Файл: Куpcты Жмыc тaыpыбы Оpындaaн aбылдaaн араанды2021 Жоспар Кіріспе.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 27.03.2024

Просмотров: 37

Скачиваний: 0

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
, бір кезде әкесінен үйренген ескі сүрені «тірілтіп», марқұмдарды ақырғы сапарға аттандырып жүргенінде, бір күні дүмшелігі әшкере болып, оңбай сүрінсе («Бақса, мұның жарықтық әкесінен меншіктеп қалғаны «Талақ» екен»), қалаға көшіп келгесін әулеттің шежіресін жазып атын шығарады. Астанадан іздеп келген ғалым жігітке аталары туралы дерек сұрағанда: «Жиынтық образ ғой... Шырағым-ай, жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Түбін түптеп қайтесің?..» деп құтылады.

Ендігі оқиғада жалғыз қыз Жангүлімнің авария жасап, содан құтылуға жүз мың доллар ақша іздегенде, ұлдары Байдос пен Жандостың келісе алмай, бір-бірінің қылмыстарын ашып, ақыры Жангүлімнің өзінің жол тауып кетуі («Босқа ырылдаспаңдар! Есеп ажырастым. Ол жігітке өзім қатын боп тиемін») баяндалады. Осының бәрі – бүгінгі өміріміздің шындығы. Жазушы осыларды иронияның көмегімен әжуалап, мәнсіздікке көркемдік тұрғыдан үкім шығарып отыр. Жазушы тілінде баяндаудың юморлық, ирониялық қалыптары жиі ұшырасып отырады: «Бизнес те бұ заманда үйір көрмеген байтал сынды ғой. Дер кезінде құрықты салмасаң,.. әне қашты, міне қашты деп тақымдайсың да отырасың» [8,24]; «Қолды-аяққа тұрмайтын пысығы – Байдос. «Ошы... ошы» деп тілін тістелеп сөйлегіш сіліңгір сары. Ағасының құрылысшылар бригадасына тендер алып бергіш... Жетпей тұрған жібек жіпке кендір жалғап жібергіш. Ылдым-жылдымы мол, бастыққа жұғышқыш. Сарқыт ішкіш. Жұғын жалағыш» [8,26].

Ирония жазушының баяндау мәнерінде көптің ойымен сабақтасып жататын «тоғыспалы стильде» де көрініп отырады: «Көп азапты осылай үйірімен үш тоғыз ғып тырна мойнын созып келе жатқан елде бір шатақ шықпаса, несі көш? Және ол шатақ сыбырдан басталып, сыбанған дауға айналмаса, несі шатақ? Шапшып тұрар дауды саршұнақтай шақылдап қатын бастамаса, несі қатын?» («Ыстықкөл») [9,5]. «Дегенмен ербиген екі құлақ пен бір-бір қызыл тілді бас-басына жекешелендіріп алған бұл пәтуасыз қазақ не деп тантымайды?» («Жасырынбақ») [9,112].

Диалогтердегі кейіпкер сөздерінде де ирония орын алып отырған жағдайды қош көрмеген жұрттың ішке сыймаған қарсылықтарын мысқылмен сыртқа шығаруының амалы түрінде түрінде көрінеді: «Кемиек кемпір: Қайтсін-ай енді, – деп уһілеп, бүктетіліп қалған бетін су бүріккен қайыстай әреңдеп жатып жазды. – Дұрыс айтасың, қарағым, бір жағадан бас, бір жеңнен қол...

– Бір балақтан бұт шығарайық онда, – деп күйектей сақалына түкірген шал топ ішінен тұсаулы аттай бұған шапшысын. – Зейнетақымды тап? Табасың қазір зәнталақ?» [9,115].

Полилогтердегі көпшіліктің сөздерінен де көмейде кептелген ащы шындықты кекесінмен жайып салу жолдарын кездестіреміз:


« – Ұлттық валютамыз Баксбайдың тоқалына айналып кетті.

–Абай атам здашқа да жарамай қалды.

– Құнсыз теңгеге көжедей көп әкімнің бірінің басын салмай ма. Ұлыны қорлатпай!

–Тексіз жерден би шықты, текті жерден құл шықты!

–Үкімет, давай, бала тап дейді. Қап арқалатқаны аздай.

–Зауыт, фабриктен түтін ұшпайды!

–Жезөкшелік жайлады!

–Аштан өле ме? Қызметке тұрған жалғыз мүшесі сол болса...» [9,116].

Жазушының «Актриса» әңгімесінде бір театрда болған оқиға суреттеледі. Шығарма сюжетіне мәдениет министрлігінен берілген Гогольдің «Үйленуін» сахналап, Агафья Тихоновнаның ролін ойнаған актрисаны «Құрмет» орденіне ұсыну туралы тапсырманы орындау барысында орын алған шырғалаңдар алынған. Актрисалардың басты рольге таласуы, соның орайында адамдар арасындағы қатынастардағы кейбір жеңіл жүрістердің сыры ашылуы, театр ұжымының үш жікке бөлінуі, Қызтуғанның қан қысымы көтеріліп ауруханаға түсуі, бас режиссердің жүйкесі шыдамай ішіп кетуі, театр сыншысының далаға лағып сөйлейтін мылжың әңгімесі, директордың жұбайының келіп, домалақ арыз бойынша шу шығаруы, директордың инфаркт алып ауруханаға түсуі – осылардың бәрі қызғылықты ситуацияларда, ирониялық тыныспен баяндалады.

Әңгіме әп дегенде: «Бар пәле Гогольдің «Үйленуінен басталды. Қаламының сиясына бойдақтардың мұңы мен пендешілігін езіп құйып жазған пъесасы ғой», – деген емеурін екпінмен басталғаннан-ақ автор оқырманына оқиға барысын аңдатса, ары қарай: «Николай Васильевич некесін қия алмаған бейбақтардың бағын ашамын деп қазақ драма театры жанталасып жатты», – деген мысқылмен бір театрда орын алған оқиғаны баяндауға кіріседі.

Дайындық кезінде Галя, Таня, Даша, Машалардың Агафья Тихоновнаның ролінде ойнау барысында өз өмірлерінде өткен келеңсіз жайлар естеріне түсіп, «сахна мен шынайы өмірдің ара-жігін ажырата алмай» қалағандары күлкі етіледі. Пъесаны дайындауға арналған аз ғана кезең ішінде ұжымдағы қордаланған жайлар, артистік ортадағы ахуал, адам мінездерінің құбылыстары нақты жағдайлар үстінде ашылып, күлкілі қалыппен ақтарылады.

Шығармада зілсіз күлкі, ащы мысқал, орынды әжуа өрнектері молынан ұшырасып отырады. Театр директорын суреттегенде «бір тал шашы шашау шықпайтын таза күмістен құйғандай басын сипалауы» бірнеше жерде қайталанады. Мұндай суреттеу директордың тап болған қиын жағдайдан шығуға жол таппай сасқан жағдайын көрсету үшін алынып, кекесіндік мәнге ие болып тұр. Әңгімедегі кейіпкер сөздері адам болмысын айқындауға мінсіз қызмет етеді. Актерлік орта туралы ойнақы леппен жазылған шағын әңгіме шағын комедияның жүгін көтеріп тұрғандай.



Әңгімеде: «Ортақ қып байды бөлісер, ал орденді бөлісе алмас», «Артист баққан тауық баққанмен бірдей», «Министрлік пен Гоголь түбіме жетті», «Жігіт атаулы өзімізге шақ келгенмен, талантымызға шақ келмейді», «Өңірлеріне орденнің орнына ошаған қадаған кезде әлгі екеуін де қатар қуғызамыз», – деген секілді тілдік қолданыстар астарлы-кекесінді мәнімен көркем мәтінге лайық орнын тауып жатады.

Бұл әңгіме туралы әдебиеттанушы ғалым Ш.Елеукенов: «Ұлы жазушы Н.Гоголь көтерген жалғыздық проблемасы бүгін де актуальді. Оның, әсіресе, қазақ арқасына аяздай бататынын жазушы Рахымжан Отарбаев күлдіре отырып жылатып дегендей, жеріне жеткізе көрсете білген. Бір оқпен екі қоянды дейтін тұрақты тіркесті осындайда айтса керек. Арызқойлығымызды, күндестік дертімізді шеней отырып, ұлтымыздың ең толғақты мәселесін қисынын тауып өткір қойған», – деп баға береді [10].

Көркем шығармалардың тақырыптық-идеялық өзегінде жататын ирониялық назар – өмір-тұрмыстағы қайшылықтарға ерекше жарық түсіретін, жеңіл күлкімен көмкере отырып- ақ шындық-болмыстағы кереғарлықтарды астармен бейнелейтін күрделі құбылыс. Мұнда ирониялық сана жазушының өзі бейнелеп отырған өмір шындығына өзгеше көзқараспен назар салады, идеал мен орын алып отырған жағдайлардың орындарының алмасып кетуінен көрінетін «тағдыр тәлкегінің» – үміт мен жазмыш, сенім мен алданыс, ұмтылыс пен ұтылыс арасындағы қарама-қарсылықтарға бағдарланады. Суреткердің болып жатқан оқиғалардың барысы мен кейіпкерлердің іс-әрекеті, ой-арманы, мақсат-мұратын суреттеу арқылы жететін көркемдік шешімінің өзегінде концептуалдық ирония орын алып жатады.

Жазушының «Американың ұлттық байлығы», «Аяқталмаған хикая», «Тәркі дүние», «Болған оқиға», «Нобельден қалған мұра», «Соңғы спектакль», «Қыр мозайкалары» секілді әңгімелеріндегі копцептуальдық мән шығарма тақырыбындағы ирониялық астарды аңдатады.

«Соңғы спектакль» әңгімесінде «күнкөріс қамымен» қаралы үйдің шаруасын көтерісіп, өлген адамды соңғы сапарға шығару қызметін көрсетуді бизнеске айналдырған Тасеменнің «кәсіпкерлігі» мысқылмен суреттеледі. Оның тобының сәтсіз аяқталған соңғы спектакль үстінде әшкере болған жағдайын жайып салады. Шығарманың басында берілетін бас кейіпкердің мінездемесін автор: «Бұл өзіміздің Тасемен ғой. Жастайынан облыстық театрда әртіс бор бастап, кейін бірер өнер мекемесін дөңгелетіп әкеткен. Орта бойлы, жалпақ бет, жарғанат құлақ, жайдары немені бұл өңірде танымайтын адам кемде-кем. Оңтайыңды тауып, оң жағында үйірілген жанды кім жек көрсін? Кешегі жекешелендіру кезінде де жем жеп қалды. Нарықтан да қысылмай нар түйе жеткетеп шықты», – деп суреттесе, базбіреулердің: «...мына заманға аузын тосып, түкіргізген қу екен. Өнер мекемесін басқарып, байыған жалғыз осы», – деген лебізімен толықтырып отырады.


«Қыр мозайкаларында» Бас хатшы Брежневтің өз қолынан «Батыр Ана» алтын белгісін алуы тиіс Ожанкүлдің ұсқыны мен ебедейсіздігінен тартынып, оның орнына көрікті келіншек Гүләйімді марапаттатқызып, екеуін де риза қылу үшін алтын белгіні Ожанның омырауына тағып, ал он бес балаға төленетін ақшаны Гүләйімнің алып тұруына пәрмен беретін райком хатшысының қылығы күлкі туғызады.

«Тәркі дүние» әңгімесінде «адамның маймылдан жаралғанын» дәлелдеп кандидаттық, сосын докторлық диссертациялар қорғап аты шыққан Саламатиннің академик болғаннан кейін бұрынғы дарвиншілдік идеяларынан бас тартып, адам баласын көктің перзенті деп дәлелдемек болған әрекетін көреміз. Маймылды малданып, шен-шекпен иеленген ғылыми орта жынды Саламатиннің әңкі-тәңкісін шығарып, абыройын ат құйрығына байлап жібереді. Ол ақыры ұшты-күйлі жоғалып тынады.

«Болған оқиғада» алпыс бес жасқа келіп қайтыс болған Жаубасты жерлеуге інісі – «Астананы төбесімен тіреп тұрған он мықтының бірі» Дәубас келеді. Марқұмның денесін қай қорымға қою керектігі жайына келгенде дау туады. Үй жанындағы қорымды Дәубас жаратпайды («Өңшең жатаған, кедей-кепшіктікі екен. Ылғи мінгестіріп салыпты. Кісі жерленбегеніне де көп болыпты. Қурай өсіп, шөп-шөңге басыпты. Ол жерге ағамның асыл сүйегін қор етпеспін» [9,298]). Алыстау қорымнан сайлы жер тауып, көр қазып келгенде, ол Жаубастың авариядан өлген көңілдесінің мазарының қасы болып шығып, жеңгесі шу шығарады. Дәубастың: «Сендердің араларыңда өмір сүруге болғанмен, өлуге болмайды екен», – деп сандалатын жері осы. Осы жердегі автордың: «Рас! Дұрысы сол! Тынышы – шетелге жетіп өлу!» [9,301] – деген репликасында да ащы кекесін жатыр.

Ақыры жағымпаздықты үйреніп жүрген жас басшы ақыл тауып кетеді: «Дәу көке, мен таптым! Ағамызды ауыл сыртындағы ең биік төбенің басына жерлейік. Жаңа қоныс, таза ауа. Ол жерге тіпті түйе де аунамайды, – десін ауыл әкімі жас жігіт жылтың қағып. – Оны ертең бәріміз «Жаубас қыраты» деп атаймыз. Мереке сайын оқушыларды басына апарып тәу еткіземіз. Музыка ойнатамыз» [9,301].

«Аяқталмаған хикая» әңгімесінде соғыс кезінде Қошалақ деген ауылдың маңында пайда болып, ауылдан әйелдерді ұрлап, екіқабат қылған қалмақ қашқын туралы ел арасындағы әңгімені тірілтіп, өлмес хикая жазбақ болған жазушының бір күнде басынан кешкендері баяндалады. Шығарманың формасы «үзіктік-жалғамалы» желімен түзілген. Шығарма жазып отырған жазушы көрген-естігендерінің ара-арасында болашақ шығарманың фрагменттерін кірістіріп отырады. Әңгіме сатиралық-юморлық леппен жазылған, езу тартқызар күлкілік өрнектері мол. Әңгіменің тақырыптық-идеялық өзегі («Қашқынбаевтар проблемасы») бүгінгі өмірімізден орын алып отырған тұрмыс түйткілдері, қоғам сырқаттарымен сабақтасып жатады. Көрші кемпірдің қызының қашып кетуі, ауыл қартының екі қысыр биесінің ұрлануы, журналист қыз зерттеп жүрген «шетелдік күйеу» проблемасы, қала шетінде тұратын таныс кемпірдің келін-баладан қысым көріп, араша сұрауға қаладағы қызына хат жазып беруін өтінуі – сатира, юмор, ирониямен бейнеленетін осы жайлардың бәрі бір арнаға тоғысып, негізгі идеяға қызмет етіп тұр.


Қызының байға қашып кеткенін білгенде ашуланып, енді көрместей боп қарғаған кемпірдің («Жалғыз ағасын жерге қаратып... Жүзіқараның енді қайтып екі дүнияда бетін көрмеспін. Теріс батамды берем. Аруаққа тапсырам! Батар күнге тапсырам!») кешірім сұрауға келгендердің алдынан құрақ ұшып шығып («Қыздың барған жері бай көрінеді. Әкесі үлкен құрылыс компаниясының басшысы екен. Келе көрші шешейдің қолына қос алтын білезікті кигізді»), шырқатып ән салатыны адам мінезіндегі қайшылықты танытып, автор мысқылының нысаны болып тұр. Әңгімедегі осындай үзік көріністердің мәні автордың бастапқы ойына қайшылықта келіп, о бастағы жаңа шығарма жазуға деген ниетінен айнытады: «Сендердің жел көтерге етектеріңді жабамын деп көз майымды тамызып отырысым мынау. Бес күндік бұлағай дәуренде ойнаған да күлген сендердің жүрістерің анау. Жабу астында қалған жауырды сипап жазамын деген жалған намыс немді алған? Менікі не осы?..» [9,314].

«Американың ұлттық байлығы» әңгімесінде Қапар аңшының психологиялық күйзелісі арқылы көрінетін бүгінгі қоғамдағы құндылықтар жүйесінің пайымдалуына деген ащы кекесін жатыр. Оқиға аңшы Қапар мен оның әйелімен әріден аталастығы бар «бар жаһанның жаңалығын аузына тістеп жүретін» Жетеспен арадағы әңгімеден өрбиді. Қапардың шибөрі аулағанын естіген Жетес бұл мақұлықтың «Американың ұлттық байлығы» екенін дәлелдеп шыр-пыр болады. Шағын ғана әңгімедегі кейіпкерлер болмысы шынайы, сөз бен ой шарпысы нанымды, психологиялық иірімдер уәжділігімен есте қалады. Бүгінгі қоғамдағы ұлттық мүдденің аяқасты болуына наразылық пен адами құндылықтарды қорғаштауға деген аңсар жеңіл әзіл мен ащы әжуаның ауқымына сыйдырылған.

Тып-тыныш тірлігі алақұйын болған Қапар Жетестің сөзінен кейін мазасы қашып, үрейге бой алдырады. Өз ойымен іштей мүжілген Қапар қарт жан азабына ұшырап, ақыры бұ дүниеден аттана барады. Әңгімедегі идеялық түйін, ащы мысқылдың нысаны кейіпкердің мына сөзінде жатыр: «Аллам-ау, – деді амалы таусылған аңшы үні тозып, мұржаға сүйене кетіп, – шәуілдеген жаман шибөрі Американың ұлттық байлығы болсын. Мен сонда Қазақстанның кімімін? Өкпесіне тебер өгейімін бе? Бұ дүниеде жиғаным, о дүниеде иманым бұйырмай кететіндей сұрауым жоқ па? Оң қол қиянатқа жүгірсе, сол қол арашаға ұмтылмас па?.. Бұл ел ел ме, әлде ашық-тесік жатқан малқора ма?..» [9,21-22].

Зерттеуші С.И.Походня иронияның екі түрін ажыратып көрсетеді: жағдаяттық және ассоциативтік ирония. «Жағдаяттық ирония – иронияның ашық, эмоционалды-бейнелі түрі. Бұл – тез байқалатын ирония», ал «Ассоциативтік ирония – иронияның жасырын, сыпайы түрі, онда тілдің әр алуан деңгейлерінің құралдары қолданылып, мәтіннің өне бойында жүзеге асырылып отырылады. Ассоциативтік ирония шығарма образдарының жасалуының, автордың кейіпкерлерге мінездеме беруі мен өз көзқарасын білдіруінің маңызды құралы болып табылады» [11,63].