ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 29.03.2024
Просмотров: 108
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
№14 Дәріс. Анықтама, акт толтыру
Жоспар
-
Анықтама, оның түрлері -
Актілер -
Анықтама – мазмұны белгілі бір фактіні немесе оқиғаны дәлелдейтін, растайтын ісқағазының бір түрі.
Анықтаманың құқықтық дәрежесі жоғары, заңдық күшке ие. Себебі біздің жеке басымызды куәландыратын құжатымызды жоғалтып алған жағдайда, оның орнын уақытша анықтама ауыстыра алады. Сондай- ақ, перзентханаларда сәбидің өмірге жаңа келгендігін растау үшін де анықтамалар беріледі.
Анықтаманың түрлері:
1. Жеке адамға қатысты анықтама.
2. Қызметтік анықтама.
1. Жеке адамға қатысты анықтама
Анықтама көп жағдайда жеке адамға байланысты нақты бір ақпаратты растау үшін беріледі. Мысалы: тегі, аты-жөні, туған күні, туған жері, еңбек өтілі, атқаратын қызметі, мамандығы, білімі туралы мәлімет, т.б.
Анықтамада берілген мәлімет әр кез мұқият тексерілуі қажет.
Мәліметтің дәлдігін тексерумен кадр бөлімінің қызметкері немесе ұйым жетекшісі, өкілдік берген хатшы айналысады.
Анықтама беру журналындағы рет санының өсу тәртібіне орай, әр анықтамаға нөмір қойылады және бірнеше дана берілсе, ол да көрсетіледі.
Берілген анықтаманың көшірмесі мекемеде қалдырылмайды. Кейбір ерекше жағдайда көшірмесі қалдырылатын болса, ол жеке іс бумасына немесе қызметкердің жеке ісіне тігіледі.
Анықтама А5 форматты параққа дайындалады. Кейбір көлемі үлкен анықтамалар үшін А4 форматты қағаз парағы пайдаланылады.
Мекеме жетекшісі өз билігі мен өкілеттілігінің шеңберінде ғана анықтама беруге және оны растап қол қоюға құқы бар.
Анықтама беруші жауапты адамның қолы ұйым мөрімен расталады.
Анықтамадағы қызметтік сипаттағы мәліметті тиісті бөлім қызметкері тексереді. Мысалы, еңбекақы туралы мәліметті бухгалтерия бөлімінің қызметкері, белгілі бір мекемеде жұмыс істейтіндігі туралы мәліметті кадр бөлімінің қызметкері тексеріп, дайындайды.
Кез келген анықтаманың тіркелген нөмірі, жауапты адамның қолы, мекеме мөрі болғанда ғана заңды күші бар.
Құрылымы:
1. Құжат атауы.
2. Берілген күні, айы, жылы, нөмірі, орны.
3. Негізгі мәтіні.
4. Анықтаманың қай ұйымға арналып берілгендігі туралы мәлімет.
5. Анықтаманың жарамдылық мерзімі жайлы мәлімет.
6. Анықтама мәтінінде жазылған мәліметтің растығына жауапты ұйым жетекшісінің лауазымы, аты-жөні, қолы.
7. Анықтаманы беріп отырған ұйымның мөрі.
Акт
Акт – бірнеше лауазымды адамдардың белгілі бір фактіні не оқиғаны растап қол қойған құжат түрі.Актіні жеке адам (тексеруші – резивор, сарапшы – аудитор, инспектор) толтыруы да мүмкін.
Актілер кәсіпорынның не оның бөлімшесінің және жеке лауазымды адамдардың қызметін тексеру қорытындысы бойынша, мүлікті не құжатты қабылдау – өткізу, объектіні немесе тауар – ақшалық бағалы заттардың кезінде жасалады.
Актіде мынадай деректер болады: кәсіорны атауы, құжат түрі, күні, индексі, жасалу орны, бектіу белгісі, тақырыбы, мәтіні, қосымшасы бар екні туралы белгі, қолы.
Актіге комиссия төреғасының және мүшелерінің қолы қойылады.
Актінің мәтіні екі бөліктен : кіріспеден, белгілеуші бөліктен тұрады.
Кіріспеде актіні жасауда негіз болған құжат түрі, оның нөмірі, күні көрсетіледі.Ары қарай лауазымдары көрсетілген комиссия құрамы, сондай-ақ тексеру кезінде адамдардың тізімі аталады.
Белгілеуші бөлігінде комиссия жұмысының мақсат-міндеттері, мәні баяндалып айқындалған фактілер рәсімделеді.Актінің саны мүдделі жақтарға қажетті мөлшерде жасалып, мәтін соныңда көрсетіледі.
Акт жасалған соң, комиссия оның мазмұны мен актіде аталған адамдарды қолхат алып таныстырады.
Акт әкімшілік тарапынан бекітіліп, басқару шешімдерін шығару үшін негіз болады.
№15 Дәріс. Жеке құрам бойынша құжаттарды ресімдеуге
қойылатын жалпы талаптар
Жоспар
-
Кадр құжаттарын ресімдеу -
Кадр құжаттарын жүргізуге қойылатын талаптар
Мекеменің басқару қызметі кадрларды іріктеуді және орналастыруды, азаматтарды жұмысқа қабылдауды, басқа жұмысқа ауыстыруды және босатуды да қамтиды. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, босату, кезекті еңбек демалысын беру, көтермелеу кезінде ресімделетін құжаттар жеке құрам бойынша құжаттар тобын құрайды. Бұл жеке құрам бойынша бұйрықтар, өтініштер, мінездемелер, еңбек кітапшалары, жеке карточкалар, сондай-ақ жеке іске тігілетін барлық құжаттар.
Кадр құжаттарының маңызы оларда азаматтардың еңбек етуге, білім алуға, зейнетақымен қамсыздануға және басқаларына құқықтарын іске асыруға қажетті мәліметтер белгіленетіндігінен көрінеді. Ал бухгалтерлік есеп үшін кадр құжаттары бастапқы есептік құжат болып табылады. Осы құжаттар негізінде бухгалтерлік есеп жүргізіледі. Сөйтіп, жеке құрам бойынша бұйрықтардың негізінде бухгалтер жалақы, үстемақы, сыйлықақы, іссапар шығыстарын және с.с.-ды есептеп төлейді.
Кадр құжаттарын жүргізуге қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының тиісті заң актілерінде белгіленген. Бастапқы есептік құжаттардың бірегейлендірілген нысандары бекітілген. Қажетіне қарай осы бастапқы есептік құжаттарға қосымша деректемелер енгізуге болады. Бұл ретте бастапқы есептік құжаттың бірегейлендірілген нысандарының барлық деректемелері (коды, нысанның нөмірі, құжаттың атауы) толығымен сақталады. Бірегейлендірілген нысанның кейбір деректемелерін жоюға жол берілмейді.
Енгізілетін өзгерістер ұйымның тиісті ұйымдық-құқықтық құжатымен (бұйрық) ресімделуі керек.
Кадрларды есепке алуға байланысты құжаттар нысанына мыналар жатады:
√ Қызметкерді жұмысқа қабылдау туралы бұйрық (өкім);
√ Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау туралы бұйрық (өкім);
√ Мемлекеттік қызметшінің жеке карточкасы;
√ Штаттық кесте;
√ Кезекті еңбек демалысының кестесі;
√ Ғылыми, ғалым-педагог қызметкерлерді есепке алу карточкасы;
√ Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру туралы бұйрық (өкім);
√ Қызметкерге кезекті еңбек демалысын беру туралы бұйрық (өкім);
√ Қызметкермен жасалған еңбек шартын тоқтату (бұзу) туралы бұйрық (өкім);
√ Қызметкерді іссапарға жіберу туралы бұйрық (өкім);
√ Іссапар куәлігі;
√ Іссапарға жіберуге арналған қызметтік тапсырма және оның орындалуы туралы есеп;
√ Қызметкерді көтермелеу туралы бұйрық (өкім).
Алайда осы нысандарды пайдалану кезінде оны бұлжытпай қайталау міндетті емес. Жоғарыда айтқанымыздай, оған азды-көпті өзгерістер енгізуге болады.
Келтірілген құжаттардың нысаны кадрлық операцияларды толықтай қамтымайды. Жекелеген жағдайларда жеке құрам бойынша бұйрықтар басқадай да жасалады. Мысалы, өндіріп алу, тегін ауыстыру, міндетін атқару туралы және с.с. Осы тектес құжаттарды жиі жасауға тура келсе, кәсіпорынның өз ішінде қолданылатын үлгі нысанын жасап, оны бұйрықпен бекітіп алуға болады.
Жеке құрам бойынша құжаттарға төмендегілер жатады:
● түйіндеме (резюме);
● өтініш (жұмысқа қабылдау, босату, ауыстыру туралы);
● жеке құрам бойынша бұйрықтар;
● еңбек кітапшалары;
● жеке істер;
● жеке карточкалар;
● еңбекақысы жөніндегі жеке шоттар және басқалары.
№16 Дәріс. Түйіндеме.
Жоспар
-
Түйіндеме туралы түсінік -
Түйіндемені жазу тәртібі
Түйіндеме – белгілі бір тұлғаның өмірбаяны, білімі, мамандығы, кәсіптік шеберлігі, біліктілігі, икемділігі жайлы нақты, қысқа мәлімет беретін ісқағазының бір түрі.
Түйіндеме (Резюме) – француз тілінен алынған термин. “Айтылған я жазылған мәселенің қысқаша түйіні” деген мағына береді.
Бүгінгі нарық заманында мемлекеттік органдарға, фирма, кәсіпорын- дарға қызметкерлер қабылдау үшін түйіндеме талап етеді. Түйіндемеде белгілі бір адам туралы мәліметтер ықшам әрі нақты түрде беріледі. Сауатты әрі толық жазылған түйіндеме сіз туралы жақсы әсер қалдырады. Бұл өзіңіз қалаған жұмысты тезірек табуға көмектеседі.
Жалпы тәжірибеде түйіндеме екі түрде жазылады. Бірінші – құжат атауы А-4 қағазының ортасына қою қара әріппен жазылады. Екінші – құжат атауы көрсетілмейді, үміткердің аты-жөні А-4 қағазының ортасына қою қара әріппен жазылады.
Түйіндемеде үміткердің «Түйіндеме құрылымында» көрсетілген мәліметтер беріледі.
Құрылымы:
1. Құжат атауы.
2.Үміткер туралы толық мәлімет: (аты-жөні, туған жылы, күні, айы, туған жері, ұлты, жынысы, отбасы жағдайы, азаматтығы).
3. Мекенжайы, телефондары, электрондық пошта (e-mail).
4. Үміттеніп отырған орны.
5. Білімі, бітірген оқу орындары.
6. Мамандығы.
7. Еңбек өтілі, жұмыс тәжірибесі.
8. Ғылыми атағы, дәрежесі.
9. Жетістіктері.
10. Тілдерді білуі.
11. Компьютерді білуі.
12. Жеке қасиеттері.
13. Қызығушылығы.
14. Қосымша ақпараттар.
15. Ұсыным хат немесе кепілдеме.
Түйіндеменің ерекшеліктері:
1) үміткердің білімі және кәсіби шеберлігі туралы мәліметтердің кері хронологиялық тәртіпте берілуі;
2) бір мезгілде бірнеше жұмыс орнына өткізуге болатындығы.
Түйіндемеде белгілі бір адам туралы мәліметтер ықшам әрі нақты түрде беріледі. Түйіндеме 3-ші жақта жазылады.
Түйіндеме берудің екі түрлі тәсілі бар:
-
1-ші хронологиялық; -
2-ші функционалдық.
Хронологиялық тәсіл. Алдымен қазір істеп жүрген жұмысыңыз көрсетіледі де, ары қарай «кері хронологиялық» ретпен жазылады. Яғни, соңғы орында сіздің бірінші жұмыс орныңыз, я болмаса бірінші аяқталған оқу орны жазылады.
Егер сіздің жұмыс өтіліңіз көп болса, алдымен кәсіптік жолыңызды көрсеткеніңіз дұрыс. Ал оқу орнын жаңа аяқтаған, қызметті жаңа бастағалы тұрған адам оқыған оқу орны, алған мамандығы жайлы мәселені негізгі назарда ұстайды.
Функционалдық тәсіл. Бұл тәсіл білімі мен біліктілігі, жұмыс тәжірибесі мол адамға лайықты. Бірақ, мұнда да жұмыс өтілі «кері хронологиялық» ретпен беріледі де, одан кейін білімі жайлы мәліметтер көрсетіледі. Егер бір мекемеде бірнеше жыл қатарынан істесеңіз, онда жұмысыңыздың жалпы сипаты өзгермеген болса, бәрін тізіп жатпай-ақ, қысқаша жазуға болады. Мысалы, «1980-2010 жылдар аралығында №107 мектепте І, ІІ, ІІІ, ІV дәрежелі математика пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарды».
Соңғы жұмыс орнынан немесе жеке адамның атынан алынған кепілдеме болса, оның бар екендігі түйіндемеде бір сөзбен айтылу керек. Қажет деп тапқан жағдайда ол түйіндемемен бірге тапсырылады.
Түйіндеме жазу барысында сізді жұмысқа қабылдайтын басшыға түйіндемені оқып шығуға ыңғайлы болуы үшін түйіндеме құрылымының сол жақ бағаны қою қара әріптермен айқын көрсетілгені дұрыс.