Файл: 1. Ел туелсіздігін жаындатан Елтталар кезеі жне жазушы Мадес Еслмалилы шыармашылыы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 04.02.2024

Просмотров: 112

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Иә, қазақ халқының маңдайына осынау тарихи сүргіннен (катаклизм) аман шығып, азаттықтың ақ таңын көру жазылды. Мұны тағдырдың сыйы десе де болады, ата-бабаның нақақ төгілген қаны мен көз жасының өтеуі десе де болады. Демек, бүгінгі жер басып жүрген қазақтар үшін Тәуелсіздікті қастерлеп, азаттықты ардақтап сол жолда Отанының мерей-мәртебесін өсіруге, ынтымағын нығайтып, дәулетін арттыруға үлес қосудан артық ұлы мұрат болмауға тиіс.

Оның арғы атасы Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған. Шығай хан Бұқардың Абдолла ханымен одақтас болып, Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, сонымен бірге қарауындағы елін ертіп қотарыла көшіп келеді. Осы Сейітқұлдың сегіз баласының бірі - Әйтеке бидің әкесі Ақша да, бірі – кейін Самарқанның билеушісі болған, Қазақ ханы Салқам Жәңгір 600 жауынгермен жоңғар қонтайшысы Батырдың 50 мың әскерінің өтінде қалғанда, дер кезінде көмекке жетіп, қазақ қолына айтулы жеңісті суырып әперетін атақты Жалаңтөс баһадүр. Жалаңтөс Самарқанға әмір болғаннан кейін ағасы Ақшаны Қоқанның ханы етіп сайлатады. Ұлықбек медресесінде оқып, тәлім алған Әйтеке әуелі атасы Ақша ханның, атасы өлгеннен кейін ағасы Жалаңтөстің тәрбиелерінде болып, ел басқару істерінің қыр-сырымен танысады. Оның осы кезде көргені мен білгені кейін Тәуке ханның кеңесші биі болған кезде ел кәдесіне асады. Қазақ халқының ата заңы іспетті «Жеті жарғыны» шығаруға қатысқанда да Әйтекеге осы алған білім мен жиған тәжірибенің көп көмегі тиген болу керек.

1.2. Мұқадес Есләмғалиұлы – оралымды ой мен қарымды қалам иесі

Талантты жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есләмғалиұлының фәниден бақиға көшкеніне де он бес жылдай уақыт өтті. Сынаптай сырғыған күндер деген осы! Ол кісі ортамызда болса, 2019 жылы 73 жасқа келіп, аңыз кеудесінен ақтара сыр төгіп, соларды көпшілік іздеп жүріп оқитын туындыларға айналдырып, жарқ-жұрқ етіп жүрер еді. Ақын Айтқали Нәріков естелігіне сүйене айтар болсақ, ол жазушы Мұқадеспен Орал институтында қатарлас оқыған. Бір жатақханада, көрші бөлмелерде тұрған. Айтқали ақын өлеңмен, ол прозамен, белгілі әдебиеттанушы ғалым Серікқали Шарабасов сынмен «ауырған». Жазғандарын басқа ешкімге білдіртпей, үшеуара оқып-талқылаған. Бұл ретте Айтқали ақын: «Серікқали бізді аямайды. Уақытының көбін кітапханаларда өткізетін ол бізден классиктерше жазуды талап етеді. Мұқадестің «Аққу сазы» деп талған тұңғыш кітабы үшеуара пікірталас нәтижесінде дүниеге келіп, оқырмандарға сапар шеккен болатын-ды. Досымыз Алматыға қоныс аударуды сөз ете бастады. «Қайнап жатқан қара қазанға күмп бересің, дайындығың бар ма?» дейміз оны алысқа жіберуге қимай. «Әдеби ортаға бір жетсем, өзімді-өзім қамшылаймын ғой»,- дейді ол, көзілдірігінің арғы жағындағы қос жанары шоқтай жайнап. Содан Мұқадес Мұхсинасын қолтықтап, бір-екі перзентін ертіп, 1979 жылы Алматы асты ғой. Сөйтіп, оның бұқаралық ақпарат құралдары, баспалар мен Жазушылар одағы аппаратындағы тынымсыз тірлігі басталды. Күндіз кеңсе қызметінде болып, түні бойы өз жазбаларымен шұғылданып, ана бір жылдары Мұқадес сылыныңқырап кетіп еді. Бұл оның тың туындыларды қолға алып, әдеби ортаға өзін танытуға талпынған тұсы болатын. Алғашқы кітабы жарық көргеннен кейін көп ұзамай-ақ, «Екінші тыныс», «Қайырлы түн», «Екі басқа дүние» әңгімелер мен повестер жинақтары дүниеге келді. Аталған кітаптарға енген туындылардың некен-саяғы тарихи тақырыптарға арналса, негізгісі, өзіміз өмір сүріп отырған ортадағы оқиғаларды арқау етті. Мұқадес бір-біріне ұқсай бермейтін кейіпкерлердің тұтас галереясын жасады. Әсіресе, зиялы қауым есебінде жүрген «зиянды қауым» өкілдерінің бетпердесін сыпыруға талпынды. Жазушының әңгімелері мен повестері қысқалығымен ерекшеленеді. Ол аз сөзге көп ой сыйғызуға, айтарын ишара, тұспалмен беруге тырысады. Әңгіме, повестер жазып, қаламы біраз төселген Мұқадес прозаның күрделі жанры романға баруды мақсат тұтты. Бұл орайда оған еңбек жолын алғашқыда мұғалім болып бастап, кейін журналистік мамандыққа ауысқаны септігін тигізді. Сырым Датұлы туып-өскен өңірдің перзенті болғандықтан, Мұқадес Есләмғалиұлы көне аңыз-әңгімелерге, шешендік сөздерге жастайынан мейлінше қанық-ты. Сырым батырдың өзін көрмегенмен, оның ұрпақтары Салық, Омарлармен замандас болғандардың қартайған бала-немерелерімен әңгіме-дүкен құрды. Исатай, Махамбет, Құрманғазылардың іздері сайрап жатқан қасиетті Нарын өңірін ұзындай да, енді де шарлап, аңыз кеуде ақсақалдардан сыр суыртпақтады. Содан алған әсерлері шығармаларынан көрініс тапты», - деп жазады.


Мұқадес Есләмғалиұлының «Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш» романдары әдебиетшілер қауымы мен қарапайым оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Жазушыға «Тұман ішіндегі көш» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. «Қаламгердің ең жақсы кітабы – жазылмаған кітабы» деген сөзін жиі естіп жүрміз, шынында да солай ма? Кейінгі туындыларымен салыстырғанда Мұхтар Әуезов шығармашылығының шыңы «Абай жолы» емес пе? Әбдіжамал Нұрпейісовтің туындыларының шоқтығы биік. Алайда Әбеңнің бас кітабы «Қан мен тер» ғой. Мұқадес Есләмғалиұлы да бас кітабын жазып кетті. Ол- «Әйтеке би» тариха-философиялық диалогиясы (2003 жыл).

Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар екені баршаға аян. Әрі көсем, әрі шешен осынау данышпандар туралы біз не білеміз? Өмірбаяндарынан үзік-үзік хабардармыз. Шешендік сөздерін баспасөз, кітап беттерінен оқып жүрміз. Одан әрі ше? Беймәлім дүние. Тұмшаланған тұман. Ойдан шығарып Балтабайды бас кейіпкер жасап, оның Күнсұлуға ғашықтығын баяндап, әдемі роман жазып шығу кәнігі қаламгердің қолынан әбден келеді. Ал Әйтеке би сияқты тұрлаулы тұлға туралы шығарма жазу дегеніңіз... Мұқадес Есләмғалиұлы тәуекелге барды. Есерліктен емес, естіліктен барды. Бұл романға ұзақ дайындалды. Көп ізденді. Әйтеке би жүріп өткен жолдарды сүзіп шықты. Самарқанға сапар шекті, Бұхарада болды, Хиуада ат шалдырды. Әуелі «Әйтеке би» атты ғұмырнамалық кітабын шығарды. Жұрттың қалай қарайтынын, қалай ойлайтынын білмейміз, өз басымыз «Әйтеке би» романын қазақ әдебиетіне қосылған қомақты үлес деп есептейміз. Дәл осылай ойлайтындар аз болмаса керек.

Орал қаласында Мұқадес Есләмғалиұлын еске алу шаралары өткізілуде. Жазушы оқыған Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында оздырылған әдемі әдеби кештерде «Әйтеке би» романына өте жоғары баға берілді. Сөз алғандар шығарманы «жіліктеп-мүшелеп», Әйтеке бидің әдеби бейнесі бұған дейін жазылған елеулі тарихи романдардағы басты кейіпкерлермен барабар деген ой тастады. Өмірі ат үстінде өткен Әйтеке бидің сыртқы жаудан гөрі қазақтың өз ішіндегі алауыздықты тізгіндеу жолындағы көрегендік іс-әрекеттері дәл бүгінгі күннің талабынан туғандай әсер қалдырады. Тәуке ханның сол тізесін басып отырған Әйтеке би ел арасының қамын ойлады. Бас-басына бір ұлысты билеп-төстеп, қара халықты құлақкесті құлындай көрген сұлтан, төрелерді айбарымен бұқтырып, ықтырып ұстады. Қазақ жасақтарына бас қолбасшы қарадан болсын деуі – осының айғағы.



Әйтеке би – дипломат. Ол өзбектің зымиян хан, әмір, бектерін тұқыртып, өз дегенін істетіп отырды. Әйтеке – батыр, қолбасшы. Жоңғардың әккі ханы Қалдан – қазаққа көп қасірет әкелген адам. Романда ол Қалдан Бошақты деген атқа ие. Иә, осы хан бір түмен мұздай қаруланған әскермен Әйтеке би иелігіндегі аймаққа ойда жоқта баса-көктеп кіреді. Қазақтар төрт мың жарым-бес мыңдай сыпайларды әрең құрап үлгереді. Көбі көйлекшең, қарулары құрысырық сияқтылар. Қалданның әскерінде – сауыт киген самсаған ақмылтықтылар. Зеңбірегі тағы бар. Сөз жоқ, жоңғарлар таптап кететіндей... Қалдан Бошақты Тәуке болмаған соң, Әйтеке биді арнап жекпе-жекке шақырады. Жазушының осы сәтті суреттеуі мүмкін біреулерге белгілі жайттай көрінер. Қалай десек те, автор Әйтеке би аруағының асқақтауын, Қалдан ханның құты қашуын өте нанымды суреттейді. Бір-біріне құрық бойы жақын келген би мен хан қатты-қатты сөйлесіп тұрады. Түлен түртіп, Қалдан хан Әйтеке биге әуелі астындағы атын, сосын өзін сынаттырады. Әйтеке би: «Атыңның не сынайтыны бар! Үлкен түгіл бала айтып берер еді. Атың жүйрік. Қырға да, ойға да бірдей. Күні-түні жортсаң, бүйір қақпайтын нағыз қамбарқасқаның өзі дерлік. Айыбы қырық сідіктен жаралған. Айғыр қоссаң, артында асыл тұқым қалмас еді. Енесі – маңғұл төкпе. Атасы – арғымақ. Ол да ақалтеке шатыс болса керек. Не енесінің, не атасының, не өзінің есекке телінгені тағы бар. Таза арғымақ қоңыраудай күңгірлеп кісінер-ді. Ал сенің атың жаңа ішін тартып, үсті-үстіне азынады. Өйтіп есек қышқырады. Өзің секілді түбінде бір шатағы бар...». Расында да Қалдан ханның жекпе-жекке мініп шыққан атының бейнетке төзімді болады деп есекке телінгені ақиқат еді. Мұны сұңғыла би біліп қойды.

Әйтеке би енді ханның өзін сынауға кіріседі. Әйтеке би: «Жуылмас кінәң атыңда емес, қара басыңда. Сенің қара басың ғана хан. Арғы аталарың тексіз құл. Енді тыңда! Әкең Батыр хан деп жүрмісің? Батыр төрт қатын алғанда соқыр қыз туғыза алмаған. Сені шешең есігіндегі құл қытайдан туған. Сенің бар сырың – осы». Бұл да бұлтартпас шындық болатын. Әрі көсем, әрі батыр, әрі шешен Әйтеке би осылайша Қалдан ханның тауын шағып, беделін түсіріп, құтын қашырып, ат басын кейін бұруға мәжбүр етіпті.

Жазушы Мұқадес Есләмғалиұлының «Әйтеке би» романы шымыр жазылған дүние. Үйдегі Әйтеке, түздегі Әйтеке, жаудағы Әйтеке, даудағы Әйтек, бәрі-бәрі боямасыз, табиғи түрде суреттеліп, осынау ұлы тұлға туралы ұрпақтар ұғымында қалыптасқан түсінік-түйсікпен үндесіп жатады. Романның тілі өте шұрайлы. Біздің кезімізде ұмыт болған, ал бабаларымыз жиі қолданған сөздер мен тіркестер орынмен кестеленген. Шығармадағы Әйтеке би айтыпты деген нақыл, қанатты сөздер тоқымаға алтын жіп тіндегендей ерекше өңге ие болып тұрады. Жазушы Мұқадес Есламғалиұлы Әйтеке биді сөйлетіп отырып, өзі де шын шешенге айналып кетеді. Демек, Мұқадес Есләмғалиұлы оралымды ой, қарымды қалам иесі. Екі кітаптан тұратын «Әйтеке би» романындағы бас кейіпкердің, автордың өзінің, сондай-ақ халық қолданған басқа да қанатты сөздерді толықтай емес, қысқаша түрде келтіре беруге болар. Мәселен,
«... Қарын тойса – ой шабан», «Көшкені – сайран, қонғаны – мейрам», «Тілін жасырып, тісін көрсетті», «Шағын халық – шамшыл», «Білектің шешпегенін білік шешеді», «Жаманнан жақсы туса нанбас деген, жақсыдан жаман туса оңбас деген», «Тәңір бермегенді, кәуір бермес», «Алланың сүйгені – азан, көптің сүйгені – қазақ», «Бір сөзі нұсқа, бір сөзі қысқа», «Елді қорқытып басқарма, оқытып басқар», «Төре тұқымы кекшіл де, текшіл де», «Бірін діндесім едің деп, бірін ділдесім едің деп», «Суымыз да, нуымыз да ортақ», «Елі иесі, әруағы киесіз», «Башқұрт – бауырым, татар – тәуірім», «Білекке білек, тілекке тілек қосамын деп», «Көлеңкеде өскен ит күнге де үреді», «Хиуа – сатқынға сая, қарақшыға ұя», «Жау келгенде елдің панасы, дау келгенде ердің данасы», «Аңғал ерді сайқал аздырады», «Тай күнәні тәуба жуады», «Қазақ асын берсе де, ішін бермейді», «Қытығына тисең, құмырсқа да шығады», «Адал достық – өміріңе нұсқа, амал достықтың ғұмыры қысқа», «Абыройсыз басшыдан қосшы артық», «Ерді көркем көрсеткен – өнер-білім, санасы. Атаны артық көрсеткен – ақылды туған баласы», «Батыр кешіксе – қуан, би кешіксе – сұран», «Жыланның уы тілінде», «Басқа тепсек – өл, артқа тепсек – көн дегендей», «Ел шетіне шықпасам, жаудың менде несі бар, ала жібін аттамасам, даудың менде несі бар», «Өрге шыққанмен, төрге шыға алмайды», «Ері бұға берсе, елі ығып кетер», «Ел шарасыз болмас, ер жарасыз», «Аталы адамның аруағы алдыңда жүреді», «Қатадан емес, батадан туған», «Кексіз кісіде кие болмайды, ақымақтық – біреуге мәулет, ақылдылық – біреуге нәубе», «Мал баққанға бітеді, оңды-солды шашқанға да бітеді», «Періштеден де бес мін табылады», «Халық – құдайдан бір жасы кішірек құдірет», «Бидің қадірі дау барда, батырдың қадірі жау барда», «Қазақтың елі кенелсін, төлі теңелсін деп», «Әрі бұрған бетте белер де бедел де қалмайды», «Айғайынын ағаламай, жатты жағалаған - тексіз», «Балықтың күні көлімен, бидің күні елімен», «Адам өмірі өзгенікі, ажал ғана өзінікі», «Шала піскен астың асқазанға залалы көп, шала айтылған сөздің дос жаранға залалы көп», «Білгенін бүккен данадан, білгенін айтқан бала артық», «Ерқартайса да, ой қартаймайды»," Қуысып келген қаскөйді туыстырып таратқан…», т.б. Ана тіліміздің мәртебесін бабалар кезіндегі дәрежеге көтеру үшін біз «Әйтеке би» романы сияқты ойға азық туындыларды іздеп жүріп оқуымыз керек.

Иә, Ақ Жайық атырабында дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырын бірі әдебиетке, бірі ұстаздық пен ғылымға жұмсаған Мұқадес Есләмғалиев пен Серікқали Шарабасов сынды тұлғалар ел есінде ұзақ сақталады. Мұқадес пен Серікқали Орал пединститутының тарих-филология факультетінде қатарлас оқыды. Мұқадес Есләмғалиев бірінші курсты бітіріп, екінші курсты бастағанда,Серікқали Шарабасов бірінші курстың есігін ашқан болатын.


Ақын Айтқали Нәріков өз естелігінде: «Серіккали мен Мұқадес түйдей құрдас болатын. Екеуі Торговая 1-дегі жатақханада танысып, табысып, достасып кеткен еді. Мұқадес бокспен, Серікқали гимнастикамен айналысты. Мұқадес көзілдірік киеді. Бокстасқанда алып тастайтын. Қарсыласын бұлдырлау көреді-ау деймін, соққысы дәл дарымай, ауа қармап жатады. Қарсыласы маңдайынан періп кеп жіберген-ді, Мұқадесіміз желді күнгі жас теректей майысып барып, жерге селк ете түседі. Содан, оны бокстан "ажырату" жағын ойластыра бастадық. «Ел ағыны - су ағынымен» жүре беретіндердің сортынан емес-ті Мұқадес. Ол білікті мұғалім, мықты спортшы болуды мақсат тұтқан сыңайлы. Өйтіп- бүйтіп, біз Мұқадесті академик Қажым Жұмалиев атындағы әдебиет бірлестігінің жұмысына тарттық. Бірлестіктің тізгінін ұстаушы - лениндік стипендиант Серіккали Шарабасов. Өлең, әңгіме, газет жанрларын жазуға машықтанып жүрген біраз жігіттер мен қыздар бірлестіктің белсенді мүшелері болатынбыз. Академик Қажым Жұмалиев атындағы әдебиет бірлестігінде әр кезеңде мүше болған талапкерлердің бірқатары кейіннен ғылым, қалам қайраткерлері қатарына қосылды. Солардың іштерінен өз тұрғылыстарымды атап айтар болсам, Мұқадес пен Серіккалиды бірінші кезекке қояр едім. Институтты бітірген соң Мұкадес Есләмғалиев облыстық радиоға қызметке қабылданды. Екі газет журналисі, бір радио журналисі, яғни, Серікқали, Мұқадес және осы жолдардың авторы Шаған көшесіндегі жеке үйде пәтерде тұрдық. Облысты ұзындай да, ендей де армансыз шарладық біз. Қаншама адамдармен кездесіп, сұхбаттасып, сырласпадық десеңізші!.. Қалам қайраткері болуды армандаған жандарға бұл рухани азық, болашақ туындыларының нысаны ғой. Мұқадес әңгімелер жаза бастады. Мен өлеңге ден қойдым. Серікқали - сыншы, Ол бізден бірден классиктерше жазуды талап етеді. Өзі әдебиеттану мәселесіне тереңдеп ене бастап, ғылыми мақалалары баспасөз беттерінен көрініс тапты. Мұқадес екеуміздің тұңғыш кітаптарымыз жарық көрген шамада Серікқали кандидаттық диссертациясының тақырыбын бекітіп алып, түпбасымен ізденіске берілген болатын. Серікқали Шарабасов сол кезде мұғалімдер білімін жетілдіру институты деп аталатын беделді мекеменің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі қызметіне шақырылды. Ол өмірлік жолын айқындап алған еді. Мұқадес Есләмғалиев «Аққу сазы» атты повесть жазып тастады. Серікқали екеумізге оқып берді туындысын. Мен мақтап-ақ жатырмын. Серікқали ойлы қалыпта. «Романтика басым», - деді ол бір кезде. Расында да, повестің кейіпкерлері кілең жүрегін қолына ұстаған жандар болатын. Мұқадестің «моторы» тез қызып кетіп, бір шамадан соң қалыбына келді-ау… Содан, алда жүрген ақын ағамыз Жанғали Набиуллиннің сынынан өткізуді ұйғардық. Жәкең де Серікқалидың айқайын қайталады. Повесіне қайтадан үңіліп, қанат байлаған кейіпкерлерін ептеп жерге жақындатты. «Аққу сазы» Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шықты. Мұқадес қанаттана түсті. Екінші кітабын баспаға ұсынды. Алматыға қоныс аудару мәселесін сөз ете бастады. Ол өзіне сенген елі. Шығармашылық бәсекеге төтеп беретініне көзі әбден жеткен болатын. Сөйтіп, Мұхсинасын қолтықтап, екі қызын жетелеп, пойызға мініп кете барды ғой. Мұқадес Есләмғалиевтің Алматыдағы әдеби тағдыры сәтті қалыптасты. «Екінші тыныс», «Қайырлы түн", «Екі басқа дүние» деп аталған әңгімелер мен повестер жинақтары араға жыл салмай, жеделдете жарық көрді. Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, әдебиеттің тұрақты кадрына айналды. Жазушы Мұқадес Есләмғалиев қысқа ғұмырында бақандай-бақандай төрт роман жазды. "Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл", «Тұман ішіндегі көш», «Әйтеке би» романдары Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайларында мадақталғанының куәсімін. «Тұман ішіндегі көш» романы үшін жазушы