Файл: Куpcты Жмыc тaыpыбы Оpындaaн aбылдaaн араанды2021 Жоспар Кіріспе.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 27.03.2024
Просмотров: 36
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ал, оның драматургиялық шығармалары – өз алдына бөлек құбылыс. Сонау көрмеген-білмеген, кей ұрпақ, тіпті, атын естімеген Бейбарысты ғасырлар қойнауынан тарих сахнасына қайта шығарды. Бұл күндері ұмытылып бара жатқан, «әйтеуір, Әміре Қашаубаев дейтін әнші болыпты» деп қана танитын әнші Әмірені қайта тірілтті. Біз Әміренің неге қасірет шеккенін, сонау Францияны таңғалдырып келген оның неге жоқ болып кеткенін, оның тағдырының қалай болғанын күні кешеге дейін білмеппіз. Өйткені, оны білгізбеді. Сөйтсек, оның бәрі қып-қызыл саясат екен. Ән салудың өзі, таланттың өзі – саясат екен. Таланттың өзінің тағдыры саясатпен сабақтас екен. Осының барлығын Рахымжан өзінің шығармаларымен түсіндіріп отыр. Әлемді таңдандырған әдемі дауысы бар Әміренің өзін біз қазақ ұлтының өзі қорғай алмаған екенбіз. Міне, бұл – тек қана сол кездегі таланттың тағдыры емес, кез келген ғасырдағы таланттың қасіретті тағдыры. Біз, қазақтар, кейде талантымызды қадірлей алмаймыз. Рахымжан осыны айтқысы келді. Сөйтіп, әрбір шығармасының, әрбір қойылымының өзінің тағдыры, өзіндік айтар ойы бар. Сондай-ақ, шаң басқан тарихтың арасынан Мұстафа Шоқайды, Шыңғыс ханды, Жәңгір ханды суырып алып, драматургия тілімен сөйлету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке толы дүние.
Бүгінде таңда жастарға, жалпы, адамзатқа бірнеше мамандық керек. Бірақ, барлық мамандықтың басында бірінші тұратын нәрсе – ұлттық тәрбие мен ананың бесіктен сыйлаған, атаның мұра қылып қалдырған ұлы сөздері. Әдебиеттен басталған тәрбие басқа ғылымдарға ұштасса ғана маңызды болмақ. Алдымен рухани бай болған адам ғана барлық мамандықты меңгереді. Барлық мамандықтың қасында бабаның сөзі, ғасырлар даналығы, тасқа басылған әдебиеттегі жазушының парасатты шығармаларының тұжырымы жүрсе, сол адамның санасы биік, ойы озық болады. Осы тұрғыда, Рахымжан Отарбаевтың туған жер үмітін арқалап, туған жеріне қызмет ететін қаламгері болуы – оның маңдайына жазылған өлшеусіз бағы. Ұлтының алдында үлкен жүкті арқалап жүрген Рахымжанға ұлтымыздың сан ғасырлық тарихи тақырыптарын қозғау оңайға соққан жоқ. Ұлттың қасіретін сараптап жазу, оны мемлекеттік деңгейде көтеру, жалпы, ақиқатты айту – кез келген жазушыға оңай соқпасы анық. Ал, осындай ақиқаттың ақтаңгері Рақымжан Отарбаев – әдебиеттің сәтті кезеңінің бақытты ұрпағы және қайталанбайтын құбылысы.
Рахымжан Отарбаев – ойлы, парасатты жазушы. Біз қазақ әдебиетінде Отарбаевтай ұлымыздың – бақытты ұрпақтың болғанына, оның қатарымызда алшаң басып жүргеніне мақтанамыз, марқаямыз, қуанамыз.
Оның біздің театрларымыздың сахнасынан түспей келе жатқан көптеген драматургиялық шығармаларды өміргі әкелуі – сөзсіз оның төккен тері мен маңдай терінің ақталғандығы, төл әдебиетіміздегі жетістігі. Оның көптеген шығармалары Батыс пен Шығыста, Қытайда, Түркияда, көрші қырғыз елінде және тағы басқа ондаған елдердің мінберінде сөйлеп тұр. Бұл да, түсіне білген адамға үлкен жанкешті еңбек, ұлттың руханиятына қосылған сүбелі үлес. [3, 3б.]
Уақыт – жүйрік. Кеше ғана жазуды көз алдымызда бастаған, көз алдымызда қалам ұстап әдебиетке келген Рахымжан Отарбаев бүгінде үлкен жазушыға айналды. Оның бізге іні, бізге сыйлас, бізге таныс болғанына шүкіршілік етіп, тәубе дейміз. Рахымжаннан оқырманның, болашақтың күтері әлі де көп. Оның өзіндік стилі бар. Оның сөйлемдерін оқи отырып, оның Рахымжанның қолтаңбасы екендігін оңай айыруға болады. Міне, осы ерекшелік оны қазір өзінің биігіне көтеріп келе жатыр. Біз Рахымжанға үлкен шығармашылық табыс, үлкен жол тілеп отырған жандармыз. Әрине, ол жол – күрес жолы, дайын тұрған даңғыл жол болмайды. Себебі, өмірдің өзі күрестен тұрады. [3, 4б.]
Өмірдегі болып жатқан сан-алуан құбылыстардың көкірек сүзгісінен өткізіп, көркем образ жасау арқылы өмір шындығының көркем бейнесін сомдау – шын суреткердің ғана қолынан келетін шеберлік. Рахымжан Отарбаев шығармаларын оқып отырып осындай риясыз тұжырымға келесің. Көркемдік әлемінің аса әдемілігіне, нәзік те, сырбаздығына тәнті боласың.
Қазіргі заманның ащы шындығын қанын тамыза жазған әңгімелердегі мұңға оралған сарказм, күлдіре отыра іштей егілетін үрейлі юмор арқылы өмірде өз орнын, махаббатын іздеген, мына ит тірліктің мәнін түсінуге тырысып жанталасқан жесір әйелді («Би»), Американың ұлттық байлығын («Американың ұлттық байлығы») қорғауға жанын салып жүрген қарапайым қазақты жүрегінің бір бөлшегі шекараның арғы бетінде қалып қойған, сағыныштан құса болған адамның астан-кестен жан дүниесін («Қытайдан жеткен сәлемдеме»), өзгенің қайғысын өзінің бизнесіне айналдырған Тасеменнің бейшара да күйкі тірлігін тек қазаққа тән мінез-құлық деп қарауға болмайды. Бұлар – қазіргі заманның жиынтық образы. Сондықтан да, қаламгер сомдаған жарқын бейнелер орыстың да, қытайдың да, түрік пен арабтың да оқырмандарына өте түсінікті, жандарына жақын. [1]
2013 жылы жарық көрген әңгiмелердiң iшiнде әңгiме етуге лайықты, уытты дүниенiң бiрi – жазушы Рахымжан Отарбаевтың “Нобельден қалған мұра” атты әңгiмесi. Егер ата-бабаңнан мирас боп қалған туған жерiңнiң байлығы ең әуелi өз ұлтыңның, өз елiңнiң мұқтажына жұмсалмай, дiнi, тiлi, түсiнiгi басқа, шеттен келген жат елдiктердiң ризығына айналса, ол байлық елiңнiң бақытына айналмайды, қасiретiне айналады. Р.Отарбаевтың шап-шағын осы әңгiмесiн оқыған көзi ашық әрбiр қазақ дәл осындай ой түйетiнiне сенiмiмiз кәмiл. [5]
Сонымен, “Нобельден қалған мұраның” мұрагерлерi (яки, шетелдiктер) қазақ даласына келiп қос тiктi. Бұлардың басты мақсаты – қақпағы ашулы қазандай иен далада жатқан иесiз ұшан-теңiз мұнайды өз әкесiнен қалған мұрадай игерiп, «өздерi бақыттың шырқау шыңы» деп бағалайтын байлыққа кенелу. Бұл елде оларға әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ.
Әңгiмеде Рахымжан Отарбаев осы өңiрде болып жатқан жағдаятты қаз-қалпында қайталап, бұлжытпай баяндап жатпайды. Мұнда жазушы әр көрiнiстi тұңғиық ой, терең философия, қажет жерiнде ойнақы, керектi жерiнде салиқалы да сабырлы тiлмен суреттей отырып, тұтас, ойлы дүние жасап шығарған. Және мұндағы әр кейiпкердiң аузынан шыққан сыңар ауыз сөзден-ақ оның бүкiл болмысын, қазақша айтқанда “Құдай бере салған мiнез-құлқын” көзбен көрiп отырғандай боласыз. Әуелi бұған дейiн Африканың бiраз елiнiң қаймағын қалқып iшкен, Бангладештiң жер қойнауына “бұрғы жүгiрткен”, “Колумбияның да қойны-қонышын ақтарған”, ендi “Кувейттi бiр көргiсi кеп жүрген мұнай компаниясының басшысы Джонсон мен имек мұрын, сiлiңгiр қараның» диалогына құлақ түрiңiзшi.
Сiлiңгiр қараға Швеция мұнай компаниясының архивариусы бiр құпия айтыпты:
« – Иә.., – дейдi Джонсон.
– Оның қолында Нобельдiң өз қолымен сызған карта бар екен.
– Рас па?
– Рас. Бiрақ өте құпия сақтаулы.
– Не сұрайды?
– Қоя тұр. Ол орыс революциясына дейiн Доссор деген жерде мұнай өндiрген. Кейiн орыстар қуып шыққан.
– Айтшы, тез!».
Одан әрмен қос шетелдiк қазақ жерiндегi мұнай картасының бағасына таласады:
«– 10 млн. доллар!
– Көп!
– Болашақта дүниежүзiне иелiк ететiн бизнесменге бұл көп пе?! – деп, имек мұрын, сiлiңгiр қара орнынан атша қарғыды”.
Осыны оқып отырып тағы да өзiңнiң туған елiңнiң, туған жерiңнiң, ұлтыңның бүкiл еркi мен ырқы өзiнде емес, кiм көрiнгеннiң қолында жүргенiн көрiп, ет-бауырың езiледi де отырады. Маңдайының соры бес батпан қазақ өз даласының бүкiл ризық-несiбесiне өзi ие бола алмай, оны бiресе швед, шведтерден орыс алып, ендi «азаттық алдық!» деп алақайлап жүргенде де сол ризығын әлдеқайдан қаңғуылдап келген дiнi басқа, тiлi басқа бiреу иемденбекшi. Шетелдiк iрi компанияның иелерi шаруасының бәрiн осы жердiң ықылымнан бергi иесi қазақтың бiрде-бiреуiн қатыстырмай-ақ өзi пiсiрiп, өзi шешiп жатыр.
Сонда қазақтар қайда жүр? Бiр жаққа көшiп кетпеген шығар? Олай болса, қазекем не iстеп жүр? Дәл осы жерде бұдан 100 жыл бұрын ғұлама шайыр Әбубәкiр Кердерi мен ноғай Нұрым молданың айтысы кезiнде Нұрымның: “Үйiне ит кiрсе де кет демейтiн, кәпiрмен бiрге жатып тозған қазақ” дегенi еске түседi. Әңгiмеде суреттелетiн мұнайлы даланың қазақтары «Мына шетелдiктер неге келiп жүр, бұлар өзi кiмдер, өздерi не мақсатпен келдi, шынымен-ақ қазақты жарылқағалы жүр ме, әлде...» деп ойлану қабiлетiнен де қалған. Бұл, әйтеуiр, iшкенге мәз, жегенге тоқ, үстiнде лыпасы, төбесiнде жарты лашық жаппасы болса, содан өзгеге көп “бас қатыра бермейтiн” қауым ғана. Жазушы оны шетелдiктер келген күнi ертеңiне болған мына бiр қып-қысқа көрiнiспен-ақ дәлелдеп бередi: “Ертеңiне қазақ жағы қаптады. Қат-қат қағазға қол қойылды, бармақ басылды. Кешiкпей атшаптырым аумаққа кешен салынады. Сол жерден дүниенiң төрт торабына мұнай құбыры тартылады. Сөйтiп, “қара алтынның” бұлағы лақылдай кеп құйылады. Өндiрiлген мұнайдың он пайызы ғана осында қалады, қалғаны шетел аспақ”.
Қазақ осыған да мәз. Қазақтар мұндағы жұмысшылардың он пайызы ғана жергiлiктi халықтан болатынына да мәз. Жазушы дәл осы жерде “Мiне, мерейiңдi асырған, мәртебеңдi тасытқан келiсiм! Қуанышы қойнына сыймаған қазақ жағы ақ түйе сойып, ұлан-асыр той жасап та жiбердi”–деп, есi бар қазақ еңiреп жылауға тиiстi сорлылықты астарлы юмормен шегелей жеткiзедi.
Бұл – осы күнгi қазақтың басында тұрған өмiр шындығы. Бүгiнгi қазақтың басындағы тағы бiр қасiреттi өмiр шындығына қараңыз: «Шүкiр, қазақтардың да өзiне сай кiшiгiрiм мафиясы бар. Түнде тонай салу, күндiз қалтаға қол салу, базар жағалап зекет алу... Тiптi, өрiстен қайтқан тоқты-торым кейде өзге қазанның қақпағын булап жатады. Оның бәрiнiң ұйытқысы –мойны бiр тұтам қортық қазақ. Өзiне айтқызсақ, түрме көрмеген. Бiрақ бала күнiнен мал соятын цехпен көршi тұрып, содан қаны бұзылған...» Соңғы сөйлемдi оқып отырып, жымиып күлгенiңiздi де байқамай қаласыз. Қазақтың басындағы тағы бiр қасiреттi өмiр шындығының басы-қасында осы қортық қазақ жүр. Ол он шақты “мафия мүшесiн” (тағы күлесiз!) жинайды. Неге? Өйткенi бұның әйелi Айжан шетелдiктерге аспаз боп жұмысқа кiрген. Ол күндiзгi жұмысы ғана! Ал түнде әлгi Айжан шетелдiк супервайзердiң қойнында жатады. Мұнымен ғана тынбай, ол “осы ауылдағы селтеңдеген жап-жас тоғыз қызды апарып жұмысқа тұрғызған. Күндiз ас пiсiредi, кiр жуады, түнде...”
Қазақтардың басқа қорлықтың бәрiне оянбаған азын-аулақ намысы өз қатындары мен қыздары шетелдiктер берген аз ғана тиын-тебенге сатылып, солардың төсегiне барып жатқанда ғана ояна бастайды. Бұлар қырып-жоятындай болып түнделетiп келсе, “ақшулан төс жүнi бұрқыраған, еңгезердей шетелдiктiң қолтығынан iш көйлегi ағараңдап Айжанның басы ғана көрiнедi...”.
– Бұл менiң қатыным! Шығар берi! – деген күйеуiне Айжан:
– Крис менiң байым. Тиiп алғам! – деп күйеуiнiң қолын қағып жiбередi. Бұл кезде басқа вагонда тоғыз шетелдiктiң жанында жатқан тоғыз қазақ қызы да өздерiн iздеп барған қазақ жiгiттерiне қарсы шетелдiктермен қосылып «шабуылға шығады”.
– Намыс қайда?–дейдi жiгiттердiң бiреуi оларға.
– Ақша тауып, әйел қылсаңдар қой деппiз бе?
– Ұят қайда?
– Ұятыңды басыңа езiп жақ!
Мiне, қазақтың әйелдерi мен қыздары қалай өзгерген?! Ақырында өз әйелi мен қыздары шетелдiктермен қосыла сабап, таяқ жеген қазақ жiгiттерiнiң қашып бара жатып оларға шығарған ең соңғы “үкiмiнiң” түрiн қараңыз:
« – Өңшең жәлап! Тапқандарыңды бөлiсесiңдер!»
Осы жерде жазушы әсiрелеуге жол берген бе? Жоқ! Ешқандай әсiрелеп тұрған жоқ. Өмiр шындығын берiп отыр. Өмiр шындығын қорытып, көркемдiк ой елегiнен өткiзiп отыр.
Осы әңгiменiң бiз қазiр ғана келтiрген үзiндiсiнiң өзi-ақ Рахымжан Отарбаев көрген-бiлгенiн жалаң суреттеушi, жалаң тамашалаушы емес, керiсiнше туған ұлтының бүкiл iшкi үнiне, күрсiнiсi мен күңiренiсiне, оның мына қоғамға деген бүкiл разылығы мен наразылығына ұдайы құлақ түрiп, көз салып отыратын қыран сезiмдi тамыршысы екенiн ап-анық көрсетiп тұр. Ол жан-жақтан алуан түрлi пиғылмен келген жат елдiктер кеудесiн шұрық тесiк қып жатқан туған даласының ыңыранған үнiне құлақ түредi. Соның нәтижесi шығар, бүгiнгi қазақ ұлты мен қазақ даласының көкiрегi шерге толы сәбиiндей осы шығарма дүниеге келдi.
Рахымжан осынау шағын әңгiмесiнде, әсiресе, мына бiр мәңгiлiк ақиқатты оқырманның алдына көлденең тартады және соған оқырманды сендiредi де. Осыдан жүз жыл бұрын қазақ даласына көз тiккен шетелдiк алпауыттар қалай оңай жерден пайда тапқысы келсе, Қазақстанға дүмеп енiп жатқан қазiргi шетелдiк байлардың құлқыны да, мақсат-мүддесi де дәл солардiкiндей. Қазақты бұлар қиындықтан алып шықпайды! Бұлар қазақты ешуақытта жарылқамайды! Қазақты қиындықтан алып шығатын – қазақтың өзi. Басқа ешкiм де емес!
Тiлде құнар болуы керек. Мұндай тiл прозалық шығарманы әрлеушi, көркемдеушi, әсерлеушi қызмет атқарады. Бұл орайда қазақтың теңдесi жоқ шешендiк өнерiнен сусындап, кейде уытты, кейде шымшымалы аз сөздiң өзiмен көп мағына беретiн, ордалы ой тастайтын дәстүрлi сөз саптауының түпкi тамыр-тiрегiнен қол үзбей, соны шебер дамытып келе жатқан жазушы осы күнi бар десек, соның бiрi – Рахымжан Отарбаев: «Кеш кiрiп, еспе самал бел ала алдарынан бозбала жолықты. Қолында бүйiрi майысқан қара шелек. Шелектiң бiр құлағында сынық сүйемдей қызыл жiп қылтияды. Даланың тақтайдай айдау жолымен iздiк шаң көтерiп кеп “Lexus” тiзгiн тартқан. Қуығын зәр қысып келе жатты ма, тамағы қатпар-қатпар қарындысы аулақтау шығып, ауын iздеп кеттi...», «... Өңешiнiң өзi үрейiңдi ұшыратын қара құбырлар дүниенiң төрт торабы менiкi дегендей күн сайын бiрiнен-бiрi мойын оздырып жатты». Бұл сөйлемдердi түгел талдап жатсақ, тiл ғылымын қуалап кетермiз. Осындағы “еспе самал”, “iздiк шаң” деген сөздердi осы күнгi оқырман түгiл “сөздiң түбiн түсiретiн” екiнiң бiрi бiле бермейдi. Мысалы, бiздiң ақындар “толқын”, әрi кетсе “ақжал толқын” дегендi ғана жиi қолданады. Сөйтсек, толқынның да еспе толқын, көшпе толқын, маңғаз толқын, самсоз толқын, сипама толқын дегендей түр-түрi өте көп екен ғой. Осындай сирек қолданылатын қазақ сөздерiн жазушы әңгiмеде өте орайымен ұтымды пайдаланады.
Жазушы Рахымжан Отарбаевтың бiз сөз етiп отырған әңгiмесi – қазiргi күнi тәуелсiздiктi жырладым деп дәм-тұзы жоқ лепiрме нәрселердi кiтап қып, онысын ақша төлеп шетелде шығарып, неше түрлi сыйлық алып, ана жерде де, мына жерде де жеңiмпаз атанып жүргендерден тумысы да, жаратылысы да бөлек, шоқтығы биiк шығарма. Бұл –кешегiнi бүгiнгiнiң есiне салу, бүгiнгi кем-кетiктi қаперге алу. Иә, бiз кеңестiк 70 жылдың iшiнде небiр құнды шығармаларды дүниеге келтiрдiк. Қазақты сол кезде-ақ әлем таныған. Бiрақ коммунистiк идеологияның құрсауынан шыға алмадық. Ендi бiзге қазақ ұлтының, оның бүгiнгi ұрпағының ұлттық санасын, ұлттық намысын оятатын әдебиет, ұлтты алға жетелейтiн, алға жетелегенде де өзгенiң қаңсығын таңсық көрiп, солардың соңынан жалпылдап желiп отыратын әдебиет емес, өзiне тән ұлттық сораппен, ұлттың жолымен ұрпақты алға жетелейтiн әдебиет керек. Ұлт өмiрiнiң шындығын, қоғамның шындығын бейнелеп беретiн, соны көркемдiк електен өткiзе алатын әдебиет керек. Былайша айтқанда, бiздiң қаламгерлерiмiз бүгiнгi өлiп-тiрiлiп, жылап-еңiреп Мемлекеттiк сыйлық алып жүргендерден өзгеше, 40-тан астам адамға “оптом» берiлетiн “Алаш” сыйлығының иегерлерiнен өзгеше, нағыз тәуелсiз ұлттың тәуелсiз әдебиетiн жасаушылар болуы керек. [5]