Файл: Xx асырдаы азастан.rtf

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 26.04.2024

Просмотров: 48

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Желтоқсан қарулы көтерілісінің әсерімен 1905 ж. 11 желтоқсанында Успен кенішінде жұмысшылардың ірі ереуілі болып өтті. Кеніште жұмыс істейтін 300 жұмысшының 265 қазақ еді. Оның барысында орыс жұмысшысы П.Топорнин мен қазақ жұмысшысы Ә.Байшағыров басқарған басқарған "Орыс-қазақ одағы" құрылды. Ереуілді Қарағанды көмір кен орындарының жұмысшылары қолдады. 1905 ж. 6 желтоқсанында жұмысшылар жалақыны көтеруді, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуды, аса жеккөрінішті қызметкерлерді жұмысынан босатуды талап еткен петиция құрастырды. 10 желтоқсанда талаптарың кейбіреулері қанағаттандырылды, ереуіл бірте-бірте саябырсыды. Осыны пайдаланған жергілікті әкімшілік 12 күннен кейін бұл жерлерге жазалаушы отрядтар жіберіп ереуілді басты, оның ұйымдастырушыларын жазалады. Успен кеніші жұмысшыларының ереуілі 1905 жылғы революцияның Қазақстандағы тарихында елеулі орын алды.

Қазақ еңбекші бұқарасының 1905-1907 жылдардағы қозғалысы көп жағдайда ұйымдаспаған түрде өтті. Кейде жергілікті өкіметпен қарулы қақтығысқа дейін барған қазақ кедейлерінің жекелеген толқулары еңбекшілердің патша өкіметіне, сондай-ақ жергілікті қанаушыларға қарсы күресте саяси тәрбие мектебі болды. Бұл революциялық қозғалыстың жаңа ағысы орталық Ресейдегі революциялық толқынның тек дірілі мен дүрілі ғана елес беретіндей дәрежеде болды. 1905 ж. 25 шілдеде Қарқаралы қаласына таяу Қоянды жәрмеңкесінде "Алаш" көсемдерінің бастамасымен қазақ съезі өтті. Съезде Ресей Министрлер Кеңесінің Төрағасының атына петиция қабылданды. Онда мынандай талаптар қойылды: шаруаларды көшіріп әкелуді тоқтату, қазақтар үшін дербес діни басқарма ұйымдастыру, цензураны жою ресми іс-қағаздарды қазақша жүргізу, қазылар сотын енгізу, қазақ депутаттарын Мемлекеттік дума шақыру туралы жобаны жасау жөніндегі кеңестің жұмысына қатыстыру.

Патша әкімшілігі алдында петиция түрінде қойылған бұл талаптар қазақ қоғамының сол кезеңдегі әлеуметтік-саяси деңгейінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы талаптар болатын. Бүкіл елдік наразылықтың қазақ қоғамына бұдан бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш ресейлік революция да, ал оны жазған азаттық қозғалысының басына келген жаңа әлеуметтік күш ұлттың зиялылар өкілдері еді. Ол турасында кейінірек М.Дулатов "1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, олардың ісіне еліктеп ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдік пен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды,"-деп жазды.


1905-1907 жылғы орыс революциясы қазақ даласындағы ұлттық қозғалыстың бел алуына өз ықпалын тигізді. Оның ғасырлық дәстүрі бар-ды. ХІХ ғ. екінші жартысында ол қозғалыстың шешуші бір саласы ағартушылыққа ұласты. Ғасыр басында ағартушылыққа жаңадан бірнеше әуен қосылды. Оның бірі ұлт болып қалыптасқан халыққа отаршылық шеңбер тарлық жасады, ол егемендікті көкседі, жеке ел болып, ірге көтеруді күн тәртібіне қойды. Екінші әуен - қазақ елі отаршылар тартып алған ата-мекенін, көш-қонысын қайтарып алуды көкседі. Жер қайғысы ел қайғысына айналды. Тіліне, дініне қауіп-қатер төнген 30 млн.-дық мұсылмандармен бірге қазақ халқы да тебіреніске ұшырады. Діни әуен мен ағартушылық әуен тоғысты.

Шынында да, ғасыр басында қазақ елінде өрбіген революциялық қозғалыста екі бағыт болды. Ол жөнінде 1908 ж. Ә. Бөкейханов қазақтарды барша мұсылмандармен біріктіруге ұмтылған "ұлттық-діни" және батыс салтымен өрістеген демократиялық бағыттары барын айтқан еді. Қазақ қоғамындағы ұлттық қозғалыс бір текті болған жоқ, оның әр түрлі ағымдары болды. Оның негізін құраған қазақ интеллигенциясы өкілдері еді.

Жалпы 1917 ж. қазан революциясына дейін негізінен еуропалық, сондай-ақ бірлі-жарым шығыс жоғары оқу орындарын аяқтаған дипломы бар қазақ зиялыларының саны 120 адамнан, ал ресейлік орта арнаулы оқу орындарында білім алған мамандардың саны 700-ден асып жығылатын.

Патшалық билік жаңа қалыптаса бастаған ұлттық элитамен екі жақты ойынға түсті. Бір жағынан ұлт зиялыларының өкілдері Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланса(Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Б.Қаратаев, Т.Нұрекенов және т.б.) екінші жағынан белсенді саяси қызметпен айналыса бастаған жеке қайраткерлер (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, т.б.) саяси қуғын сүргін нысанасына айналды.

Патшалық билік пен жаңа қалыптаса бастаған ұлт зиялылары арасындағы егес, қазақ қоғамында ресми билікке қарсы саяси оппозицияның қалыптасуымен аяқталды.

Осы кезеңдегі Қазақстан тарихында белгілі саясаткер, ғалым, публицист Ә.Н.Бөкейханов (1866-1983ж) ерекше орын алады. Ол Семей облысының Қарқаралы уезінде, Орта жүз сұлтанының отбасында дүниеге келген. Алғашқы білімді Қарқаралы орыс-қазақ мектебінде алған ол, одан әрі білімін Омбы гимназиясында және Петербор орман-техникалық институтында жалғастырған. 1896 ж. 3-курстың студенті болып жүріп, белгілі зерттеуші Ф.Щербинаның Қазақстандағы жер иеленуді зерттеу мақсатымен ұйымдастырылған экспедицияна қатысады. Экспедиция барысында Қазақстанның экономикасын, этнографиясын, мәдениетін жүйелі зерттеудің негізін салды. Оның "Россия. Полное географическое описание нашего Отечества" атты ұжымдық еңбектің авторларының бірі болуы кездейсоқтық емес.



Ресейде қалыптасқан жағдай орыс либерал-демократиялық интеллигенциясын саяси партиялар құруға итермеледі. 1905ж. 11-18 қазан аралығында Мәскеуде құрылтай жиналысы өтіп, Конституциялық-демократиялық партия(кадет) құру туралы шешім қабылданды. Омбы қаласының өкілі ретінде бұл жиналысқа Ә.Бөкейханов қатысты. 1905ж. желтоқсанында Ә.Бөкейхановтың бастамасымен Орал қаласында Қазақстанның бес облысының өкілдерінің қатысуымен съезд өтіп, кадет партиясының қазақ бөлімшесін құру туралы шешім қабылданды. Съезд Ресей кадеттерінің бағдарламасын мақұлдап, қазақтарға айырылып қалған жерлерін қайтару, шаруаларды көшіріп әкелуді тоқтату, мектеп, медресе және университет ашу жөнінде заң қабылдау талаптарын алға тартты. Алайда бұл шешім кадет партиясының Орталық комитеті тарапынан да, партияның 11 съездінде де қолдау таппады, өйткені кадет партиясы "біртұтас және бөлінбейтін" Ресей идеясын жақтап, партияның ұлттық бөлімшелерін құруға қарсы шықты. Сондықтан қазақ оппозициясы өз назарын тұңғыш Ресей парламенті - Мемлекеттік Думаға тікті.

І және ІІ Думалардың құрамына Ә.Бөкейханов, Ш.Қосшығұлов, Б.Қаратаев, М.Тынышпаев сайланды, олар жаңа аграрлық реформа мен қоныс аудару саясатын қайта қарау талабын алға тартты. ІІ думаның 1907 ж. 16 мамырдағы мәжілісінде қоныс аудару саясатының қазақ тіршілігін тас-талқан етер әсері туралы Б.Қаратаев баяндама жасады. "Біздің мемлекетке ушыққан аграрлық мәселені далалық облыстарға, атап айтқанда Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының жеріне шаруаларды қоныс аударту арқылы шешкісі келеді. Үкіметтің осынау сұғанақтығының салдарынан қазақтарға қырылып қалу қаупі төніп отыр", деді Б.Қаратаев. Сол жерде шаруалардың жерге деген зәрулігін қанағаттандыру үшін жекеменшік жерлерді тәркілеу жөнінде кез келген ресейлік оппозициялық партияның әрекетін қазақтар қолдайды деп мәлімдеме жасады. Егіншілік және жерге орналастыру Бас басқармасының бастығымен әңгімелескенде Б.Қаратаев шаруаларды көшіруді, тым құрығанда уақытша тоқтатуды өтінді. Оған қоныс аударудың жалғаса беретіндігін, себебі Қазақстанда қазақтара көші-қон үшін тиімсіз пайдаланып жүрген жердің көп екенін үзілді-кесілді мәлімделді. Осылай қазақ депутаттарының барлық ұсыныс-тілектері жауапсыз қалды.

1906 ж. 9 шілдесіндегі Николай ІІ жарлығы бойынша І Дума таратылады, ал Ә.Бөкейханов оны таратуға қарсы шыққандардың қатарында болғандықтан тұтқынға алынады. Түрмеден шыққаннан кейін ол Самара қаласына орналасып, банкте жұмыс атқарады. Осы кездері біршама ғылыми еңбектер жазды. Олар қазақ халқы өмірінің әр қырына арналды: патша өкіметінің Қазақстандағы қоныс аудару және аграрлық саясаты; қазақтардың шаруашылық, саяси және мәдени өмірі; Қазақстанның болашақ мемлекет құрылымы мәселелері; мемлекеттіліктің теориялық және құқықтық негіздері. Өз мақалаларын ол "Қыр баласы" деген лақап атпен басып отырды.


Ұлттық сана-сезімнің оянуы негізінде түркі халықтарының тұтастануы жүзеге асады. 1905-1906 жылдары ресей мұсылмандарының үш съезі өткізіліп, "Мұсылмандар одағы" құрылды, оның төралқасына Шәймерден Қосшығұлов мүше болады. Ресейдің 16 қаласында, оның ішінде Орынборда, Астраханьда, Оралда, Омскіде, Семейде, Верный, Қызылжарда бүкілресейлік мұсылман одағының бөлімшелері құрылды. Өз петицияларында олар тек отаршылдық қана емес, шоқындыру саясатына да қарсылықтарын білдірді. Ресей азаматтарының дініне, жынысына, нәсіліне, ұлтына қарамастан халқы өздерінің ұлттық, діни, мәдени, саяси талаптарын тұжырымдады, отаршылдыққа қарсылық білдірді, ұлттық сананы ұялаған режимге деген жаппай табынушылыққа күмән тудырды.

Мемлекеттік Думаның құрамында мұсылман парламент фракциясы қалыптасып, 1905 жылдан мұсылман басылымдарының бетінде, орыс оппозициялық баспасөзінде қазақ авторларының саяси мақалалары жариялана бастады.

1907 жылғы 3 маусымдағы патша жарлығына сәйкес ІІІ Мемлекеттік Дума таратылды. Жаңа сайлау заңына сәйкес көшпелі халықтар сайлау құқығынан айырылды. Революция осылайша жеңіліс тапты. "3 маусым төңкерісі" деген атпен белгілі осы оқиғадан кейін қазақ ұлттық қозғалысының көсемдеріне қарсы жаңадан қуғын-сүргін басталды: 1908 жылы Ә.Бөкейханов екінші рет тұтқындалды, 1908 жылғы 3 шілдеде А.Байтұрсынов ұсталды.

1911 жылдың қаңтарынан Троицкіде М.Сералин мен Е.Әлімов ай сайын шығатын "Айқап" журналын шығара бастады. Ол патша өкіметіне, орыстардың қырда қаптап кетуіне батыл қарсы шықты. 1911 жылдан бастап Орал облысында "Қазақстан" газеті жарық көре бастады. Оның редакторлары Батырша Қадырниязов, Мұхамед Қараша, Ғұмар Қарашев болады. Төртінші нөмерінен кейін ресейлік өкімет орындары газетке тыйым салып, тек 1913жылы ғана қайтадан шыға бастады.

Қазақ халқының ұлттық саяси санасының оянуына М.Дулатовтың "Оян, қазақ" өлеңдер жинағы ұшан-теңіз ықпал жасады. Ол 1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген еді.

1917 жылдан Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғаласының "Қазақ" газетінің қызметіне байланысты жаңа кезеңі басталды. Газет Орынборда басылып, алғашында 3 мың данамен шықты. Оның редакторы ақын, аудармашы, лингвист, педагог А.Байтұрсынов болып, төңірегіне дарынды қазақ журналистері мен жазушыларының тұтас бір саңлақ тобы жиналды. Олардың арасында Ә. Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов және басқалар бар. Оппозициялық газет бола тұрып "Қазақ" қазақ халқының ұлттық сана сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозғалыстың және болашақ "Алаш" партиясының баспа органы болды. Басылымдардың отаршылдыққа қарсы сипаты өкімет органдарының наразылығын туғызды. 1913-1916 жылдар бойы газет 26 рет жабылды, ал А.Байтұрсыновтың өзі әлденеше мәрте тұтқындалды.


Міне, осындай жағдайда патша өкіметінің отарлау саясатымен күрес жүргізу де жеңіл желпі іс емес-тін. Жалпы саяси деңгейі төмен, оқыған азаматтары саусақпен санарлық қазақ қоғамы үшін аса ауыр болды.

1.3 1914 ж. 1 тамызынды Ресей Бірінші дүниежүзілік соғысқа кірді. Патшалық Ресейдің 1914-1918 жж. соғысқа қатысуына байланысты еңбекші халықтың басына жаңа ауыртпалықтар түсті. Соғыс экономикалық жағдайды күрт нашарлатып, елдегі таптық күресті шиеленістіріп жіберді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы құлдырап кетті, егіс көлемі кеміді, әсіресе Жетісу, Сырдария облыстарында жергілікті халықтан жерді тартып алу әрекеті толастамады. Малды, ауыл шаруашылық өнімдерін, жем-шөпті реквизициялау, күш-көлік құралдарын мобилизациялау жүргізілді. Еңбекшілердің материалдық жағдайлары қатты нашарлап, жұмысшылардың жалақылары төмендеді. Азық-түлік екі есе, тіпті одан да көп қымбаттады. Салық пен алымдар (жерге, жолға, т.б.) 3-4 есе, кей жерлерде 15 есе өсті. Соғыс жылдары Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, жүздеген мың пұт балық, 70 мың бас жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 14 мыңға жуық киіз үй, сондай ақ 40 мың пұт мақта, мыңдаған пұт мақта майы, сабын алынды. Соғыстың алғашқы бір жылында Жетісудан шығарылған мал мен мал өнімдерінің құны 34 млн. сомды құрады.

Соғыс жылдары қоныс аударушы шаруалардың да жағдайы нашарлады. Соғыс жылдары қоныс аударушылар деревняларының еңбекке жарамды ер адамдардың тең жартысы әскерге шақырылды. 1915 ж. наурызында Верный, Лепсі, Прежевальск уездерінде село халқы бағаның, алым-салықтардың өсуіне наразылық білдірді. 1917ж. күзінде "солдат әйелдерінің бүліктері" басталды, әскери қызметке барудан бас тартушылардың саны өсті. Тәртіп орнату үшін өкімет орындары жиі-жиі әскери күш қолданып тұратын болды.

Қала тұрғындары мен жұмысшылардың жағдайы да аса ауыр болды. Соғыстың алғашқы жылдарында Қазақстанда төтенше әскери жағдай енгізілді, жиналыс, ереуіл, стачка өткізуге қатаң тыйым салынды, цензура, полицейлік бақылау күшейтілді. Шетелдік кәсіпкерлердің меншігіндегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылардың жағдайы ерекше ауыр болды. Кеніштер мен шахталарда жұмыс күні 12-14 сағатқа созылды, ал біркүндік жалақысы 20 тиынды құрады. 1915 ж. маусымында Қарағанды, Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерін, Орынбор-Ташкент теміржолын, Жезқазған Успен, Қоңырат, Қарсақпай кәсіпшіліктері мен зауыттарын қамтыды. Сондай-ақ соғыс жылдары Қазақстан аумағына соғыс тұтқындары орналастыра бастады, 1914 ж. желтоқсанына қарай 20 мыңнан астам тұтқын әкелінді.