ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.02.2024
Просмотров: 109
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ахмет Байтұрсынұлының өзінің саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның жоғары бағаланып, ағартушылық бағыт әбден қалыптасқан кезде бастады. Ол ауыл мектептерінде, семинарияларда халыққа білім беру, оны жетілдіру саласында көп ізденді, көптеген еңбектер жазды.
Белгілі кеңес тюркологы, академик А.Н.Кононовтың А.Байтұрсынұлының көрнекті тюркологтардың қатарында еске алып, оның қазақ алфавитін жүйелеу, оқу құралдарын жаса, фонетика мен грамматика саласындағы, қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы зерттеулерінің маңызы туралы жазуы да тектен тек емес.
Қазақ филологиясының әдебиеттану саласында А.Байтұрсынұлын «Әдебиет танытқыш» (1926) атты кітабының ерекше маңызы бар. Бұл әдебиеттің тарихы мен теориясы туралы қазақ тіліндегі тұңғыш көлемді де салмақты еңбек. Ол бірнеше жылдар бойы оқу құралы ретінде пайдаланылған. «Әдебиет танытқыш» деген атының өзі әйгілеп тұрғандай, кітап әдебиет әлемін, көркем сөз табиғатын, сырын, мазмұнын, ерекгшеліктерін, жанрларын, дүниетаным мен қоғамдағы рөлін қыруар мысалдармен дәлелдеп, байсалды, ғылыми түрде түсіндіруге арналған алғашқы тәжірибе, тұңғыш зерттеу болуымен құнды [4,57] .
«Әдебиет танытқышта» ең алдымен сөз өнерінің табиғаты, өнердің басқа түрлерінен (архитектура, скульптура, живопись, музыка, т.б.) өзгешеліктері, айырмашылығы, артықшылығы сөз етіледі. Өнер түрлерін талдай келіп, А.Байтұрсынұлы: «Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадырынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді», -деп жазады. Сөзбен сымбаттаудың я кескіндеудің үлгісін көрсету үшін автор Абай өлеңдерінен мысалдар келтіреді. «Әдебиет танытқышта» ауыз әдебиетінің ең шұрайлы, ең бейнелі, мазмұны мен көркемдігі бай үлгілерін пайдаланған. А.Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті материалдарын іріктеп, сұрыптап ғылыми теориялық кітапқа пайдалануда белгілі бір жүйе, қағидат ұстағаны байқалады. Ағартушы, өзі айтқандай, «адамдық насихатшысы» ретінде қазақ халқының көркем ойлау жүйесіндегі рухани қадір-қасиеттерге, жақсылық пен жамандық тартыстарына, ерлік пен батырлық істерге, бірлік пен ынтымақ, сұлулық сырларын бейнелеген үлгілерге көбірек көңіл бөлген.
«Әдебиет танытқыш» еңбегінде А.Байтұрсынұлы ауыз және жазба әдебиеттің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық, әсемдік әуенін талдауға биімділік танытады. Ол жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы да ой-түйіндер айтуға тырысқан. Бұл ретте кітаптың «Сындар дәуір, ондағы шығарма түрлері» атта тарауы маңызды. Одан сыншыл реализм туралы алғашқы пікірлер нышанын кездестіруге болады. Қазақ әдебиетінің даму жолдарын сөз ете отырып, зерттеуші «Европа жұртының сындар әдебиетін» еске алады да, оның бай тәжірибесін меңгеруге бет алушылық қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімдікке жалғасқанын айтады. Әдебиеттер тоғысуы мәселелерін қозғайды.
Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы зерттеуші ретінде қазақ әдебиетінің дамуы үрдісін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттарымен ұштастыра талдауға тырысады, өнерпаз елдер әдебиетіне тән көркем сөз түрлерінің қазақ әдебиетінде бар екенін, кейбірі сол кезде жоқ болса, туа бастағанын, келешекте дамитынын айтады.
Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдер топтамасы – көп ғасырғы қазақ поэзиясының дәстүрлерін, демократтық-ағартушылық әдебиет үлгілерін жаңа тарихи жағдайда дамытып, жалғастырған идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Оларды қайта бастыру туған әдебиетіміздің жалпы адамзаттық, гуманистік, демократтық, тәрбиелік сипаттарын айқындап аша түсетін мұра болмақ.
Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-ғылыми шығармашылық мұрасы кезінде қазақтың көптеген зиялылары назарында болған. Ол туралы Сәкен Сейфуллин, Смағұл Садуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров, Сәбит Мұқанов, Агафангел Крымский, Михаил Батталов, Митрофон Сильченко, Бейсембай Кенжебаев тағы басқалар жылы лебіздер айтқан.
Лебіздер айтқан адамның бірі жазушы Сәбит Мұқанов еді. Ол 1932 жылы шыққан «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» деген көлемді еңбегінде бірсыпыра ірі тұлғалар қатарында Ахмет Байтұрсынұлын атады. Оның еңбектеріне талдау жасады. М.Баталов пен М.Сильченко «Очерки по казахскому фольклору и казахской литературе» деп аталып, 1933 жылы шыққан кітапшасының көптеген бетін Ахмет Байтұрсынұлы арнады. Сол тұстағы «алашордашылар» позициясын сынауға құрылғанмен, бұл екі еңбектің де Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық, ғалымдық, әдебиетшілдік қызметінің негізгі бағыты мен көркемдік құндылығын мойындамай өте алмағаны байқалады. Соңғы кітапта: «Байтұрсынов – Орынбордағы қырғыз мұғалімдер семинариясында білім алған педагог. Қоғамдық-революциялық қызметін ол 1905 жылдан, қазақтың ұлтшылдық буржуазиялық-демократиялық интеллигенциясы революциялық үйірмелерде, әсіресе, реакция жылдары астыртын жұмыс жүргңзген кезде бастады. Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетін бастырды, оның негізгі бағыты-қазақ халқының қоғамдық-мәдени оянуына ықпал ету болды. Газет 1918 жылға дейін шығып тұрды, жас ақын-жазушыларды біріктірді... Байтұрсыновтың сүйікті жанры – мысал. Грек мысалшысы Эзоп, француздық Лфонтен, орыс Крыловтың өткен замандардың қалдықтары мен кіріптаршылықтарын, өз табы ішіндегі басқа да топтардың кемшіліктерін сынау үшін мысалды құрал еткені сияқты, Байтұрсынов та бүйі, маса, тағы сол сияқты бейнелерде орыс патшасы чиновниктерінің зорлықтарына және феодализмнің қалдықтарына өз табы тұрғысынан қарсы шығады. А.Байтұрсынұлы өлеңдері «Маса» жинағында топтастырылған. Байтұрсынов үшін әдебиет оның идеясын, саясатын іске асыру құралдарының бірі болды» - деп жазылған.
Көп жылдар бойы А.Байтұрсынұлы атына тыйым салынған кезде жазылған сыңаржақ даттау пікірлерге тоқтау қажет емес шығар. А.Байтұрсынұлының бай мұрасы бүгінде заманауи әдіснама тұрғысынан объективті, тиянақты, ғылыми зерттеу табары сөзсіз.
Ахмет шығармашылығы – ақын, аудармашы, журналист, кітап бастырушы, тілші, әдебиетші есебінде зор бағаға ие. Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толуына Сейфуллин де, Мұхтар Әуезов те мақала арнаған. Олар да Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне жан-жақты баға берілді. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын айтамыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаңның салған әдебиеттегі орны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер – білімі, саясат жолындағы қажымаған қайраты – біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкңм де дауласпайды. Сондықтан 50 жылдық тойын істе отырған қуанышты күнде Ахаңа біздің айтатын сөзіміз: Ахаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды. Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды. Әлде болса, өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды», - деп жазды. М.Әуезов. [5,15] Бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінде Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтымыздыңдың қайталанбас ұстазы.
1.3.Ахмет Байтұрсынұлы әліппелері – қазақ оқулықтану ілімінің басы, бүгінгі қазақ әліппелерінің атасы.
Ахмет Байтұрсынұлы халықтың санасына бірден әсер ету, ақыл-ойын өзгерту, халықтың көзін ашуды, санасын оятуды сауаттандырудан бастамақшы болды. Ол қоғамдық қызметін ағартушылық жұмыспен бірге жүргізу үшін жаппай сауаттандыру, оқыту керек екенін ұқты. Сөйтіп, ағарту жұмысын халықтың сауатсыздығын жоюдан бастады. Бұл туралы ғалым Р.Сыздықова былай деп жазды: «Қысқасы, Ахмет Байтұрсынұлының өз тілімен айтқанда «байға мал, оқығанға шен мақсат боп, жұрттың қамын ойлайтын адам аз» боп тұрғанда, қараңғы халқының сауатын ашып, білім беру жолын қалап алғандардың бірі, бірі емес бірегейі өзі еді. Ағартушылық – сол кезеңдегі қазақ қауымының тіршілігінде ең қажет, ең игілікті іс болатын. А.Байтұрсынұлы осыны жақсы білді, дұрыс таныды».
Осы ізгі мақсат жолында жүріп, А.Байтұрсынұлы Қостанайдан Омбыға барған сапарында орыс оринталисі, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, этнографиясын, фольклорын зерттеуші әрі жинаушы, белгілі библиограф А.Е.Алекторовпен (1861-1913) танысады. Оның бұл танысуы қазақ халқына оқу-білім беру жөніндегі миссионерлердің ниет-пиғылдарын жақынырақ білуге, бұл мәселедегі көзқарасы мен мақсатын айқындай түсуге септігін тигізді. Бұл кездесу жөнінде М.Әуезов әйгілі «Ақанның елу жылдық тойы (юбилей)» мақаласында былай жазды: «...1896 жылы Омбыда Ақмола, Семей школдарын басқарып тұрған Алекторовпен хабарласып, Омбыға барған... Алекторовпен көрісуі Ақанның кейінгі күндегі адамшылығы мен ісіне екі түрлі әсер берген. Біреуі – Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсатын сезген болар, атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін, орысша оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген. Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң, Ахмет қазақ халқының халінің ауырлығын ұғып, ел турасындағы ойы сол кезде ояна бастаған. Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ақанның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген, нәрселерін таза білуіне себеп болған»
А.Байтұрсынұлы 1905 жылы Қарқаралыда қызмет атқарып жүрген кезінде бір топ қазақ зиялылары бірлесіп, патша үкіметінің жоғары басқару орнына петиция жолдайды. Онда өзге мәселелермен бірге қазақ даласында оқу-ағарту ісін жолға қою керектігін талап еткен.
1913-1918 жылдар аралығында 8 000 дана таралыммен жарық көрген «Қазақ» газетінің бас редакторы бола жүріп те А.Байтұрсынұлы әліппе, оқулық шығару, сауат ашу, оқыту мәселелерін бір сәт естен шығармаған. 1913 жылы ақпанның 2-сінде шыққан газеттің тұңғыш нөмірінде-ақ «оқу, оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету» негізгі көздейтін мақсаты мен ұстанатын бағыттарының бастыларының бірі екендігін айтқан.
«Қазақ» газеті тіл мәселесін алдыңғы орынға қоя білді. Қазақ тілін сақтап ілгері дамыту керектігін, ол үшін қазақ балалары сауаттарын ана тілінде ашып ана тілінде оқулары қажеттігін жазды. Қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, көркем әдебиетін дамыту жөнінде мақалалар беріп, оқырман жұртшылықтың назарын тіл мен әдебиетке аударды.
Ал 1917 жылы желтоқсанның 5-13-і аралығында екінші жалпы қазақ съез өткені тарихтан мәлім. Зерттеуші Б.Қойшыбаев осы съездің 25 мүшеден «Алашорда» атты уақытша халық кеңесін құрғанын, А.Байтұрсынұлы халық кеңесі құрамына ұсынылмағанын, оның оқулықтар жазу жөніндегі комиссияға сайланғанын жазды. Яғни, бұған дейін де сауат аштыру, оқыту бағытындағы әліппе, тіл құралдарын жарыққа шығарып үлгерген. А.Байтұрсынұлының осы орайдағы халыққа ауадай қажетті ісін жалғастыруы көздеген. Ал А.Байтұрсынұлы секілді ғұламаны қазақ жұртшылығы үшін жасаған өзге қызметтеріне қоса әйгілі оқулықтар жазуына да түрткі болған негіз оның жан сала айналысқан ағарту ісі еді. А.Байтұрсынұлы туған халқын оқуға тек жалаң шақырып қойған жоқ. Сонымен қатар ол қазақ даласындағы мектептердің жай-күйін, бала оқытудың амал-жолдарын газет-журнал беттерінде нақтылы, жан-жақты сөз етті. Бұл орайдағы жазбалардың өзі бір үлкен тізбек құрайды. Ал бұның өзі А.Байтұрсынұлының әліппе, оқулықтарын құрастырып жазуының баспалдағы, соған барар жолдағы сүрлеуі іспеттес. Мәселен, «Қазақ» газетінде: «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, ал сол шикізаттан жасалған өнімді екі-үш есе қымбат түрде сатып алады. Бұл – надандықтан келген кемшілік», - деп, оқу-білімнің қажеттігін халықтың экономикалық тұрмыс жағдайымен байланыстырады.
Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы білім көзінің алғашқы сатысы бастауыш мектепке қатты назар аударады. Аталған газеттің бетіндегі «Бастауыш мектеп» дегени көлемді мақаласында автор қазақтың бастауыш мектептері қандай болуы керек деген мәселе қойып, сол тұстағы қазақ жеріндегі ауыл мектептерінің жағдайы қиын екендігін, оларда бағдарлама, оқу құралдары, тіпті оқу тәртібі (мектеп режимі) дегендердің жоқтығын, мұғалімдердің жетіспейтіндігін айтудан бастаған.
Жалпы, Байтұрсынұлы оқу-ағарту мәселесін жан-жақты сөз еткен. Бірде «қазақта балаларды оқытатын жосықтар (программалар) мен кітаптар (оқулықтар) жоқ» дей келіп, оларды жазу қажеттігін және арнаулы педагогтік білімі бар мамандар даярлау керектігін жазса, енді бірде «білімнің бас құралы – кітап» деп, білім конкурсын жариялау арқылы да оқу-ағарту ісіне ат салысуға болатындығын баса айтады. 1913 жылы «Қазақ» газетінің бетіндегі «Оқыту жайынан» атты мақаласында да осы ойын нақтылайды. Онда: «Бұл күнде қазақша оқытуда кемшілік көп. Әуелі, оқу құралы, кітаптар жоқ. Ноғайша оқу-құралдары қазаққа үйлеспейді. Екінші, қазақ мектебінде түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды. Үшінші, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалімдер аз, -деп түйеді.
Қазақша оқулықтар да бірден жазыла салмағаны белгілі. Сол кезеңде қазақтың көзі ашық зиялылары, ағартушылары осы орайда пікірталас жүргізген, ой бөліскен. Соның бірі ағартушы, әрі ақын Таһир Жомартбаевтың жоғарыдағы мақаладағы: «Әуелі қазақша оқытуға керек кітаптар даяр ма? Даяр болмаса ноғайша кітаптарды аламыз ба? Олардың қайсысы жақсы? Ноғайлардың тәртіптері мектептерінде тұтынып жүрген программаларын сол күйінде аламыз ба? Яки, қазаққа лайықтап, ыңғайлаймыз ба?» деген сауалдары. А.Байтұрсынұлы бұған жауап ретінде ноғайша оқу құралдары қазаққа үйлеспейтіндігін бірден айтады. Бірақ тап сол тұста қазақ мұғалімдерінің қолына ұстата салар оқулық та болған жоқ. Қазақ балаларын ноғай кітаптарымен оқытуда қолайсыздық, кемшілік көп бірақ амалсыз ол кемшіліктермен келісеміз. Ноғай кітаптарымен оқытқан соң олардың программасын алмауға болмайды. Программасын қазаққа ыңғайлаумен қазақша құралдар сай болмаған соң, программа бір жаққа, оқу екінші жаққа екеуі екі жаққа кетеді. Програмада керек деген нәрселердің бірі болмаса да, көбі оқу құралдарынан табыларға керек. Ноғайдың тәртіпті мектебіндегі программасын ала тұратын болған соң, оқу кітаптарын да сол тәртіпті мектептерінен аларға тиіс»,-дейді.
«Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді. Оқу ісін түзетуге көп нәрсе керек, оның бізде бұл күнде бірі де жоқ. Ай мен күндей, әмбеге бірдей білім – көп ортасындағы мүлік, оның сыбаға алғандар алып жатыр, ала алмағандар құр қалып жатыр. Сол құр қалып отырғанның бірі – біздің қазақ. Құр қалғаның қазақтың өзі де сезіп, баласын оқытуға, білім үйретуге ықылассыз емес, бірақ жаңадан басталған жұмыс тәртіпке түсе алмай жатыр. «Көш жүре түзелер» деген, түбінде түзелмей қалмас, түзетуге жұрт азаматы қам қылса», - деген ағартушы оқуға керек құралдар, ол құралдардың ішінде ең керектісі, әрі қымбаты оқу кітаптарын шығаруды әріден ойлайды. «Оқу құралдары сайлы болмаса, оның ішінде оқу кітаптары оңды болмас, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз шеберлер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер де, қандай жақсы болғанмен, құралсыз балаларды оқыта алмайды», деген тұжырымдарға келеді.