық шеңберінің баюы, идеяларын, қызығушылықтары мен ұмтылыстарын қалыптастыру; білім беру мен тәрбиелік міндеттердің бірлігін қамтамасыз ету (оқу оқушылардың танымдық қабілетін және адамгершілік сапасын өзінен кейін дамытады). Э.И.Моносзон «сабақтың негізгі сапалық өлшемі түрлі тәсілдер мен әдістерді қолдану емес, оқушының білімді, тәрбиелік деңгейді игеруі, қойылған мақсатқа жетуі» деп көрсетті.

Дегенмен де, сабақтың тиімділігіне арналған мәселе терең зерттелмеді.

60-70-шы жылдардағы кеңес дидактикасының ерекшелігі оқу-тәрбие үдерісіне біртұтас көзқарас қалыптастыру, оның дамуының қозғаушы күшін анықтау, оқыту және оқушылардың оқу заңдылықтарын ашу және оны оңтайландыру жолдары зерттелді. Оқушылардың танымдық қызметіне ерекше назар аударылды.


Сонымен қатар педагогикалық практиканың бірқатар өзекті мәселелері дидактикалық зерттеулер барысында шешімін таппады. Оқыту әдістері, олардың анықтамасы, номенклатурасы мен жіктемесіне ортақ көзқарас болмады. Оқушылардың оқу әрекеттерін тиімді ұйымдастыру формалары толықтай, нақтырақ айтсақ, сабақтағы ұжымдық және жеке жұмыс формаларының оңталы үйлесімі шешілмеді. Теория мен практикада оқу үдерісіндегі кері байланыс, оның өлшемдері, әдістері және оқушылардың білімін бағалау формасы қанағаттанарлықтай деңгейге жеткізілмеді.

1960-1970 ж.ж. әлемдегі ғылыми-техникалық жетiстiктер, экономиканы дамытуды және кеңестiк қоғамды демократияландыру жағдайында бiлiм мазмұнын өзгерту мәселесiн алға қойды. Осыған орай 1960 -1970 ж.ж. жалпы міндетті орта білімге көшу, мектеп саясатының басты мәселелерінің бірі болды.

Жалпы орта білім беру тұжырымдамасындағы басты мақсат – жас ұрпаққа әлеуметтік тәжірибені меңгерту болды (В.В.Краевский, И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин). Білім мазмұны қоғамның әлеуметтік талаптарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс еді.

Дидактикалық теорияларды жетiлдiрiп зерттеген ғалымдар қатарында В.В. Краевский, Лернер И.Я., М.Н. Скаткин, М.А.Данилов, В.В.Давыдов, Л.В.Занков, Б.П.Есипов, Ю.К.Бабанский, т.б. болды. Бiлiм мазмұнын жетілдіруге байланысты негiзгi идеяларда: бiлiм беруді уақыт талаптарына лайық құру, оқытудың ғылыми негізін күшейту; оқу үлгерiмiнiң сапасын арттыру мәселелеріне басты назар аударылды.

Өкінішке орай, сол кезең талаптарына лайық белгіленген осы маңызды мәселелер күнделiктi тәжiрибеде өз шешiмiн таппады. Оқушыларға ғылым негiздерiн оқыту практикалық жағынан қиындық тудырды.

Л.В. Занков түсiнiктiлiк принципiн жетiлдiрiп, оқытуды жоғары қиындық деңгейде және материалды жоғары қарқынмен оқытуды ұсынды. Ол оқу жұмысының тиiмдiлiгi оқушының ақыл-ойының дамуын қамтамасыз етумен және кездескен қиындықты жеңе бiлуiмен iске асырады деп есептеді.

Ақыл-ой, таным үрдiсi оқушының зейiн қою қабiлетiн, талдау-жинақтау әрекетiн және ерiк-жiгерiн жетiлдiрудi қажет етедi. Оқытуды жоғары қиындық деңгейiнде жүргiзу - оқушыны белсендi танымдық iс- әрекетке жұмылдыру, бiлімге ынталандыру, қажеттi мөлшерде шығармашылық жаттығулар берiп, ақыл-ойын жаттықтыру, яғни жақсы және нашар оқитын оқушыларды оқу еңбегiне бiрдей жаттықтыруды белгіледі.

Л.В.Занков ұсынған түсiнiктiлiк принципiн практикада кең мағынада қолдану, оқу мазмұнының көлемiн ұлғайтып, теориялық деңгейiн күрделендiрдi.

60-70-ші жылдары дамыта оқыту теориясы оқушының ақыл-ой қабiлетiн дамыту әдiс-тәсiлдерiне барынша көңiл бөлгенімен, оқыған материалды есте сақтатуға жете назар аудармады. Дидактикада оқу материалын есте сақтау деген мүлде естен шығарылып, ол механикалық жаттау ұғымымен теңестiрiлдi. Оқу-танымдық үрдiс барысында оқушының материалды игеруi үшiн есте сақтау қабiлетi қалыптасуы тиiс, өйтпесе ешқандай бiлiм көлемiн игеруге болмайтыны белгiлi.



Сонымен, үлкен үмiт артқан дамыта оқыту теориясы тиiмдi нәтиже бермедi. Оқушылардың оқу үлгерiмi төмендеп, оқу үлгерiмiн пайызға шағу, бағаны көтермелеп қоюға әкелiп соқты.

Дидактикада И.Я.Лернер мен М.Н.Скаткин оқушылардың оқу-танымдық әрекетiн арттыру үшiн оқыту әдiстерiнiң маңызына назар аударып, оларды топтастыруға ат салысты. Оқушылардың танымдық қабілетін дамыту мақсатында оқу материалдарын түсiндiрiп - көрсететiн немесе ақпаратты - рецептивтi (рецепция-қабылдау) әдiстер: әңгiме, лекция, түсiндiру, оқулықпен жұмыс, суреттердi қолдану, диафильмдердi пайдалану; репродуктивтi (бiлiмiн практикада қолдана бiлу, алгоритм бойынша жұмыс жасау, бағдарламалау) әдiстері; оқытылатын материалды педагогикалық жағдаят тұрғысынан сипаттау әдiсi; жартылай-iзденiске түсiру немесе эвристикалық әдiс; зерттеу әдiсi, оқушыларға танымдық мiндет қойылып, алға қойған мәселені оқушылардың өздiгiнен шешуіне қажеттi басқа да әдiстер ұсынылды.

Ю.К.Бабанский көптеген оқыту әдiстерiн үш негiзгi топқа бөлдi: оқу-танымдық iс-әрекеттi ұйымдастыратын әдiстер; оқу-танымдық iс-әрекетке белсендiретiн және түрткi тудыратын әдiстер; оқу-танымдық iс-әрекеттiң тиiмдiлiгiн тексеретiн және өзiн-өзi тексеретiн әдiстер.

М.Н.Данилов пен Б.П.Есипов оқыту әдiстерiн дидактикалық мақсат пен мiндеттердi шешетiн топтарға бөлдi: жаңа бiлiмдi игертетiн әдiстер; бiлiк пен дағдыларды қалыптастыратын және бiлiмiн практикада қолдана бiлу әдiстерi; бiлiм, бiлiк, дағдыларды тексеру және бағалау әдiстерi.

Г.М.Щукинаның зерттеу еңбектерінде оқушылардың оқу-танымдық iс-әрекетi белсендiлігін көтеру, көптеген құнды пікірлер айтылды.

Оқушының әлеуметтiк тәжiрибесiн қалыптастыруды ұйымдастыру үшiн оқушылардың ұжымдық қарым-қатынасын күшейту, А.С.Макаренко мен В.А.Сухомлинскийдiң ұжымды қалыптастыру тәжiрибесiне сүйене отырып, мектепте өзiн-өзi басқаруды ұйымдастыру жұмыстары жүргiзiлдi.

60-70 жылдары педагогикалық қауымның назарына Л.В. Занковтың «Оқушыларды оқытудағы көрнекілік және белсенділікті арттыру», Д.Б. Элькониннің «Бастауыш сынып оқушыларын оқыту психологиясы», В.В. Давыдовтың «Дамыта оқыту мәселелері», И.Я.Лернердің «Проблемалық оқыту», М.И. Махмутовтың «Теорияның негізгі мәселелері», Н.Ф.Талызинаның «Программалық оқытудың теориялық мәселелері», Г.Н. Волковтың «Этнопедагогика» кітаптары, т.б. еңбектер ұсынылды.

1971-1991 жылдары Кеңес өкіметі кезінде білім мазмұнын құрастыру теориясының дамуы. Қазіргі кезеңде дидактика педагогика ғылымының дамыған, неғұрлым қалыптасқан маңызды да күрделі саласы ретінде қоғам дамуының белгілі кезеңдерінде мектеп алдына қойылатын жаңа аса жауапты міндеттерді ойдағыдай шешу барысында үнемі дамып отыратын ғылым. Орта білім беру жүйесінде дидактика білім беру мен оқытудың мазмұнын, құрылымын, оқыту заңдылықтары мен ұстанымдарын, ерекшеліктерін, талаптарын, шарттарын, оны ұйымдастару әдістері мен формаларын және технологиясын, оқыту нәтижелілігін зерттейтін педагогиканың маңызды саласы болып табылады.

Дидактиканың тарихи тамырларын зерттеу – бүгінгі таңда орта жалпы білім беретін мектептегі пәндерді оқыту заңдылықтары мен ұстанымдарын жүйелеу, білім құрылымы мен мазмұнын жетілдіру, жаңа сапалы білімге қол жеткізу үшін аса құнды.

Дидактиканың негізін салған педагог Я.А.Коменский өзінің «Ұлы дидактика» атты еңбегінде дидактика ұғымына анықтама беріп, оның зерттеу нысандарын, ұстанымдарын анықтап, оны ғылыми жүйе ретінде негіздейді, оқытудың әдіс-тәсілдерін ұсынады.

Ресей педагог-дидактары М.Н.Скаткин, Б.П.Есипов, М.А.Данилов, Л.В.Занков, В.В.Краевский, И.Я.Лернер, Ю.К.Бабанский, В.С.Леднев, Б.Гершунский оқыту ұстанымдары, оған қойылатын дидактикалық талаптар, білім мазмұны мен құрылымы, оқытуды ұйымдастырудың әдістері мен формалары, мектеп оқушыларының меңгеруге тиісті білім көлемі, оқу әрекеттері, пәннің мазмұнына қойылатын талаптар, жаңа оқыту технологияларын ғылыми тұрғыдан пайымдайды. Олардың еңбектерінде: «Білім – адам, қоғам, табиғат, заттар мен құбылыстар жайлы ғылымда жинақталған білім жүйесі; адамзаттың жинақтаған мол тәжірибесі; ұғымдардың, заңдылықтардың, тұжырымдардың, қағидалардың, деректердің, пайымдардың жиынтығы т.б; Білім беру – қоғамдық, әлеуметтік, мәдени құбылыс; қоғам мен мемлекеттің өзінің азаматына қатысты функциясы; тұлғаның мәдениеті, мәдени құндылық; білім, білік, дағды-машықтардың және ойлау құралының жүйесі; ғылыми көзқарастар, шығармашылық қабілеттер мен мүмкіндіктерді дамыту үдерісі; терең сапалы білім негізінде жеке тұлғаның еркін бағдарлай білу, өзін-өзі іске асыру, өзін-өзі дамыту үдерісі; білім, білік, дағды мен іс-әрекеттердің жиынтығы және оны жүзеге асырудағы адамның іс-тәжірибесі; білім берудің тұтастығы, нәтижелілігі т.б.
Білім берудің мазмұны – дидактиканың негізгі нысанасы; ғылыми білім мен білік, оқу дағдыларының қалыптасу жүйесі; өзіндік шығармашылық, ізденушілік әрекет тәжірибесі; жеке тұлғаның жан-жақты дамуының сапалық мазмұны мен сипаты. Оқыту – дидактиканың маңызды категорияларының бірі; оқытушы мен оқушының өзара түсіністік, ынтымақтастық қарым-қатынасы, іс-әрекеті; білім беру, біліктері мен дағдылары, іс-әрекеттерді меңгерту процесі; белсенді шығармашылық әрекетті басқарудың негізгі жолы; сапалы білім беру, тәрбие, дамыту мқсаттарына сай оқушылардың шығармашылығын дамытуға бағытталған арнайы ұйымдасқан іс-әрекеті т.б. Оқыту үдерісі – мұғалім мен оқушылардың мақсаттылыққа бағытталған үйлесімді іс-әрекетінің нәтижесінде жеке тұлғаның толық, терең, сапалы білім меңгеруі, танымдық және өзіндік шығармашылық қабілеттерінің дамуы; біліктер мен дағдыларды қалыптастыру тәжірибесінің көзі» деп қарастырылды.

Педагогика ғылымында білім мазмұны теориясы (М.Н.Скаткин, В.П.Беспалько, В.В.Краевский, И.Я.Лернер, В.С. Леднев, Л.Я. Зорина, А.В. Усова және т.б.), жалпы орта және кәсіптік-техникалық білім мазмұны, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептің оқу пәнін құрастыру теориясы жасалынған. Педагогика ғылымының зерттеушілері оқу пәндеріне материал іріктеу ұстанымдарына байланысты барлық идеяларды талқылап отырды. Бұл идеялар ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы оқу бағдарламаларын жетілдіруде көрініс тауып отыр. 1965 жылдың өзінде «Советская педагогика» журналында «Ғылым және оқу пәні» атты пікірталас ұйымдастырылып, білім мазмұнын таңдау ұстанымдары туралы мәселе көтерілген еді. «Оқу пәні» түсінігінің дамуында оқытуды ғылыми негіздеу мен жалпы орта білімінің теориялық негіздері әдіснамасы саласындағы іргелі зерттеулер маңызды кезең болып табылады. (В.В.Краевский және т.б.). Бұл ретте «білім мазмұны», «оқу пәні», «ғылым негіздері» сияқты түсініктердің мәні терең зерделенеді, оқу пәндерінің қызметтері анықталды, олардың мазмұнындағы жетекші компоненттер бөлініп алынып көрсетілді, оқу пәндерінің типтері анықталды, шын мәніндегі оқу пәнінің дидактикалық моделі жасалды (И.К.Журавлев). Жоғары оқу орындары пәндеріне қатысты бұл бағыттар қазіргі уақыттың талаптарын ескере отырып қайта жасалды.

Білім мазмұнын құру мәселесімен айналысатын ғалымдар, ғылымның, білім жүйесі ретінде білім мазмұнының құрамына және құрылымына әсер ету үдерісін зерттеп, ғылымның білім мазмұының барлық құрама бөлшектерінде көрінетінін байқаған. Олар білімнің үш аясын бөліп көрсетеді: жеке пән бөлімдері, танымның арнайы әдістері жөніндегі бөлімдер және тарихи-ғылыми бөлімдер. Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, білім мазмұнының білім секілді құрама бөлшектерінде ғылымның барлық құрылымдық бөлшектері көрінеді, алайда оқу пәнінің басты қызметіне байланысты олар әртүрлі болады. Пәндік ғылыми білімдер ғылым негіздері (физика, химия, биология, астрономия, тарих, география) жетекші бөлік болып табылатын оқу пәндерінде ғылымның барлық құрылымдық бөліктері-ұғымынан бастап теорияға дейін көрініс табады (С.И. Архангельский және т.б.).