Файл: Куpcты Жмыc тaыpыбы Оpындaaн aбылдaaн араанды2021 Жоспар Кіріспе.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 27.03.2024
Просмотров: 34
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Қорыта айтқанда, Р.Отарбаевтың әңгімелерінде иронияның жағдаяттық та, ассоциативтік те түрлері орын алып, еркін араласуымен қоғамымыздағы кертартпалықтар мен адам мінезіндегі мерездерді күлкінің күшімен пайымдатып отырады.
2.2 РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ ДРАМАТУРГИЯСЫ
Бүгінгі таңда қаламгерлік шеберлігімен, өзіндік жазу стилімен, сөз саптауымен дараланып, драматургия әлемінен үлкен орын алатын жазушы-драматургтердің бірегейі – Рахымжан Отарбаев.
Рахымжан Отарбаев «Бейбарыс сұлтан», «Жәңгір хан», «Бас», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» секілді тарихи драмалық туындылары арқылы өлген тарихты өзгеше қырынан жаңартып, тарихи кейіпкерлердің болмысын, характерін толықтай ашып көрсетеді. «Рахымжан драматургиясы – Сұлтан Бейбарыс, Хан Жәңгір, Сырым батыр, Мұстафа Шоқай сияқты аяулы тұлғаларды тірілткен ұлттық драматургия» [12] деген пікір осының дәлелі.
«Бейбарыс сұлтан» деген пьесасы 2000 жылы жарыққа шықты. Атырау елі тойлаған Бейбарыс сұлтанның 875 жылдық тойына арналды. Бұл пьесаны М.О. Әуезов театр әртістері театр тарихында тұңғыш рет ағылшын тілінде қойды. Сонымен қатар Астанадағы М. Горкий атындағы орыс драма театрында 7-8 жылдан бері орыс тілінде қойылып келеді.
Автор өз заманының ерекше тұлғасы, тарих сахнасында әділ билігімен есте қалған, қазақ даласынан шыққан ерен тұлға хақындағы «Бейбарыс сұлтан» драмасында елден жырақта жүрсе де, жүрек түкпірінде халқына деген сағыныш, туған жерге деген ыстық махаббат, отанға деген сүйіспеншілік, адалдық, атақонысқа деген қимастық сезімі шексіз болған тарихи тұлға екені даусыз. Реформатор деуге лайық. Драмада билікке талас, сатқындық, мансапқұмарлық секілді мәселелер ел тілегімен ұштастыра отырып шынайы бейнеленеді.
Драма Кіші Азиядағы Сиуас қаласының құл базарындағы қызу құл саудасын баяндаудан басталады. Ашкөз саудагер қазақ даласынан тұтқындалған екі баланы намысшыл, ержүрек, асқан жауынгер халықтың ұрпақтары екендігін айтып қымбатқа бағалайды. Саудаға түсіп тұрған балалардың бірі өзін былайша таныстырады: «Жасым он екіде. Есімім – Бейбарыс. Жайық бойында моңғолдар тұтқынға алды. Ұлтым – қыпшақ, нәсілім – беріш. Жамақ ханның ұлымын» [13, 6 б.]. Екі баланы да Мысыр билеушісі Сұлтан Салық Наджи-ад-диннің уәзірі сатып алады.
Драма желісіндегі Бейбарыстың одан кейінгі өмірі Мысыр жерінде әскербасы болуымен, ұлы дария Нілдің суын бөгеп басқа арнаға ағызу арқылы француз жауларын жеңуімен, король ІХ Людвикті қолға түсіруімен жалғасады. Одан әрі билеуші Иса Тұран Шаһ қаза тауып, патшаның әйелі мансапқұмар Фатима, жалақор, қызғаншақтық, көре алмаушылық қасиеттері басым Хуан уәзірдің арасында таққа талас басталады. Бұл билікқұмарлар елді жаудан қорғап, жер үшін жанын беруге әзір батыл да ержүрек Қалауын, Құтіз, Бейбарыс сынды қыпшақтардың таққа отырмауы үшін түрлі амал-айла тауып, қолдан келер опасыз қылықтарын жасап бағады.
Бейбарыстың жылнамашысы Тәңірбердінің жазғандарына көз жүгіртсек, «Құлағу мен Кетбұқа ноянның әскеріне қарсы ғазауат басталды. Кәпір қолы Қаирға таяғанда бәдәуилер көмекке жетті. Оларға Алланың нұры төгілсін. Аспан асты қан-тозаңнан, жер беті өліктен көрінбеді. Әскербасы Бейбарыс ақ боз атпен ойқастап, қоршауға түскен кәпірлерге қарсы қолма-қол шайқас салды. Айқайдан даусы қарлықты. Отты қарумен доп атты. Жаудың жалғыз әскері қалғанша осы көрініс қайталанды. Ұрыста Құтіз әмірші қаза тапты. Иманы салауат болғай. Таққа Бейбарыс сұлтан отырды. Тәңірім оның жанына жамандық бермегей» [13, 26 б.]. Бейбарыс сұлтан таққа отырғаннан кейін иен даланы гүлзар баққа бөлейді, Мысыр шаһарына жаңа тәртіп орнатады, ел-жұртын сыртқы жаулардан қорғайды, алайда оның көңілінде зілдей ауыр мұң бар, ол – туған жеріне, Жайығына, жусанды даласына деген сағыныш.
Драма соңы сағыныштың шырмауына шырмалған Бейбарыс сұлтанның шаһар әкімінің ұсынған у қосылған қымызын ішіп, сұм ажалдың келгенін сезіп, болашақты иманды ұлдарға аманаттауымен аяқталады.
Рахымжан Отарбаевтың «Жәңгір хан» драмасы Бөкей Ордасының ханы Жәңгір Бөкейұлының тарих қойнауындағы игілікті істерін насихаттап, қазақ халқын білімді, мәдениетті етуге, таза дінді, ұлттық намысы бар қасиетті қазақты тәрбиелеуге ақылы мен барлық күш-жігерін сарп еткен қайраткер болғандығын баян етеді.
Бұл драмасы жөнінде: ««Жәңгір хан» деген пьесамды 15 жыл бұрын жазып едім. «Хан емессің, қасқырсың» деген Махамбеттің бір ауыз сөзі бізге сіңіп қалған. Жәңгір ханның қаншама еңбегі бола тұрса да, әлі күнге сол сөзді жеңе алмай келе жатырмыз. Президенттің өзі «Хандардың ішіндегі прогрессивтік хан – Жәңгір» деген еді. Оны да құлағымызға ілмедік» [14] - дейді автор сұхбатында.
Драма Жәңгір хан ордасын, ханның бөлмесін асқан шеберлікпен суреттеуден бастау алады. «Хан ордасы. Кең де салтанаты асқан, Еуропаша жасақталған бөлме. Қымбат жиһаздар, түбі алтындалған қалыңдығы кереқарыс кітаптар, шахмат құрулы, бильярд столы тұр, төбеде ондық шам, оның сары бояқ сәулесі император Бірінші Николайдың қабырғада ілулі тұрған портретіне түседі. Үстіне патсайы сусыма шапан, басына тақия киген Жәңгір хан алдымен кітаптарға үңіледі, бірін қолына алып парақтап, күбірлеп оқиды да бас шайқайды. Кері орнына қояды» [13, 94 б.]. Жәңгір ханның көрсетілген сән- салтанаты Исатайдың өлімі туралы хабарды естігендегі жан күйзелісіне алмасады. Үлкен ой үстінде жүрген Жәңгір ханға қайынатасы Қарауылқожа келіп, шайқаста қаза тапқан Исатайдың өлімін хабарлайды, басшысынан айырылған қалың қазақ елінің ендігі күні оңалмас, шілдің боғындай шашырар дегендей ойға қалады.
Одан әрі Жәңгір ханның өзі ашқан «Жәңгір мектебінің» мұғалімі Ольдекон және мектеп бітіруші шәкірттерімен кездесуі оқырман көңілін өзіне аудартып сүйсіндіреді. Жағрафия, орыс тілі, математика, физика, діни сабақ сынды пәндерден білім алған шәкірттер Жәңгірдің қойған сұрақтарына мүдірмей жауап береді. Жәңгір хан еңбегінің зая кетпегенін көріп көңілі жадырайды, қуанады.
Жәңгір ханның жиһанкез-ботаник ғалым Гегель, өлке тарихы мен табиғатын зерттеуші ғалым Бергман, шенеунік Ивановпен кездесіп сұхбат құруы Жәңгір ханның біз білмейтін қырларын аша түседі. Бергман мен Ольдеконның сөзінен Жәңгір ханның ел тарихының қойнауына көз жүгіртіп, салт-сана, дәстүріне баса назар аударғанын, өзге тілдерді жетік меңгергенін байқаймыз.
«Бергман. Кеше кеш Жәңгір Бөкеевич ел мен жердің тарихы мен табиғи байлығынан, халықтың салт-дәстүрі мен қолөнерінен аса мәнді мағлұмат берді.
Ольдекон. О, Жәңгір Бөкеевич – аса терең білімдар жан. Жас шағы Астраханда, генерал-губернатор Андреевскийдің үйінде өткен. Орысша, француз, араб тілдерін ден қойып меңгерген. Батыс өлкенің шежіресін жазып бітірді» [13, 102 б.].
Драма оқиғалары Орда маңында Ковалевскийдің ғылыми еңбектерге толы керуенінің тоналуымен, бұл іске Махамбетті кінәлауымен, казактардың Жәңгір ханнан Махамбетті қолға түсіруге қажетті қаруланған әскер сұрауымен шиеленісе түседі. Атты казактар Махамбеттің ізіне түсе алмағаннан кейін, оның нағашы жұртына Қойлыбаевтар ошағына ойран салады. Опасыздардың қарсыласқан он бес жасар бозбаланы керегеге таңып жалаңаш кеудесін өртеуі, бесікте жатқан сәбиді қылышпен қақ бөлуі, бейшара шалдың сақалын кесіп алуы жан түршіктіреді. Бұл сұмдық жайттардан кейін кездескен Жәңгір хан Махамбетті райынан қайтара алмайды, бірлікке шақырған ханның сөзін құп алмайды.
Драманың соңы Жәңгір ханның өмірге өкпе айтуымен, ызаға булығып, жиған- тергенін есептеуімен аяқталады. «Түйежапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнге қырық құбылған дос-жаран жиыппын. Көз аясына сыяр жерден әріні көрмейтін қас-дұшпан жиыппын. Күйектей сақалы мен атадан қалған мақалынан басқа дәнеңесі жоқ бай мен би жиыппын. Қызыл өрттей шарпыған қызғаныш жиыппын. Көзін күлмеңдетіп қыз-қатын жиыппын. Оңған бөздей атақ-абырой жиыппын. Жиған-тергенің осы болса!..» [13, 128 б.].
«Маған жеткізбей кеткен арман сендерге ұстата қойса жақсы. Маған талай жер соқтырған өкініш сендерден аулақ қашса жақсы. Болашақтарым-ай менің!». Келер ұрпақтан, өзі тәрбиелеп шығарған жас шәкірттерінен үлкен үміт күтеді, болашақтары жарқын болғанын қалайды.
Драматургтың «Бас» драмасы қазақ халқының азаттығын көксеген күрескер, ел қорғаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны Махамбет Өтемісұлының жендеттердің қолымен шабылған басының Кеңес тұсындағы жағдайын баян етеді. «Махамбетке арнаған «Бас» деген пьесам бар.
«Бас» та – Абай сияқты. Тірі Махамбет жоқ. Ол көрден қазылып алынған. Сөйтіп, антрополог Ноэль Шаяхметов мүсінін жасаған, Алматыға келіп, он жеті жыл әркімнің жертөлесінде жоғалып кеткен Махамбеттің басы ғана бар. Оны өлтіретін Ықылас бар. Қайыпқали бар – сатып кететін. Исатай бар – жан жолдасы. Баймағамбет бар. Бірақ, олар – бүгінгі заманның кейіпкерлері. Бірі министр, бірі институттың директоры, бірі зерттеуші ғалым болып отыр. Тап сол атпен алынады. Исатай бар – оппозиционер. Тіл жоқ. Алаштың жалауын желбіретіп тұрады. Тағы да оның ішінде Махамбет деген бүгінгі күннің ақыны бар. Ол ішіп кеткен…» [14] - дейді Рахымжан Отарбаев.
Антрополог-ғалым Ноэль Жұмабаевич ұлы ақын Махамбеттің басын қазып алып, бас мүсінді қайта қалпына келтіреді. Өзі Мәскеуге кетпекші болып, ақынның бас сүйегін сақтауға тапсыратын орын іздеп әуреге түседі. Республикалық мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының басшысы Ықылас Төлеевич «сонда мәдени... тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы қу бас жинайтын орын ба?» [13, 135 б.] деп ызаға булықса, әдебиет пен өнер инситутының басшысы Қайыпқали Есімович «бастың әдебиет пен өнерге қандай қатысы бар? Тіпті байланысы жоқ қой... Кәдімгі қу бас» [13, 136 б.] деп қарсылығын білдірсе, мәдениет министрі Баймағамбет Айшуақович те бас мүсінді сақтаудан бас тартады.
«Осы кезде ішке осы мекеменің қарауылы Дәурен кеп кіреді.
Дәурен (әрі қаймығып, әрі ызалы). Ағалар, кешіріңіздер, ақынның басын маған бересіздер ме, мен сақтайын. Жастайымнан өлеңіне де, өзіне де табынып өскем...» [13, 138 б.]. Ақыры қазақ халқының мақтанышы, ер жүректі ақын Махамбеттің бас сүйегінің мүсіні мекеме қарауылы Дәуренге тапсырылады. Жертөледе күн кешіп, көше сыпырса да, ақын поэзиясының қасиетін түсіне білген Дәуреннің іс-әрекеті қуантады.
Автор жертөле ішінде бассыз Махамбеттің рухымен Баймағамбет рухын, Қайыпқалидың рухын, Ықыластың рухын тілдестіреді. Махамбет рухы жиналғандардың сатқындықтарын, опасыздықтарын бетіне басады, бүгінде олар секілді жағымпаздардың қала мен далада өріп жүргенін, рухы мықты, өр мінезді ұрпақтың да туарын айтып өтеді.
Ақынның бас сүйегінің қазылып алынып, қайта жерленбегенін білген Махамбеттің туысы, жанашыры Құрақ шалдың үлкен басшыға жазған хаты, үлкен басшының бас сүйегін тауып әкелгендерге жүз мың доллар ақшалай бәйге жариялауы оқиғаларды одан әрі шиеленістіре түседі. Бас сүйегін сақтауда немқұрайлылық танытқандар, бұл хабардан кейін ақынның басын жан ұшыра іздей бастайды. Бұл оқиғадан Ықылас, Қайыпқали, Баймағамбет сынды ашкөздердің сатқындығы, ақшақұмарлығы, жағымпаздығы айқын көрінеді.
«Махамбеттің басына деген немқұрайлылық ұлттық болмысқа, қазақы қасиетке, шынайылыққа, әділетке, мызғымас құндылықтарға деген немқұрайлылық» [12] - деген пікір бұлтартпас шындық. Себебі, ел үшін жанын пида еткен ақынның бас мүсінін қорғамау, сыйламау – қазақ ұлтына жат іс.
Автордың «Сырым батыр» тарихи драмасы Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан шыққан, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, ержүрек батыр, тілге жүйрік, от тілді шешен Сырым Датұлының өмірінің соңғы жылдары, отарлаушылардың озбырлықтарына қарсы күресіп, жайылымдық жерінен айырылған, патша үкіметінің тонауынан, жаншып таптауынан күйзелген қазақ халқы үшін күресуімен қатар қалмақтармен, тіпті башқұрттармен тайталасуы, Кіші жүз ханы Нұралымен де қарсыласуы жайынан баян етеді.
Рахымжан Отарбаев тарихи драмада Сырым батыр бейнесін батырлығы, қарапайымдылығы, сөз тапқырлығы, тілге шешендігі, қол бастар көсемдігі жағынан толықтай ашып көрсетеді.
Алтынды баға жетпес қазынаға балаған Орал казачествосының бастығы Погодиннің сөзіне Сырым батырдың берген жауабынан «Дүниеде алтынға да сатылмайтын құндылықтар бар, мырза. Атаның құты, ананың сүті. Арым мен намысым. Туған топырағым. Қабырғалы қазағым» [13, 220 б.] сол секілді қалмақ батыры Доржының «Сырым, Сырым дегенге... Қалай Сырым болып едің осы сен?» [13, 206 б.] деп кекете сөйлеген сөзіне:
«Қазаным оттан түспей қайнап тұрса,
Дастарханым дәмге толып жайнап тұрса,
Көмейде қызыл тілім сайрап тұрса,
Дұшпаным алдыма келіп аузына келгенін шайнап тұрса...
Мен неге Сырым болмауым керек» [13, 207 б.] деп өлеңдете қайтарған жауабынан тілге шешен, сөзге тапқыр екендігін аңғарамыз. Драмада Сырым батырдың орыс патшайымы Екатеринаның бас старшындыққа тағайындау туралы жарлығымен танысқан сәті бейнеленген. Басты кейіпкердің шен- атақтың оған жақсы ниетпен беріліп отырмағанын аңғаруы, мансапқұмарлыққа салынбай, елінің, қазақ халқының жайын, болашағын, ауызбіршілігін ойлағанын айқын аңғартады.
Орыстарға қарсы жұмыла күш біріктіруде Сырым батырдың « – Уа, халқым тағы бір көтер еңсеңді. Қылыш, найзаға күн туды. Намысты жаниық. Өшіміз кетті! Төгілген қан құрғамайды! Кіші жүздің еркегі жерге қарап тоңқайып өлмейді. Көкке көз тігіп шалқайып өледі. Көтер басыңды, халқым!» - деп ұрандатуынан қолбастар көсемдігі ашыла түседі [13, 228 б.].
Драма соңы қазақ халқының алдында тұрған екі-ақ жол, бірі – орыс, бірі – хиуа мен түрік болса, өз таңдауын қандастарымыз деп хиуа мен түрікке жасаған Сырым батырдың Хиуа еліне аттануымен аяқталады.