ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.04.2024
Просмотров: 62
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Мұның аяғы дереу қоғам ағзасын пайыз қуалаушылық («процентомания») дертіне шалдырды. Аудандар мен округтер ұжымдастыруда қол жеткен жеңістері жайлы бір-бірімен жарысқа түсіп, газеттер сол хабарларды басып үлгермей жатты.
Ұжымдастырудың төтенше сипаты бай-кулакты құртудың мемлекеттік бағытын жүзеге асыру кең жайылған жерде жойқын күшпен көрінді. 1928 ж. 27 тамызында республиканың Орталық Атқару Комитеті (ОАК) мен Халық Комиссалары Кеңесінің (ХКК) мәжілісінде «Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулы қабылданды.
Осы науқан барысында 696 шаруашылық тәркіленіп, олардың 619-ы өздері тұратын округтен тыс жерлерге жер аударылған. Олардан 145 мың мал (ірі қараға шаққанда) экспроприяцияланған. 114 мыңға жуық мал колхоздар (29 мың, яғни 26 пайыз) мен кедей-батырақ қожалықтары (85 мың, яғни 74 пайыз) арасында қайта бөліске түскен. Малдан басқа 633 киіз үй, 475 үй, 44 қасба, басқа да 534 қора-қопсы, 108 соқа, 113 тырма, 248 пішен шапқыш, 1367 арба т.б. экспроприяцияланған.
Тәркіленіп, «тең» бөлісілген мал кедей-батырақтардың жағдайына көп өзгеріс әкелген жоқ. Бірен-саран ғана мал алған бұл қожалықтар қауымға қосыла алмады, сөйтіп олардың алған малын сатып немесе сойып жеп, өздерінің бұрынғы әлеуметтік жағдайларына қайтып оралудан басқа еш амалы қалмады.
Сонымен бірге бай және ауқатты шаруашылықтардың жойылуы дәстүрлі қазақ шаруашылығының бұзылуына алып келді. Сөйтіп, байлардың малын тәркілеу ауылдағы орташаларды топтастыруға және әл-ауқаттың артуына емес, керісінше, қайыршыланған ауылдар халқының жарлы-жақыбайға айналуының өрши түсуі мен шаруашылықтың күйзелісіне ұшыратты.
Шаруаларға ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау жөніндегі науқан мен салық зомбылығы саясаты қатты соққы болды.
Астық дайындау науқандары жүргізу әдістері жағынан тікелей экспроприациялау түріне ұласты. Қолданылған шаруалардың ашықтан-ашық заңсыз сипатын жасыру үшін өкімет орындары «тауарларға бағаны қасақана арттырғаны, бұл тауарларды жасырғаны немесе рынокқа шығармағаны үшін» қылмыстық жаза белгілейтін РКСФР Кылмыстық кодексінің 61, 107-бабтарының күшін қолданды.
1932 ж. 7 тамызында «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың мүліктерін қорғау және мемлекеттік (социалистік) меншікті нығайту туралы» заң бойынша сәл кінәсі үшін адамды атып тастап, ал, «жазасын жеңілдететін жағдайларда» - 10 жыл түрмеге жауып, мүлкін тәркіледі. Тек осы Конституцияға қарсы норманың күші жүріп тұрған алғашқы жыл ішінде ғана Қазақстанда 33 345 адам сотталды. Жоғары соттың Қазақ бөлімінің 1933 жылғы есепті баяндамасында былай делінген: «1933 жылғы мамырдың 5-нен тамыздың 1-іне дейінгі кезең ішінде ату жазасына кесілгендердің саны 44,5 пайызға кемігенін (305 адамнан 163 адамға дейін) қалыпты жағдай деп тануға болмайды».
Мал дайындау науқаны да әу бастан-ақ «соғыс коммунизмі» тұсындағы төтенше шаралар сипатын ала бастады. Көп ұзамай «Асыра сілтеу болмасын – аша тұяқ қалмасын!» деген қатыгез орындаушылар ащы тәлкекпен ойлап шығарған әйгілі ұран бұл жұмыстың айқындаушысына айналды. Тіптен, «ТОЗ» («Товарищество по совместной обработке земли – Жер өңдеу серіктестігі» деген қысқарған сөздің өзі қалжыраған қазақ шаруасы үшін «азып-тоз!» дегендей естілген. Жоспарда бар тапсырмалар халықтың қолындағы малдың саны жөнінде өңі айналдырылған деректерге құрылған болып шықты. Соның салдарынан аудандарға қолда бар малдың нақты санынан анағұрлым артып түсетін тапсырмалар түсе бастады. Бұл тұрғыдан табанында 183 мың ірі қара малы бар, бірақ 300 мың малға салық алған Балқаш ауданы мысал бола алады.
Мемлекеттік мүдде деген желеумен ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлерін дайындау кезінде де заңсыздықтар жайлап кетті. Мәселен, жүн дайындауды «екпіндете» өткізу мақсатында қайсыбір жерлерде қойды қаһарлы қыс кезінде қырқуға мәжбүр етті, мұның өзі малдың қырылуына әкеліп соқты. Ешбір қисынға келмейтін міндетті түрде астық дайындау ежелгі мал шаруашылықты аудандардың астық сеппейтін шаруашылықтарына да қолданылды. Жазалаудан қорыққан халық малын астыққа айырбастап, ол астықты салық ретінде мемлекетке өткізіп тұруға мәжбүр болды.
Дайындау науқандары барысында Қазақстанда шаруаларға қарсы кең көлемде жазалаулар жүргізілді. Осы кезеңде 56 498 село тұрғыны әкімшілік-қылмыстық жауапқа тартылды. Соның ішінде 34 121 адам сотталды. БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бюросының 1930 ж. қаңтардың басындағы жабық мәжілісінде Голощекин дайындау барысында 1928 ж. 1 қарашасынан 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін сот тарапынан 125 адам ату жазасына кесілгенін, ал Саяси бас басқарма тарапынан 152 адам атылғанын хабарлайды.
Индустрияландыру үшін қаржы іздестіру мақсатында мемлекет 20-ж. аяғында салық тәртібін қатайтты. Салықтың батпаны Қазақстанның ауылдары мен деревняларының еңсесін басты. 1927-1928 жж. 4 пайыз ауқатты және кулак шаруашылықтары шаруалар қожалықтарына есептелген ауыл шаруашылық салығының бүкіл сомасының 33 пайызын төлеуге мәжбүр болды, ал мал өсіретін 0,6 пайыз ірі шаруашылықтар мал өсіретін аудандар бойынша есептелген салықтың бүкіл сомасының 25 пайызын төледі. Салық салу нормасының күрт өсуі әсерінен шаруашылықтардың едәуір бөлігінде, сол жылдардағы терминологияны қолдансақ, «кулактар өздігінен тәркіленді» немесе, былай айтқанда, қалаларға кетіп немесе табыс көздері мен қызмет түрлерін өзгертіп, шаруашылықтан ада болды. Мал өсіретін шаруашылықтар болса олар тұтас қауым
болып республикадан, тіптен елден тыс жерлерге үдере көшті. Сөйтіп, дайындаулар кезіндегі төтенше шаралар село халқының жағдайын айтарлықтай ауырлата түсті.
Қазақтардың шаруашылығына көшпенділерді отырықшылыққа көшіру жөніндегі күштеу саясаты да аса ауыр соққы болып тиді. Ол жағдайларда көшпелі мал шаруашылығы Қазақстан аумағының құнарлы ортасына үйлесім табатын бірден-бір шаруашылық-мәдени қызмет түрі болып табылады. Тек өндірістің көшпенді тәсілі арқылы ғана ұланғайыр шөл мен шөлейт ландшафттарды шаруашылыққа игеру мүмкін болды. Сонымен қатар, ол тұста көшпелі шаруашылық экономикалық жағынан тиімді жүйе болып қала отырып , өзінің экономикалық қуатын әлі де болса сарқып тауыспаған еді.
Алайда осы жағдайлардың бәрі ескерусіз қалды. Отырықшыландыру мәселесі бойынша балама ұғымдарымен ерекшеленген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері аса қатыгез қысымға, кейіннен қуғын-сүргінге ұшырады.
Ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жүзеге асыру үшін Қазақстан өлкелік комитеті жергілікті белсенділермен бірге сегіз мың жұмысшыңы тартты. Мұның үстіне республикаға Мәскеуден, Иваново-Вознесенскіден, Харьковтан, Ленинградтан 1204 жиырма бесмыңшыны жіберді. Бұлардың өздері отырықшыландырудың мәнін мен механизмін түсінбей, шартараптан жүздеген шаруашылықтарды бір жерге жинай бастады. Мұндай топтаудың салдарынан шаруалар мал өрісінен, су мен шөп іздеп, жайылым ауыстырып отыру мүмкіндігінен айрылды.
Әкімшілік жолымен жүргізілген алатопалаң отырықшыландыру науқанының азабынан айықпай жатып, ауыл халқы ұжымдастыру зобалаңына душар болды.
Егер 1928 ж. Қазақстанда барлық шаруашылықтың 2 пайыз ұжымдастырылса, 1931 ж. күзінде 70-тен 100 пайызға дейінгі ортақтастыруға ұшыраған аудандардың саны 78-ге (122-нің ішінде) жетті.
Өлкедегі «колхоздық қарыштаудың» себебі ресми насихат органдары көрсетуге тырысып баққандай, тіпті де шаруалардың бастамасы болған жок. Бұл жерде тұп-тура тізеге салу әдісі байқалып тұрды. Еріктілік принципі мен қарапайым заңдылықты бұзу әуел бастан-ақ барлық жерде жалпыға бірдей ортақ сипат алды. Шаруалар бірден көне қоймаған жағдайда, оларға басқаша «тәрбиелеу» шаралары қолданылды.
Мысалы, өтірік ату жазасына кесілді-міс деген желеумен бірнеше рет басынан асыра ату (имитация), сөйтіп құрбандықтың үрейін алып, есін шығару, аязда шешіндіру, мұз ойыққа «шомылдыру», т.б. әдістерді қолданып отырған. Сайлау құқығынан айыру, аудан ауқымынан қуып жібереміз деп қорқыту, қудалау немесе алдын-ала түрмеге қамау сияқты мәжбүрлеу әдістері кеңінен таралды.
Ең күшті қысым қазақ ауылдарына түсті. Мал шаруашылығы колхоздарында қоғамдастыру шаралары шектен шығып кетті. Нәтижесінде, 1932 ж. ақпанына қарай Қазақстандағы колхозшы шаруашылықтарының 87 пайызы және жеке меншік шаруашылықтардың 51,8 пайызы өз малдарынан түгел айырылып қалды. Ортақтастырылған мал колхозды-тауар фермаларына жинақталды. Ірі мал шаруашылығы колхоздарын құруды көздеген мемлекеттік органдар 200 шақырым және одан да алысырақта жатқан бірнеше жүз шаруашылықты бір ірі колхозға біріктіре салды. Мұндай жағдайда өндірістің көшпенді тәсілінің негізгі экосистемалық принципі – малдың саны мен табиғи жем-су ресурстарының арақатынасын сақтау жөнінде ойлаудың өзі мүмкін емес еді.
Өрескел шешімдердің зардабы өзін көп күттірген жоқ. Колхозды-тауар фермаларында қисапсыз мөлшерде жиналған мал жайылымның, азықтың жоқтығынан қырылып қалды. Қазақстанның ауылдары мен деревнялары асыра сілтеу мен бұрмалаушылыққа ауыл шаруашылығы өндірісінің жаппай құлдырауымен жауап берді.
Бірінші бесжылдық (1928-1932 жж.) кезінде Қазақстанның жалпыодақтық тауарлы астық өндірісіндегі өзіндік үлесі шамамен 9 пайыздан 3 пайызға дейін азайды. 1928 ж.-дан 1940 ж. дейін дәнді дақылдардың егістік ауқымы 1,5 есеге жуық ұлғайғанымен, олардың жалпы түсімі 1,5 есеге дейін кеміді, осы жылдары егіндіктің шығымдылығы гектарынан 9,2 центнерден 4,3 центнерге дейін төмендеп кетті.
Мал шаруашылығы орны толмас шығынға ұшырады. 1928 ж. республикада 40,5 млн. бас мал болса, 1932 ж. бар-жоғы 4,5 млн. бас қана қалды.
Колхоздастыруға дейінгі деңгей тіпті соғыстың қарсаңында, 1941 ж. дейін де қалпына келмеді. 18 566 мың бас қойдан 1932 ж. небәрі 1 386 мың қой қалды (соғыстың дәл алдында ғана уақ малдың саны 8 млн.-ға әзер жетті). 1928 ж. 3 516 мың мөлшерінде болған жылқының іс жүзінде 3 200 мыңы жоқ болып шықты (1941 ж. – 885 мың бас). Өлке үшін дәстүрлі сала түйе шаруашылығы іс жүзінде жойылды десе де болады: 1928 ж. 1 042 мың бас түйе болса, 1935 ж. қарай барлығы 63 мың түйе қалды.
Күштеп қысым жасау мен дөрекі озбырлыққа қарсылық ауыл шаруашылық өндірісінің күрт құлдырауынан ғана көрініп қойған жоқ. Бүкіл елдегі сияқты, Қазақстанда да халық ашықтан-ашық наразылық көрсетті, ол бірсыпыра реттерде шаруалардың қарулы қимылына ұласты.
Қазақстанда 1929-1931 жж. 372 көтеріліс болды, оларға 80 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе, Созақ, Шемонайха, Бұқтырма, Ырғыз, Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау және басқа аудандардағы шаруа қозғалыстары ерекше қасіретімен белгілі. Көтерілістің аяғы халықтың республикадан тыс жерлерге, соның ішінде шетелдерге үдере көшуіне ұласты. Т.Рысқұловтың И.Сталинге жазған (1933 ж. 9 наурыз) хатында мұндай үдере көшу көлемі төмендегідей суреттеледі: «... Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен-жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда: қазір Орта Еділде – 40 мың, Қырғызстанда - 100 мың, Батыс Сібірде - 50 мың, Қарақалпақстанда - 20 мың, Орта Азияда – 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Қытайға ауды... Бұл қазақтардың көші-қоны (әдетте жаз айларында қолындағы бар малын жайлауға шығарып, өріс ұзартқаны сияқты) емес, көп ретте еш адамдардың талғажу іздеп, басқа жаққа кетуі. Кейбір аудандарда қонысынан ауғандардың саны сол аудандарда тұратын барлық халықтың 40-50 пайызына дейін жетеді..»
Мұндай босқыншылық қазақтардың санын күрт кемітті. Сол жылдары халық шаруашылығы есебінің бастығы болып жұмыс істеген М.Саматовтың 1937 ж. басында Л.Мирзоянға жазған хатында мынандай жолдар бар: «... біз әр жылдың 1 маусымындағы салық есептері негізінде Қазақстандағы ауыл халқы санының өзгеріс қатарын жасап шықтық. Бұл қатар төмендегідей:
1 маусым 1930 ж.............................5873,0 мың
------/------ 1931 ж............................5114,0 мың
------/------ 1932 ж............................3227,0 мың
------/------ 1933 ж............................2493,5 мың
------/------ 1934 ж............................2681,8 мың
------/------ 1935 ж............................2926,0 мың
------/------ 1936 ж............................3287,0 мың
Зорлық-зомбылық, асыра сілтеу нәтижесінде көп ұзамай адам көрмеген ашаршылық басталды. 1930 ж. есеп бойынша аштықтан 313 мың адам өлген, 1931 ж. өлген адамның саны 755 мыңға жетті, 1932 жылы 769 мыңнан астам адам өлді немесе шет жерге көшіп кетті. Жалпы аштық нәтижесінде 2,1 млн адам қырылды, оның 1 750 мыңы қазақ немесе ауыл тұрғындарының 40 пайызы қаза тапқан. Жергілікті халықтың санасына ауа көшу өте үлкен зиян келтірді. Халықтың төрттен бірі немесе тірі қалғандардың тең жартысы республикадан түгелімен көшіп кетті. 1 млн-нан астам кеткен босқындардың 600 мыңы кейін қайтпады.
Сонымен бірге 1929-1933 жж. аралығында Бірлескен саяси басқарманың Қазақстан бойынша өкілетті өкілінің үштігі толық емес мәліметтер бойынша 9 805 сот ісін қарап, 22 933 адамға, соның ішінде ең жоғарғы жаза – ату жазасына 3 386 адамға үкім шығарған.
Қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындай қайғы-мұңға, шерге, қайғыға белшесінен батты. Қазақ халқының саны азайып, өз жерінде азшылыққа айналды.
Қазақстан қасіреті республиканың бірінші басшысы болып, Ф.И.Голощекиннің тағайындалуымен тұспа-тұс келуі де кездейсоқ емес. Голощекиннің жеке басының қасиеттері қалыптасып келе жатқан тоталитарлық мемлекеттің барлық талаптарына – дүниежүзілік «күш-жігерді аямай, құрбандықтарға қарамай» (И.Сталин) мақсатқа қарай қарыштай беру талабына сай келді.
3.4 20-жж екінші жартысында қоғамдық-саяси өмір күрт өзгеріске ұшырады. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі даму жолымен келе жатқан қазақ ауылын 1925 ж соңында Қазақ өлкелік партия комитетіне Ф.И.Голощекиннің жауапты хатшысы қызметіне жіберілуі шұғыл төңкеріс соқпағына түсірді. «Ауылда Октябрь болмаған» ,-деп мәлімдеді ол. Ф.И.Голощекиннің тікелей қысымымен Өлкелік партия комитетінің V конференциясы (1925 ж 1-7 желтоқсаны) ауылды күшпен кеңестендіру бағытын орнықтыра түсті. Республикада (кіші Қазан төңкерісін өткізу үшін идеологиялық негіз жасалды.