Файл: Педагогикалы институты аманжол кзембайлы еркін біл тарихнам а.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 03.02.2024
Просмотров: 259
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Тарихнамалық талдау пәнін анықтау – тарихшының алдында тұрған өте күрделі міндет. Оны дұрыс шешу үшін мына төмендегі ережені қатаң түрде сақтау қажет. Біріншіден, тарихнамалық талдау тарихнамалық зерттеу пәні бойынша жүргізіледі. Екіншіден, тарихнамалық пән нақтылы –тарихи зерттеуге байланысты таңдалады. Әлбетте, таңдау барысында тарихнамалық пән барынша тақырыпқа жақынырақ болғаны жөн. Тарихнамалық талдау пәні кейде нақтылы – тарихи зерттеу пәнімен сәйкес келе бермейді. Одан хронологиялық шеңбері жағынан немесе кеңірек немесе тарырақ болуы мүмкін. Тарихнамалық талдау пәнінің мазмұны да территориялық аспектісіде кеңірек болады.
Тарихнамалық талдау пәнінің кезеңдерін анықтау. Бірінші кезекте пән бойынша ғылыми–библиографиялық әдебиеттердің сипатамасы жасалады. Олардың жалпы саны көрсетіледі. Егер ол белгісіз болса, онда жалпылама, шамамен айтылады. Келесі кезекте тарихнамалық талдаудың хронологиялық шеңбері белгіленеді. Оның ең төменгі шегі тақырып бойынша жарық көрген алғашқы мақаладан басталады. Ал жоғарғы шегі осы жөніндегі соңғы мақаламен аяқталады. Бұл мақалалар тақырыпқа арнайы жазылуы шарт емес. Тіпті тақырыптың кейбір мәселелері туралы жай ғана сөз қозғаса да жеткілікті.
Хронологиялық кезеңдерге бөлудің үш шарты бар. Біріншісі зерттеу пәнінің түсінігі бойынша концепцияның ауысуы. Екіншісі – оған қызығушылықтың әлеуметтік жағдайының өзгеруі. Үшіншісі – ғалымдар арасындағы тақырыпты одан әрі зерттеуге мүдделіліктің саябырлауы. Мұның да бірнеше себептері бар. Тақырып зерттеліп болды деген түсініктің пайда болуы, немесе саяси коньектураның өзгеруі. Мысалы Кеңес елінде Коммунистік партияның билік басынан кетуіне байланысты оның тарихын зерттеуге қызығушылық су сепкендей басылды. Тарихнамалық кезеңдер жалпы Қазақ тарихының даму кезеңдерімен сәйкес келуі де, келмеуі де мүмкін. Тарихнамалық талдау жөніндегі әңгіме, оны жалпылама кезеңдеуден басталады. Содан кейін оның саны мен хронологиялық шегі көрсетіледі.
Тарихнамалық кезеңдерді талдау мына төмендегі аспектілер бойынша жүргізіледі.
1. Әр кезеңнің сипаттамасын беру.
2. Әр кезеңнің өз ішінде әдебиеттерді түрлеріне қарай бөлу.
3. Ғылыми әдебиеттің негізгі түрлеріне сипаттама беру.
4. Тарихнама ғылымының әр кезеңінде зерттелген аспектілерін бағалау.
5. Зерттегелі отырған тақырыбыңыздың негізгі концепцияларын анықтау.
6. Тақырыпты зерттеуге үлес қосқан авторларды және олардың негізгі еңбектеріне сипаттама беру.
Әдебиеттерге сипаттама беру барысында олардың жанрына аса көңіл аудару қажет. Олардың публицистикалық, ғылыми–көпшілік немесе ғылыми түрлері бар.
Егер тақырып бойынша ғылыми шығармалар болмаған жағдайда зерттеуші оған жақын немесе хронологиялық шеңбері бір жалпылама еңбектерді пайдалануға мәжбүр болады. Бұл тарихнамалық талдаудың екінші кезеңінде атқарылатын шаруа.
Тек талдаудың үшінші кезеңінде ғана ғылыми шығармаларға баға беру мүмкіндігі туады. Олардың мақалалары мен монографиялары талқыланады, оларға сілтеме беріледі. Сілтеме тек негізгі–негізгі еңбектерге беріледі. Әдетте олардың санын бесеуден асырмайды. Асып бара жатса «тағы да басқалар» деген сияқты белгі салынады.
Белгілі бір елдегі тарихи танымның дамуына сол елдегі әлеуметтік–саяси жағдайдың әсер ететіндігі белгілі. Оның өзгеруіне байланысты тарихнамалық жаңа кезең басталады. Мысалы еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты тарих ғылымының еркін дамуына жағыдай туды. Яғни қазақ тарихнамасының жаңа кезеңі басталды. Сондықтан, әсіресе соңғы жылдары пайда болған тарихи шығармаларға аса көңіл бөлген абзал.
Тарихнамалық кезеңдердің жалпы сипаты оның хронологиялық шегін анықтаудан басталады. Содан кейін сипаттама беріліп отырған кезеңде тақырыптың зерттелу деңгейіне баға берген абзал, оған дейінгі кезеңмен салыстыру қажет. Зерттелу деңгейі жоғары болса оның себептерін көрсетіп, әсер еткен жағдайларға тоқталған жөн. Егер тақырыпқа бұл кезеңде онша мән берілмесе, кедергі болған себептерге талдау жасау қажеттілігі туындайды.
Келесі кезекте дәл осы кезеңде тарихшылардың жеткен жетістіктеріне тоқталады. Мына төмендегі сұрақтарға жауап беріледі: алғашқы жарияланған мақала, ғылыми мақала, ғылыми кітап, монография, қорғалған кандидаттық және докторлық диссертация,жарияланған тарихнамалық еңбек,а жарияланған деректанулық еңбек,өткізілген ғылыми конференциялар мен семинарлар.
Әрбір тарихнамалық кезеңнің негізгі әдебиет түрлерін анықтау.
Тарихнамалық кезеңнің жалпы сипатынан кейін тарихнамалық пәннің зерттелуі көрініс тапқан ғылыми әдебиеттер тізімі беріледі.
- Зерттеу пәніне немесе оның кейбір аспектілеріне тікелей байланысты әдебиеттер. Оны практика жүзінде арнаулы әдебиеттер деп атайды.
- Зерттеу пәні оның бір ғана аспектісі болған үлкен проблема туралы әдебиет.
- Зерттеу пәні жөнінде басым концепция көрініс тапқан іргелі шығармалар.
- Зерттеу пәні бойынша жарияланған арнаулы тарихнамалық еңбектер.
- Зерттеу пәні бойынша жарияланған арнаулы деректемелік еңбектер.
- Зерттеу пәні бойынша жарияланған арнаулы библиографиялық еңбектер.
- Зерттеу пәні бойынша қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялар.
Әрбір кезеңге сипаттама бергенде тек қана зерттеліп отырған проблема көрініс тапқан әдебиеттер ғана аталады. Сынағанның жөні осы деп, автордың кемшіліктеріне асыра көңіл бөліп, оған кезінде шешілмеген ғылыми проблеманың себептерін бір басына үйіп–төгудің реті жоқ.
Тарихнамашы өзі талдап отырған автордың жетістіктеріне аса мән беріп, оның өзіне дейінгі кезеңдердегі тарихшылармен салыстырғанда ғылымға қандай жаңалықтар кіргізді, проблеманы зерттеуге қандай үлес қосты деген сияқты сұрақтарға жауап бергені абзал.
Әдебиеттердің негізгі түрлеріне сипаттама зерттеу пәні сол кезеңде терең, толық әрі жан–жақты зерделенген шығармалардан басталады.
Белгілі бір тарихнамалық кезеңдегі зерттеу пәнінің көңіл бөлінген басты аспектілері. Тақырыптың зерттелу тарихын қарастырғанда алдымен көңіл аударатыңыз оның қандай аспектілері терең әрі толық зерделенгені. Әсіресе әдебиеттің қай түрінде проблема көрініс тапқан.
Келесі кезекте осы тақырып бойынша ерекше еңбек еткен авторлар мен олардың шығармаларына тоқталасыз. Оларды қызықтырған аспектілер ғылыми еңбектің қай түрлерінде жарияланғандығы көрсетіледі.
Тақырыптың басты аспектілері тағы да қандай ғылыми шығарма түрлерінде жарияланғандығы талданады. Әрине талдауға ілінетіні алғаш жарық көргендері. Ол шығармалар толық әрі терең зерттелуі қажет. Алғашқы мақала, алғашқы тарихнамалық, деректемелік зерттеулер назардан тыс қалмайды. Міне, осылайша тарихнамалық кезеңдердің барлығына сипаттама беріледі. Айрықша көңіл аударылатыны тарихнамалық кезеңдердің алғашқы және соңғысы.
Алғашқы тарихнамалық кезеңді талдаудың ерекшелігі. Тақырыпқа қызығушылық әдетте алғаш рет ғылыми-көпшілік әдебиетінде көрініс табады. Мұнда тарихшылардың көңілін проблемаға аудару мақсатында тарихи құбылыс жөнінде жалпы мәлімет, оның қысқаша сипаттамасы беріледі.
Соңғы тарихнамалық кезеңді талдаудың ерекшелігі. Тақырыпты зерттеудің алғашқы хронологиялық шегі анықталады. Жаңаша көзқарас тұрғысынан жарық көрген алғашқы еңбек қашан жазылды? Оның методологиялық жаңалығы қандай? Тақырыпқа концепция өзгерді ме? Кеңес заманында жазылған еңбектердің теориялық кемшіліктеріне баға беру қажет. Қазақ тарихындағы жаңа концепциялық тұрғыда зерттеулер проблемалар қандай?
Тарихнамалық талдаудың қорытындыларын нақтылау. Кез келген ғылыми шығарманың кіріспе бөліміндегі тарихнамалық талдау қорытынды жасаумен аяқталады. Онда автор тақырыптың әр аспектісінің зерттелу деңгейін анықтайды. Хронологиялық кезеңдері мен территориялық аспектілеріне көңіл аударылады. Аса толық зерттелген аспектілері көрсетіледі. Көмескі зерделенген мәселелердің себебі анықталады. Келешекте атқарылар ғылыми жұмыстардың бағыт-бағдары айқындалады. Тиімді әрі терең жүргізілген тарихнамалық талдау жоспардағы ғылыми жобаның мақсаты мен мідеттерін дұрыс айқындауға септігін тигізеді.
Бекіту сұрақтары
1. Тарихнамлық талдау неге қажет?
2.Тарихнамалық аннотация дегеніміз не?
3. Тарихнамалық талдау әдістерін ата.
4. Тарихнамалық кезеңдердің ортақ және айрықша белгілері қандай?
1. Тарихнама түсінігінің қалыптасуы қандай белестерден өтті?
2.Кеңес заманындағы тарихнаманың ғылым ретіндегі пәні
3.Тарихнаманың алдында тұрған мақсат, міндеттерін ата .
4. Тарихнама пәнінің зерттеу аспектілері қандай?
5.Тарихнама пәнінің деректері?
6.Тарихнама пәнінің принциптері
7.Тарихнама пәнінің әдістері
8.Тарихнамалық шолу дегеніз не?
Әдебиет
Астахов В.И. Курс лекций по русской историографии: (До конца XIX в.). Харьков 1965.
Барг М.А. Категории и методы историографической науки М., 1984.
Зевелев А.И. Историографическое исследование: методологические аспекты. М., 1987.
Вайнштейн О.Л. Западноевропейская средневековая историография. М; Л., 1964.
Гутнова Е.В. Историография истории Средних веков. 2–е изд. М., 1985.
Косминский Е.А. Историография Средних веков. М., 1963.
Могильницкий Б.Г. История исторической мысли XX в. Томск, 2001–2003. Вып. 1–2.
Репина Л.П., Зверева В.В., Парамонова М.Ю. Историяисторического знания. М, 2003.
І. КӨНЕ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІНДЕГІ ТАРИХТАНУ ДӘСТҮРІ
Адамзат пайда болған сәтте-ақ, оның тарихы да дүниеге келеді. Әр елдің, әр халықтың, әр мемлекеттің өткені мен бүгінгісі тарих болып қалыптасты. Бірі папируста, бірі тасқа қашалып, бірі қағазға жазылса, қайсы бірі ауызша түрде ұрпақтан-ұрпаққа берілді. Тарих алдымен білімге айналды, одан бертін келе ғылымға айналды міне, осыдан бастап оның зерттеу объектісі пайда болды. Жазу өнері шыққан кезден бастап қоғамдағы кейбір зиялы адамдар өз замандастары, өмір сүрген ортасы, әміршілер мен кейбір белгілі адамдар жөнінде жазбаша деректер қалдырды.
1. Қосөзен, Иран және Египет жерінде тарихи білімнің қалыптасуы.
Б.з.д. 539 жылы парсылар Месопатамияны жаулап алған соң, бірқатар вавилон жазбалары пайда болды. Оларда Кир патшасының мемлекет тұрғындарын Вавилон патшасы Нобонидтың езгісінен құтқарып алғаны жөнінде айтылды. Вавилон хроникасында Кир қала тұрғындарына бейбітшілікті сыйға тартып, храмдар мен Вавилон халқын өз қамқорлығына алғандығын айтады. Мазмұны жағынан осы жазбаға ұқсас, вавилон абыздары құрастырған «Цилиндр Кира» атты жазба бар. Бірақ, көрсетілген жазбалар патшаның тапсырысы бойынша үгіт–насихаттық сипатта вавилондық абыздардың қолымен жазылғандықтан, сыни көзқарасты талап етеді.
Қазіргі кезеңде бізге белгілі 200–ге жақын ежелгі парсы жазбаларының ішінен, тек біреуі ғана тарихи дерек ретінде сипатталады. Ол шамамен б.з.д. 519 ж. ежелгі парсы, элам, аккад тілдерінде құрастырылған, І Дарий патшаның әйгілі Бехистун жазбасы. ХХ ғасырдың 30–40–ыншы жылдарында ағылшын ғалымы Г. К. Роулинсон дешифровкасын жасаған. Биіктігі 105 метр шатқалдағы жазудың ені 22, ал енді биіктігі 7 метр. Тасқа қашалып сынылап жазылған мәтін Даридің Ахурамазда құдайының алдында тұрған барельефінен басталады. Жазудың төрт бағанасы үш тілде, ал бесіншісі тек көне парсы тілінде жазылған. Соңғы бағанасы шамасы кейінгі кезде қосылған болуы керек.
Дерек тілдерге аударылып, Ахеменид державасының барлық өлкелеріне жіберілген болатын. Оған дәлел ретінде, ХХ ғасырдың басында Египеттің оңтүстігінде жатқан Элефантин аралында жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде, осы жазбаның арамей тіліндегі нұсқасы бар папирустар табылды. 1899 жылы Вавилон қаласындағы патша сарайының ескі орнында тасқа жазылған аккадтық нұсқасы табылды.
Тарихи деректе б.з.д. 522–521 жылдары Парсы патшасы бірінші Дарийдың өзі жаулап алған елдердегі көтерілістер мен бүліктерді аяусыз басқандығы жөнінде айтылады. Дерек үш бөлімнен тұрады. Кіріспе бөлімінде Дарийдің жеке басына байланысты мол мәліметтер бар. Одан әрі парсылар жүргізген шайқастар, олардың дәлме дәл орыны, уақыты, қолға түскен тұтқынның саны көрсетілді. Соған қарағанда, әрбір шайқастан кейін оның есебі жазылып отырған. Жазбаның тарихи бөлімі Мысырға қарсы болған Камбиз жорығы жөнінде мәліметтерден басталып, 521 жылы Дарийдың көтерілген вавилондықтардың көсемі Арахты жеңуімен аяқталады.
Бұл деректе сол заманда қазақ даласын мекендеген тайпалар жөнінде де деректер бар.