ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.04.2024
Просмотров: 64
Скачиваний: 0
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
1925 ж. ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы күрт көтерілді. Осындай жағдай 1927-1928 жж. да орын алды. Туындаған мәселелерді шешу үшін экономикалық тетіктерді іске қосуға болар еді. Алвйда кеңес үкіметі әкімшілік тетіктерді пайдаланып, өндірушілерге қатаң қысым көрсете бастады. Жаңа экономикалық саясат енгізген еркін нарықтық қатынастар әкімшіл-әміршіл жүйеге алмастырылады.
3.2 20-жылдардың аяғына қарай елдің экономикалық стратегиясы ауысты. Жаңа экономикалық саясаттың орнына қарқынды индустрияландыру саясаты енгізілді. «Біз алдыңғы қатарлы елдерден 50-100 жыл артта қалып қойдық. Осы аралықты біз он жыл ішінде жүріп өтуіміз керек»,- деген болатын Сталин.
БК(б)П-ның XIV съезі (1925 ж., желтоқсан) елімізде социалистік индустрияландыруды іске асыру, яғни жедел қарқынмен аграрлық республикадан дамыған өнеркәсіпті республикаға айналдыру міндетін қойды. Индустрияландыру қарсаңында Қазақстанның жалпы өнімінің 84,5 пайызын ауыл шаруашылық өнімдері құрады, халықтың 90 пайызы ауылдық жерде тұрды.
Индустрияландыру Қазақстан еңбекшілерінің өмірлік мүдделеріне қайшы келген жоқ. Оның дамуы, біріншіден, ұлттық жұмысшы табының қалыптасуына, екіншіден жұмысшылардың өндірістік – техникалық дәрежесін көтеруге, үшіншіден, Қазақстанның өнекәсіптік деңгейін биіктетуге, сол арқылы көлік шаруашылығын ауыл шаруашылығын және басқа салаларды жаңа техникалық негізде қайта құруға, сөйтіп халықтың материалдық жағдайын, әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік беруге тиіс еді.
Қазақстанның индустриялық дамуына бағыт ұстауына байланысты бұл мәселеде ұлы державалық – шовинистік және жергілікті ұлтшылдық психология мен пиғылдардың да бой көрсеткенін айта кету керек. Республикада өнеркәсіпті өркендету саясаты іске аспайды, өйткені «артта қалған көшпелі халық» индустрияның дамуына шыдай алмайды деген шивинистік көзқарастар және дамудың феодалдық сатысынан социализмге өту мүмкін емес, көшпелі қазақ халқының өз ұлттық ерекшелігі бар, ал индустрияландыру осы «ұлттық ерекшелікті» бұзады деген пайымдаулар да айтылды. Өлкеде өз алдына томаға-тұйық шаруашылық құру «теориясын» ұсынушылар да кездесті.
Ф.Е Голощекин республикада индустрияландыру идеясын қолдай отырып Қазақстанда ауыр өнеркәсіп салаларының орнына, ауыл шаруашылығымен байланысты ұсақ және орта кәсіпорындарды дамыту жоспарын ұсынды. Голощекин индустрияландырудың мәнін тез арада түсінген қазақтың алдыңғы қатарлы интеллигенция өкілдері оған үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар республика болашағына аса маңызы бар бұл мәселе өлкелік партия комитетінің қойған мақсатын қайта қарауды талап етеді. Бұлардың арасынан әсіресе, Смағұл Сәдуақасов Голощекин идеясына ашық қарсы шығып, республикада шикізат байлықтарын қайта өңдеп шығаратын кәсіпорындар салу талаптарын қойды.Алайда Қазақстан жетекші кадрларының ақылға қонатын, дұрыс қойған саясатын Голощекин жергілікті ұлтшылдықтың белгісі деп бағалады, оларды енді қуғындай бастады.
Қазақстанда өндіріс күштерін өрге бастыруды, табиғат байлықтарын игеруді тездетуге Түркістан-Сібір темір жолының маңызы зор болды.1927ж басталған бұл құрылысқа мемлекет тарапынан 200 млн.сом қаржы жұмсалып, тез аяқталуы үшін істелген шаралардың нәтижесінде ол мерзімінен бұрын 1930ж 25 сәуірде іске қосылып, Орталық Қазақстанның табиғи байлықтарын игеруде үлкен рөл атқарды.Оның құрылысын жүргізуге бұл тұста РКСФР Халкомы төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов, темір жол инженері М.Тынышпаев, т.б елеулі үлес қосты. Сол жылдарда республикада түсті металл өндіру қарқыны едәуір күшейді. Риддер полиметалл, Қарсақпай мыс қорыту комбинаттары іске қосылып, жаңа техникамен жарақтанды. Кезінде дүние жүзіндегі өзі тектес өнеркәсіп орындарының ірісі болған Балхаш мыс қорыту зауыты, қуаттылығы жағынан елімізде бірінші орынға шыққан Шымкент қорғасын зауыты жұмыс істей бастады. Жезқазған мыс қорыту, Текелі полиметалл комбинаттары, Өскемен мырыш зауыттары салына бастады. Сөйтіп, соғысқа дейінгі бесжылдықтарда түсті металл кәсіпорындарының негізгі өндірісі бірнеше есе артып, республика ірі өнеркәсібі негізгі өндіріс қорының 40 пайызын құрады. Республика көмір өндірісінің, әсіресе Қарағанды көмір алқабының зор маңызы болды. Республика мұнай өнеркәсібі алғашқы 3 бесжылдықта бүкіл елдегі мұнай өнімінің бестен бірін беріп, Одақта үшінші орынға шықты. Сөйтіп түсті металл, мұнай, көмір өнеркәсібі салалары Қазақстан ауыр өнеркәсібінің арнаулы бағытқа бейімделгенін көрсетті. Сонымен қатар химия, энергетика, металл өңдеу сияқты өнеркәсіп салалары да өркендей түсті.
Республикада кен-химия өнеркәсібінің алғашқы кәсіпорны – Ақтөбе химия комбинаты салынды. Ол кезінде ел шығысындағы жоғарғы сапалы тыңайтқыш өндіретін бірден-бір, ал Одақ бойынша екінші кәсіпорын болды. Шымкент химия-фармацептік зауыты, Арал сульфат комбинаты іске қосылып, Теміртау синтетикалық каучук зауыты, Қаратау химия комбинаты салына бастады. Көптеген электр стансалары жұмыс істеп, соғыс алдында Ертіс өзені бойында Өскемен су электр стансасының және Қарағанды жылу электр стансасының құрылысы жүрді.
Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің көптеген кәсіпорындары бой көтерді. Одардың ішінде қуаты жағынан елде үшінші орын алатын, Семей ет, Гурьев балық консерві, Алматы жеміс комбинаттары, Жамбыл, Мерке, Талдықорған қант зауыттары сияқты кәсіпорындар іске қосылды.
Ауыр индустрия кәсіпорындарының ескілерін қалпына келтіру жаңаларын салу және техникалық жағынан қайта құру, осыған сай қуатты энергетикалық база жасауды талап етеді. Осыған байланысты Қарағанды полиметалл комбинатының жылу электр стансалары салынды. Электр қуатын өндіру республикада 1913ж. салыстырғанда 486 есе артты.
Қазақстанның индустриялық дамуының тағы бір ерекшелігі темір жолдардың салынуына баса назар аудару болып табылады. 1928-1940жж республиканың темір жол желісі 50 пайызға өсіп, 658 км. жетті. Түркісбтен басқа Рубцовка-Риддер тармағы Шығыс Қазақстанның түсті металлургия кәсіпорындарына жұмыс істеді, Орал-Елек тармағы республиканың аудандарын Орынбормен және Ресейдің басқа өнеркәсібі дамыған облыстарымен байланыстырады.
Тағы бір ерекшелігі – Қазақстанның индустриялы дамуы басқа да республикалармен салыстырғанда аса үлкен қарқынмен жүргізілді. Соның нәтижесінде бұрынғы мешеу дамыған Қазақстаннның экономикалық теңсіздігін жоюға негіз қаланды.
Индустрияландыруды жүзеге асыру барысында Қазақстанда жұмысшы табы қалыптасты, ол өз құрамына өнеркәсіптің, құрылыстың, транспорт пен байланыстың, ауыл шаруашылық өндірісінің, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету саласының топтарын қамтыды.
Бірақ Қазақстанның индустриялық дамуындағы зор табыстарына қарамай бұл үрдісте елеулі ағаттықтар мен кемшіліктер болды. Индустрияландыру үшін орасан зор қаражат қажет болды. Алғашқы кезде бұл қаражатты шетелден әкелуге үміт болды. Алайда бір жағынан 20-жж екінші жартысында КСРО-ның халықаралық жағдайының нашарлап кетуіне, екінші жағынан, 1929ж. басталған дүние жүзілік экономикалық дағдарысқа байланысты бұл үміт ақталмады. Кеңес үкіметі елде жинақтау қорын халықтың есебінен құруға кірісті. Әлемдік тәжірибе дәлелгендей аграрлық мемлекетті индустриялы елге айналдыру үшін жинақтау қорының үлестік мөлшерін 5-10 пайыздан 20-25 пайызға дейін көтеру жеткілікті болып табылады. Алайда КСРО-да 20-жж. ортасында ұлттық табыстағы жинақтау қорының үлесі 10% құраса, 1930ж. – 29. Ал 1932ж.- 44 пайызды құрады. Бұл қордың қаражатының негізгі көзі- жұмысшы табы, шаруалар және «лагерлік экономика» болды.
Жұмысшылардың орташа жалақысы 30 сомды құрады, бұл олардың нақты еңбек ақысының бір ғана бөлігі болған. Қалған бөлігін мемлекет өзіне қалдырып отырды. Сондай-ақ жұмысшылардың арасында мәжбүрлеу арқылы әртүрлі мемлекеттік облигациялар таратылатын болды.
«Лагерлік экономиканың» қандай «пайда» әкелгендігі түсінікті. Мыңдаған, жүздеген мың, ал кейіннен миллиондаған адам сталиндік лагерлерде тегін жұмыс күшін құрады. Алтын кеніштерінде, шахталарда, ағаш жығуда ауыр еңбек еткен «халық жаулары» индустрияландырудың қаражат қорын толықтырды.
Алайда, ең басты ауырлық шаруалардың иығына түсті.Оларға қарсы төтенше, тіпті репрессиялық шаралары қолдана отырып, өкімет шаруалардың еңбегінің жемісін күштеп тартып алып отырды. «Азық түлік салғырты» қайта енгізіле бастады. Шаруалардың наразылығы күшпен басылып, жаншылып отырды. Осындай жағдайда кеңес үкіметі шаруаларды барлық меншігінен айыруды көздеп, ұжымдастыру саясатын бастады.
Кеңес үкіметі басты назарды ауыр өнеркәсіпке аударды, ал халықтың тұрмыстық қажетін өтейтін салалардың (жеңіл және тамақ өнеркәсібі, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым ) дамуына көңіл бөлінбеді. Мысалы, бірінші бесжылдық жоспарда (1928-1932жж.) Қазақстан өнеркәсібіне 1 228 413 мың сом күрделі қаржы салу жоспарланса, оның 1 140 542 мыңын, яғни 93 пайызын ауыр өнеркәсіпке жұмсау көзделді.
Тек 87 771 мың сом ғана жеңіл өнеркәсіпке жіберілді. Соның салдарынан халықтың тұрмыс жағдайы күрт төмендеп кетті.
Индустрияландырудың негізгі кемшіліктерінің бірі -Қазақстан өнеркәсібінің шикізаттық бағыты болды. Сондықтан да республика өзіне қажетті заттардың жартысынан астамын – құрал-жабдықтардың, цементті ағаш материалдарын тұрмысқа қажетті тауарларды сырттан әкелуге мәжбүр болды.
Индустрияның дамуы Қазақстан тұрғындарының арасында күрделі әлеуметтік-демографиялық өзгерістерге әкеліп соқтырды. Жұмысшылардың басым көпшілігі орыстар мен украиндар болатын, ал қазақтардың басым көпшілігі, негізінен, көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын сақтады. Алайда жаңа экономикалық саясаттан ауытқу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыруда жіберген өрескел қателіктер мен асыра сілтеулер қазақ ауылына қатты әсерін тигізді, аштық тудырды, қазақтардың миграциялық үрдісін күшейтті. Егер 1926ж. өлке тұрғындарының құрамында қала халқы 8,6 пайызды құраса, отызыншы жылдардың аяғында олардың үлесі 29,8 пайызға жетті. Алғашқы жылы қаладағы қазақтардың саны 77,6 мың болса, 1939 ж. олардың саны бес есе өсті. Олардың қала тұрғындары арасындағы үлес салмағы 14,3-тен 21,9- пайызға дейін ұлғайды. Қазақстанға басқа республикадан көшіп келгендер саны артып отырды. Олардың көпшілігі Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан және Өзбекстаннан шыққандар болды. Осыған байланысты 1939ж. республика қала халқының құрамында орыстардың үлесі 1926ж. 53,7 пайыздың орнына 57,7 пайыз украиндардың үлесі 6-дан 8 пайызға дейін жетті. Бұрын бұл цифрлар жаңа қоғамның өскелеңдік күшін көрсету үшін қолданылатын. Алайда миграция қарқынының өсуі қоғам дамуының ішкі заңдылықтарынан емес, волюнтаристік, кей кездері тіптен қылмыстық шешімдерден туындады.
Қазақстанның 1926-1940жж. индустриялық дамуы ірі нәтижелерге жеткізді. Республика шаруашылығында өнеркәсіп басым салаға айналды, оның өнімінің үлесі 30жж. ортасында басым бола бастады. Қуатты өнеркәсіптік потенциал жасалып, ол ойдағыдай дамыды. Қазақстан Кеңес Одағындағы алдыңғы қатарға шықты.
Алайда осы жетістіктерге жету үшін халықтың шамадан тыс көп тер-төгуіне тура келді. Индустрияландырудың жоғарғы қарқынына халықтың есебінен қол жетті, олардың тұрмыс жағдайы күрт нашарлады. Осы жылдары ауыл шаруашылығының даму қарқыны төмендеп кетті. 1928ж. деңгейіне ауыл шаруашылығы тек 1940ж. шыға алды, ал мал шаруашылығында бұл көрсеткіштерге тек 50-жж. басында ғана қол жетті.
3.3 20-жж екінші жартысында жүргізілген индустрияны қарқынды дамыту саясаты шаруа шаруашылықтарының жағдайын ауырлатып жіберді. Салықтың мөлшерінің шамадан тыс өсуі шаруалар арасында наразылық тудырды. Сонымен бір мезгілде өнеркәсіп өнімдерінің бағасы да өсті, ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің сатып-алу бағасы тым төмендеп кетті. Соның нәтижесінде мемлекетке астық тапсыру күрт қысқарды. Астық дайындау науқаны сәтсіздікке ұшырап, 1927 ж. соңында терең азық-түлік дағдарысына алып келді. Экономистер мен шаруашылық басшыларының бір тобы дағдарыстан шығу үшін ауыл мен қала арасындағы қарым-қатынасты экономикалық тетіктердің көмегімен реттеу қажет деп тапты. Алайда астық дайындау дағдарысынан шығу үшін кеңес үкіметі басқа жолды таңдап алды.
Астық дайындауды жандандыру үшін ел басшылығы «соғыс коммунизмі» саясаты тұсындағы төтенше шараларды қолдана бастады. Астықты еркін сатуға тыйым салынды. Шаруалар мемлекетке нақты белгіленген бағамен астықты сатудан бас тартқан жағдайда оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту белгіленді, жергілікті Кеңестер олардың дүние- мүлкінің бір бөлігін тәркілей алды. Ерекше «өкілдер» мен «жұмысшы топтары» тек артық өнімді ғана емес, сонымен қатар шаруа отбасына қажетті өнімді де тартып алып отырды. Аталған іс-әрекеттер қала мен село тұрғындары арасындағы қарым-қатынастарды шиеленістіріп, 1929 ж. егістік көлемінің азаюына алып келды.
1927 ж. желтоқсанында өткен БК(б)П-ның XV съезі ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға бағыт ұсынды. Сөйтіп жаңа экономикалық саясатты дамыту линиясы тұйықталып тасталды. Ұзақ жылдар бойына экономика мен қоғамдық-саяси өмірде тек «күштеу» шарасының рухы үстемдік етті.
Қазақстан ұжымдастыруды негізінен 1933 ж. көктемінде (көшпелі және жартылай көшпелі аудандардан басқасы) аяқтауға тиісті аймақтық топқа жатқызылады. Республикалық партия, кеңес орындарында осынау тым қысқа мерзімнің өзі қайткен күнде де «секіріліп өтуге тиіс» кедергі ретінде қабылданды.