Файл: Этнопедагогика жне этнопсихология пні бойынша syllabus 6В01301 Бастауышта оыту педагогикасы жне дістемесі.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 05.05.2024
Просмотров: 147
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
8. Дәріс кешені (дәріс тезисі)
Дәріс №1.
Тақырыбы: Этнопедагогика және этнопсихология пәнінің әдіснамалық негіздері
Жоспар:
1.Этнопедагогика және этнопсихология ұғымының анықтамасы, ғалымдар пікірлері.
2. Этнопедагогика және этнопедагогика пәні, зерттейтін тақырыптары
3. Халықтық педагогика.
1. Этнопедагогика және этнопсихология ұғымының анықтамасы, ғалымдар пікірлері. Этнопедагогика және этнопсихология пәні, оның негізгі ұғымдары, мақсаты.
Этно-грек сөзі, тайпалар мен халықтарды зерттейтін қоғамдық ғылымдардың бір саласы. Педагогиканың ұлттық бөлімі «Этнопедагогика» ұғымын ғылымға тұңғыш рет енгізген чуваш ғалымы Г.Н.Волков (1974).
Этнопедагогика ұғымының көптеген анықтамалары бар. Г.Н.Волковтың пікірінше, этнопедагогика ғылымының нысаны-ғылым болып есептелмейтін халықтық педагогика. Этностық тәрбие-отбасындағы, рудағы, тайпадағы тәрбие, дәлірек айтсақ табиғи, мектептен тыс дәстүрлі, формальды емес халықтық тәрбие. Ол этнопедагогиканы халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу тәжрибесін, педагогикалық көзқарасын зерттейтін ғылым болғандықтан, оны отбасы, ру, тайпа, ұлт педагогикасының теориясы және тарихы деп санайды. Автор этнопедагогика тарихи жағдайлардың ықпалымен қалыптасқан ұлттардың мінезін де зерттейді деп есептейді. Г.Н.Волков «этностық» пен «халық» деген ұғымды синоним ретінде қолданады.
ХХ ғасырдың 70 жылдары этнопедагогикалық ой-тұжырымдардың күшеюіне себепші болған үрдіс кеңестік жүйенің басқа ұлттарды шеттетуі еді. КСРО-да 1930 жылдан бастап ұлттарды орыс тілінде оқыту талап етіле бастады. 1959 жылдан бастап ұлттық мектептер орыс тілді мектептерге көшірілді. «Этнопедагогика», «халықтық педагогика», «ұлттық білім жүйесі», «ұлттық мектеп» деп келетін атау ұғымдар интеграция (әлемдік кіргізу) туғызған ұлтсыздану үрдісіне қарсылық. Этникалық педагогиканың мәні-ұлттық педагогикаларды бір-бірінен негізсіз көшіртпеу.
Этнопедагогика педагогика ғылымының фальклормен, этнографиямен байланыстыратын сала. Оның нысаны-педагогикалық нысандар.
М.Н.Стельмаховичтің анықтамасы бойынша этнопедагогика ұлттың өзіне тән тарихи жолы, сол жолда қалыптасып, жүзеге асқан ерекшеліктері.(Традиции и тенденции развития семейной этнопедагогики украйнского народа. – Киев,1989.)
Профессор В.А.Пятиннің жетекшілігімен жұмыс істейтін авторлар ұжымының берген анықтамасы бойынша: "Этнопедагогика әлеуметтік нормаларды, құндылықтарды, тәжірибені бойына сіңірген жеке адамды қалыптастыратын қоғамдық ықпал ету үрдісін зерттейді, балаларды тәрбиелеу мен оқытып үйрету туралы діни ілімдерде, ертегілерде, әңгімелерде, аңыздарда, көне хикаяларда, жұмбақ өлеңдерде, мақал-мәтелдерде, ойындарда, ойыншықтарда және басқа отбасы өмірінде, тұрмыста, дәстүрлерде көрінісін тапқан халық білімін, ой-пікірлерімен көзқарастарын, яғни жеке адамның әлеуметтік және тарихи-мәдени қалыптасу үрдісіне ықпал жасайтын педагогикалық потенциалды жинақтап, жүйелейді.
Қ.Бөлеевтің анықтамасы: Этнопедагогика- халықтық педагогиканы зерттейтін ғылым саласы.
Ал белгілі ғалым Қ.Жарықбаев болса, «Этнопедагогика-халықтық тәлім-тәрбиені, оның тәжрибесін қорытындылап, жүйелейтін теориялық сипаттағы ғылым» деген анықтама берген.
Е.Сағындықұлының анықтамасы бойынша: Этнопедагогика-ұлт тәрбиесінің бөліктерін нақтылы материалмен қамтамасыз ететін қайнар көз.
Сонымен ғалымдардың пікірлерінің қорытындысына сүйенсек, этнопедагогика жас ұрпақты тәрбиелеген, тәрбиелеп отырған бұқараның тәжірибесін зерттейді, халқының рухани қорын, атап айтсақ өз ұлтының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қазіргі ұрпаққа жеткізеді. Этнопедагогиканың бастау бұлағы-халықтық педагогика.
2.Этнопедагогика және этнопсихология пәні, зерттейтін тақырыптары
Этнопедагогика және этнопсихология пәні қоғам сұранысына қарай нақтыланып, өзгеріп отырады. Этнопедагогика жеке тұлға дамитын, әлеуметтік нормаларды меңгеретін ортадан баланы тәрбиелеу және оқыту жайындағы діни ілімдерде, ертегілерде, аңыздарда ырым-тиымдарда, өлеңдерде, жұмбақтарда, мақал-мәтелдерде, ойындарда, ойыншықтарда және басқа халық мұраларында сақталған білімдерді жинақтап жүйелейді. Жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін отбасылық өмірді, дәстүрлерді, философиялық-этикалық, педагогикалық ой-пікірлерді зерттейді. Этнопедагогика пәніне халықтың педагогикалық дәстүрлері де енеді. Бұл жердегі міндет- дәстүрлердің пайда болу тарихын анықтап, сақталу себептерін, дәстүрлерге деген халық сұранысын білу. Халық шығармашылығын зерттеу арқылы халықтың дүниежүзілік мәдениетке қосқан үлесін анықтауға болады. Қазіргі әдет-ғұрыптар және олардың бұрынғымен байланысы дәстүрлі халық мерекелерінің жаңа мазмұндағы мерекелермен өзара әрекеттестігін де этнопедагогика ғылымы зерттейді. Жекелеген халықтардың тәрбие-тәжрибесін салыстырмалы түрде талдау ең құндыларын педагогика теориясы мен практикасына алуға мүмкіндік береді.
Сонымен этнопедагогиканың зерттейтін (пәні) тақырыптары:
-
халықтың негізгі педагогикалық ұғымдары (баланы күту, тәрбие, өзін-өзі тәрбиелеу, қайта тәтбиелеу, үйрету, оқыту, ақыл айту); -
бала тәрбиесінің объектілерімен субъектілері (өмірге келген сәбилер, жетімдер, асырап алған балалар, баланың құрдастары, достары, бөтен балалар, балалар ортасы); -
тәрбиенің функциясы (еңбекке әзірлеу, мінездің моральдық, ерік-жігер белгілерін тәрбиелеу, ақыл-ойды дамыту, денсаулықты қорғау, сұлулыққа деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу); -
тәрбиенің факторлары (табиғат, ойын, сөз, қарым-қатынас, дәстүр, іс-әрекет, тұрмыс, өнер, дін, үлгі-өнеге) -
тәрбие әдістері (сендіру, үлгі-өнеге, бұйыру, түсіндіру, үйрету, жаттығу, бата, қарғау, ант, өтініш, кеңес, түспалдап сөйлеу, мақұлдау, ренжу, өсиет, тыиым, қорқыту, жазалау, ұрып-соғу); -
тәрбие құралдары (санамақ, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, эпос, ертегі, аңыз және басқалары); -
тәрбиені ұйымдастыру (балалардың еңбек бірлестіктері, жастар мерекелері, халықтық мерекелер);
Тәрбие мен діннің өзара әрекеті де этнопедагогикалық зерттеу нысанына кіреді.
Қазақ этнопедагогикасы тіл, дәстүр әдет-ғұрып, рәсімдер сияқты этникалық мәдениет негізінде қалыптасты. Әлеуметтік орта, шаруашылық қазақтардың мінезіне, сана-сезімдеріне әсер етті де олар дүниені басқаша қабылдады. Қазақ этнопедагогикасының нысаны-болмыс (кең мағынада), қазақтың ұлттық мәдениеті (тар мағынада). Пәні (зерттейтіні)-этникалық тәрбие үрдісінде дамып жатқан этнос субъектісі. Ұлттық мектептің маңызды міндеті- этнопсихологиялық ерекшеліктерді зерттеу.
Сонымен әлеуметтік және этникалық педагогиканың объектілері, зерттейтін мәселелері ұқсас болғандықтан бір-бірімен байланысты. Этнопедагогиканың өте көп анықтамаларын талдау зерттеушілердің ұлттық ерекшелікке ден қоятынын көрсетіп отыр.
Этнопедагогиканың міндеттері:
-
халықтық педагогиканың іс-әрекет аясын және қазіргі заманғы тәрбиемен өзара байланысын анықтау; -
баланы әлпештеп өсірген халықтың даналығының мәйегін жинау, халықтық тәрбиенің негізгі санаттары (категориялары) мен заңдылықтарын анықтау; -
халықтық педагогикаға ықпал ететін әлеуметтік-эканомикалық факторларды бөліп көрсету, халықтық педагогика дәстүрлерінің өміршеңдігі себептерін анықтау және қоғамның рухани өміріне олардың тереңдей ену тетігін айқындау; -
ірі және шағын халықтардың, тәрбие практикасының ерекшеліктерін мұқият зерделеу;
3. Халықтық педагогика.
Педагогика ілімінің белгілі бір деңгейін, адамзаттың рухани прогресіндегі нақты кезеңді бейнелейтін халықтық педагогика ғылымын дамытатын негіз болып табылады.
Мәдениеттің табысты дамуы табиғи, көп ғасырлық халық дәстүрінде мүмкін болады. Халықтық педагогика бұқара педагогикасы болғандықтан оны маман педагогтар педагогикасы деп атамайды. Халықтық педагогикадағы ананы құрметтеу, баланы өте жақсы көру, әкенің бәрінен күшті екеніне сену педагогикалық дін деп аталады. Ата-ананың үйі-отбасының рухани өмірінің сарайы, отбасы- қорғаныш, бала-періште, ана-әулие, әке-отбасының тірегі.
Халық педагогикасы-ғасырлар бойы халықтың халық болып тарих сахнасына шыққан күннен бергі жас ұрпақты рухани және материалдық мәдениетті меңгеруге жұмылдыратын тәлім-тәрбие құралы, ұлт мәдениетінің негізі. Халықтық педагогика ежелгі дәуірде халық жазған көркем шығармаларда, тастағы жазуда, ертегілерде, жырларда, діни ілімдерде, аңыздарда, ырым-тиымдарда, өлеңдерде, жұмбақтарда, мақал-мәтелдерде, ойындарда пайда болды. Халық өте ерте заманнан бастап адамгершілік қағидаларын, рухани мәдениетін қалыптастырды. Еңбекшілердің өміріне тіршілік нәрін берген оны нұрландырған әдет-ғұрыптар және дәстүрлер көп болды. Олар халықтың табиғатқа қатынасынан, егіншілік немесе малшылық өнерінен, тамаша қолөнерінен, әдемі киімдерінен, қонақжайлылығынан, жақсы әдет-ғұрыптардан, мінез-құлық, жүріс-тұрыс ережелерінен көрінеді. Халықтық педагогика ескерткіштерінен халық мінезін, сұлулық туралы түсініктерін, болашақтағы армандарын, ақылға қонымды қарым-қатынастарын, адамгершілік қағидаларын көруге болады. Халық ауыз әдебиеті үлгілері үлкендерді силауға, ұқыпты, еңбекқор болуға шақырады. Халықтың мәдениетінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік, эстетикалық, философиялық ғылыми ойлар, отбасы, балалар, жолдастық, достық, махаббат, Отан туралы мәліметтер өте мол. Кейбір педагогтар ескірген жерлері болғандықтан халық педагогикаының бәрін қабылдаудың қажеті жоқ деп санайды. Бұл пікірді француз ойшылы А.Леруа-Гурана сынап, «Халық халықтығын ескінің қалдығы дегендердің көмегімен сақтайды»,-дейді. Осы тұжырымға сай халықтық педагогиканың элементтері мерекелер, ырымдар, бал, құмалақ аштыру, жеке тұлғаның рухани өмірін дамытатын тиімді құрал болып есептеледі.
Халықтық педагогика қазіргі педагогика мен ежелгі педагогикалық мәдениетті біріктіреді. 1926 жылы «Халықтық педагогика» деген атау-ұғымды алғаш ұсынған С.Т.Винаградов: «Халықтық педагогика-тұлғаны қалыптастыру барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер жиынтығы, яғни халықтың тәлім-тәрбие тәжрибесі»-деген.
«Халықтық педагогика-халық ауыз әдебиетінде, салт-дәстүрінде, балалар ойындарында, т.б. көрініс тапқан педагогикалық деректер мен тәжрибенің жиынтығы, біртұтас ұлттық мәдениет. Халық педагогикасы таза халықтық тәжрибеге негізделген тәрбиенің эмпирикалық түрі және ол этнопедагогиканың ғылыми зерттеу объектісі» (Г.Н:Волков) Ал «Ұлттық білім беру» деген ұғымды ұсынған С.И.Гессен.
Педагогтар арасында этнопедагогика мен халықтық педагогиканы шатастыратындар жиі кездеседі. Бүгінгі таңда этнопедагогиканың бастау бұлағы болып есептелетін «халықтық педагогика» саласында жарық көрген еңбектер баршылық. Соның ішінде «халықтық педагогика» ұғымына біршама анықтамалар берілген. Халықтық педагогика мен этнопедагогиканың байланысын сөз ететін болсақ, профессор М.И.Стельмаховичтің көзқарасы тұрғысынан «Халықтық педагогикаға нақты бір этностық қауымға қатыссыз эмпиризмдік педагогикалық білімдер мен құралдар енеді. Этнопедагогика нақты бір этносқа қатысты, оның ұлттық ерекшелігін көрсететін педагогикалық дәстүрлермен байланысты. Педагогика еңбекшілердің тұрмысы мен санасымен байланысты болғанда халықтық сипатқа ие болады. Осы тұрғыдан келгенде халықтық пен ұлттыққа (этнопедагогикада) халық пен ұлттың тәрбиелік мүдделері бар».
Е.Л.Христова: «Халықтық педагогика-халық бұқарасының, таптың педагогикалық санасы, олардың мүддесін көздеп, әлеуметтік теңдік үшін күресе білетін адам қалыптастыруға бағытталған педагогикалық қызметі. Дәстүрлі педагогикадан айырмашылығы жеке ұлттарға қызмет етуінде»,-деп анықтайды.
Ал С.А.Ұзақбаева өз зерттеуінде мына анықтаманы басшылыққа алады: «Халықтық педагогика ұрпақтан-ұрпаққа көбіне ауызша түрде халық шығармашылығы арқылы берілген тәрбие мен оқыту саласындағы халықтың білімдері, іскерліктері, дағдыларының жиынтығы. Олардың негізінде белгілі бір әдет-ғұрыптар және салт-дәстүрлер қалыптасты» А.1993.
Мәселен, бір топ ғалымдар оны халықтың санасы деп қараса, екіншілері әр халықтың педагогикалық тәжрибесі дейді, үшіншілері халықтың педагогикалық ойлары мен іс-әрекеттерінің бірлігі десе, төртіншілері халық тәрбиесі туралы ғылым деп қарайды. Халық педагогикасы жөніндегі әр түрлі пікірлердің тууы ұлттық мәдениеттің ғылыми-философиялық тұрғыда зерттелмеуіне байланысты болды. Әсіресе кеңестік дәуірде «дүние жүзінде бір тіл болады, ұлттық мәдениет өткеннің сарқыншағы» деген идеологияның үлкен зияны болды. Кеңестік ұлт саясатына қарсы шыққандар «байшыл-ұлтшылдар» деп айыпталды. Кеңестік идеология білім беру\жүйесіндегі ұлттық атаулыны тәрк етті. ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін қазақ сыныптарында «Қазақстан тарихы», «Қазақстан географиясы» деген пәндер оқытылмады.