ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.02.2024
Просмотров: 111
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Осы саладағы А.Байтұрсынұлының зор еңбегін танымал ғалым Р.Сыздықованың сөзімен түйіндесек былайша өрілер еді: А.Байтұрсынұлы – қазақ арасында мектеп ісін (жалпы ағартушылық) жолға қоюға күш салған, бала оқытып, ұстаздық құрған практик. Сонымен қатар ол оқу-ағартуды жолға қою үшін қажет өзге де шараларды қолға алған қайраткер болды. Бұл шаралар: қазақ жазуына лайық графика түзу, жазу тәртібі – емлені жасау, қазақша сауат ашатын «Әліппе» жазу, ана тілін танып оқитын мектеп оқулықтарын жазу, бала оқытудың әдістерін көрсету. Міне, осы орайда А.Байтұрсынұлы қазақ мәдениеті көгінде жалаң ағартушы емес, ғалым-ағартушы болып көрінеді.
А.Байтұрсынұлы бала оқытып жүріп, сол оқыту ісіне қажетті жағдайларды да қарастырады. Ол жағдайлар қазақ балаларының сауатын қазақша ашатын ұлттық жазу графикасы, оқыту жүйесі жолға қойылған, үкімет тарапынан ашылған мектеп, қазақ тіліндегі «Әліппе» кітабы мен оқулықтар мәселесі еді. Сондай-ақ, 1929 жылы мамырдың 12-сінде өз қолымен жазған өмірбаянында 1901 жылдардан бастап, бала оқытқан кездерден бос уақыттарында өз бетімен білімін толықтырғанын, әдебиетпен шұғылданғанын білеміз. 1912 жылдан бастап сауат ашудың дыбыс жүйелі әдісіне сәйкес жасалған алфавитке негізделіп алған «жаңа емлесі» іс жүзінде қолданыла бастады. 1915 жылдың бір өзінде бұл емлелемен 15-тей кітап басылып шыққан.
А.Байтұрсынұлының осы «жаңа емлесі» 1913 жылдардан бастап мұсылман медреселерінде де, қазақ-орыс мектептерінде де қолданыла бастағаны айтылып жүр. Араб әріптері негізінде лайықталған қазақ графикасы 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде басталған, Қазақ, қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде ресми түрде талқыланып, бекітілді. Осы съездің күн тәртібі ретінде «Оқу, ғылыми кітаптарын көбейту шаралары», «Бастауыш мектептердің программасы» секілді мәселелер де қойылды.
А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауат ашу көп күш жұмсады. Себебі 1902 жылдан бастап қазақ балаларына арналып ашылған үш жылдық бастауыш мектептің тілі қазақша болғанымен, қазақшп жазуы, яғни ресми түрде қабылданған графикасы жоқ болатын. 1905 жылғы маусымның 26-сында А.Байтұрсынұлы басстаған ұлт зиялыларының кіндік үкіметке (Россия Империялық Министр Советінің Председатель атына) петиция жазуы, онда: «Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын, оқу ана тілінде жүргізілсін» деген баптың болуы да осыдан туындаған. Бұл талаптың орындалуы үшін А.Байтұрсынұлы қазақша сауат ашатын әліппе жазуға ден қояды. Бұл бағытта әңгіме жазған кезде А.Байтұрсынұлы жазған, артына қалдырған қанша әліппелік туындылары бар, олар қашан шықты, кімдер шығарды, қалай толықтырылды, кімдерге арналып жазылды, неше рет баспа бетін көрді т.т осы іспеттес сансыз сауалдар бас көтереді.
Жалпы үстіміздегі ғасырдың 10-шы жылдарынан бастап қазақ қоғамында оқу-ағарту идеясының жандануына байланысты балалардың сауатын ашатын әліппе құралдарын жасау қолға алына бастады. Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында бірқатар авторлардың (М.Нұрбаев, М.Малдыбаев, З.Ерғалиев т.б) қазақша әліппелері жарық көрді, бірақ бұлардың көбі бірер басылымнан артық жарияланбай, кеңінен қолданыс таба алмады.
А.Байтұрсынұлының қазақша әліппесі 40 беттік көлемде «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Оорынбор қаласында М.Ш.Кәрімов, Ш.Хусайыновтар баспасында жарық көрді. А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» - біздің алғашқы әліппеміз. Осы ретте ағартушы ғалымдарымыздың бірі Т.Шонанұлы : «Бұған дейін бізде өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар әліппе жасай алмай, балаларды «Әліп-би» шартымен қағаз жүзінде оқытса, ол миссионерлер Васильев, Алекторов, Рожинский және басқалар қазақ әліппесін орыс транскрипциясымен берді», - деп те жазды [6,5].
Тұңғыш оқулық авторының өзі де қазақша әліппенің I-кітабы деп көрсеткен. Оқу құралы сол кездегі ең алдыңғы оқыту әдістерінің бірі усул сотие жолымен тәртіп етілген. Оқу құралының титул бетіне алты тармақ өлең жолын келтірген.(Балалар! Бұ жол басы даналыққа. Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та! Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп. Соларды көре тұра қалалық па? Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық. Жүріңдер іздеп тауып алалық та!) Соңына «А.Б» деп көрсеткен. Қарап отырсақ, бұл өлең жолдары атақты Ыбырайдың күллі алаш еліне белгілі «Кел, балалар, оқылық!» атты әйгілі шумағымен үндес, тақырыбы бір – оқуға, «өшпес жарық, кетпес байлық – даналыққа» бастар жолға түсуіне шақырады. Өлең шуақтарында тіпті, дыбыстық, жұрнақ жағынан да ұқсастық бар. Бұл дәлелдің өзі Ахметтің Ыбырайдың педагогикалық-әдістемелік дүниелерімен толық таныстығын аңғартады. Бір айта кететін жайт, Ыбырайдың «Кел, балар, оқылығы» әлемге аян, ал Ахметтің «Балалар! Бұ жол басы даналыққасы» неге көпке дейін беймәлім болып келді деуіңіз әбден мүмкін. Оған ардақты арысымыз А.Байтұрсынұлының «халық жауы» деп нақақтан-нақақ қудалануы, еңбектерінің бәрінің жоққа шығарылуы дәлел болса керек. Титулдың екінші жағына: «Бұл алифбадағы қай харіф қандай дыбыстың белгісі, олар қай орында қалайша жазылмақшы һәм балалар алифбаға түспей дыбыспен қалай жаттықпақшы – бұлар жайын «Баяншы» деген кітапшадан қараңыз. Қазақтан басқа түркі, араб, фарсы сөздеріне жазылатұғын харіптер алифбаға жалғас екінші кітаптан оқылады», - деген жолдармен сілтеме берген. Бұл сілтемеге сүйенсек, А.Байтұрсынұлының оқу құралдан бұрын әліппені қалай оқыту керектігін білдіреітн әдістемелік нұсқау жазғанын, даярланғанын аңғарамыз. Ал біздің бүгінгі қолымыздағы «Баяншы» әдістемелік еңбегін 1920 жылғы нұсқасы ғана.
А.Байтұрсынұлы «Оқу құралы» 1910-1925 жылдар аралығында жеті рет қайта басылып, оқу-ағарту жұмысында біршама ұзағырақ әрі кеңірек пайдаланылады. Негізінен А.Байтұрсынұлы әліппелері Орынбор, Семей, Ташкент, Қызылорда қалаларында басылып шықты. Соның ішінде Орынборда - 9, Семейде – 2, Ташкентте – 1(2), Қызылордада – 5(6) реттен басылды.
Оқу құралының тұңғыш басылымы 1912 жылы 40 бет, екінші басылымы 1914 жылы 96 бет, үшінші басылымыы 1916 жылы 98 бет, төртіншісі 1922 жылы 95 бет, бесіншісі 1922 жылы 70 бет, алтыншысы 1923 жылы 72 бет, жетіншісі 1925 жылы 72 бет көлемінде жарық көрген. Алғашқы бесеуінің титул беттерінде «усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифа», «Бірінші кітап» не «Бірінші жылдық кітап» деп көрсетілсе, соңғы екі басылымы «Қазақша әліпби» делінген. Оқулық бетінің санына қарап көзіміз жетіп отырғаны әліппелердің көлемі де әр қилы. Алғашқыда көлем мөлшері толықтырылып ұлғая түскен де, 1922 жылдан бастап қырланып ықшамдалған.
Ал 1913 жылы Орынбор қаласында басылған 52 беттік «Оқу құралын» «қазақтан басқа түрік, араб, фарсы сөздеріне жазылатын әріптерді үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп еткен». Бұл еңбекті «Алифбаға жалғас кітап» деп көрсетеді. Яғни, әдіскер оқытудың, сауаттанудың бұл қырына да көз жүгіртіп, ьойлай қараған. Сондай-ақ бұл тұста қара танымаушылар сапында тек бүлдіршін жасындағылар ғана емес, ересектер де бар екені белгілі. Ал олардың сауат ашу жолы да ерекше болары сөзсіз. Ендеше, А.Байтұрсынұлы да бұл процесті анық танып, ара-жігін ажырата білген. 1921 жылғы Семейде (30 беттік), Орынборда (90 беттік) басылған «Оқу құралы» осы бағыттағы алғашқы ұмтылыстан туған қадам. Біріншісінің титул бетінде «Жаңа жолмен тәртіп етілген қазақша әліп-би. Бірінші кітап, «Үлкендер үшін», Екіншісінде «Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп-би. «Бірінші кітап» деген жазу бар.
Сауатсыздардың басым көпшілігі ересектер екеніне көзі анық жеткеннен кейін, А.Байтұрсынұлы бұл орайдағы әліппеге қайта оралып назар салған, өңдеп толықтырғанға ұқсайды. Нәтижесінде 1924 жылы Орынбор қаласында 144 бет, 1926 жылы Семей қаласында 83 бет көлемінде «Сауат ашқыш» атты оқулығы басвлды. Екеуінде де «Дыбыс әдіс жолымен тәртіптелген қазақша әліп-би. Сауатсыз үлкендер үшін бірінші кітап» делінген. Семейдегі нұсқасы «Губиздаттың баспаханасы» (Семейлік губернелік баспасы) арқылы 7 400 таралыммен жарық көрді.
А.Байтұрсынұлы әрбір әліппесін шығару үстінде оны үнемі үздіксіз жетілдірі, толықтыру жұмыстарымен айналысты. Оның «Оқу құралы» тек сауат ашып қана қоймай, сондай-ақ шәкірттер үшін танымдық жадығаттарды, мәселен, қазақша және парсыша күн аттарын, жыл аттарын ұсынған. 1914 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралының» екінші басылымында автордың өзі құрастырған шәкіртін алуан толғанысқа түсіретін 24 ұсақ әңгіме беріліп, оқулық «Балалық күй» өлеңімен аяқталған.
Бұл оқу құралдарына өз тұсында әр түрлі бағалар берілген. Мәселен, әдіскер Т.Шонаұлы:меттің жаңа алфавиті мен жаңа әліппесі біздің өркендеуімізге зор пайдасын тигізетін құбылыс еді. Жаңа алфавит тіліміздің таза сақталуына мүмкіндік туғызды. Жаңа алфавит әлемдік мәдениетпен араласа түсу жолын жеңілдете түсті. Жаңа алфавит халық мектептерінің өркендеуі жолында алып қадам жасағаны анық... Қазіргі кезде Ахметтің алфавитімен басылған кітаптар, журналдар, газеттер мыңдаған баспа табақпен даланы шарлап, ең алыс қараңғы түкпірлерге дейін тарап кетті. Ал Ахметтің кітаптары болса қазіргі қазақ мектемтерінде қолданылатын жалғыз оқулық... біздің мұғалімдер оқытып жатқан бүгінгі европалық әдіс – Ахмет Байтұрсынұлының жанашырлық қызметінің жемісі»,- деп жоғары бағалады.
А.Байтұрсынұлы үнемі ізденістің нәтижесінже 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жазыпп ұсынды. Бұл жаңа құрал осы күндегідей түрлі суреттермен берілген оқулық еді. Кітап «Әліп-би» деген атпен 1926 жылы Қызылорда қаласынан 116 бет көлемінде басылып шығады. Әліппеде «Жаңа құрал» деп көрсетілген.
Осы жылы «Жаңа мектеп» журналы бетінде жазған рецензиясында белгілі ағартушы Т.Шонанұлы А.Байтұрсынұлы «Әліп-биін» «Үлкен олжа» ретінде бағалай келіп: «Жақын арада Ахаңның жаңа әліп-биі шығып отыр. Бұл әліп-би оқу құралдығы жағынан бір қымбат болса, ішкі мағынасы жағынан екі есе қымбат. Жаңа Әліп-би Ахаңның бұрынғы әліпбилеріне тіпті ұқсамайды. Ахаң бұрынғы әліпбилері кезінде ескі молдаларды оқыту әдісінен, ескі «қытай» жазуынан құтылдырса, бұл әліппе бізді бұл күнгі педагогикалық соңғы сөзімен таныстырып отыр, жазу әдісі жағынан да, мазмұн жағынан да педагогиканың үстіміздегі мақсаты бағытына үйлесіп шығып отыр»,-деп жазады. Сондай-ақ, әліппе кітабының сапалы шығуы жөнінде де өз пікірін білдіреді. Рецензия авторы: «Әр беттің дерлік асытында оқыту әдістері көрсетіліп отырған. Бұл оқытушыларға көп пайдалы нәрсе. Кітапта 126 сүгірет бар. Мұнан басқа диаграм және басқа түрлі сызықтар бар. Сүгіреттері жақсы, басылуы әдемі, әріптері ірі, сырты қолайлы», -дейді.
Ал 1927 жылы тап осы көлемде «Әліп-бидің» екінші басылымын Қызылорда – Ташкент баспалары бірігіп шығарды. Ақырында 1928 жылы Қызылорда қаласында оқулықтың үшінші басылымы 20 000 таралыммен жарыққа шықты.
Тұңғыш қазақ кеңес библиографы М.Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші» туындысында А.Байтұрсынұлының оқулықтарына көрнекті орын берілген. Осы көрсеткіште 1926 жылы жарық көрген «Әліп-би» оқулығына Қазақстан мемлекеттік білім кеңесі былайша жоғары баға берген: «Мынау жаңа Әліп-би бұрынғылардан қай ретте болса да аса артық. Бұл Әліпбидің мазмұны, қазақ жағдайына қараймемлкеттік білім кеңесінің жаңа бағдарламасына үйлесімді болып шыққан. Сөздері баланың ұғымына қолайлы тәртіппен құралған. Бұл әліпби оқуға қолайлы. Шығарушының үлкен шеберлігі көрініп тұр. Оқушыға бұл Әліпби аса қызықты, баланың өздігінен білуге, өздігінен үйренуге ұмтылдыратын түрде жазылған. Сыртқы көрінісіне қарағанда тұтас сөздер әдісімен жазылған сықылды, бірақ тәжірибесі аз мұғалімдер мұнымен дыбыс әдісі бойынша да оқыта алады. Әңгімелер балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық. Мазмұн жағынан да, әдіс жағынан да артық кемшілік таба алмадық. Бұл әліпби бұрынғысына жүдә ұқсамайды. Көңілдегідей болып шыққан. Осы іспеттес пікірді әдіскер ғалым Т.Шонанұлы да білдіреді: «Бұл күнде, ана тілі методикасының (методика-тарих жүзінде адам баласының үйрету тәжірбиелерінің шығарған қорытындылары мен заңдарының жинағы) беті америка әдісіне қарай маңдайын аударған соң, Ахаң жаңа Әліпбиін дыбыс әдісімен де, америка әдісімен де оқытуға жарамды болып шығарған. Бұл америка әдісімен оқыта алған тұтас сөз жүйесін қолдансын, әлі келмесе қалың мұғалім бұрынғы дыбыс әдісін қолдансын деген болар. Жаңа Әліпбидің бұл ұнамды жері. А.Байтұрсынұлының өзі де бұл «Жаңа Әліп-биді» шығарудағы талпынысын 1925 жылғы қазанның 21-інде: «Бұл Әліп-би кітабы жаңа әдіске көшу жүзіндегі көңіл тілегі мен қол қысқалығын бір-біріне жанастырып жақындату шарасын табу түрінде шығарылып отыр. Үйрету жағынан «дыбыс әдісі» мен «тұтас оқу» әдісінің екеуіне бірдей жарарлығы көзделді. Мазмұн жағдайына жанастырылып, жаңа программа (Гувс програмынша) болуы көзделді», - деп жазды [9,43].
Бұларға қоса А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлы екеуі бірлесіп Қызылорда қаласынан 1926 жылы 412 беттік ерекше кітап шығарған. Ол – мектептің III-IV сыныптарына арналған хрестоматия кітабы. Бұл да «Оқу құралы» деп аталады. Оқулыққа енген мәтіндер сан алуан тақырыпты қамтыған. 75 суреті бар. Бірақ ол әліппе түріндегі «Оқу құралынан» өзгеше. Зерттеуші ғалым Р.Сыздықова да екі оқулықты «шатастырмау керектігін» айтқан. Бұл хрестоматияның 1927 жылы екінші, ал 1928 жылы үшінші басылымы Қызылордадан шығады.
Сөйтіп, оқу-ағарту саласында өшпес із қалдырған А.Байтұрсынұлы әліппелері жеті рет басылым көрді. Осыншама таралыммен басылым көріп, ағарту саласында ұзақ қолданысқа ие болған өзге бірде-бір әліппе, оқулық жоқ. Басқа авторлардың әліппелері құрылымдық, әдістемелік, енгізілген материалдары жағынан олқы соғып, бір рет басылым көруден аспады. Ал А.Байтұрсынұлы әліппе, оқулықтары сол тұстағы жинақталған алдыңғы қатарлы тәжірибелерге сүйене отырып, белгілі педагогикалық дидактикалық ұстанымдарды сақтай білуімен, жасөспірімдердің психологиялық жас ерекшеліктерін, тіпті ұлттық ерекшеліктерін ескере жазуымен құнлы болды. А.Байтұрсынұлы әліппелерін қазақ жұртшылығы ана тілінде жазылған аса қажетті тың құрал ретінде қабылдады. Ұлт ұстазынын әліппе, оқулықтарының үсті-үстіне мол таралыммен басылып, ұзақ қолданылуының бір астары осында деп білеміз.