Файл: азастан Республикасыны Білім жне ылым Министрлігі Ы. Алтынсарин атындаы лтты білім беру Академиясы лемдік педагогикалы ой сана.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 16.03.2024

Просмотров: 312

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Этнопедагогиканың пәні ретінде халықтық педагогика эпитемиялық (таным, білім, идея, ой, пікір) және аксиологиялық (құндылық, мағына, орын, роль) аспектілерді қамтиды. Мұның барлығы табиғи бірлікте болады және аспектілердің ұқсастығы мен айырмашылықтары аналитикалық тұрғыда көрінеді де нәтижесінде этнопедагогика жалпы ғылымның саласы ретінде ғылыми әдіснамаға айналады. Өткен ғасырлардың ұлы педагогтары халықтың педагогикалық көзқарастары мен оның педагогикалық тәжірибелеріне көп көңіл бөлген. Педагог – классиктер халықтық педагогика тәрбие жөніндегі ғылымды байытады, оның тірегі және іргелі негізі бола алады деп пайымдаған. Я.А.Коменский қарапайым еңбекші отбасыларындағы үйелмендік тәрбие тәжірибелерін жинақтап зерттеу арқылы «ана мектебі» («матринская школа») идеясын ұсынды. Бұл идея терең халықтық: оның негізі халық мүддесі мен халықтық тәжірибелер. «Ана мектебі» кітабін жазу барысында Я.А.Коменский барлық отбасыларында тәрбиенің әлеуетін ақылмен пайдалану арқылы үлгілі отбасы дәрежесіне көтеруге болады деген идеяны ұстанады. Табиғи сәйкестену ұстанымын негіздеу тұсында да ол халық тәжірибесіне сүйенеді, кейбір дидактикалық ережелерді де халық афоризмдері формасында берген. Педагогика ғылымының атасы саналатын Я.А.Коменский өзінің ағартушылық жолын Чех халқының ауыз әдебиеті шығармаларын жинап, ұлттық салт-дәстүрін зерттеуден бастаған. Алғашқы еңбегін «Чех тілінің қазынасы» («Сокровищница чешского языка») – деп атап, оған сөз маржандарын, қайралған граниттей сөз қайырымдарын, ой мен сөздің біртұтастығын теріп, ендіруді армандаған. «Чех қарттарының даналығы» («Мудрость старых чехов») халықтық педагогиканың таңқаларлық кереметі болды.

Песталоцци «Гертруда өз балаларын қалай үйретеді» («Как Гертруда учит своих детей»), «Аналар кітабы» («Книга для матерей»), «Лингард және Гертруда» тәрізді шығармаларындағы педагогикалық ойларын білімсіз шаруа отбасыларының тәрбие тәжірибелеріне сүйене отырып, оларды жинақтап халықтық педагогика дәстүрлеріне жақындатып жазған. Песталоццидың халықтық педагогикалық тәжірибелер мен тәрбиеге халықтық көзқарас тұрғысынан қарап, соған сүйенгендігі, «халықтың мұқтажын қанағаттандыратын мектеп туралы» армандағаны туралы кезінде Н.К.Крупская жазған болатын (3.273). Ол әке үйін ақыл мектебі деп атаған.Оның ойынша халық мектебі тәрбиенің амалдарын халықтың өз өмірінен сұрыптап алуы тиіс деп пайымдаған.

К.Д.Ушинский халықтық педагогиканы педагогика ғылымын жасаушы басты факторлардың бірі ретінде қарастырған. Орыс халқының ертегілерін халықтық педагогиканың жарқын бейнесі деп бағалаған. Ертегілерге халықтық педагогиканың ескерткіштері ретінде таңдана қарай отырып, ешкім де халық даналығына теңдесе алмайды деп жазған.


Халықтық педагогикалық тәжірибелер мен педагогикалық идеяларда Л.Н.Толстойдың алатын орны ерекше. Орыс апостолының шығармашығындағы таңқаларлық нәрсе сол, чуваш халқының педагогикалық дәстүрлерінің өзегін, рухани ядросын анықтай отырып, «Чуваш болайық» деген ұран тастаған, этникалық қасиеттердің ең таңдаулыларын сұрыптап алып бағдарлама жасаған. Халықтың досы, руханиятты, жаңаша ойлайтын чуваштардың қамқоршысы, Россия тұрғындарының ішіндегі ең сорлы халықтың интеллектуалды адамгершілік өркениетіне жетуіне өте көп іс істеген. Таңқаларлығы сол чуваштар Толстойдың әңгімелері мен ертегілерін пайдаланып өз тіліне аударып оқыған. Чуваш халықтық педагогикасының алтын қорына енген бұл фольклорлық әдеби шығармалар ондаған жылдар көлемінде өңделіп жаңаша манерде халықтың керегіне жараған.

ХУІІІ ғасырдағы чуваш халқының ұлы ағартушылары Никита Бичурин, Петр Егоров, Ермей Рожанский өз шығармаларында халықтық педагогика мәдениетіне сүйенген. Чуваш педагогы және ағартушысы С.М. Михайлов өз жұмысын халықтық педагогика ескерткіштерін жинап, зерттеп, таратудан бастаған. Чуваш халқының ертегілері, әңгімелері, халықтық салт-дәстүрлер, балалар ойыны мен ойыншықтары, жастар мен балалар арасындағы дәстүрлер, табиғат туралы дұрыс түсініктер қалыптастырудың амалдары, балаларды ән айтуға үйрету, еңбек сұйгіштікке тәрбиелеу т.б. тәрізді тақырыптар С.М.Михайловтың мұраларында көрініс табады.

Халық ағарту ісімен шұғылдану үшін алдымен халық руханиятын меңгере білу қажет. Бұл жағдайды И.Я.Яковлев басшылыққа алған. Ол өз туған халқына ағартушылық қызметін жас кезінде-ақ бастаған. Оның алғашқы шығармасы халықтық дәстүрлердің дамытушылық және кертартпалық жақтарын зерттеуге, оның тәрбиелік мүмкіндіктерін анықтауға арналған. Ал қартайған кезінде жазып қалдырған «чуваш халқына руханияттық өсиет» атты еңбегінде үлгілі отбасы тәрбиесі мен қоғамдық тәрбиені ардақтап сақтап, дамытуды тапсырған. И.Я.Яковлевтің педагогикалық жүйесін дамытушы дарынды шәкірттері мен қызметтестерінің (Игнатий Иванов, Никифор Охотников, Михаил Федоров, Константин Иванов, Илья Тхти, Тайр Тимки, Дмитри Петров-Юман, Трубина Мархви, Василий Егоров, Петр Афанасьев, Николай Шубоссини, Михаил Тинехпи, Николай Никольский т.б.) барлығы да ағартушылық, педагогикалық қызметпен қатар этнография және фольклористикамен шұғылданған. Дарынды чуваш ағартушыларының ішінде әсіресе Н.М.Охотниковтың «Чуваштың өз тәрбиесі жөніндегі жазбалары» («Записки чувашина о своем воспитании») этнопедагогикалық еңбегінің «аққудың әні» аталғаны белгілі.



И.Н. Юркиннің құнды да өте бай мұралары осы күнге дейін назарға алынбай келеді.

Революциялық демократтар бұқара халықтың ұжымдық тәрбиені әспеттейтін ауыз әдебиеті шығармашылығын жоғары бағалаған. Н.А.Добролюбов ғылым өкілдерінің «оларды ізгілендіріп, ағартушылық бірдеме істегісі келсе», «халықтың ішкі өмірін» білуі міндетті екендігін баса айтып, көрсетіп берген. Бұл жөнінде ол үлгі көрсеткен. Ол Петербургке қайтар алдында Нижегород губернясында 1500 ге жуық мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жинаған, «көктемді шығарып салу» («проводы весны») дәстүрін жазған, әсіресе халық ауыз әдебиеті шығармаларынан жинаған жазбаларының педагогикалық мақсаткерлігі ерекше көзге түседі.

Н.А.Добролюбовтың «Нижегород губернясындағы тарихи, статистикалық, адамгершілік және ақыл-ой мәселелерін сипаттап жазуға арналған материалдар» деп аталатын еңбегінде оның орыс халқының ғана емес мордвалардың, татарлардың, чуваштар мен марийлердің де өмірі қызықтырған. Ал, «қарапайым орыс халқының мінездемелік жақтары» еңбегінде еңбекшілердің моральдық-педагогикалық кодексін мақал-мәтелдер арқылы сипаттап жазған. Қарапайым орыс еңбекшілерінің басқа халықтарға әлеуметтік көзқарастары мен қарапайым адамгершілік қарым-қатнастары туралы демократиялық тұрғыда баға берген.

Үдерісті дами алмаған әрбір ұлттық мәдениеттің мазмұнында демократиялық және социалистік мәдениеттің элементтері бар. Эксплуатациядағы еңбекші халықтың педагогикалық шығармашылығы, өмір шарттары «демократиялық, социалистік идеологияны амалсыз тудыратын» халықтың рухани өмірінің маңызды жағы болып табылады. Демократиялық мәдениеттің элементтері еңбекші халықтың педагогикалық тәжірибесі мен көзқарастарында айрықша байқалады. Жас жеткіншектерді тәрбиелеу жөніндегі халықтың педагогикалық түсініктері мен практикалық тәжірибесін зерттеу барысында қате тұжырымдар орын алған, мысалы: «барлық еңбекшілердің балалары мырзаларға бағыныштылық, билеп-төстеушілер билігінде, құдай қаһарынан қорқушылық сезімінде тәрбиеленген» (4.7) деген пікірдің басымдығы. Мұндағы «барлық балалар», «тәрбиеленген» етістіктерінің жөнсіз пайдаланылуы мәселені теріс түсіндірген. Еңбекші бұқара халықтың балаларының тәрбиесі билік өкілдерінің педагогикалық ұмтылыстары мен биліктегілердің мақсатынан туындауы, ал, екінші жағынан билік жүргізушілердің «тәрбие қызметіндегі» бұл мақсатты іске асыру, орындау нәтижесіне байланыстылығы басты роль атқарды. Еңбекші халық өз балаларының тәрбиесіне енжарлықпен сырттай қараған емес, керісінше билік жүргізушілердің тәрбиені ұйымдастыруынан гөрі халықтың өз тәрбиесінің неғұрлым тиімді болғандығы белгілі.


Халықтық педагогика ғылым емес, ғылым пәні. Халықтық педагогикада эмприка үстемдік етеді. Мұны түсіну үшін сезімдік тұғырдан бастау алатын эмприкалық түсініктерден бастап ұғым қалыптастыру, зерттеу, сөйтіп эмприкадан жалпыпедагогикаға көтерілу қажет. Халықтық педагогика адамзат рухани өркениетінің тарихи кезеңінде педагогикалық білімнің белгілі дәрежесін айқындай отырып, педагогикалық ғылымның жаратылуына және дамуына ықпал етеді. Көркем жазба әдебиет ауыз әдебиетінің жойылуына ықпал еткеніне қарамастан халықтық педагогика халықтың күнделікті өміріндегі педагогикалық көзқарастарын сақтап қалды. Педагогика ғылымы мен халықтық педагогика өзара күрделі қарым-қатнасқа түсіп, бір тұтас кеңістікте, педагогика мәдениетін қалыптастырып, өзара дамытушылық жүйеде өркендеп, дамып келеді.

Еңбеші халықта ғасырлар бойы өзіндік өнегелі құлықтылық тәртібі мен руханияттық мәдениет қалыптасқан. Көптеген халықтарда еңбекші бұқараның өмірін ізгілендіру әдеті мен ғұрпы, салты мен дәстүрі болды. Олар табиғатқа қарым - қатнасында, жер өңдеу мәдениетінде, ауыз әдебиетінде, қолөнерінде, киім үлгілерінде, қонақ күту кәдесінде, сөйлеу әдебінде, сыпайылық ережелерінде көрініс табады.

Ескі ауыл өмірін аса дәріптеу де бекершілік; онда да қарама- қайшылық, жабырқаушылық, түнеріңкілік, қараңғылық, т.б. жеткілікті.Бұл қарама-қайшылықтар тарихи жағдайларға байланысты педагогикалық дәстүрлерге де өз таңбаларын қалдырған. Дейтұрғанмен халықтың рухани болмысындағы адам еңбегі мен адамилық дарын үдерісі, табиғилық пен жасампаздық анықтаушы факторлар есебінде басты роль атқарды, осылар арқылы шынайы ұлттық мінез тәрбиесі қалыптасты. Мысалы чуваш халқының мыңжылдық дәстүрынде жақтырмаған шаруасын сүйіспешілікпен атқарушыны еңбекқор адам деп атаған.

Этнопедагогика халықтық педагогика дәстүрлерін зерттей отырып табиғат тағдырына, балалық парыздың тағдырына, қазіргі ауылдың дәстүрлі рухани өмірінің тағдырына немқрайды қарай алмайды. Халықтың ұжымдық педагогикалық ақыл-ойының кен-байлығын зерттеуші адам табиғат байлығына, ауыл адамдарының ішкі жан дүниесіне, ұлттық өркениет байлығына немқұрайды қарайтындармен кұрес майданына шықпай отыра алмайды. Бұл әсіресе «әлемдік өркениетте сирек кездесетін чуваш халқының тәрбиелік білім тәжірибесі туралы педагогикалық ойлар» (Т.Н.Перова) тәрізді ғылыми негіделген өзекті тұжырымдамаларға байланысты болады. Туған өлке мен жер шары сұлулығының жойыла бастауына, жасөспірімдерді тәрбиелеуге негізделген ауылдың рухани дәстүрінің бүлінуіне кала мен ауыл арасындағы айырмашылықтардың азаюы себеп болып отырған жоқ. Жаңа мәдениеттің ойдағыдай жасалуы, ауыл тұрмысының жаңғыруы тек қана халықтық өркениеттің, ұлттық дәстүрдің табиғи көпғасырлық іргетасында ғана мүмкін болды. Халықтың ұжымдық педагогикалық тәжірибесінің терең тамырлы көздерін елеп-ескермеушілік, оны бобсалаушылық, ақпараттық баспа орындарының көбеюі, түсініксіз сөздіктерді жөн-жосықсыз пайдалану, лепірмелі сөйлемдер мен сөздер, бөтен, жат кестелер, дерексіз жобалар т.б. көпшілік педагогикалық мәдениеттің жарамды әлементі бола алмайды.


Ия, халықтық педагогика ғылым емес, бірақ ғылым пәні. Бұл ғылым – этнопедагогика. Халықтың көпқырлы өмірі, оның күресі мен жеңістері- тарих және басқа да гуманитарлық ғылымдардың басты және негізгі зерттеу обьектісі, сондықтан да этнопедагогика - адамзат білімінің маңызды салаларының бірі болып табылады. Халықтық шығармашылықты зерттей отырып әр халықтың әлемдік мәдениетке қосар үлесі болып табылатын аса маңызды құндылықтарды анықтау қажет: әрбір халықтың мәдениетінде еңбекшілер шығармашылығымен дүниеге келген өзіне тән аса құнды жәдігерліктері. Этнопедагог халық шығармашылығын зерттеу барысында іс жүзінде және көбінесе оның жаңаруына және дамуына ықпал етеді. Педагогикалық мәдениет халық шығармашылығын пайдалану барысында оны дамыта отырып, оның ажырамас саласына айнала алады, бұл айтылғандар тарихи педагогикалық зерттеулерге де тиесілі.

Халықтық педагогиканың тиімділігі және халықтық педагог қызметінің күшті жағы не де? Мұндағы түйсік, дарын, білім қай дәрежелерде? Халықтың педагогикалық көзқарастары мен оның педагогикалық тәжірибесінің өзара байланысы қандай? Балаларға ықпал етуді ұйымдастыру кезінде халықтық педагогика мен мектеп педагогикасының өзара ықпалы қандай болуы тиіс?

Тәрбие ісін түсінетін және оны жақсартуды қалайтын педагогикалық үрдістің қатысушылары неғұрлым көп болса жасөспірім тәрбиесінде тиімді ықпалдың мол болатыны сөзсіз. Халықтық педагогика - бұқаралық көпшілік педагогикасы, тек педагогтың ғана педагогикасы емес. Жалпыға бірдей педагогика. Халықтық педагогика пансофиялық (данышпандық) тәрбиені дәріптейді, анаға бас ию, баланың культін бағалау педагогика дінін еске түсіреді. Ата-ана үйі – отбасы руханиятының ордасы, ондағы балалар періштелер, анасы – құдайана, әкесі- патриарх...

Халықтық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер барлық мезгілде де балаларға ықпал етіп келеді. Этнопедагогика еңбекшілердің педагогикалық тәжірибесін зерттеу барысында оның мүмкіндіктері мен ұлттық оңды педагогикалық идеяларды қазіргі ғылыми-педагогикалық ұстанымдарға кіріктіру жолдарын айқындайды, халықтық педагогика даналығын, халық өміріндегі педагогикалық құбылыстардың қазіргі тәрбие міндеттеріне сәйкестігі мен сәйкессіздігін зерттеп ғылыми педагогикаға кіріктірудің амалдарын анықтайды.

К.Маркс «өлі ұрпақ дәстүрлері тірілердің санасын өзіне тартып шатыстырады» дегені белгілі. Әлі күніге дейін ескіліктің наным сарқыншақтарының сақталғаны рас. Бірақ оның терістігін ақиқаттау мүмкін еместігі анық. Т.Н.Петрова өз монографиясында француз ғалымы А.Леруа-Гуранның «халық өзінің ескі нанымдарымен ғана өзімен өзі болып өмір сүре алады»(6.9) деген тұжырымын қостайды. Ол арман, түс жору, еске түсіру, ескі сенім-ұғымдарды тұлғаныың рухани кемелденуіндегі халықтық тәрбиенің неғұрлым нәтижелі амалдары ретінде қарастырады. Педагогика ғылымының мүддесіне тән олардың мән-мазмұнын есепке алуда белгілі дәрежеде этнопедагогика қызмет ете алады. Сонымен қатар жаңа дәстүрлердің педагогикалық мән-мағынасын зерттеудің де маңызы зор. Жаңа әдет-ғұрыптардың ескіні жалғастыруы, ескі мен жаңа мазмұндағы дәстүрлердің өзара кірігуі, халықтық мереке-мейрамдардың жаңалануы мәселелері этнопедагогиканың назарында болуы заңды құбылыс. Бұл туралы Д.Коккьяра «халықтық дәстүрлерді зерттеушінің басты мақсаты- олар қалай пайда болды, неліктен осы күнге деиін сақталған, шарттары мен талаптары қандай, бұл дәстүрлерді жаңаша өңдеудің мүмкіндіктері қандай, неліктен үздіксіз жоғалу мен мәңгі жаңару алмасып отырады т.б. сауалдарға жауап іздеу» деп жазған (7.21).