ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 02.05.2024
Просмотров: 63
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ф. Н. Жұмабекова, А. А. Ойшыбаева
ҚҰРАСТЫРУ
Әдістемелік нұсқау
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы
бойынша ересектер тобының (5–6 жас) педагогтеріне арналған
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрлігі ұсынған
Алматыкiтап баспасы
2018
Жұмабекова Ф.Н, Ойшыбаева А.А.
Құрастыру. Әдістемелік нұсқау. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бойынша ересектер тобының (5–6 жас) педагогтеріне арналған /Ф.Н. Жұмабекова,А.А. Ойшыбаева/Алматы: Алматыкітап баспасы, 2018. –54 б.
© Жұмабекова Ф.Н., Ойшыбаева А.А., 2018
© «Алматыкітап баспасы» ЖШС, 2018
Түсініктеме
«Құрастыру» оқу-әдістемелік кешен жаңа буынның төмендегі нормативтік құжаттарына сәйкес дайындалды.
-
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 ж. 15 мамырдағы № 292 қаулысымен бекітілген). Аталған стандарт Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі және мектепалды даярлық білім берудің жаңа методологиялық негізін анықтайды. -
1 жастан 6(7) жастағы балаларға арналған Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2016 ж. 22 маусымдағы № 391 бұйрығымен бекітілген). -
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2016 ж. 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген). Жаңартылған бағдарлама мектепке дейінгі білім берудің контекстегі 5 білімдік саласына жаңа мазмұн ұсынып отыр.
«Құрастыру» ұйымдастырылған оқу қызметінде балалар белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алады. Балалар нәтижеге жету үшін арнайы уақыт бөлініп, оны орындауға күш жұмсайды. Ұйымдастырылған оқу қызметі барысында педагог балалардың қызығушылығын арттыра отырып, өздігінен оқу қызметіне белсенді араласуына, құрастырумен айналысуда өз шеберліктерін көрсете алуына жағдай жасауы қажет. ҰОҚ-де балалардың құрылыс материалдарымен, қағазбен, табиғи материалдар және өндіріске қажетсіз заттармен жұмыс жасағанда еркіндік беру, өздері қалаған орындарына отырып жасауға, ыңғайлы орынға жайғасуына және басқа құрбыластарымен ақылдасып, бір-бірінен сұрап, көмек көрсетіп, пікірлесе алатындай болуы шарт. Ұйымдастырылған оқу қызметі барысында балалармен қарым-қатынас өзара ынтымақтастыққа, сенім білдіруге, балалардың жетістіктеріне, еңбек нәтижелеріне үлкендердің және құрбыластарының тарапынан қуаныш сезімдерінің болуына көңіл бөлу керек.
Педагог құрастырумен шұғылдану үшін балаларға оқу қызметінің барысын көрсетіп, түсіндіруі өте нақты, қысқа да нұсқа болуы, көп сөзділікке ұрынбауы ескеріледі. Ұйымдастырылған оқу қызметін бағыттауға нақты нұсқау беріледі, үнемі отырып жұмыс жасау балаларды шаршататындықтан, құрылыс материалдарымен түрегеліп тұрып жұмыс жасауына рұқсат етуге болады. Балалар құрастыру жұмысын біреуі ерте, біреуі кеш аяқтаулары мүмкін, мұндай жағдайда ерте бітірген балалар қосымша тапсырма алады немесе қасындағы жолдасына көмектесуіне болады. Тапсырмаларды белсенді орындауға, ҰОҚ аяқталғанда талдау жасауға барлығы қатыстырылады. Ұйымдастырылған оқу қызметі барысында бірнеше балада немесе топтың жартысында құрастыру қызметінде кемшіліктер кездессе, онда ескертуді барлық балаға айтуға болады, егер бір-екі бала ғана орындай алмаған жағдайда жеке-дара нұсқау беріледі. Педагог балаларға үнемі құрастыруға арналған міндеттерді өздігінен шешуге, дербес әрекет етуге, ойлануға және өздері жасап көруге бағыт береді, жағдай жасайды. Еңбек нәтижесін үнемі тәжірибеде пайдалана алатындай, мысалы: көрме ұйымдастыру, аналарына, үлкендерге, достарына сыйға тарту, ҰОҚ-де қатыстырылатын қоян, күшік, мысық, құстар т.б. «кейіпкерлермен» отырып ойнай алуға көңіл бөлінеді. ҰОҚ баланың қызығушылығын оятатындай және ойлануға, шығармашылықпен әрекет етуге ықпал жасауы тиіс. ҰОҚ-де көркем сөз, өлең оқу, жұмбақ жасыру, ертегі айтып берудің де маңызы өте зор. ҰОҚ-нің соңында талдау жасауда барлық жұмыстар назардан тыс қалмауы керек. Құрылыс материалдарымен жұмысты талдауда құрылыстың жеке бөліктерін, қалай құрастырылғаны туралы баяндайды.
Ойыншықтар арқылы жасалған құрылыс немесе заттар ойын іс-әрекетіне ауысқаны маңызды болмақ. Талдау барысында ойыншықтардың атынан сөйлеуге, жетістіктері мен кейбір кемшіліктердің себептерін анықтап, оны түзету бағытында айтылған пікірлер пайдалы болары сөзсіз. Бұл топта балалар өздерінің құрылыстары, жасаған заттары жайында өздері әңгімелеп, жолдастарының еңбегіне де талдау жасауға, өз ойларын айтуға дағдыланады. Бірін-бірі сыйлауға, өз жолдастарын құрметтеуге, қайырымдылыққа тәрбиелеуге баса назар аударылады. Оқу қызметі барысында баяу қойылған саз әуенін пайдалануға болады.«Құрастыру» білім беру саласы бойынша дайындалған осы ОӘК балалардың жан-жақты дамуына көмегін тигізіп, туындаған сұрақтардың шешімін табады деп сенеміз. Жұмыстарыңызға жетістік тілейміз.
Сіздерге құрмет көрсетіп,серіктестік қарым-қатынаста
болатындығымызға сенім артамыз.
Авторлар
«Құрастыру» ұйымдастырылған оқу қызметінің әдістемесі
«Құрастыру» ұйымдастырылған оқу қызметінде ағаштан немесе пластмастан жасалған ұсақ және ірі құрылыс материалдарының жиынтықтары пайдаланылады. Сондай-ақ, құрылыстың мазмұнын толықтыратын қосымша материалдар, ойыншықтар қажет болады. Жұқа тақтайшалар, сынбайтын әйнек (оргстекло), қатырма қағаздар, пластиналар т.б. құрастыру жұмыстарында пайдаланылады. Құрылыс материалдарына: тіктөртбұрыштар, үшбұрыштар, текшелер, цилиндр мен конустар, дөңгелектер, жалпақ, жіңішке пластиналар, түрлі түсті кірпіштер, призмалар және т.б. жатады.
Құрастыру барысында белгіленген тақырыпқа сәйкес (көліктер, үйлер, көпірлер т.б.) иллюстрациялар, суреттер, фотосуреттер сызба кестелер, алдын ала дайындалған суреттерді үлгі ретінде көрсетіп, талдау жасайды. Құрылыс материалдарының жиынтықтары барлық балалар санына жеткілікті болғаны балалардың оқу қызметіне қызығушылығын арттырады. Балалар топта өздері отыратын үстелдерінің үстінде құрастыруына немесе бос орындарда құрастыруларына рұқсат етіледі. Ұсақ құрылыс материалдары қораптарда сақталады, ірі құрылыс материалдары арнайы сөрелерде жинақталады және жабық жерге орналастырылады. Педагог балалардың алға қойған міндеттерді шешуіне жағдай жасайды, олардың өздігінен әрекет етуінің арқасында құрастыру дағдылары қалыптасады, есте сақтай алады, кеңістікті бағдарлайды, белгілі бір затты құрап шығаруға, нәтижеге жетуге ұмтылады. Құрылыс материалдарының қалың, жұқа, ұзын, қысқа, жуан, жіңішке, дөңгелек, үш бұрышты, төрт бұрышты немесе көп бұрышты болатынын түсініп, құрылыс жасауда жаңа бөлшектермен танысып, оның сапасы жайында мәліметтер алады.
Ірі құрылыс материалдарымен құрастыруда оны кеңістікте дұрыс орналастыра алуға, ұжымдық жұмыс жасауға, бір-бірімен ақылдаса отырып тапсырмаларды бөлісуге, өзара келісімге келуге үйренеді және ұжымдық еңбек нәтижесіне бірлесіп жетуге дағдыланады.
Аталған материалдарды балабақшада құрастыру ҰОҚ-ін әдістемелік тұрғыда тиімді өткізу үшін алдын ала дайындап қою қажет, материалдық база жабдықталуы шарт және оқу қызметіне жағдай жасалуы керек.
Қағазбен жұмыс:
Қағазбен құрастыруда төмендегідей міндеттер жүзеге асырылады:
-
қағазды қос бүктеу, үш бұрыштап бүктеу, бірнеше қабаттап бүктеу, сызықтары бойынша сындыру, әртүрлі пішіндерге келтіру; -
төрт бұрышты бүктеу арқылы бейнелер жасау және оны әшекейлеу; -
конус пішіндерден бейнелер жасату;
-
цилиндр пішіндерден бейнелер жасату; -
қораптардан аңдардың, құстардың бейнелерін жасау, ұсақ бөлшектерін толықтыру; -
қағаздың түрлерін (қатырма қағаз, фольга, түрлі түсті қағаздар, жұқа қағаз т.б.) тиімді пайдалана білу және үлгі, трафарет, шаблондармен жұмыс жасай білуге үйрету; -
оригами тәсілімен түрлі аңдар, құстардың бейнелерін жасату; – қағазды умаждап бүктеу арқылы бейнелер жасату.
Балалардың назарын ҰОҚ-нің тақырыбына аударып, қызығушылығын оятады. Оларға әңгімелесу арқылы, иллюстрациялы суреттер көрсету, жұмбақ жасыру және таңдану сәттері арқылы тақырыпты ашуға әрекет ету керек. Педагог умаждап бүктеуді өзі көрсете отырып, бейнелейтін заттың бөліктерін қалай жасау керектігін көрсетеді. Пайдаланатын қағаздар ақ немесе түрлі түсті болуы мүмкін. Қағаз балалардың саусақтарының ұсақ қол моторикасын дамытуға ықпал етіп, жұмыс жасауға кедергі келтірмейтіндей өте қалың және қатты болмауы шарт, өте жұқа, жұмсақ болса да жыртылып қалады. Егер жасалатын заттың бейнесі бірнеше бөліктен тұратын болса, бірнеше қағазды умаждап бүктеп дайындап алып, содан кейін біріктіруге болады. Ұсақ бөлшектерін толықтыруға бояу, фломастер, желім, қайшы, гофриленген қағаздар, қажетсіз заттар т.б. пайдаланылады. Ұжымдық жұмыстар орындауда педагог алдын ала оны орналастыратын орындарын дайындап қояды, оның жасалу сапасына, мазмұнына мән береді. Алдымен қағаздың өлшемін нақтылап алып оны алдын ала дайындап қояды. Орындалу ретін түсіндіреді:
-
(6х6, 8х8, 10х10) өлшемдегі парақ қағазды алып оны екі қолымен умаждап бүктейді, оны жазып қайта сипалап тегістейді; -
қағазды екінші бетіне аударып алып қайтадан умаждап, тағы да алақанымен сипап тегістейді; -
қағазды алақанына салып умаждап, оң қолына салып қысып, домалақтайды, сол қолына ауыстырып тағы да қысып домалақтайды; -
қағаз жұмсақ, домалақ пішінге келгенше осындай іс-әрекетті бірнеше рет қайталайды; -
орындалу кезеңдері: қағазды умаждап бүктеу арқылы домалақтар жасап алып, оларды белгілі бір пішіндерге сәйкес бейнеге келтіреді:
Табиғи материалдармен жұмыс.
Табиғи материалдармен жұмыс жасауда төмендегідей міндеттер жүзеге асырылады:
-
өзі жасайтын заттардың пішініне, көлеміне сәйкес табиғи материалдарды таңдап алу; -
негізгі әдіс-тәсілдерді пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру (материалдың артық бөлігін тазалап алу, құрастыру, кеңістікте орналастыру, бірбіріне бекіту, беріктігін сақтай білу т.б.); -
заттың бейнесін ұқсата алу, тұтас бейнесін бере білуге үйрету; -
бала өз қалауы бойынша бейнеге мазмұн бере білуге, табиғи материалдардың өзіндік ерекшелігін сезініп ұқыпты жұмыс жасай алуға жаттықтыру; -
табиғи материалдарды пайдалану арқылы балалардың ой-қиялын дамыту, шығармашылықпен еңбек нәтижесіне жетуге ынталандыру.
Қажетсіз заттармен жұмыс.
Қажетсіз заттармен жұмыс жасауда ҰОҚ-де және бос уақыттарында жұмыс жасау арқылы төмендегідей міндеттер жүзеге асырылады:
-
жасайтын бейнелерге сәйкес қажетсіз заттарды таңдап алу; -
оларды әртүрлі заттардың бейнесіне келтіру, оны әсем етіп әшекейлеу; -
қораптардан аңның, жануарлардың, құстың бейнелерін және көлік түрлерін т.б. жасай білуге үйрету; -
сым темірден қуыршақтар, бақа, күшік, мысық, кірпі және құстарды бейнелеуге үйрету; -
күріш, тары, қарақұмық дәндерін, жемістің сүйектерін және жүгерінің дәнін т.б. пайдалана білуге үйрету; -
босаған құтылар, қақпақтар, поролон, пенопласт, губка, мақта т.б. заттарды пайдалану дағдыларын қалыптастыру.