ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.04.2024
Просмотров: 49
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы Қазақстандағы ұлттық-отаршылдық езгіні одан әрі күшейтті, ұлттық және әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістірді. Патша үкіметінің жүргізіп отырған орыстандыру саясаты, қоныс аудару саясаты нәтижесінде жер мәселесінің шиеленісуі ұлт-азаттық соғыстың жандануына алып келді.
Ресейдің 1914-1918 жылдардағы соғыс қимылдары барысында қыруар адам күшінен айырылуы адам ресурсы мәселесін шиеленістіре түсті. Осы ретте үкімет олқылықтың орнын толтыру үшін алуан түрлі шаралар қабылдайды. Сондай шараларының бірі Орталық Азия мен Сібірдің "бұратана халықтарын" қорғаныс жұмыстарына тарту болды. 1916 жылғы 25 маусымда Николай ІІ қол қойған "Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже" қабылданды. Ол бойынша 19 бен 43 жас арлығында 400 мыңнан аса ер адамдарды қара жұмысқа мобилизациялау көзделді. Мобилизациялаудан мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті билік орындарының басшылары, діни мекеме өкілдері, жоғары және орта оқу орындарынң шәкірттері, дворяндар, құрметті азаматтар босатылды. Осы шешімді қабылдай отырып, өкімет жалпыұлттық қозғалысқа жік сала білді, өйткені мобилизациядан босатылғандар ендігі жерде патша саясатын белсене қолдай бастады.
"Бұратаналарды" тыл жұмыстарына шақыруды жариялай отырып, үкімет арзан жұмысшы күшін пайдаланып қалуға бел байлады әне жасақты армияны толықтыруға керек орыс жұмысшылары мен шаруаларын босатып алғысы келді.
Екінші жағынан, өкімет қазақ, өзбек, түркмен және сол сияқты басқа да халықтарға қару беруге қауіптенді, болашақта олар қаруды Ресейге қарсы жұмсайды деп қорықты.
Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды, олардың отарлық езгі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың туу туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқанына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын "қара тізімге" қосты, ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты.
Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатігез, жағымсыз байларды өлтіру, ірі феодалдардың иеліктеріне шабуыл жасау, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаздарын т.б. жойып жіберу секілді ашу-ыза әрекеттері кең орын алды. Сойыл, кетпен, шалғы, мылтық, қылышпен қаруланған ел адамдарының байлардың ауылдарын өртеп, малдарын айдап әкетуі жиілей түсті.
Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалдық соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніші болып отырған феодал байларға қарсы бағытталды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейтқали Меңдешев, Әбдрахман Әйтиев, Маңғыстауда - Жалау Мыңбаев, Ақтөбе даласында -Әділбек Майкөтов, Жетісуда - Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов басқарды.
Осындай алмағайып кезеңде "Алаш" қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты. Сондықтан да, олар қазақтарды патша жарлығын орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға толық қатысы бар деп санады. 1916 жылғы 11 шілдеде "Алаш азаматтарына" арналған үндеуінде Ә,Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М.Дулатов былай деп жазды: "Отандастарымыз - орыс халқы, діндестеріміз - мұсылмандар, татар халқы, сондай-ақ басқа да көрші халықтар өрттің жалынында лаулап жанып жатыр. Бізге бұдан сырт қалуға болмайды. Өзіміз боданы болып отырған өкіметтің бұйрығынан бас тарту, басымызды сауғалап үйден шықпау, мемлекетті қорғауға ат салыспау дұшпанға көмек көрсетумен бар-бар." Екішіден, іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтеруін болдырмауға тырысты, оның аяғы аса үлкен қантөгіске алып келетінін алдын ала болжай білді. Үшіншіден, соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына олар үміт артты.
Империямен ақылға қонымды келісім тактикасын ұстанып, халқының аман болуын бірінші кезекке қойған "Алаш" көсемдері тыл жұмыстарына шақыруды кейінге қалдыра тұрып, тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Алайда 1916 жылы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы экспедициялар жіберді. Оның құрамында жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс отрядтары болды. Мысалы, Жетісудағы көтерілісті басуға 16 зеңбірек, 24 пулеметпен қаруланған 8750 солдаты бар 95 рота, 3900 атты әскерден тұратын 24 жүздік жіберілді. Ақмола, Семей облыстарындағы көтерілісшілерге қарсы генерал Ягодкин басқарған 2 атты жүздік, күшейтілген 11 жаяу әскер ротасы жіберілді. Көтерілістің мейлінше күшті болған жері Торғай облысына құрамында 17 жаяу әскер роталары, 19 казак жүздіктері мен эскадрондары бар, пулеметпен қаруланған генерал Лаврентьев басқарған экспедиция жіберілді. 1916 жылы көтерісшілер күш ала бастаған кезде бұл экспедицияға көмекке Қазан, Пермь, Орынбор қалаларынан қосымша әскерлер жеткізілді. Көтерілісшілер патша әскерлеріне қарсы кескілескен ұрыстар жүргізді. Ең жақсы ұйымдастырылған әрі ұзаққа созылған қозғалыс Торғай уезінде қанат жайды. Иман батырдың (Кенесарының жақын серігі) немересі Амангелді Иманов басқарған басқарған бұл көтеріліс 1917 жылғы ақпан революциясына дейін жалғасты.
Сипаты жағынан қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болған 1916 жылғы көтерілістің барысында патша өкіметінің отарлау саясатын жүргізу барысында жойылып кеткен дәстүрлі саяси құрылымды қалпына келтіруге бағытталған шаралар жүзеге асырылды. Бекболат Әшекеев Верный уезінің ханы болып сайланса, Торғай облысында көтерілісшілер Әбдіғаппар Жанбосыновты хан сайлады.
Азаттыққа жету жолындағы күрес күрес қазақтарға тым қымбатқа түсті. Жазалаушы әскерлер көтерілісшілерге ғана емес, бейбіт халыққа да аяусыз зәбір жасады. Оларды атты, асты, дүние-мүлкін талауға салды. Қарулы әскерге қарсы тұра алмаған көтерілісшілерге Қытай мен Қашғар жеріне қашты. Халықтың саны күрт азайды. Мысалы, Жаркент уезі тұрғындарының саны дүниежүзілік соғыс басталғаннан 1917 жылдың 1 қаңтарына дейін 27 пайызға, Лепсі -53 пайызға, Верный -55 пайызға азайды. Тұтас алғанда, жергілікті халықтың шығыны, Қытайға қашқан 300 мың адамды қосып есептегенде, 1 миллионға жуық адам болды. Ал 1897 жылғы санақтың деректеріне қарағанда Қазақстанда 3 млн.399 мың қазақ тұрған еді.
Қуғын-сүргіннің ауқымы мен қаталдығы керемет болыд. Бұл мәселені ІV Мемлекеттік Думаның трибунасынан депутат, Ресейдің болашақ Премьер-министрі А.Ф.Керенский де көтерді.
1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің құрамдас бір бөлігі болды.
1.4 І дүние жүзілік соғыс Ресей мемлекетіне орасан зор шығын әкелді. 1917 ж. басына қарай Ресей 2млн.-ға жуық адам жау тұтқынына түсті. Елде соғысқа қарсы көңіл-күй бел ала бастады.
Елдің өнеркәсібі, көлік жүйесі және ауыл шаруашылығы да ауыр жағдайға душар болды. Соғыс жылдары ауылдық жерлерден ер адамдардың 48 пайызы әскерге мобилизацияланды. Жұмыс қолының жетіспеуі егістік көлемінің қысқаруына, соның нәтижесінде азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне алып келді. Мал шаруашылығына да үлкен шығын әкелді, мал басы, соның ішінде жұмыс күші болып табылатын жылқы малының саны күрт азайды.
Көлік және басқа да маңызды салалардың жұмысы одан әрі ушықты. Халық пен әскерді ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етуде келеңсіз жағдайлар орын алды. Орыс әскерінің жоғарғы басшылығының жіберген қателіктерінің салдарынан армия ірі жеңілістерге ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Елдің қаржы жүйесі тығырыққа тірелді. 1917ж, қарай сомның тауарлық құны соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 50 пайызды ғана құрады, ал қағаз ақша шығару 6 есе өсті.
Майдандағы сәтсіздіктер, елдің ішкі жағдайының нашарлауы қоғамда әлеуметтік шиеленістің өсуіне алып келді. Өкімет пен монархияның саясатына наразылық күннен күнге өсіп, әр түрлі әлеуметтік топтардың саяси белссенділігі күрт артты. 1915ж. тамызында "Прогрессивтік блок" құрылды. Оның құрамына буржуазиялық, сондай-ақ кейбір монархиялық партиялардың өкілдері кірді. Партия бағдарламасы жарияланып, оның негізгі талаптары айқындалды: қоғамдық сенім министрлігін құру; кең саяси амнистия жариялау, соның ішінде кәсіподақ жұмысына рұқсат ету; жұмысшы партияларын заңдастыру (легализация); Польша, Финляндия және т.б. ұлттық шеткі аймақтарда саяси тәртіпті босаңдату.
Патша мен оның айналасындағылар бұл талаптарды қабыл алмады. Керісінше, қатаң қуғын-сүргін жалғасты. 3 қыркүйекте патша өкімімен Мемлекеттік Дума таратылды, министрлер алмастырылды. Соғыс жылдары Николай ІІ Министрлер Кеңесі төрағаларын 4 рет, ішкі істер министрін - 6 рет, соғыс министрін - 4 рет, сыртқы істер министрін -4 рет алмастырды. Осының барлығы билік жүйесінің күрделі дағдарысқа ұшырағандығының белгісі еді.
Оппозициялық көңіл-күй зиялы қауым, әскер және ұлттық аудандарды қамтып, халық арасында кең қолдауға ие болды.
1917 ж. қаңтарынан бастап астанада жұмысшылардың ереуілдері жиілеп кетті. Ақпанның екінші жартысынан бастап азық-түлік, нан өнімдерімен қамтамасыз етуде қиыншылықтар орын алды. Осы жағдай 23 ақпаннан бастап ереуілдердің жаңа толқынын тудырды. Алайда билік бұл жағдайға мән бермеді. Келесі күндері жұмысшылар көшеге шерулерге шығып, олардың полициямен алғашқы қақтығыстары болды. "Нан талап етеміз!" деп басталған шерулер ендігі жерде саяси сипат алып, "Соғыс жойылсын!", "Самодержавие жойылсын!" деген ұрандармен жалғасты.
26 және 27 ақпанда жұмысшы толқулары одан әрі жалғасты және олардың жағына астаналық гарнизонның әскерлері өте бастады. Көтеріліс саяси режимдердің алмасуына алып келді. 27 ақпан күні көтеріліске шыққан халық жұмысшы депуттарының Кеңесін құрды. Оның төрағасы болып меньшевик У.В.Чхеидзе сайланды. Сол күні Мемлекеттік Думаның мүшелері өздерінің жеке мәжілісінде Уақытша комитет құрды. Уақытша комитет князь Г.Е.Львов басқарған Уақытша үкіметті құру туралы шешім қабылдады. 1 наурыз күні Петроград Кеңесі өзінің келісімінсізастанадан әскерді шығаруға болмайтындығы туралы №1 бұйрықты жариялады. Көтерілісті әскер күшімен басып жаншымақ болған әрекеттер нәтижесін бермеді. 1917 жылдың 2 наурызында Псковте Николай ІІ тақтан бас тартып, оны өзінің бауыры Михаил Александровичке ұсынды. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартты.
Саяси режимнің алмасуы елде қосөкіметтіліктің – Кеңестер мен Уақытша үкімет билігі – орнауына алып келді. Көтеріліс кезінде құрылған Петроград Кеңесінің бүкіл мемлекеттік билікті өз қолына алуына мүмкіндігі болды. Алайда Кеңес басшылары (меньшевиктер, эсерлер, кадеттер, т.б.) Ресейде буржуазиялық революция жүзеге асырылды, сондықтан билік буржуазияның қолында болуға тиіс деп санады. Ал большевиктер партиясы мен оның лидері В.И.Лениннің елде қалыптасқан жағдайға көзқарастары мүлдем басқаша болды. Олар кеңестер негізінде жаңа мемлекеттік билік түрін қалыптастыруға талпынды.
Буржуазиялық Уақытша үкімет Ресейді демократиялық республика деп жариялады. Бірқатар демократиялық ұсыныстар жасалды: саяси тұтқындарға амнистия жариялау; саяси құқықтар мен демократиялық бостандықтарды енгізу; барлық ұлттардың тең құқылығын жариялау; сословиелік жүйені жою. Қазақстанға қатысты шешімдер де қабылданды: 1916 ж. 25 маусымдағы патша жарлығының күшін жойып, қара жұмыста жүрген 150 мың қазақты еліне қайтару; 1916 ж. көтерілістен зардап шеккен шаруашылықтарға қаржылық көмек көрсету; көтеріліс кезінде Қытайға кетуге мәжбүр болған босқындардың еліне қайтуына жәрдемдесу және т.б.
Алайда Уақытша үкімет бұл мәселелердің толықтай шешілуін Құрылтай жиналысының шақырылуымен байланыстырды, яғни оның шешімдерінің көбі қағаз жүзінде ғана қалды. Жаңа үкімет соғысты жеңіспен аяқтағанша жүргізе беруді ұсынды. Осыған байланысты сәуір айында сыртқы істер министрі П.Н.Милюковтің нотасы жарияланды. Ол үкіметтік дағдарыстың басты себебі болды. 1917 ж. мамыр айында дағдарыстан шығу үшін жаңа Коалициялық үкімет құрылып, оның құрамына Кеңестің өкілдері ретінде 6 социалист-министр (А.Ф.Керенский, М.И.Скоблев, Г.И.Церетели, А.В.Пешеходов, В.И.Чернов, П.Н.Переверзов) кірді.
Қазақстанда Ақпан революциясы және патша самодержавиесінің құлатылғандығы туралы хабар зор қуанышпен қарсы алынып, революцияға қолдау көрсетілген митингілер мен жиналыстар өтті. Халық отарлаушылар тартып алған жерлердің қайтарылуы, өзіндік ұлттық құрылымның пайда болуы сияқты аса маңызды мәселелерді революция шешіп береді деп үміт артты. Барлық жерлерде отарлаушы әкімшіліктің шенеуіктері қызметінен тайдырыла бастады. Наурыз айында Орал облысының вице-губернаторы, Батыс-Сібірдің генерал – губернаторы, Торғай облысының губернаторы, уезд басшыларының бір бөлігі тұтқындалды. 30 наурызда Түркістан генерал-губернаторы қызметінен аластатылып, қамауға алынды.
Қазақ ұлттық интеллигенциясының өкілдері А.Бөкейханов -Торғай облысында, М.Тынышпаев –Жетісуда, М.Шоқай – Түркістанда уақытша үкіметтің Қазақстандағы комиссарлары болып тағайындалды. Құрылып жатқан қазақ, казак, сондай-ақ мұсылман, татар, комитеттері де Уақытша үкіметтің сенімді тіректеріне айналды.