Файл: азастан Республикасыны Білім жне ылым Министрлігі Ы. Алтынсарин атындаы лтты білім беру Академиясы лемдік педагогикалы ой сана.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 16.03.2024
Просмотров: 372
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
П.П.Блонский – 200-ге тарта педагогикалық, психологиялық және философиялық еңбектердің авторы.
П.П.Блонский өзінің педагогикалық көзқарастарын «Халық мектебінің міндеттері мен әдістері» (1917) атты еңбегінде ұсынды. Кеңестік мектептерде оның сол көзқарастары мейілінше дамытылды. Оның еңбегіндегі елеулі жаңалықтар: оқыту мен тәрбие беру ісін баланың жас ерекшелігіне лайықтап ұйымдастыру; баланың жеке басын құрметтеу, баланың талабы мен ынтасын ескеру; ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және еңбек тәрбиесін жан-жақты жүргізу; еңбек тәрбиесі мен политехникалық білім беру.
П.П.Блонский еңбектері негізінен педагогика ғылымының политехникалық білім беру негіздерін анықтауға арналды.
Оның «Еңбек мектебі» (1919) және т.б. еңбектерінде оқыту мен тәрбиелеудің көкейтесті принциптер сақталды, ол: еңбекке оқытудың жалпы білім берумен тығыз байланысын қамтамасыз ету; жалпы және политехникалық білім беруді ғылым табыстарымен байланыстырып жүргізу; білім беруді баланың жас және жеке бас ерекшеліктеріне лайық ұйымдастыру сияқты ұсыныстар жасады.
П.П.Блонскийдің мектепке дейінгі педагогика, адамгершілік және жыныстық тәрбие мәселелеріне арналған еңбектерінің де маңызы зор болды.
Ол мектептегі педагогикалық процесті баланың жас және жеке бас ерекшеліктеріне байланысты ұйымдастырудың маңызына ерекше мән берді.
П.П.Блонский өз еңбектерінде екі мәселеге ерекше назар аударды: бала психикасын дамытуды (психиканы эволюция нәтижесі деп қарастыруды ұсынды); баланы зерттегенде оған біртұтас көзқарас тұрғысынан (оның тәндік және психикалық қасиеттерін өзара байланыс пен өзара әрекеттестікте) қарауды ұстанды.
Оның еңбектері педалогия арнасында зерттелді. Ол 1934, 1936 жылдары шыққан педалогия оқулықтарында балалардың жас ерекшеліктерін түрлі кезеңдерге бөліп, оның оқу-тәрбиемен байланысын атап көрсетті.
«Ғылыми психология очерктері» (1921), «Психологиялық очерктер» (1927) атты еңбектерінде психикалық тіршіліктің қалыптасуы мен дамуы және психикалық қызметтің деңгейлері туралы өзіндік пікір ұсынды: ұйқыдан (қарапайым психикалық күй) жоғары зияттық істерді атқаруға дейінгі психикалық қызметтің ережелеріне сипаттама жасады. Сонымен қатар, жас кезеңдеріне қарай, ойлау қызметін эксперимент барысында тексеруге ұмтылды.
Ес-жады теориясын, оның түрлі кезеңдерін зерттеді. Адам іс-қылықтарының негізі – эмоцияға байланысты деп есептеді. Сонымен қатар, түрлі психикалық құбылыстар мен процестердің өзара әрекеттестігіне баса назар аударды.
Халық мектебінің міндеттері мен әдістері
Қазіргі және жаңа мектеп. …Халықты оқу-ағарту және оларды өзіндік әрекетке тәрбиелеу – Ресейдің болашағы туралы мәселе.
… Қазіргі Ресей үшін қажеттіні беретін отбасы да, айналадағы орта да емес, халық мектебі - көпшілікті тәбиелейтін орын болуы тиіс.
Олай болатын болса, онда мектеп – оқуды ұйымдастыруды ғана емес, баланың барлық өмірін ұйымдастыруды қолына алуы қажет. Біз шешуші түрде мектептің өмірден алшақтығын жойып, өмір мектебіне лайық белгілі бір іс-әрекеттер мен әдеттерді жетілдіруіміз керек. Халық мектебінде бала теориялық білімді емес, ең алдымен өмір сүре білуді оқып үйренуі тиіс. Өмір сүруді үйрену үшін, белгілі бір өмір сүру біліктерін меңгеру мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Сонымен, мектеп бала өмірінің ортасына айналып, тиімді түрде ұйымдастырылуы қажет.
…Жаңа мектеп осындай идеал болғанымен, онан бас тартуға болмайды, идеалды шындыққа айналдыру біздің түсінігімізше ақиқат нәрсе, ал ақиқат идеалсыз туындамайды. Сонымен, белсенді өмір сүретін халықты тәрбиелейтін мектепті көз алдымызда қалай елестетсек болады?
Жаңа мектептің жоспары, қазіргі мектептегі бізді қанағаттандырмайтын жәйттермен анықталады. Олар:
1. Қазіргі мектеп оқушыларға догмалық шындықты үйретеді, солай тәрбиелеу жақсы дегеннің өзінде, баладан біреудің ойы мен еркіне тәуелді автомат жасайды. Жаңа мектеп өзін-өзі тәрбиелеу мен өздігінен білім алуды ұйымдастыру арқылы жаңа адамның негізін қалайды.
2. Қазіргі мектептегі оқу пәндерін балалар жаттанды оқиды. Жаңа мектептегі оқу, балаға біртіндеп өмірлік таным әдістерін меңгертіп, оны жетілдіреді.
3. Қазіргі мектеп кітапты оқу мен баланың ес-жадысына негізделеді, ол баланың көрнекілікті селқос қабылдауынан аса алмайды. Жаңа мектеп баланың белсенді логикалық ойлау жүйесін тәрбиелейді.
4. Қазіргі мектеп тілді шынайы өмірден алшақ оқытады. Жаңа мектеп – тілді шынайы өмірмен байланысты, сөздердің мағынасын түсіндіріп оқытады.
5. Қазіргі мектепте грамматикаға ерекше көңіл бөлінеді, бірақта оның пайдасы аз. Жаңа мектеп баланың логикалық ойын дамыту үшін қызықты грамматикалық материалдарды қолданады.
6. Қазіргі мектепте математика жеке пән ретінде оқытылады, өте күрделі болғандықтан көздеген мақсатына жетпейді. Жаңа мектептегі математика – айналаны нақты танудың әдісі ретінде оқытылады.
7. Қазіргі мектепте адам туралы өте аз айтылады; тіпті адамның арманы табиғат пен қол еңбегімен шектеледі. Жаңа мектеп – адамшылық мектебі. Адам өмірі мен әлеуметтік еңбек - баланың ойын жаттықтырып, оны шығармашылыққа жетелейді.
8. Қазіргі мектепте балалардың санасы жетпейтін және тек сенуге негізделген шындықты айтады. Жаңа мектеп шындықтың табиғи органикалық дамуын бала санасына лайықтап оқытады.
9. Қазіргі мектепте талғам, эстетика мүлде ескерілмейді, сондықтан бала жүрегі оны сезбейді. Жаңа мектеп баланың эстетикалық сезімін тәрбиелейді.
10. Қазіргі мектептегі оқыту формасы сұрақ-жауап түрінде жүргізіледі; жаңа мектепте – оқыту шешім қабылдау немесе әңгімелеуді қолданады.
11. Қазіргі мектептегі емтихан оқу кітабындағы білімді тексереді; жаңа мектеп – баланың жалпы ақыл-ойы мен тәжірибесін анықтайды.
12. Қазіргі мектептегі мұғалім - өз міндетін атқарушы, мәдени- жалғыздықтың адамы. Жаңа мектеп, ол өмір мектебі және мұғалімнің шығармашылығына негізделеді; ол халықпен ынтымақтастықта жұмыс жүргізе алады.
Жаңа мектептің принциптері. Жаңа мектептің философиясы автономдық тұлғаны моральдық тұрғыдан мойындайды: адам, адамгершіліктің мәнін өз әрекетіндегі өзіндік ішкі заңдылықтарымен анықтайды; біреудің еркіне тәуелді болу - механикалық үдеріс, біреудің өміріне еліктеу, ол өзінің өмірі емес. Тәрбиенің күші орасан зор, бірақта оның нәтижесі «ересектердің» гипнозына ұшыраған автоматты бейнелемеуі тиіс. Мектептің мақсаты баланы гипнозға ұшыратпай, моральды құнды, автономды жеке тұлға тәрбиелеу.
…Өмір өмірдің жаңа формаларын және үнемі өзгермелі ортаға бейімделу дағдысын дамытуы тиіс…
Халық мектебі - жаңалық ашушы, жасампаз, бізден өзгеше адамшылық өмір құратын, адамгершілікті автономды тұлға дайындауы қажет. Жасампаздық тек жаттығу мен шығармашылықта жетіледі. … Біз баланың болашақ өмірін алдын ала белгілемеуіміз шарт: бұл басқа адамның өміріне заңсыз қол сұғу тілегі болса да, оның іске асуы да мүмкін емес, өйткені кез келген тіршілік иесі, өзінің ішкі заңдылықтарымен дамиды, оларға өміріміз бүлінген, біз не айтпақпыз! Біз оның орнына өз өмірін өзі құруға және өзін анықтауға қабілетті тұлға тәрбиелеуіміз керек. Тәрбиелену, яғни өзін-өзі анықтайтын, және жаңа адамдық өмірді құратын жасампаз тұлғаны сомдап, оның тәрбиесін тиімді ұйымдастыруымыз керек. Фребельдің де, Монтессоридың да тәрбиенің мақсаты - баланың өзін-өзі тәрбиелеуіне жағымды материал табу керек деген пікірлерін құптауға болады.
Сонымен халық мектебі - жаңа орыс өмірін жасамапздықпен тәрбиелеуді тиімді ұйымдастыратын орын болмақ. Онда мұғалім балаға көмек көрсетуші және басқарушы қызмет атқарады. Мектептегі бала сабақтарда өзбетінше жаттығады. Мектепті өзінше әрекет ететін еңбек қауымы, келешектің идеалды әлеуметтік құрылысының бейнесі деп ойлаған абзал.
Логикалық ойлауды тәрбиелеу. Бала немен айналысуы керек? Өмір сүру үшін шындықты танып, оны өзгерте білуі керек. Таным және еңбек әдістері мектептің негізгі пәндері.
…Халық мектебі, мамандық емес, қарапайым адамды тәрбиелеп, балаға біртұтас білім беруі тиіс.
... Баланың логикалық ойлауын тәрбиелеу мәселесіне тоқталайық. Қазіргі педагогикалық әдебиеттерде бұл мәселе енді қарастырыла бастады. Монтессоридің мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде балалардың ақыл-ойын тәрбиелеу номенклатуралық жаттығуға негізделеді, яғни атауларды меңгеру, сонда бұл жаттығулар нені білдірмек, іс-қылықтарды жаттықтыру тәрізді сөздің мағынасын түсінуге жаттықтыра ма? Ушинскийдің «Балалар әлемі» кітабының екінші бөлімінде, «Алғашқы логикалық сабақтар» деген бөлім бар. Тіпті, қазіргі кезеңде американдық ойшыл Дьюи: «Туа біткен және бүлінбеген балалық қалып, білуге құштарлықпен, бай қиялмен және тәжірибелік зерттеуге деген сүйіспеншілікпен, ғылыми ойлауға жақын, өте жақын тұрады», ол мектептегі логикалық оқыту мәселесін шешуді «біз ғылыми деп атайтын, ақылды дамытытын мақсаттың соңғы нәтижесін, ойлау әдетін мойындау» - деп көрсетеді.
Менің ұсынып отырғаным, көптеген жобалардың бірі. Мен оны иллюстрация ретінде келтіремін. Біздің мектептегі сабақтар Монтессори ұсынған номенклатуралық идеяға ұқсас, бірақта ол табиғи жағдайда өткізіледі. Мектепке жиналған балалар, бұрын көрмеген барлық нәрсеге қызығушылық білдіреді, оларға мұғалім былай дейді: «Балалар, мектепті аралап көрейік!» Мұғалім балаларға қызығушылық тудыратын заттардың бәрін көрсетеді, әр секунд сайын «мынау не?» деген балалардың сұрағына жауап беріп, мұғалімнің өзі де оларға «мынау не?» деген сұрақ қояды. Сөйтіп, балалар мектеппен танысып, өздерінің тіл байлықтарын дамытады, әр сөздің мағынасын түсінеді. Мұғалім балаларды мектептің басқа бөлмелеріндегі жаңа заттармен таныстырады, балалар оған біртіндеп үйрене бастайды. Мәселен, балалар үйіліп жатқан заттарды көрсе, заттарды жинастырып, белгілі бір тәртіппен топтастырып, түсініктерін толықтырады. Мұғалім оларды неғұрлым сырттай бақылайтын болса, балалардың ісі табиғи және барлық зат атауларының мағынасын меңгеретін болады. Заттардың атауларын меңгеру және оларды жіктеу, балалардың әдетіне айналуы тиіс.
...Мектеп курсының екінші жартысында бақылау арқылы дұрыс қорытынды жасай білу мәселесі қарастырылады. Балаларда қорытынды жасау дағдысы қалай дамиды? Бірінші, балалар басқа адамның сөзіне сын тұрғысынан қарап, үнемі мүмкіндігінше оны тексеруі керек. Ақылды адамның ерекшелігі, ол үнемі естігеніне мән беріп ойланады, ақымақ адам айтқанның бәріне иланады. Осы тұрғыдан гуманистердің өз балаларын күдіктену қабілетіне тәрбиелеуін қоштауға болады. Сенгіштік, тез қорытынды жасауға, «қалай сенуге болады» деп, беделді адамның ойын білуге, өзіне сенбеушіліктен, қарапайым адамдарды беделді үйірме басшысының маңайына топтастырады, кез келген қарапайым нәрсеге ғалымның сөзін орынсыз қолдану – орыс зиялыларына тән сипат екені белгілі. Сонымен, бала басқа адамның айтқанына сын тұрғысынан қабылдай білуі тиіс.
... Бала туғаннан бастап айналасын бақылайды, біз оның кездейсоқ бақылауынан басқа, мақсатты бақылау әдетін тәрбиелеуіміз қажет. Мұндай бақылау баланың қызығушылығы мен өзінің не нәрсеге сүйіспеншілігі болғанда іске асады: жеке еңбек және мақсатты бақылау бірімен-бірі тығыз байланысты. Сондықтан тірі табиғатты мақсатты бақылау үшін өзі өсіріген өсімдіктер мен жануарлады күту, өлі табиғатты бақылау - белгілі бір материалдардан коллекция жинау, адамдардың ортасын бақылау - мектеп өміріне белсенді араласу арқылы іске асады. Осылардың бәрі жүзеге асатын болса, балаға жасанды ортаның қажеті болмайды. Табиғи орта баланың қызығушылығына қарай пайда болады.
Осылайша баланың өзіне тән мақсатты бақылау әдеті пайда болды. Бірақта оның мұндай бақылауы үстірт қорытынды жасауға жетелейді. Міне осыдан бастап, қорытынды жасаудың ұзақ кезеңі басталады: бала қорытынды жасау үшін себеп-салдарлы байланысты үйренуі керек. Бұл себеп-салдарлы байланыс тәжірибе барысында байқалады, тәжірибе мүмкін болмағанда, қарапайым бақылауды қолдануға болады: 1) қорытынды жасауға асықпа, яғни өзіңе де сенбе; 2) бір нәрсені зерттегенде, соған сәйкес көп мәлімет жинастыр; 3) көп бірыңғай фактілерді жинақтаған соң, нелерімен ұқсас және оның алдындағы құбылыстар қандай екендігіне мән бер; 4) тәжірибе жасап, осы құбылыстарсыз не болатынын анықта. Осы төрт қағида бойынша кем дегенде бір жыл көлемінде бала осындай ойға төселіп, онан қол үзбеуі тиіс...
Сонымен, мектеп курсының екінші жартысында балалар мынаны меңгерулері керек: 1) кез келген сыбысқа сенбе, оны мүмкіндігінше тексер; 2) өзің де сенбе, асықпа; 3) ойлан, неге олай болды; 4) ізде, ол немен байланысты; 5) осы байланыстарды үзіп көр. Осы ережеге байланысты меңгерілген материал - баланың өмірлік қызығушылығының шындығын көрсетеді. Мұғалім – баланы сынаушы, қайырымды, әзіліге бейім, үнемі қандай ереженің бүлінгенін көрсетуші және өзінің қатысуымен жаңа жұмыс бастауға дем беруші бола білуі тиіс. Сөйтіп, мектеп сын тұрғысынан ойлайтын тұлғаға білім беріп, шынайы зиялыны дайындайды.
Тілдің нақтылығы. Біз өзіміздің логика бағдарламамызда тағы бір адамдар қарым-қатынасына тән ұғымды - қарым-қатынасты қарастырайық. Оны игеру тілді меңгерумен бірге жүреді. Оқушы курстың бірінше жартысында заттарды, олардың қасиетін және әрекетін бейнелейтін сөздерді ажыратып, сапаны білдіретін және заттарды топтастыратын сөздік атауларды біледі. Бұл тілді үйренуге кіріспе. Бірақта тілді өз мәнінде үйрену енді басталмақ. Ол оқушының өз бақылағанын жаза білуі. Әрине, баланың бақылау қорытындысы қарапайым сөйлем болатыны белгілі.