ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 04.02.2024
Просмотров: 114
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Бұл қырғыз ғалымы тарапынан айтылған сараң жолдармен тоқырау лебі ескен бір сарынды солақай сындардың астарында А.Байтұрсынұлы секілді ағартушының қазақ-қырғыз елінің ағарту саласында атқарған телегей-теңіз еңбегінің орынды бағаланбай, ат үсті сыналғаны жатыр. Әрине, бұл тоқырау кезеңінің жаттанды да сүреңсіз стилі болатын.
Сөзсіз жоғарыдағыдай кезеңде, яғни қырғыз балаларын өз ана тілінде оқытар, сауат аштырар әліппе, оқулықтар жоқ тұсында қырғыз мұғалімдері арасында әдістемелік жұмыстың ойға да алынбасы белгілі ғой. Сөз соңында айтар нәрсе, қырғыз секілді туысқан елдің осы қиын да күрделі кезеңде тіл ерекшеліктері жағынан көп ұқсастық байланыстары бар қазақ елінің әліппелерін – А.Байтұрсынұлы жазған әліппелер арқылы сауатын ашса, сондай-ақ, ағартушы-реформатор түзген қазақ алфавитіне сүйене отырып, өз қырғыз графикасын жасағандығының анық екендігі.
2.Ахметтану: оқу-әдістемелік еңбектері, ағартушылық-риторикалық, ғылыми-тәжірибелік тұжырымдарының бүгінгі тұспен сабақтастығы.
2.1.Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-әдістемелік еңбектеріндегі ағартушылық бағыттардың жүйелік сипаты
А.Байтұрсынұлы ағаш әліппе, оқулық, тіл құралдарды жүниеге келтіруімен бірге, осы оқу құралдарын практикада қалай пайдалануға болады, әліппе тіл құралдарындағы жадығаттарды шәкіртке қалай ғылыми тұрғыда меңгертуге тиіспіз деген мәселе жөнінде де ойлаған. Ол – өз заманының әдістемелік теорияларын өте жақсы меңгерген ғалым. Озық елдердің тіл оқыту әдістемелік ілімін жетік білуі қазақ тілін оқытуға арналған төл әдістемелік еңбектер жазуға әсер еткен, өйткені оедай еңбектер жоқ еді және қажет еді. Бұл бағыттағы мол жазбаларынан «Баяншы», «Әліппе астары», «Нұсқаушы» (қай жылы жазылғаны белгісіз), «Тіл жұмсар» секілді әдістемелік еңбектерін және «Баулу мектеп», «Жалқылау (айырыңқы) әдіс», «Қай әдіс жақсы?», «Дыбыстарды жіктеу туралы» мақалаларын атауға болады. Бұлардың ішіндегі автордың «Әліппе астары», «Нұсқаушы» деген екі кітабы әзірге қолға түспеуде. А.Байтұрсынұлы мұраларын жинаушылардың айтуына қарағанда, бұл еңбектер Мәскеу, Санк-Петербург, Уфа қалаларының кітапханаларынан да кездеспеген. Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен Ғылым академиясының сирек қолжазбалар бөлімінен де ұштастыра алмаған. Дегенмен аталған әдістемелік дүниелер қолымызға түспегенмен, кейбір деректерге сүйене келіп, бұл еңбектердің қандай бағытта жазылғанын аңғаруға болады. Мәселен, әйгілі жазушы М.Әуезов А.Байтұрсынұлы жұмыстан босаған кезде қазақ мектептеріне керек кітаптарды жазып жүргенін айта келіп, «Бұрынғы оқушыларға белгілі», «Тіл құрал», «Оқу құралдарынан» басқа, соңғы жылдарда «Әліппе асарын» һәм қазақша әліп-би бойынша үйретушілер үшін шығарылған баянщы» деп көрсетілген. Әдіскер М.Жұмабайұлы да А.Байтұрсынұлы әліпенің дыбыстық әдіспен құрылғанын сілтей келе: «Бұл алифба бойынша қалай хат танудың жолы А.Байтұрсынұлының «Баяншы» һәм «Әлифба астары» деген кітаптарында көрсетілген. Мұғалімдер соларды жолбасшы қылсын»-деп жазады. Ал ғалым Р.Сыздықова: «Оқу құралдың» пайдаланудың, жалпы сауат аштыру әдістерінің жөн-жобасы «Әліпби астары» атты методикалық еңбегінде көрсетеді»,-деген. АлМУ архивында сақталған 1929 жылдың мамырдың 5-інде А.Байтұрсынұлының өз қолымен жасап берген «Газет және журналдарды жарияланған басқа ғылыми, ғылыми-методикалық еңбектердің тізімі» деген құжатта «Әліппе астар» - әліппеге методикалық нұсқау» іспеттес жолдар бар.[8,6].
А.Байтұрсынұлының «Баяншы» әдістемелі нұсқауы 1920 жылы Қазан қаласының алтыншы мемлкеттік баспаханасында жарыққа шықты. Көлемі 15 бет. Таралымы 8 600 дана. Кіндік қазақ өзгеріс комитетінің оқу бөлімі бастырған. Еңбектің титул бетінде «қазақ мұғалімдері үшін» деп көрсетілген. Әдіскер нұсқауға жазған сөз басында: «Жаңа оқу жолымен таныс емес оқытушылар төмендегі «Қазақ дыбыстары һәм жазу белгілері» деген һәм «дыбыспен жаттығу» деген екі сөзді оқып әліппе қалай тәртіп етілгенін көріп, оқу бастауы артық емес. Бұл екі сөз оқушылар емес, оқытушылар үшін жазылған,-деп те көрсетеді. Бұл еңбек –ағартушының көп жыл бала оқыта жүріп жасаған әдістемелік тәжірибесінің түйіні, тұжырымы. Оған А.Байтұрсынұлының «Адамның өзінде кәмілдік болмаған соң, ісінде де кәмілдік жоқ. Сондықтан 14 жыл бала оқытып аңғарған, сезген, білген іс көргендігім болса да, әліппе мінсіз болады демеймін. Ұнамсыз мінді жерін аңғарған адамдар көрсетсе, көп-көп алғыс айтамын – деуі де дәлел.
«Баяншы» 1920 жылы баспа жүзін көрді дедік. Бірақ әдістемелік нұсқаудың жазылуы бұдан ертерек секілді. Бұны алғаш байқаған тілші ғалым Р.Сыздықова жоғарыдағы аталған еңбегінде былай деп жазады: «1912 жылы шыққан бұл «Әліппеден» біздің көңілімізді бір мағұлмат аламыз, ол – А.Байтұрсынұлының «Баяншы» атты методикалық кітапшасы сол кезде-ақ бар екендігі. Оған мына текст дәлел: «Бұ әлифбадағы қай харф қандай дыбыстың белгісі, олар қай орында қалайша жазылмақшы – бұлар жайын «Баяншы» деген кітапшадан қараңыз». Тілші ғалым пікіріне қосыламыз. Келтірілген үзіндіге жүгінсек, сауат аштыру, тілді оқыту әдістемесінің негізін жасауға ұмтылыс нәтижесінде әзірленген «Баяншы» еңбегі 1912 жылға дейін дүниеге келген болып шығады.
«Тіл жұмсар» әдістемелік нұсқауы екі кітаптан тұрады. Алғашқысы 1928 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақстан баспасынан жарық көрді. Көлемі 46 бет. Әдістемеліктің титул парағында «Сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын 1-ші кітап. Білім ордасы 1-ші басқыш мектепте ұстауды ұйғарған», -деп жазылған. 90 беттік көлемдегі «Тіл жұмсардың» екінші кітабы 1928 жылы (сыртқы бетінде 1929) Қызылорда қаласында басылады. Еңбектің «Дәйектеме» деп аталған бөлімінде А.Байтұрсынұлы жетекші құралдың ерекшелігіне жан-жақты сипаттама береді. Автор: «Бұл «Тіл жұмсар» деп ат қойып отырған кітап ана тілін жоғарыда айтылған жаңа жолмен (тәжірибе арқылы білім алу) үйретуге ыңғайланып шығарылған. Мұндағы білім – «Тіл құралындағы» білім, бірақ сол білімді мұнда үйрету жолы басқа. «Тіл –құрал» қазақ тілі қандай құрал екендігін тұтас түрінде таныту үшін, түрлі бөлшектерін, тетіктерін ұсағын ұсағынша, ірісін ірісінше жүйелі тұрған орнында алып көрсетіп, танытады. «Тіл жұмсар» сол үлкен құралдың бөлшектерін, тетіктерін балаға шағындап бөлек-бөлек ойыншық сияқты құрал жасап, соларды танытып, соларды жұмсату арқылы барып үлкен құралды танытады», -деп бастайды. Одан әрі әдіскер нұсқау бөлімінде қамтылған мәселелерді, оларды меңгерудегі алға қойған түпкі мақсатты айқындайды.
«Тіл жұмсардың» қазіргі екі бөлімі ғана шығып тұрғанын айта келіп, бірінші бөліміндегі жүргізілетін жұмыстарға мыналарды қосады:
1)Әріптер мен әріп белгілерін. Түрлі орында көбірек жұмсалатын сөз бөлшектері мен сөйлем бөлшектерін жаза білу.
2)Дәйекші керек қылмайтын дыбыстардың әріптерін білу.
3)Сөздердің жекелік, көптік түрлерін тану.
4)Көбінесе айтылатын сұрау сөздермен танысу.
5)Жеңіл сұрауларға жауап жаза білу.
6)Жеңіл бүркеулерді аша білу.
7)Сөзге үйлесетін сөз теріп ала білу.
8)Оңай туатын сөздерді туғыза білу.
9)Сөздерді сипырға (цифр), сипырды сөзге айналдыра білу.
10)Тасымалдаумен танысу [9,8].
Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы: «бұл бөлімде бақылау мен мәнісін білу жағынан тура тұтыну тәжірибе жағы басым болып отырады. Және бір ескертетін нәрсе 1-ші бөлімде берілген тілтану білімі «Әліпбидегі» әңгімелермен байланысқан. Оны сол ретте басқа кітаптардағы әңгімелермен байланыстыруға болады. Мұнда тек байланыстыру жолы, жөні осы ретше болу тиістілігіне үлгі үшін байланыстырып көрсетілген»,-дейді. «Тіл жұмсардың» 2-бөлімінде 1-бөліміндегілердің көбі қайта келетіндігін, бірақ олар пысықтау ретінде емес, бұрынғы бөлімдерді тереңдетіп, аудандарын кеңейтіп білдіру ретінде ұсынылатынын ескертеді. Енгізілген жаңа жұмыс түрлері ретінде мыналарды атайды. 1)Сөйлемдердің түрлерін тану. 2)Сөздердің, дыбыстардың негізгі түрлерін тану. 3)Орын талғайтын дыбыстармен танысу. 4)Сыбайлас дыбыстардың бір-біріне ететін әсерлерімен танысу. 5)Дауыс екпінін тану. А.Байтұрсынұлы бұл бөлімде тәжірбие арқылы байқаумен алған білім жұмсау жүзінде іске асып, бақылау мен жұмсау екеуі де теңбе-тең бірдей жүріп отыратынын айтады.
Әдіскер дәйектемеде «Тіл жұмсардың» берер пайдасы жөнінде де түйінді пікірін білдіреді...» «Адағында (ақырында) айтып өтетінім емле үйретуге «Тіл жұмсардың» екі бөліміндегі қолданыстық нәрсе (материал) жеткілікті. Соның бәрін балалар дұрыстап, түгел қолданып өтсе, емленің 90 пайыз шамасы білуге дыбыс жүйелі. Оны білу үшін буынды жақсы тану, дұрыс буындай білу, сөздің буындарын біліп отырып жазуға әдеттену керек. «Әліп-би» мен 1-ші «Тіл жұмсар» беруге тиіс. Сөйтіп, бақылау мен жұмсау тәжірбие жолымен «Тіл құралды» үш бөлімінің беретін білімін алғанда, балалардың сауаты емле жағынан толық жеткілікті болмақ»,-дегені соған айғақ. А.Байтұрсынұлы дәйектемесі 1928 жылы наурыздың алтысында Қызылорда қаласында жазылған. Берілген үзіндіден және бір байқайтын мәліметіміз А.Байтұрсынұлының «Тіл жұмсар» әдістемелік нұсқауының үшінші кітабын да шығаруға жоспарланғаны. Қынжылатыны, ол еңбектің жарық көріп үлгермеуі. Сонымен «Тіл жұмсар» - ана тілін дұрыс қолданып, дұрыс тұтыну жолдарын үйрететін әдістемелік құрал.
Ғалым Р.Сыздықова бұл еңбектің ерекшелігін дәл байқап, «Қолданбалы грамматика» деп бағалады. Нұсқау «Тіл құрал» оқулығындағы грамматикалық ұғымдарға және «Әліпбидегі» мәтіндерге сүйенген.
А.Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінің біраз бөлігі мақалалар тобынан құралады. Әдіскер еңбектерінің библиографиялық көрсеткішінде «Ана тілінің әдісі» мақаласы мен «Оқу құралы» еңбегі де аталған. Бұл «Оқу құралдың» өзге оқу құралдардан айырмашылығы, онда «Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп-биге баяншы» -деп жазылған. Сондай –ақ қызғылт түсті жұқа мұқабасы сыртында «Метадические записки по-родному языку (на киргиз язык) деп те көрсетілген. Ал бірінші бетінде «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп келетін алты тармақты «Тарту» өлеңі берілген. Бұл шумақ алғаш рет А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынбордан шыққан тұңғыш әліппесінде жазылған болатын. Көлемі 14 беттік әдістемелік еңбек 1912 жылы Ташкент қаласында шығарылған. Таралымы 10 000 дана. Әдістемелік «Сөз басы» (2-3-бет) «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазу белгілері» (3-9-бет), «Дыбыс пен жаттығу) (9-14-бет) бөлімдерден тұрады.
Ал, «Ана тілінің әдісі» мақаласы 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарияланды. Бұған қоса ағартушының «Баулушы мектеп» («Трудовая школа») атты проблемалы мақаласы журнал бетінде басылған болатын. Өкініштісі сол, жоғарыдағы айтылған мақалада А.Байтұрсынұлының қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері топтастырылған «Тіл тағылымы» деген бағалы жинаққа енбеген. Бұл құнды зерттеме «Тіл тағылымы» секілді оқу-ағарту, әдістемелік еңбектері топтамасынан көрінуі керек еді. Аталған жазбалардың 1991 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Ақ жол» жинағына да ілінбегенін білуші едік. Әрине бұнда өлеңдер мен тәржімелер, көркем сөздері мен әдеби зерттеулерінің барлығы қосылған еді. Қысқасы, ілгеріде шығар А.Байтұрсынұлы жинақтарында кемтіктің орны толтырылуы тиіс.
Әдіскер ғалымның «Жалқылау» (айырыңқы) әдістері» (Аналитический метод обучение грамоте) мақаласы 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының 12-ші нөмірінің 45-49-бет аралығында басылды. Журнал редакциясының басқармасы мақала соңына: «Тұтас сөз-сөйлем әдісінің негізі осы мақалада айтылған болса да, бұл күнде басқаша ұсталатын кездері де бар. А.Байтұрсынұлының жалқылаулы-жалпылау әдісі дегені осы тұста сөз сөйлем әдісі. Мұның бүге-шігесі келер санда басылады», - деп көрсеткен. Шынында да журналдың келесі санында, яғни, 1928 жылы бірінші нөмірінің 31-37 беттерінде «Жалқылаулы-жалпылау әдіс» («Аналитико-сентитический метод обучения к грамоте») атты мақаласы жарияланды.
Зерттеушілер А.Байтұрсынұлы әдістемелік жазбаларының сапына «Зерттеу мен сүгіретшілік әдісі туралы» деген мақаланы да қосады. Аталмыш мақала «Жаңа мектеп» журналының 1928 жылғы 2-3-нөмірінің 44- бетінде жарияланған. Мақала шекесіне «А.Б. ұлы» деп авторы көрсетілген. БІзше, бұл бір беттік мақала А.Байтұрсынұлының қаламынан тумаған. Оған айтар дәлеліміз, біріншіден жазбаның А.Байтұрсынұлының стилінен өзгешелігі, екіншіден осы журналдың соңындағы орыс тілінде берілген мазмұнында мақала «Исследовательский изобразительный метод» түрінде аударылып, авторы «Базаров» деп көрсетілген. Яғни, біздің айтпағымыз «Зерттеу мен сүгіретшілік әдісі туралы» мақаласының авторы, тәжірбиелі мұғалімдердің бірі Базарұлы Абұлқасаб (Базаров) екендігі. А.Базарұлының «Жаңа мектеп» журналы бетінде бұдан басқа да мақалалар да жарияланып тұрған. Мәселен, «Алакөл болысындағы оқу күйі» (Кереку уезі) 1927, №3-4, 110-114-бет; «Ана тілінің әдісі жайынан», 1928, №1, 45-51-бет [10,9]
Ағартушының әдістемелік құнды дүниелерінің бірі – «Қай әдіс жақсы? Мақаласы. Мақала «Жаңа мектеп» журналының 1928 жылғы 4-5 нөмірінің 3-11-беттерінде басылды. Зерттеудің көтерген жүгінің сонылығын журнал басқармасы былайша жазады: «Жазушының дыбыс әдісі мен тұтас сөз әдісін сынаған ойларына, көзқарасына басқарма қосылмайды. Ол ойларын бір жақты жаңылысы бар деп біледі. Мұндай мәселе әлі қазақ оқытушыларына соны болғандықтан, бұл мақала пікір алысу ретінде басылып отыр. Әдіс жұмысымен таныс адамдар, педагогтар бұл туралы пікірін жазуын өтінеміз. Басқарма соңғы нөмірлерінің бірінде өз ойын жазбақшы».
А.Байтұрсынұлының «Дыбыстарды жіктеу туралы» («Классификация звуков казахского языка») деген мақаласы да өзіндік ой айтатын, ойланатын зерттеу еңбегі. Мақала соңына дыбытарды өзіндік жіктеу кестесін берген. Мақала белгілі журналдың 1927 жылғы «Жаңа мектеп» журналының екінші нөміріндегі (61-67-бет) Елдестің (Елдес Омарұлы) «Қазақ дыбыстары» деген мақаласында пікір білдіру мақсатына ұсынған.
Сөйтіп, А.Байтұрсынұлының аталған мақалаларының атауларынан-ақ көрініп тұрғандай оларды өз ортасына «әлі соны» әдістемелік мәселелер көтерілген. Ана тілімізді қандай әдіс-тәсілмен оқыту орындылығы айтылады. Ол үшін өзге алуан тілдің ерекшеліктері мен тарихындағы тәжірбиелерімен салыстыра қараған.
Қорыта келгенде, А.Байтұрсынұлының әдіскер ретіндегі жазған ғылыми-әдістемелік еңбектерінің дүниеге келуі, олардың баспасөз бетінде жариялануының жайы осындай. Ал осынау әдістемелік нұсқау, көмекші құралдарының, мақалаларының құрылымы, көтерген мәселесі қандайлық деңгейде екендігі – өз алдына кең көлемді әңгіме.